Армения Бішкектегі ҰҚШҰ саммитіне қатысудан бас тартты
Армения 27 қараша күні Бішкекте өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) саммитіне қатыспайды.
Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковқа сілтеме жасаған ТАСС агенттігі хабарлады.
Ушаковтың айтуынша, Ереван саммитке бармағанымен, бұған дейін келісілген құжаттарды қабылдаудан бас тартпайды. Ол сонымен қатар Владимир Путиннің сапар қорытындысы бойынша дәстүрлі баспасөз мәслихаты өтетінін атап өтті.
Саммитке Путиннен бөлек Беларусь, Қазақстан, Тәжікстан президенттері және Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қазіргі төрағасы Садыр Жапаров қатысады.
Арменияның ҰҚШҰ-дан алыстауы бірнеше жыл бұрын басталды
2023 жылдың қаңтарында Армения өз аумағында ҰҚШҰ оқу-жаттығуларын өткізуден бас тартты, мұны «орынды емес» деп атаған. 2024 жылдың ақпанында премьер-министр Никол Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-дағы мүшелігін «тоқтатқандарын» мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйым 2021-2022 жылдары Арменияның қауіпсіздігі бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. 2024 жылдың мамырында Армения ҰҚШҰ бағдарламаларын қаржыландырудан бас тартты. ТАСС-қа пікір білдірген ұйым өкілі Ереванның шешімін растағанымен, Арменияның ұйым мүшесі болып қала беретінін айтты. 2024 жылдың маусымында Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-дан толық шығуға ниетті екенін ашық жариялады.
Арменияның сыртқы саяси бағыты өзгеріп жатыр
2024 жылдың ақпанында АҚШ пен Армения стратегиялық әріптестік хартиясына қол қойып, атом энергетикасы саласында ынтымақтастық туралы келіссөздерді бастағанын хабарлады. Ал 2024 жылдың тамызында АҚШ-та өткен кездесуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьері Никол Пашинян әскери қақтығыстан бас тартуға, Зангезур дәлізінің бір бөлігі арқылы американдық компания салатын жаңа транзит жобасын жүзеге асыруға келісім жасады.
Жоба «TRIPP — халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп маршруты» (Trump Route for International Peace and Prosperity) деп аталады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының ОДКБ) басшысы ауысады. Қазіргі Бас хатшы Иманғали Тасмағанбетов өз өкілеттігін тоқтатады. Оның орнына ұйымның Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадыков тағайындалмақ.