Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Армения Ресей елшісін Соловьёвтің мәлімдемелеріне байланысты шақыртты

Владимир Соловьёв
Фото: скриншот

Арменияның Сыртқы істер министрлігі дүйсенбі күні Ресейдің Армениядағы елшісі Сергей Копыркинді ведомствоға шақырып, ресми наразылық нотасын табыстады

Бұл туралы Арменияның Азаттық радиосы – Радио Азатутюн СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Армения СІМ-інің мәлімдеуінше, нота Ресейдің мемлекеттік телеарнасында эфирге шыққан бағдарламаның мәлімдемелеріне байланысты  наразылық білдіру мақсатында берілген. Ведомство бұл сөздерді Армения Республикасының егемендігіне қол сұғу және Армения мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың іргелі қағидаттарын өрескел бұзу деп бағалаған.

Бұған Кремльге жақын ресейлік пропагандист, тележүргізуші Владимир Соловьёвтің «Вечер с Владимиром Соловьёвым» атты авторлық бағдарламасының соңғы шығарылымы себеп болып отыр. Бағдарламада Соловьёв Ресей Украинаға қарсы соғысты қалай бастаған болса, дәл сондай «арнайы әскери операцияны» Арменияда және посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерде де жүргізуге болады деген пікір айтқан.

Соловьёв өз сөзінде АҚШ-тың Венесуэладағы әрекеттерін мысалға келтіріп, Вашингтонның «халықаралық құқықты елемей», Николас Мадуроны күшпен ұстағанын атап өткен. Оның пайымдауынша, Ресей үшін Венесуэладан айырылғаннан гөрі Армения мен Орталық Азия елдерін «жоғалту» әлдеқайда қауіпті.

Армения тарапы бұл мәлімдемелерді тікелей қауіп пен саяси арандату ретінде қабылдады.

Айта кетейік, Владимир Соловьёв бұған дейін де Ресейге көршілес және ТМД елдеріне қатысты қоқан-лоқы сипатындағы мәлімдемелерімен бірнеше рет сынға ұшыраған. 2024 жылдың наурызында Арменияда оның авторлық бағдарламалары «РТР-Планета» арнасының мультиплексінен жүйелі заңбұзушылықтарға байланысты бұғатталған.

Сонымен қатар, 2025 жылдың желтоқсанында Мәскеу соты Соловьёвке қастандық дайындады деген айыппен жеті адамды 12 жылдан өмір бойына дейінгі мерзімге соттаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар тележүргізушінің көлігіне жарылғыш зат орнатып, оны іске қосуды жоспарлаған.

Армения СІМ-інің бұл жолғы қадамы ресми Ереванның егемендікке қатысты кез келген мәлімдемеге қатаң әрі ашық реакция беруге дайын екенін көрсетеді.