«Арландар» миссиясын аяқтады

30.11.2018, 17:35

31

     Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) үш дүркін чемпионы Astana Arlans командасы таратылады. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының жыл қорытындысына арналған конференциясында осы ұйымның вице-президенті Данияр Әбілғазин мәлім етті. Astana Arlans кәсіпқой бокс клубының бас менеджері Бақтияр Артаев жобаның тартымдылығы жоғалғанын айтады. «Дүниежүзілік бокс сериясы – АИБА-ның жобасы. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Бұл жоба да тартымдылығын жоғалтты. Одан бөлек, АИБА-да не болып жатқанын спортсүйер қауым жақсы біледі. Боксты олимпиада бағдарламасынан алып тастау қаупі бар. Тіпті АИБА-ның өзі бола ма, болмай да деген сұрақ өзекті болып тұр. Бокстың болашағы бұлыңғыр тартқан шақта Astana Arlans клубын тарату туралы шешім қабылданды. Бірден айтайын, клубтың таратылуы қаржылық мәселелерге байланысты емес», – деді ол.     Олимпиада чемпионының осы пікірін тарата айтсақ, мәселе былай: WSB жобасы АИБА-ның бұрынғы президенті Чин Куо Вудың тұсында өмірге келді. Ву Бүкіләлемдік әуесқой бокс федерациясының тізгінін ұстай салып, ендігі бокс сипаты кәсіпқойлыққа жақын болатынын мәлімдеп еді. Сөйтіп, олимпиялық салмақтарды қысқартып, әйелдер боксына дем беріп, жартылай кәсіпқой турнир ұйымдастырып (осы WSB), кәсіпқойлар арасында 15 кездесуден көп өткізбеген боксшыларға олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беріп, зор өзгерістер жасады. Вудың заманында Олимп биігіне ешқашан шығып көрмеген доминикандық, моңғолиялық боксшылар чемпион атанды. WSB сериясында ешбір қарсыласынан жеңіліп көрмеген боксшылар қосымша іріктеуге қатыспай-ақ олимпиадаға жолдама алды (ішінде біздің Қ.Әбутәліпов пен В.Левит те бар).     Пәкістандық Әнуар Чаудри АИБА тізгінін ұзақ жылдар ұстаған кезде әуесқой бокс талай былыққа батып еді. Тіпті Чаудри мырза өзінің фабрикасынан шығатын бокс қолғабын ғана ресми деп таныды, басқа да жемқорлық әрекеттері жетіп-артылды. Сондықтан Ву жұдырықтасу өнеріне жаңа серпін беретіндей жұрттың  бәрі елігіп еді.     Алайда Ву да таныс сүрлеуге түсті. Қазір Халықаралық олимпиялық комитеттің боксты олимпиада бағдарламасынан алып тастауға ниеттеніп отырғаны да Ву еңбегінің «жемісі». Бірақ тағы да «қосылғыштар өзгергенімен, қосындылар өзгермейтін» сияқты. Өйткені жақында АИБА басшылығына біраз жыл интерполдың іздеуінде болған өзбек «шаруақоры» Ғафур Рақымов сайланды. Біздің даңқты отандасымыз Серік Қонақбаев сотқа жүгініп жүріп сайлауға қатысып еді, Рақымовтан көп дауыс жинай алмады.Енді Ғафур мырза АИБА-ны құтқарып қалуға кірісіп жатыр. Әрине, 2020 жылғы Токио олимпиадасының бағдарламасынан бірден алып тастай қоймас, бірақ бұл спорттағы жемқорлыққа шек қойылмаса, 1896 жылдан бергі олимпиадалар бағдарламасынан бірде-бір рет түсіп көрмеген бокс босағада «еңіреп» қалуы ғажап емес. Олимпиялық салмақтар санын сегізге дейін қысқартып, әйелдердің салмақ дәрежесін көбейтіп жатқан Рақымовқа Вудан мұраға қалған WSB тіпті де қажет болмауы мүмкін.     Еліміздің бокс федерациясы осының алдын алып жатыр ма? Қалай дегенде де, Бүкіләлемдік бокс сериясының алдағы тағдыры белгісіз. Артаев айтқандай, жобаның бағасы төмендеп бара жатқаны да рас. Бірақ «жауын жаумай, су болып жүрмесек» болғаны. Биылғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы небары екі күміспен шектелді. Бұл да алдағы қысымның белгісі болуы өте ықтимал.    WSB жобасы қазақ боксшыларының ерекше алаңы бола алды. С.Бибосынов, З.Сафиуллин, М.Нұрсұлтанов, Қ.Әбутәліпов, В.Левит т.б. боксшылар осы жобада өздерін жарқырата көрсетті. Ал Astana Arlans серияның үш дүркін чемпионы атанды. Клуб 2012/13, 2014/15 және 2017 жылдардағы маусымда теңдессіз болып, атағы жағынан басты қарсыласы «Куба Домадореспен» (Куба) деңгейлес болғаны мәлім. Astana Arlans 2011 жылдан бері қарай, яғни осы серия өмірге келгелі тұғырдан түсіп көрген жоқ. Біздің команданың нәтижесі мынадай: 2011 – ІІ, 2012 – ІІІ, 2013 – чемпион, 2014 – ІІІ, 2015 – чемпион, 2016 – ІІІ, 2017 – чемпион, 2018 – ІІ.     Astana Arlans біздің бокстың жарқын беттерін жазды, жас таланттарды ашты. Бірақ замана желі басқаша соға бастағанда, өткенмен ғана өмір сүре беруге де болмайтын шығар.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

13.05.2020, 05:46
Қайрат Тұрлыханов өмірден озды
11.05.2020, 12:13
Илья Ильин спорттық карьерасын аяқтады
26.04.2020, 08:43
Илья Илин қайырымдылық акциясына үлес қосты
25.04.2020, 08:01
Футболшылар маскамен ойнайды
24.04.2020, 07:11
Не қымбат: футбол ма, адам ба?
21.04.2020, 10:23
Жақсының жалғасы едіңіз аға

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42