Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:07, 26 Қазан 2023

Арқау-өзек: құрбандарға ескерткіш

арқау өзек
Фото: из открытых источников

Режиссер Әрі Би-Бектің «ARQAU-OZOK» толықметражды деректі драмасы Бакуде өткен «Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалінде үздік деректі фильм номинациясын жеңіп алды. Туынды көпшілікке әлі толық жол тарпаса да фильмнің түпкі мәніне үңіліп көрдік.

Фильм атауы – Арқау-өзек. Жанры – деректі драма. Көрермені – көпшілік. Көпшілік болғанда – көңілінің көзі бар, жұлыны үзілмеген көпшілік дер едім. Қаңтардың аязы қарығанда, арқасын үтікке жылытып, қарашада үтік иесіне қарсы шыққан, құрбан болып, құрбандық атана алмаған көпшілік. Басын қыл арқанға салып, тіреуішін құлатып, мойнына тас байлап суға лақтырса да өзіндегі күдікті үмітке ұластырған, ол үмітін өзі үрлеп өшіре алмаған көпшілік. Қай-қай көпшілік көрермен болса да, Арқау-өзектің көрермені біз санамалаған санаттан болары сөзсіз.

Фильм қазақ этнографиялық суреттерін драмалық сюжетпен сүйрелеп отырады. Негізгі кейіпкерді арқанның арбауы байқалады. Ол туа біткен, не көз бен сөзден тиген кесел емес. Әскери бәтіңкенің өкшесінен жұққан. Оның емі – сертін жасау. Кезекті арқанға мойын салғанда оның көзінше итті асып, шошытып алу керек. Бұл су бүркіп ұшықтаудың асқынған түрі.

Негізгі кейіпкердің отбасы қытайдан көшіп келген. Әкесін көршісі «қытай» дейді. Ол баласына кейісе кейде «өй, қытай» деп қалады. Осылай картинаның бір бұлтарысы әке мен бала арасындағы атақты тақырыпты ғана емес, екі елдің коммунисін қақтығыстырады. Қытайлық коммунист Мао Цзэдунды ер десе, кеңестік коммунист Сталинді мақтайды. Олардың үстінен кірген Тәуелсіздік ұрпағы «Назарбаев та мықты» дейді. Бірақ сөзін жылдам жиып алып: «Ойнап айтып» деп сөз соңын күлкіге айналдырған. Мәселе кімнің мықты екенінде емес. Мәселе, бүгінгі ұрпақтың авторитаризмге сенбеуінде.

Фильм өз ішіндегі тұңғиыққа үңілген қазіргі әрбір адам назарын бір сәт далаға бұрып, байланысы үзілген табиғат пен адам арасында дәнекер болғысы келеді. Саясатпен, дінмен уланған сананың көз сүрінері жоқ жазығына тікесінен балбал орнатқандай... Тікесінен деймін ғой, жалпы фильм тік бұрышты үшбұрышты еске түсіреді. Тәңіршілдік пен ислам 90 градус жасай қиылысқанда екеуінің арасын жалғап көшпенділік мәдениет жатыр. Гипотенуза катеттерден ұзын екенін білесіз ғой.

«Әлхамдулилла, мұсылманбыз» десек те, Тәңіршілдіктен алып қалғанымыз аз емес. Сол сарқыншақтың бастысы – ұят. Құдай алдында ұялу. Қазақ лексиконына сіңісті «Құдайдан ұят» деген мәндегі сөзді өзге мұсылман елдерінен кездестіре алар ма екенбіз? «Ұят та жоқ, аят та жоқ» деп қай халық құдай сөзін ұятпен қатар айтады екен? Арқау-өзек осы ұятты адамның өзіне жасалатын, өз басынан бастайтын қансыз құрбандықпен астастырған. Яки құрбандық қорыққанда, қуанғанда, ұятты болғанда жасалмақ...

* * *

Сол ұят қазақы сөзде сақталған. Бір есептен кейбір мифтік түсініктерде сақталды. Менің атам, Созақтағы қарапайым қария, ауыл сыртындағы қабір жанына тоқтамай өтпейтін. Аса діндар емес еді. Бірақ ауыл зиратының жанынан өткен сайын арнайы тоқтап, есегінен түсіп, Құран оқу қашанғы ғадеті-тін. Қобыз дауыспен Құран бағыштап, жүзін сипап, орнынан тұрады. Немересі бірге түрегеліп, бір нәрсе сұрайын деп өзін әзер буып қалған. Дәл осы үнсіздікті бұзуға болмайтынын іштей түйсінген еді. Қайта жолға шықты. Бір үзеңгілері әлі де болса зираттың сыртқы қоршауын сызып келеді.

– ...Қиямет-қайым жақын! Қиямет-қайым жақын!.. Әр зират басынан өткен сайын осы сөзді қайталап өтуді ұмытпа. Жатқандар қуанып қалады.

– Не үшін?

– Қиямет күні болғанда қайтыс болғандардың бәрі тіріледі дейді.

– Қалай?

– Жер бетіне жусан болып өсіп шығады. Ертерек қайтыс болғандар ерте оянып, қасындағыларын құзғынның шоқуынан қорғап отырады. Сондықтан қазақ туыстарды бір-біріне жақын жерлеуге тырысқан.

– Орнынан тұрып барып қорғаса болмай ма?

– Жоооқ! Олар кіндіктерімен жусанның түбіріне байланып отырады.

– Қалай байланады?

– Өөй, мылжың екенсің ғой өзің...

Осы сюжет менің көз алдымнан кетпейді. Жоқ, атаммен жүрген емес. Жәй қиямет күні туып, көкке қараған адам. Оны кездестірдім де. Астана қаласындағы ұлттық музейдің Археология залында «Тобыл ойшылы» атты мүсін тұрады. Сол мүсін қазақтың Тәңір алдындағы ұятының мәңгілік бейнесі іспетті. 5000 мың жыл бұрын жасалған мүсін қол-аяғын бауырына алып, көкке қарап отыр. Ешбір бояусыз тас мүсіннің көздерінде жалыныш-жалбарыну емес, ұят бар. Тәңірден ұялу бар. Бұл әлем тарихындағы көкке қараған ең ескі ескерткіш. Ал оның прототипі ретінде Тәңірді тұңғыш таныған адам алынған шығар. Және Тобыл өзені бойынан табылғанына қарап түркінің арғы бабасы деуге толық негіз бар-ды.

Қазақтың әрбір қариясы құдаймен құрдас. Олар Тәңірмен сырласындай, құрдасындай әзілдесіп, әңгімелесіп отыратын. Қызығы сол, мешітке сүйрегенде баспаған қазақ ақсақалы мазарға жетексіз көне кетеді. Тіпті бара алмай қалса, қызарақтап қалары сөзсіз.

* * *

Арқау-өзектің кейіпкері де ілкі танымдағыдай көкке көп қарайды. «Құдайды мекенсіз» дейді исламда. Бірақ қазақтың көкке қарауы Тәңірді аспаннан іздеуі ме еді? Әлде «көк» пен «Тәңір» астасып кеткен түсінік пе?

Зерттеуші Т.Жұртбай: «Бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жаратылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің» баламасы өзге ұлтта да ұшырасады. Шыңғыс ханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. «Қаракөк үзілмеген тұқымның» билігі мәңгілік үстемдікке айналған. Әсіресе ру-ру болып тіршілік құрып, өмір сүретін көшпелі жұрт үшін бұл қатып қалған қағида», – дейді. Яғни қаракөк – үзілмеген билік пен байлықты білдіретін сөз. Сондай-ақ қаракөк қазақтың жылқысының да түсі саналады. Қазіргі қазақ әдебиетінде, оның ішінде баспасөзде халқымыздың ең жақсы көрген түсі ақбоз деп дәріптеліп жүр. Шын мәнісінде, боз түсті ардақтауы басқаша екенін, ал қазақтың жылқы түлігіндегі жақсы көрген түсі қаракөк болғанын жылқы шаруашылығын зерттеуші А.Тоқтабаев ел арасынан жинаған мәліметтерімен дәлелдейді.

Жалпы «көк» сөзінің бірнеше мағынасы бар-ды. Көне қыпшақ тілінде «көк» сөзі «тамыр», «тек», «түбір» мәнінде қолданылған. Өсу-өну мағынасында да қолданылады. «Көктеу», «көктем», «көкке іліну». Осы мағынасымен қазақы көк түс өзіне жасыл түсті де сіңіріп алады. Өсімдіктердің негізгі реңкі «жасыл» ғой. Осы көктеу мен жасыл өсімдікті біріктіретін екі «көктің» бірігер тұсы бар. Ол «аспан» мағынасы. «Бұл жердегі басты идея – бүкіл ғалам «ғаламат өсімдік» болса, онда оның өсіп өну нүктесі болуы тиіс. Яғни «көк» сөзі бүкіл ғаламның өсіп-өнуіне мүмкіндік беретін ілкі тұрпат, протокосмос». Осы аспан мағынасынан «Көк Тәңір» деген ұғым шығады. Яғни тәңіршілдікте Тәңірдің мекені – аспан (көк) болатын. Бұл үғымнан «Көк Түркілер» деген біздің халықтың протоесімі шықпақ. «Көк Түрік» – «Тәңір түркілері» немесе Тегі Тәңірден тарағандар. «Бөрінің тәңірі бар» деген сөздің астарында да қасқырдың Тәңір текті екені жатқанындай. Яғни Түркі мен Бөрі бір тектен. Осылай топшылай келгенде «көк» – Тәңір мағынасында да қолданылуы ықтимал. Мекені ғана емес, тура мағынасында. Өйткені «қаракөк» қазақ танымында үзілмеген билік пен байлықты білдірер болса, Құдайдың «тумады және тумайды да» деген сипатының ілкі көрініс де сол – «қаракөк» немесе «көк» болып шығар еді.

* * *

Киноның дені бойына созылып жатқан арқанды аңдайсыз. Қазақтың қыл арқанынан бастап, қайыс арқанға дейінгі жасалу техникасы суреттеледі. Өзі буыншақ (аспа) дертіне шалдыққан жігіттің осы іспен айналысуы да фильмнің драмалық, бәлкім, символикалық мәнін арттырып тұрғандай. Буыншақ дертінің «итті асып ұшықтау арқылы емделетінін» жоғарыда айтып өттік. Осы тұрғыда «Иттің мифтік бейнесі» деген мақаламызға қайта оралайық.

«Жаңа туған нәрестелердің өлуі өте жиі болатын ерте замандарда қазақ балаға «иткөйлек» кигізіп, «бала емес, ит туды» деп ажалды алдаусыратуы ықтимал. Ал қырқынан шыққанда иткөйлекті иттің мойнына байлап, аңдыған ажалды елден алысқа ұзатып, адастыру үшін жасалған ырым болуы ғажап емес. Бәлкім, ит көйлек байланған итті құрбандыққа шалып, ажалдың көзін баладан тіпті айырып әкетуге болады. Былайша келгенде, баланың жанын ит жанымен алмастырып алады. Бұлай дейтініміз, қытайда өмір сүретін қазақ рулары арасында «аспа немесе буыншақ ауруымен» (өзіне қол салушы) ауыратын адамдарды итпен ұшықтайтын ырым сақталған. Ол ырым бойынша ауру адамды аңдып жүріп, мойнына арқан салған бір сәтін тауып, кеудесінен жаны шығуға тақағанда арқаннан ажыратып алып, орнына итті асады екен. Көзін ашып, шошынған адамнан әлгі ауру қайтатын көрінеді. Кейіннен «ұшықтау» аталған бұл ырымның астарында адам жанын иттің жанына алмастыру жатқаны кәнік». Яғни ит адам орнына жанын береді. Ал жылқы онымен бірге жерленеді ежелгі дәстүрде. Тіпті беріге дейін көшпенді қазақ иесі қайтқан атты асында құрбандыққа шалатын. Құйрық-жалы тұлданып, босағаға тігілген қара құлатылып болып, ат құрбан болады.

Қызық, қасиетті кітаптардағы оқиғалардың бәрі дерлік өмірде болған. Сонымен қатар олардың бәрі дерлік халықтар фольклорында сақталғанына да дау жоқ. Дж.Фрэзер «Жаңа хабардағы фольклор» еңбегінде Інжілдегі барлық әңгімені дерлік әлем халықтары мифтерінен, ауыз әдебиетінен тауып береді. Сонда гректердегі адамды топырақтан Прометей жаратты дейтін аңызға назарымыз түсті. Прометей темір ұстасы болған. Қазақша темір ұстасын – дархан деп атайды. Адамға құдайлардан от ұрлап әкелетін Прометей өз ұстаханасы жанындағы сары топырақтан адамды тәнін жасап, оған дем берді делінеді. Ал түркілік мифтердің бірінде адамды жылқы мен иттің топырақтан жасағаны туралы айтылады. Екі мифке де ортақ бір нәрсе – адамның топырақтан жаралғаны. Гректер өз жаратылысын танымында титан Прометейге тапсырады. Ал түбі түркі халық өз жаратылысын жылқы мен итке тапсырғаны қызық көрінсе де, деректерге қарсы тұра алмаймыз. Яғни жылқы мен иттің қазақ үшін орны бөлек.

Арқау-өзек киносы да осы мәселені тағы бір алға тартқандай. Жылқы арқылы мінезді, ит арқылы ілкі түсінікті еске түсіреді. Бірін дерттен айықтыру үшін, жанын айырбастау үшін құрбандыққа шалады. Жылқы дерттен айыққаннан кейінгі құрбандық. Бірақ фильмнің басында айтылатындай, құрбандық адамның өз басынан басталуы керек-ті.

* * *

«Орта Азияда авторитаризм жойылмайды» деген пікір қалыптасқан. Бұл көшпенділік мәдениеттен қалған түсінік болса керек. Өйткені көшпенділер өзі мойындаған тұлғаның ғана айналасына бірігіп, сол адамның қайтуымен империясы да тарқап кететін. Бірақ кинодағы «Назарбаев туралы ойнап айтылған» әзіл біздің қоғамдағы авторитаризмнің өлімін көрсететін сияқты. Оның қаңтар оқиғасымен тікелей байланысы да бар.

Жоғарыда бір топтай айтып өткенімізде, жігітке буыншақ дертінің солдат етігінің табанынан жұққанын жазған едік. Бір сызық бойына тіркеспеген сюжетті реттейтін болсақ, қаңтар оқиғасына қатысқан жігіт ұсталып, камералардың бірінде аяусыз соққыға жығылған. Сол қорқыныш, сол үрей жігіт бойындағы дертке ұласады.

Жалпы сол бір қанды қырғын ешбір авторитеттің дер шағында халық алдына шықпайтынын, әркімнің өзінен өзге сенім артары жоқтығын айқындап берді. Тұңғыш президентті қанды Сталин секілді, тіпті Мао секілді ешкім биік тұтпайды. Осы тұсынан қарағанда, фильмді қазақ қоғамындағы авторитаризмнің «құлаған ескерткіші» деп те түсінуге болатын шығар. Ұзақ жылғы биліктің баянсыздығы. Жалпы халыққа қырын қараған билік атаулының соңы. Нәтижесі деуге келмес. Өйткені жүйеге сірескен қалпы сеңі әлі де бұзыла қоймады. Бұл өлеңнің жекелеген жолдары іспетті, жекелеген кадрлардан қатты байқалады. Есіктің ағаштары арасына басын тығып алып, шығара алмай жатқан бұзаудың тыпыршығаны импровизациялық көрініс көрінгенімен, философиялық астарлы көрініс екенін айта кетуіміз керек. Автор айтпаған, бірақ көрермен түсінген, солай түсінгісі келіп, өзінше интерпретация жасағысы келетін кадр бұл.

* * *

Арқау-өзекті этнографиялық детальдарды белгілі бір сюжет тізбегіне жинаған фильм деп айттық қой. Арқан, бие сауым, асау үйрету, бәйге... Автор Әрбіибек Өр-Алтай 24 кадрға барынша мол материал сыйдырған. Тықпалаған жоқ, бірақ. Олардың әрбірін жеке талдап, түсіндіруге болар еді. Бірақ мақала көлемі ырық бермейді. Біз көзге ұрған бірнеше детальға ғана тоқталдық. Одан ары қазар болсаңыз түсінер, түсіндірер дүниелер жетіп артылады.

Бұл деректі фильмнің өзгеше жанры. Деректі драма. Ештеңе түсіндірілмейді. Кадрдан тыс сөз жоқ. Яки автор түсіндіруге ерінбейді, тек түсіндірудің қажеті жоқ. Өйткені оның шын көрерменінің «жұлыны үзілмеген». Автор Әрбибек бір сөзінде: «Ислам Құдайды жүректе дейді. Тәңіршілдік түсініктегі Тәңір адам жұлынында болатын. Білесің, жүректі ауыстыруға болады. Бірақ жұлынды алмастыру мүмкін емес» деп еді. Яғни «жұлыны үзілмеген» көрермен – тамырынан қол үзбеген көрермен мағынасында.

Түсіндіру мәселесіне келсек, фильмдегі әрбір этнографиялық элементті түсінбесең де, жаныңа жылы ұшырайтынын байқайсың. Өйткені санаң білмесе де, бұл әрекеттің бәрі ДНК-да жазылған. Осылай автор қазақтың 800 мегабайттық (ДНК 800 мегабайт ақпаратты сақтай алады) геномына жазылған ақпаратты 24 кадрлық фильмге арқау етті.

Бір қарағандағыдай фильм арқауы – арқан емес. Өзегі – өлім емес-ті. Тұтас фильм арқауы – авторитаризмнің құлауы. Өзегі – «құрбандық» саналмаған құрбандар.

Өтті-кетті. 3-4 күнге созылды. Алаңды қанға бояды. Тыншыды. Бірақ ол қасірет, алаң, үрей халық арасын әлі де кезіп жүр. Оның қандай емі бар? Итті құрбандыққа шалу ма? Бәлкім, ғұндарша ақ-боз шалармыз?.. Тек құрбандыққа адам жарамағанда, ит-жылқы қалай жарасын?!

Асылында фильмде суреттелген шаш та, сақал да, серт үшін асылған ит те – құрбандық. Бірақ үтікке арқа жылытып, әскери етік өкшесінен ауру жұқтырғандар, қорғасын құшақтап, жазықсыз тылсым табалдырықты аттағандар құрбандық саналмайды. Олар... олар Тәңіршілдік салтындағы қансыз құрбандықтың барын біліп-білмесе де, қазақ тарихында қансыз құрбандықтың болмасын тағы бір дәлелдеп кете барды. Жәй ғана.

Біз де соңғы сайлауға бардық қой...

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ