Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:10, 30 Қыркүйек 2021

Арманы асқақ «Альтаир»

None
None

Батыс Қазақстан облысының құрылыс саласындағы қанатқақты кәсіпорындардың бірі – «Альтаир» компаниясының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр.

Тәуелсіздікпен түйдей құрдас кәсіпорынның басшысы Александр Потиченко да үлкен өмір жолынан өткен азамат.   

Басшылық қызметте мол тәжірибе жинақтаған, түрлі тәуекелдер мен қиындықтарды терең түсінген ол кәсіптің табысты болуы тікелей маман-кадрларға байланысты деген қағиданы қатаң ұстанатын азамат.

– Егер мамандар жұмысты істей алмай не меңгере алмай қиналып жатса, оларды оқыту, үйрету, тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Себебі біз үшін адамдар – басты басымдық. Құрылғалы бері 30 жыл ішінде «Альтаир» ЖШС жұмысшыларына бірде-бір рет жалақыны кешіктірген емес. Тіпті кәсіпорындардың көпшілігі қызметкерлеріне еңбекақы орнына өз өнімдерін берді, өте ауыр 90-жылдардың өзінде де біз несие алып, адамдарға жалақыларын уақтылы төлеп отырдық. Өйткені қай уақытта да еңбек адамын бағалау керек, – дейді Александр Андреевич.

А.Потиченко ширек ғасыр ішінде «Уральскпромстрой» трестінде жұмысшыдан басшыға дейінгі барлық лауазым баспалдақтарынан өткен. Үй құрылысы комбинатының директоры болған, механизация және арнайы жұмыстар басқармасын, өндірістік-техникалық жабдықтау басқармасын басқарған.

1986 жылы ол Құлсарыдағы трест басшысының орынбасарлығына жіберіледі. Бұл лауазым оған салмақты сынақ, жауапты емтихан болғанын айтуымыз керек. Мұнайшылар қалашығын салып жатқан тресте 3000 адам жұмыс істеді. Сол жылдары елде қайта құру үрдісі белең алып, Одақ құлау алдында тұрды. Орталықтағы және жергілікті билік, атқарушы органдардың іс-әрекетінде қарама-қайшылық, өзара түсініспеушілік көбейді. 1991 жылға қарай логистика, салааралық қатынастар қожырап, қаржыландыру тоқтай бастады. Нарыққа көшу барлық саланы тоқыратты. Осы кезде қамал бұзар 45-ке жетіп қалған Александр Андреевич ержетіп қалған ұлдарын жанына алып, жеке кәсіпорын құру туралы шешім қабылдайды. «Альтаир» атауы да тосыннан ойға келген.

– «Альтаир» сөзінің мәніне үңілсек, ол – көк жүзінде еркін қалықтаған бүркіт дегенді білдіреді. Альтаир – екінші жағынан, Бүркіт шоқжұлдызындағы ең жарық жұлдыздың да атауы. Осы атау біздің кейінгі тағдырымызды анықтап берді. Бастапқыда кәсібіміз қиын басталды. Біраз уақыт көкөніс өсірдік, құрылыс материалдарын саттық, алайда түбінде құрылыспен түбегейлі айналысамыз деген мақсат қойдық. Әуелі ғимараттарды жөндеуге және қалпына келтіруге шағын тапсырыстар алып, сосын, бара-бара тұрғын үйлер, кәсіпорындар, әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізу, жергілікті маңызы бар жолдарды салу секілді ірі ауқымдағы жобаларға қолымыз жетті. Жылдар жылжыған сайын компанияның жүрегі – өндірістік базамыз да нығайды, – дейді А.Потиченко.

Күні бүгін компания құрамына екі жылжымалы бетон зауыты, бетон ерітіндісін құятын желі, темірбетон, металлпластик, пенополистирол өнімдерін өндіретін цехтар, ағаш және дәнекерлеу цехтары, 60-тан аса автокөлік құралдары және құрылыс техникалары кіреді. Мұнда өндіріске заманауи технологиялар ұдайы енгізіліп, техникалық база жаңартылып, жетілдіріліп отырады, кәсіпорын жұмысшыларының кәсіби білігін көтеруге айрықша мән беріледі. Соның бір жарқын мысалы – 2008 жылы кәріз коллекторын жөндеген кезде «Альтаир» ЖШС мамандары Оралда тұңғыш рет көлденең бұрғылау қондырғысын қолданды.

«Альтаир» ЖШС іске асырған алғашқы ірі әлеуметтік жоба КПО б.в. компаниясы қаржыландырған 100 төсектік перзентханасы бар және бір мезгілде 200 адамды қабылдауға қабілетті Казталов аудандық ауруханасының құрылысы болды. Ол бар-жоғы 4,5 айда пайдалануға берілді. Құрылыс сапасына ешқандай ескерту айтылмады, күні бүгінге дейін солай. Сонымен қатар Казталовта 50 төсектік туберкулезге қарсы аурухана және мектеп бой көтерді. Ғимараттардың айналасы абаттандырылды.

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде Жаңақала ауданында «Альтаир» ЖШС республикада бірінші болып үш қабатты 360 орындық мектепті салып бітірді, онда қазір 700-ден аса шәкірт білім нәрімен сусындауда. Жоспардағы екі жылдың орнына «альтаирлықтар» құрылысты 6,5 айда өте жоғары сапамен аяқтап шықты. Осы аудан орталығында керемет мәдени-демалыс саябағы, ауданаралық 100 төсектік сауықтыру орталығы салынды. Сондай-ақ А.Потиченко салған сапалы нысандар Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында әлі күнге дейін халыққа қалтқысыз қызмет етуде.

Бүгінгі таңда «Альтаирдың» үлесінде 144 нысан бар. Олардың ішінен Орал қаласындағы «Астана», «Мир стекла» сауда үйлерін, «Мирлан» базарындағы ғимараттарды, «Белое солнце» автокешенін, Қазақстанның Наурыз банкі кеңсесін, 105 мың шаршы метрден аса тұрғын үйлерді немесе 2000 пәтерді, 12 мектепті, балабақшаны, үш аурухананы атап өтуге болады. Осыларға техникалық жағынан күрделі нысандар: Салтанат сарайын, Оқушылар мен жастар сарайын, дарынды балаларға арналған спорт кешенін, төселген 80 шақырым су және кәріз құбыры желілерін қоссақ, атқарылған істің ауқымы өзінен-өзі шыға келеді.

Қазіргі таңда серіктестік екі білім ошағының: Бәйтерек ауданының Жамбыл ауылында 308 орындық және Бортау ауылында 300 орындық мектептердің құрылысын жүргізуде. Орал қаласында Қазақстанда теңдесі жоқ, айрықша жобалардың бірі – 940 адамға арналған концерт залы, сурет галереясы, 50 орындық мәжіліс залы, басқа да көптеген бөлмелері бар мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Оны мерзімінен бұрын, яғни биылғы қазан айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Тегтер: