Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:11, 26 Наурыз 2024

Армандауға болмай ма?

Қазақстан
Фото: из открытых источников

УЕФА Ұлттар лигасы. Плей-офф Грекия – Қазақстан – 5:0 (Бакасетас, 9-пенальтиден, Пелкас, 15, Иоаннидис, 37, Курбелис, 40, Марочкин, 85-автогол)

Қазақстан құрамасы Euro-2024 турнирінің финалдық кезеңіне шыға алмады. Афина қаласындағы ОРАР Аренада өткен кездесуде отандастарымыз Ұлттар лигасының С дивизионының тағы бір жеңімпазы Грекия құрамасынан ойсырай жеңілді. Матч басындағы пенальти ойын тағдырына тікелей әсер етіп, Магомед Әдиев шәкірттері сол бойы еңсе көтере алмады.

Пенальти дұрыс па?

Гректердің ойынды аса жоғары қарқынмен бастайтыны түсінікті еді. Біздің құрама қандай шабуылға да дайын болуға күнібұрын, тіпті екі апта бұрын қам жасады. Дегенмен іс жүзінде бәрі қиын болып шықты.

Бапкер Әдиев Түркіменстанмен өткен жолдастық кездесудегі негізгі құрамды соңғы сәтке дейін жасырды. Футбол мамандарынан бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерге дейін орталық қорғаныс шебіндегі Нұралы Әліптің орнын кім басатынына бас ауыртып жүргенде, бас жаттықтырушының алаңы басқаша екен. «Ордабасының» және құраманың капитаны Асқат Тағыберген жарақат салдарынан ойынға ұзаса 20-30 минут қана қосыла алатынын бапкерден басқа ешкім білген жоқ. Артқы жартылай қорғаныста Тағыберген жоқ болса, біздің құрама бар сиқырынан айырылатынын былтыр күздегі Словения – Қазақстан кездесуінде көргенбіз. Нәтижеде Әліптің орнын – Темірлан Ерланов, Тағыбергеннің орнын Бақтияр Зайнутдинов басты. Бірден айтайық, бұл шешім мүлде дұрыс болған жоқ. Ерланов көп қателесті, Бейсебековтің ойыны мүлде жүрген жоқ. Оған қоса, қос қапталға түгелдей жауапты Бағдат Қайыров пен Ян Вороговский де бірінші таймды өте нашар өткізді.

Дәл осы Қайыров 9 минутта біздің қақпаға пенальти белгілетті. Қақпашы Шацкий қайтарған допқа Бағдат бірінші жетіп тұрған еді. Бірақ грек шабуылшысы Пелкас нағыз қулық істеді: ол аяғын не допқа тигізген жоқ, не Қайыровтың бірінші жетуіне мүмкіндік бермеді, ең бастысы, Бағдаттың жолына аяғын төседі. Пенальти!

Әрине, «пенальти дұрыс», «дұрыс емес» деп ұзақ талқылауға болады. Бірақ біріншіден, ойын тәртібінің рас бұзылғанын ВАР жүйесі тексерді. Екіншіден, отандық ақпарат құралдары мәселе көтергенмен, шетелдік БАҚ аса елеген жоқ.

Баяғы бір сценарий...

Біздің құрама шешуші матчтар ойнап үйренген жоқ. Euro-2024 іріктеу кезеңінің шешуші кездесуінде Словения құрамасына қарсы кездесуге дейін отандастарымыз бәрін жақсы өткеріп келіп, тағдыршешті сында тізе бүкті. Тіпті алыстан сермейтін болсақ, 1997 жылы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде өз алаңындағы төрт кездесуді сәтті өткізіп, кейін ұпайға аса ділгір болған Өзбекстан, Жапония құрамаларымен ойындарда да ойсырай жол берген. 1998 жылы Азия ойындарында Қазақстан топтан шықты, одан кейінгі топтық турнирдің соңғы турында Ливанмен тең ойнаса жеткілікті еді. Алайда С.Гороховодацкий шәкірттері ортаңқол қарсыласқа 0:3 есебімен тізе бүкті... Ұлттар лигасының 2018-2019 жылдардағы алғашқы кезегінде де Андоррамен – бір рет, Латвиямен екі рет тең ойнап, Грузияға жолды өзі босатып бергенін де ұмыта қойғанымыз жоқ. Міне, сол кері дәстүр осы жолы да көрініс берді.

Өкінішке қарай, Словенияға қарсы матчта да ойын тағдырына пенальти әсер етіп еді. Бұл жолы да Қайыровтың жазатайым қателігі бүкіл үмітті белден сызды.

Бірінші таймда Қазақстан құрамасы өз қақпасына 4 доп жіберіп, өзіндік антирекорд жасады. Бұған дейін ешбір кездесуде отандастарымыз ешбір қарсыласынан бірінші кезең қорытындысында қарымтасыз төрт доп жіберіп көрмепті.

Екінші таймда бапкер Елхан Астановты, Бейсебековті және Қайыровты алмастырғанмен, кетеуі кеткен дүние орнына келмеді. Оны айтасыз, Марочкин ойын аяқталар тұста автогол соғып алды.

Сонымен, Қазақстан құрамасы өз тарихында қақпасына отыз бесінші рет пенальти белгілетті, соның 28-і қақпамызға енді.

Қазақстан құрамасының ойыншылары осымен өз қақпасына оныншы автогол соғып алды. Бұл көрсеткіш бойынша «мергендер» – Сергей Малый мен Марочкин (екі-екіден).

Бапкердің жоспары неге іске аспады?

Магомед Әдиев, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Алдын ала дайын болуға тырыссақ та, біз матчтың осылай басталуына әзір болмай шықтық. Алғашқы минуттан-ақ қысымның күшті болатынын көп айттық. Өкінішке қарай, төтеп бере алмадық, 15 минутқа қарай-ақ қарсылас 2:0 есебімен алда тұрды. Біз ойынға орала алмадық. Мұның себебі неде? Қарсылас жылдамырақ болды, психологиялық тұрғыдан біздің жігіттер барын салды, бірақ нәтижеге деген жауапкершілік оларды шегендеп тастаған сияқты. Біз ерте күйіп-жанып кеткендейміз. Құрамды өздеріңіз көрдіңіздер, біз аралас нұсқа жасауға тырыстық. Өйткені Грекия құрамасы тікелей шабуылдағанды жақсы көреді. Олардың шебінің арасын соза түсуіміз керек еді. 5-3-2 нұсқасы бойынша Ислам Чесноков пен Елхан Астанов біздің шабуылға кеңістік беріп, қарсыластың артқы жартылай қорғанысын сөгуге тиіс еді. Мұндай жағдайда Зайнутдиновтың орталық алаңдағы өрісі ашылып, тұсауы шешілер еді. Менің ойымша, біз қос қапталда «отырып» қалдық. Вороговский шабуылға біраз қосылса, Қайыров өте ауыр қозғалды. Ол пенальтиге өзін кінәлі сезініп, сол ұйықтан шыға алмай қалғандай.

Күзде Словенияға қарсы Тағыберген мен Зайнутдинов шыға алмай қалғанда, құрамамыздың қалай қиналатынын байқап едік. Бұл жолы Әліп пен Тағыбергеннің жоқтығы тағы білінді. Демек, бас бапкер ендігі үздіктерді жастар сапынан майшаммен іздемей болмайды.

Бапкер орнында қалуы керек пе?

Бізге салса, Әдиевтің қалғаны дұрыс. Екі жыл ішінде ол жанкүйерге нағыз футбол ерлігін сыйлай алды. Иә, құрама аса шешуші екі кездесуде мінез көрсете алмаған шығар. Бірақ біз құрама үшін ерекше мақтанған шақ осы ғана болса керек. Отыз үш жылда тұңғыш рет біз финалдық кезең елесімен ауырдық, бұл «ауру» бәрімізге ұнады.

Әдиев «ескі» футболшылардың қаншаға шабатынын біледі, енді жаңа буыннан кімдерді қосу керек екенін де сезінеді. Бірақ Магомед Мұсаұлы тау халқының мінезіне салып, Люксембургпен жолдастық кездесуден кейін бәрін шарт үзіп жатса да таңданбаймыз. Десек те бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, құраманы өліара кезеңге тастап кетпей, тағы бір іріктеу кезеңінде шыңдаса жөн болар еді.

Қазақстан құрамасы бүгін түнде Люксембургпен кездеседі. Бұл құрама Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грузиядан 0:2 есебімен жеңіліп, құрлық біріншілігінің финалдық кезеңінен үміт үзді.

Есей Жеңісұлы