Арқалықта мас күйінде науқасқа ота жасаған дәрігерге қатысты тергеу басталды

Оқиға Арқалықтағы ауруханада болған. Дәрігерді шұғыл операция жасауға шақырған, ол үш сағатқа созылған. Алайда науқас операция үстелінде қайтыс болды.
Марқұмның туысы дәрігерді операциядан кейін бірден тоқтатып, оның мас болуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, дәрігердің көлігінен ішімдіктің бос бөтелкелері табылған, өзі де күмәнді қылықтар көрсеткен.
Дегенмен әріптестері дәрігерді қорғап, операцияға ол әрқашан топ құрамында кіретінін және кәсіби біліктілігіне күмән жоқ екенін жеткізді. Олар кадр тапшылығы барлық жерде бар екенін, дәрігердің ауыр жұмыс күнінен кейін Арқалыққа жіберілгенін, сондықтан қатты шаршағанын айтты. Сондай-ақ дәрігерді қаралайтын бейнежазбаның ота бөлмесінде түсірілмегенін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да бұл жағдайға пікір білдірді. Оның айтуынша, оқиға орнында Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті жұмыс істеп жатыр. Ал аймақтық полиция істі тіркеп, тергеуді бастаған. Қорытынды тексерістен кейін ресми түсініктеме берілмек.