Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:05

Армения мен Әзербайжан әуе кеңістігін өзара пайдалана бастады

Әлиев, Трамп, Пашинян
Фото:whitehouse.gov

Армения премьер-министрі Никол Пашинянның баспасөз хатшысы Назели Багдасарян екі ел арасындағы жаңа өзгеріс туралы хабарлады.

Оның айтуынша, 31 тамызға қараған түні Пашинян шетелдік сапарға бара жатып та, елге қайтып келе жатып та Әзербайжан аумағы арқылы ұшқан. Дәл сол сияқты әзербайжандық ұшақтар да Армения үстінен еш кедергісіз өтіп жатыр.

Бұған дейін Таулы Қарабақтағы қақтығысқа байланысты тараптар соңғы отыз жылға жуық уақыт бойы бір-бірінің әуе кеңістігін пайдаланбаған еді. Ал 8 тамызда  АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянды қабылдап, екі ел арасындағы ондаған жылдарға созылған қақтығысты тоқтататын тарихи бірлескен декларацияға қол қойғызды. 

Кездесу барысында Әзербайжан мен Армения АҚШ-пен екіжақты экономикалық келісімдерге де қол қойды. Бұл келісімдер Оңтүстік Кавказ аймағында сауда, транзит, энергетика, инфрақұрылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты дамытып, халық пен бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Бейбітшілік келісімі әскери текетірестен бас тартуды және Армения мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстарды қалпына келтіруді көздейді. Келісімнің маңызды бөлігі – Зәңгезур дәлізінің бір бөлігін 99 жылға америкалық компанияға беру. 

Айта кетейік, Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ үшін қақтығыс 1980-жылдардың соңынан бері жалғасып келеді. 2020 жылы Ресейдің арағайындығымен жасалған атысты тоқтату келісімі қарым-қатынастарды қалпына келтірудің алғашқы қадамы болды, бірақ бейбітшілік келісіміне қол қою кейінге шегеріліп келген еді.