Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:07, 10 Ақпан 2024

«Арызыңды алмасаң өлтіремін»: Экс-күйеуінен 9 жыл бойы таяқ жеген әйелдің хикаясы

 «Арызыңды алмасаң өлтіремін»: Экс-күйеуінен 9 жыл бойы таяқ жеп келе жатқан әйелдің хикаясы
Фото:

Кейінгі он жылда Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артқаны байқалды. 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ақпараты бойынша, тұрмыстық қатынаста болған адамдардан 115 кісі өлтіру фактісі тіркелген. Органдарға жәбірленуші тараптан 99 000 өтініш түскен. Ал балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған. Алайда бұл деректер құрбандардың нақты санын көрсетпейді, өйткені олардың көпшілігі салдарынан қорқып, үнсіз қалуды жөн көреді. Елде тәртіп бұзушыларды жазалау жүйесі бар, бірақ ол зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін көп жағдайда жеткіліксіз. Соның дәлелі – жылдар бойы ажырасқан күйеуінен қорлық көріп келе жатқан Таңшолпан есімді кейіпкеріміз. Кейіпкердің азапқа толы тағдырымен Жас Алаш тілшісі танысып, оқиғасын тыңдап көрді.

Таңшолпан Рақышқызы, 1993 жылы туған, Тараз қаласының тұрғыны, 2 қыздың анасы, некеде 3 жыл болған. 2015 жылы басталған бақытты отбасылық өмір, 2018 жылы сотпен аяқталған. Кейіпкердің айтуынша, экс-күйеуі оны күні бүгінге дейін өлтірудің амалын жасап келеді. Әбден қорыққан әйел, аман қалу мақсатында тіпті бірнеше қала ауыстырған. Ал оның бұрынғы күйеуі қайда көшсе де, ізінен қалмай, тауып алып, «баламды көрсетпейді» деген желеумен жұмысына барып, қорқытқытады.

Таңшолпанның айтуынша, ажырасқан күйеуі жағы мен мұрнын сындырып, алиментті алуды талап етіп, арыз жазса өлтіретінін айтып, қысым көрсетіп отырған. Күндіз терезесіне тас лақтырса, түнде оқ атудан тайынбайды екен.

«Заң жүзінде 2018 жылы ажырастық. 8 ай бойы еш хабар болмады, мазаламады. Бір күні ол соттан баламен кездесу тәртібін белгілеуді сұраған екен. Сот шешімімен әр аптаның сенбі күні 11.00 -16:00 аралығында балалармен кездесіп тұратын. Балалармен кездестіруге қарсы болмадым. Алайда әр келгенінде түрлі жанжал шығарып кететін. Мені ата-анамның көзінше ұрып, соққыға жықты. Ата-анам араласса, оларға қол көтерді. Бір келген кезінде анамның басына орындық лақтырып, жаралады. Әкеммен де жаға жыртысты. Біздің арызымызбен әкімшілік қамаққа отырып шықты. Онымен қоса, ұрды деп әкемді сотқа берді. Осылай әр сенбі сайын түрлі жанжалдар жалғаса берді», - дейді ол.

Күні бүгінге дейін кейіпкердің экс-күйеуі 45 рет көтерілген арыз бойынша 25 рет хаттама толтырылып, әкімшілік-қамаққа отырып шыққан. Кейіпкердің экс-енесі бұрын құқық қорғау органында жұмыс істеген. Анасының қызметін пайдалану арқылы қылмыскер сәт сайын жазадан құтылып кеткен. Ал қылмыстық іс 3 рет көтерілсе де аяқсыз қалған. Істің соңына дейін қаралмауына айтарлықтай себеп пен негіз бар. Кейіпкердің айтуынша, алғашқы қозғалған қылмыстық істе экс-күйеуі «арызды алмасаң, анаңды өлтіремін» деген. Әрі жәбірленушінің адвокатқа берер ақшасы да таусылған. Осы себеппен алғашқы көтерілген қылмыстық іс соңына жетпеген.

«2021 жылдың қараша айында ата-анамның үйіне келіп, таңертең мені балалардың көзінше ұрып, жағымды сындырып кетті, сол күні менің жұмысыма келіп «арыз жазатын болсаң, тағы жағыңды айырамын» деп қорқытты. Соққыдан қатты ауырып тұрған соң травматикалық пунктке барып қаралдым. Дәрігерлер шұғыл ота қажет екенін айтты. Мен отаға келісім бердім. Артынша инспекторға болған оқиғаны айтып, арыз жаздым. Операциядан шыққанда телефоныма Ринат хабарласып, мені балағаттап, “тағы жағыңды айырайын ба, арызды аласың, қыздарды маған тастайсың да Тараздан көзіңді жоғалтасың” деді. Сол мезетте үйге барып, анамды қорқытқан екен. “Егер арызды алмасаң анаңды өлтіремін” деді. Анам мән-жайды айтып, маған бірден хабарласты, қорықққанымнан арызды алуыма тура келді»,- дейді Таңшолпан.

Таңшолпан Рақышқызының диагноздары
Фото: из открытых источников

 

Таңшолпан арызды алып, емделіп алған соң, Тараздан Астанаға 2021 жылдың 10 желтоқсанында көшіп барған. Ал қыздарын қорыққаннан күйеуіне тастап кеткен. 8 ай бойы әйел қыздарынсыз Астанада тұрған.

Астанаға қоныс аударғасын ол зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Үміт» дағдарыс орталығына барған. Орталықта қызметкерлермен бірге полицияға арыз жазған, солай екінші қылмыстық іс те қозғалған. Алайда кейіпкер, істі тергеуші қызметкердің тарапынан оғаш қылықтар байқағандықтан, арызын қайтып алғанын айтты.

2022 жылдың мамыр айында Таңшолпанға Ринаттың анасы хабарласып, қыздарға әкесінің қарамайтынын, тіпті үйге де қонбайтынын айтып, шағымданып, өзің қара деген. Таңшолпан экс-енесінен біраз уақыт көмектесе тұруын өтініп, кейін қыздарын Астанаға алып келген.

Сол оқиғадан 3 ай өткесін бұрынғы күйеуі іздеп, қорқытуын қайта бастаған. Астанада тұрып жатқан пәтеріне келіп, жанжал шығарған. Одан қоса жұмыс істейтін мекемеге «баламды тартып алды» деп арыз жазып, мазалаған. Экс-күйеуінің озбыр әрекеттері одан әрі қарай да жалғаса берген.

Ал үшінші рет 2023 жылы 15 қыркүйекте көтерілген іске Таңшолпанның мұрнының сынуы себеп болған. Бұл жолы да кейіпкеріміз сотқа арызданған. Алайда сараптама қылмыстық іске «жеңіл іс» деп баға берген. Кейіпкердің айтуынша, учаскелік полиция «қылмыстың мерзімі өтіп кеткен, ешқандай құқықбұзушылық көріп тұрған жоқпыз» деп жауап берген. Орган «Қылмыстың құрамы жоқ» деп істі жауып тастаған.

Биыл 18 қаңтар күні Таңшолпан Керімқызы төртінші рет адвокат жалдап, сотқа арыз жазды. Бүгінде қылмыстық іс ҚР Қылмыстық Кодексiнің 110-бабы «Қинау» фактісі бойынша Астана қаласының Алматы аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінде тергеп, тексеріліп жатыр. Ал қазіргі таңда Таңшолпан ешбір жерге шыға алмай, дағдарыс орталығын паналауда. Себебі қайда барса да тауып алатын экс-күйеуі «не сен өлесің, не мен өлемін» деген қоқан-лоққы көрсетеді.

«Заңға өзгеріс еніп ұрып-соғу қылмыстық іс болып, ұзақ мерзімге қамауға алынатын болса, олар тартынатын еді, тыйылатын еді. Өзім секілді қаншама жапа шегіп отырған келіншектердің атынан үндеу жолдаймын. Үндемей қалмаңдар дейін десем, біз сенетін заң болмай тұр. Төзіп жүргендер қаншама, төзімі таусылғанда не істейді? Қаншама әйел балаларымен жоғарыдан секіріп жатыр. Салтанаттың күйі қандай ауыр болды. Мен өзіме де алаңдаймын», - дейді ол.

31 қаңтар күні тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты парламентте депутаттар мәселені көтеріп, заң жобасына енгізуі керек өзгерістерді атады. Бір ауыздан ұрып-соғуды және денсаулыққа зиян келтіруді әкімшілік қылмыс емес, қылмыстық жауапкершілік ретінде қарастыру мәселесі айтылды. 

- Ұрып-соққаны үшін 80 АЕК айыппұл, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 25 тәулікке қамауға алу жазасы берілмек.

- Азаптаған жағдайында бұрын 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасы болса, енді ол 3 жылға ұлғайтылды.

- Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3-8 жылға дейін сотталса, орташа зиян келтірген жағдайда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды.

Заң жобасының таныстырылымы бойынша халық пікірлерін ортаға қосты. Кейіпкерімізде үнсіз қалмады. Оның айтуынша, аталған мерзімдер жапа шеккендер үшін тым аз. Қанына сіңген дерттері аз уақытын өтеп шыққан соң да жалғасады. Тым болмағанда 20 жылға дейін бас бостандығын шектесе дейді Таңшолпан.

- 2016 жылдан бастап күн бермей келе жатқанына 9 жыл болды, өз еркіндігімді ала алмадым. Шамам қалмады, - дейді ол күрсіне.

Куә болғанымыздай, зорлық-зомбылықтың қайталану үрдісі және құрбандарды тиімді қорғаудың мүмкін еместігі Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін заңдарды әлі де күшейтудің шұғыл қажеттілігін көрсетеді. Әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамаға айтарлықтай өзгерістер енгізудің маңызы ерекше. Қорғансыз әйелдер не істейді, қайда қашады?