Арман Сқабылұлы: Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатуға тырыстық

Отандық теленарықта тағы бір тарихи туынды жарық көргелі жатыр. Телехикая Жәңгір ханның өміріне негізделген көпбөлімді сериалдан тұрады.
Кинотуындымен толық танысу үшін «Сарай сыры» телехикаясының көркемдік жетекшісі, журналист Арман Сқабылұлымен сұхбаттасқан едік.
— Қазақта небір мықты хандар мен батырлар, билер көп болғаны бәрімізге мәлім. Бірақ солардың ішінен тарихи туындыға Жәңгір ханды таңдап алуларыңызға не себеп болды?
— Бұл бірден ойға келе салған, бірден шеше салған жоба емес. Ұмытпасам, осыдан он шақты жыл бұрын Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Зауытбек Тұрысбековтің тапсырысымен Бөкей хан туралы деректі фильм дайындағанбыз. Сол деректі фильмді дайындау кезінде Ресейдегі, Қазақстандағы Бөкей ордасына қатысты архивтерді ақтарып шыққан болатынбыз. Алдымен, Бөкей, кейін оның ұлы Жәңгір туралы бірталай тың деректерге кезігіп, жинап қайтқанбыз. Деректі фильм сәтті шықты десе де болады. Кейін ойланып қарасам, қолдағы бар дүниенің бәрі тарихи сериал түсіруге сұранып тұрғандай болды. Тура сол уақыттарда түріктің «Сүлеймен Сұлтан» телесериалы біздің арналарда жүріп жатқан болатын. Халық ол сериалды аса қатты қызығушылықпен қабылдады. Содан қолымдағы деректердің Сүлеймен Сұлтаннан да бай деректер екенін ескере отырып, сарай ішіндегі оқиғаларды қиюластырып, неге бізге де жақсы сериал түсірмеске деген ой келді. Одан бері де қаншама жыл өткен соң, осы дүниені мықтап қолға алып, сериалды бастауға бел будық. Содан концепциясын ұсынып, бір жарым жылдай, сценарийін жазып шықтық. Басында 20 серияға арнап сценарий дайындап, кейіннен оны 12 серияға қысқарттық.
— Телехикая белгілі бір бөлімдерге бөлінген бе? Жалпы, көрермен телехикаядан қандай қызықты дүниелерді көре алады?
- Биылғы маусымда 12 серия түсіріледі. Қысқаша айтқанда, Жәңгір ханның өмірінің ең бір шиеленіскен тұсында, Махамбет пен Исатай көтерілісінің басталар тұсында 12 серия бітеді. Ал келесі жылы қалай болатынын алдағы уақыттарда көреміз. Егер отандық арналар мен министрлік қолдап жатса, тағы 12 серия түсіруіміз де мүмкін. — Осы уақытқа дейін елімізде небір тарихи кинолар жарық көрді. Көбісінің бір-бірінен айтарлықтай, айырмашылықтары жоқ. Ал салмағы басым Жәңгір хан туралы «Сарай сыры» телехикаясында киноөндірісіне енетін қандай да бір тың жаңалықтар бар ма?
— Дұрыс айтасыз, бұған дейін түсірілген тарихи сериалдардың ешқайсысын да нашар деп айта алмаймын. Әрқайсысы көрермен алдындағы миссиясын орындады деуге болады. Бірақ көбісі бірсарынды, зерттеу еңбектеріндегі белгілі деректердің айналасынан шыға алмай жатады. Қай тақырыпты алса да, белгілі бір тұлғаның бейнесі бәрімізге белгілі деректермен оқулықтың деңгейінде ғана қалып кететіні өкінішті. Ал «Сарай сырының» ерекшелігіне келсек, өз басым тарихи сериалды көркем туынды деп есептеймін. Көркем туынды болған жерде көркемдеу, жаңа көркемдік образдар, көрерменге қызық шиеленіскен оқиғалар, тіпті, кей жерлерінде ойдан кірістірілген персонаждар болуы керек.
Тағы бір ерекшелігі – отандық кино тарихында тұңғыш рет киноның 60 пайызына жуық түсірілімін интерьерде, «Қазақфильм» павильонында түсірдік. Павильонның ішіне Жәңгір ханның бөлмесі, әйелдерінің бөлмесі, асхана, жұмыс кабинеті, билер кеңесі секілді т.б. бөлмелерден декорация жасап, 10-нан аса бөлме жасадық. Сондай-ақ павильонның сыртына да хан сарайының қақпасын, жанындағы ең алғашқы Бөкей ордасынан басталған жаңалықтар – медицина орталығы, мектеп, ғылым ордасы, сол кездегі пандемияға байланысты екпе салатын орындар мен емханалар жасап, әрледік. Бұл да бір біз үшін кино саласындағы тың жаңалық деп ойлаймын.
- Жәңгір – бірнеше тілді жетік білетін, Ресей үкіметінің көптеген наградаларымен марапатталған, майор шеніне дейін көтерілген тұңғыш қазақ ханы. Осыған орай, Жәңгір ханның бейнесін сомдайтын актерлар да осал болмауы тиіс емес пе? Тарихи тұлғаның бейнесіне сай актерды қалай таңдап алдыңыздар?
— Ұлттық арнада арнайы кастинг жарияланып, актерларды бірге таңдадық. Жәңгірдің рөліне, жұбайы Фатиманың рөліне таңдаған кезде олардың түр-келбетінен бөлек, актерлік шеберлігіне, біліміне де баса назар аудардық. Жәңгір ханның жұбайы Фатима да жеті тіл білген. Соған орай, сериал барысында олардың көп тіл білетінін де көрсетуге тырыстық. Актерлар да жақсы іріктеліп, өз рөлдерін ойдағыдай, орындап шықты. Ендігі бағасын көрермен бере жатар.
– Белгілі тарихи тұлғаның бейнесін ашып көрсетуде қандай да бір қиындықтар болды ма? Қалай іздендіңіз? Оның Бөкей ордасына, музейіне барып таныстыңыз ба?
— Бөкей ордасына міндетті түрде барып, көрдік. Сериал түсіру үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, тағы да біраз мұрағатты ақтаруға тура келді. Тек Бөкей ордасын ғана емес, сол жерде тұрған музейлердегі Жәңгір ханның, Фатиманың киімдерін, бөлмелерін алдын ала түсіріп алып, сол бойынша костюмдер дайындалды. Жергілікті этнографтармен, тарихшылармен әңгімелестік. Сериалдағы киімдер Оралдағы музейде тұрған Жәңгір мен оның отбасының киім үлгілерімен тігілді.
– Телехикая атауын «Сарай сыры» деп атапсыздар. Соған қарағанда, кино сарай ішіндегі тарихи оқиғаларға негізделіп, түсірілуде ме?
— Сөз басында айтып кеткенімдей, «Сарай сыры» сарай ішіндегі интригалар мен шиеленісті оқиғаларға көзделген. Жәңгір ханның өмірін зерттеген кезде, алдымен, мынадай нәрсеге баса назар аудардық. Мәселен, Жәңгірдің төрт әйелі болған. Соның ішінде, үшінші әйелі, Қазанның бас мүфтиі, ұлты татар Фатима сарайға келген уақыттарда Жәңгірдің бір әйелі қайтыс болады. Кейіннен екінші әйелі де ауырып, қайтыс болады. Бірақ зерттеушілер ол әйелдердің өлімдерінің жұмбақ болғанын жазып кеткен. Міне, біз сериалда осы оқиғалардың төңірегінде сюжеттер көрсетуге тырыстық. Одан бөлек, Жәңгір мен Махамбеттің достығы, араларындағы түрлі-түрлі оқиғалар осы сарайда өткен. Сол жағын да сериалда қамтыдық. Осылайша, сырттағы көріністен гөрі, сарай ішіндегі оқиғаларды көп түсіруге тырыстық. Көрерменге де көз үйренген киіз үйлер емес, сарай ішіндегі оқиғалар қызықты болар деп үміттенемін.
– Сөзіңізге қарасам, сіздер кинода сүйікті жары ретінде Фатиманы көрсетіп жатқан секілдісіздер. Жалпы, сарай ішіндегі текетірес өмір мен сүйікті әйелі ретінде Фатимаға қарап, Жәңгір ханның өмірі Сүлеймен Сұлтанға ұқсас келетін секілді. Сіздер түсіріп жатқан телехикая да түріктің «Сүлеймен Сұлтан» телехикаясына ұқсас емес пе?
— Сүлеймен Сұлтанға» кей жерлері ұқсауы мүмкін. Жалғыз ол сериал ғана емес, жаппай көрсетіліп жатқан кәрістің, түріктің т.б. елдердің тарихи киноларында осы сарай форматы қолданылады. Ол көшіріп алғанға жатпайды. Біздің өзімізде көркем фильм мен сериалды шатастырып алатын жаңсақ көзқарас бар. Екеуіне бірдей талап қойып, анау жақсы түсіріліпті, мынаның бюджеті аз, мынау нашар түсіріліпті деп жатады. Бірақ екеуінің форматы екі түрлі екеніне мән бермейді. Сол себепті «Сарай сыры» ешқандай сериалдың көшірмесі емес деп айта аламын.
– Кино түсіруге бюджеттен қанша ақша бөлінді?
— Сериалға көп қаржы бөлінбейді. Мардымсыз. Аз қаржыға жанкештілікпен сериал, оның ішінде, тарихи сериал түсіретін әріптестерге бас иемін. Сол ақшаны жеткізіп, көрерменге ұнайтын сериал жасаса, ол, тіпті, ерлік деп есептеймін. Бір ғана мысал, «Қазақфильмде» түсірілген соңғы тарихи кинолармен салыстырсақ, біздің тарихи сериалдың бюджеті он есе аз. Негізі, сериалдың форматының өзі бөлінген бюджетке лайықталып түсірілуі керек. Толық форматты киномен екеуінің айырмашылығы да сонда. Бірақ аз бюджеттің өзіне әдемі сериал түсіруге де болады.
- Сіздіңше, кино сәтті шығып жатыр деп ойлайсыз ба? Әлде іште бір «мүмкін, былай түсірсек, қалай болар екен» деген секілді қынжылтатын ойлар бар ма?
— Меніңше, кино жаман емес сияқты. Монтаж жұмыстары бітіп, эфирге жол тартқан соң, көрермен өз бағасын берер. Жалпы, ойлаған дүниеміздің 80-90 пайызын түсірдік деп ойлаймын. Көрерменге Жәңгір мен Махамбет, Исатай образдарының сериалда қалай сомдалатыны, ең алдымен, қызық болары сөзсіз. Бір ауыз сөзбен түйіндесем, біз сериалда тауларды аласартпай, даланы асқақтатуға тырыстық. Махамбет пен Исатай өз биігінде қалып, Жәңгірдің асқақ бейнесі сомдалды.
— Әңгімеңізге рақмет.