Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Армия – адам келетін жер емес...

Сәденов
Фото: Жас Алаш коллаж

Қазақстан армиясы барсакелмеске айналып бара жатқандай. Қыркүйек айының аяғына қарай бір аптаның ішінде екі сарбаз көз жұмған, қазан айының алғашқы аптасында тағы екі жауынгерден айырылып қалдық.

 Бұл трагедияға жауапты саналатын қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтар әлі бірде -бір рет ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Алдымен әскердегі қайғылы жағдайларды тізіп өтейік.

17 қыркүйек. Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз Дінмұхамед Шынарбек қайтыс болды. Ресми органдар әдеттегідей өлім себебін суицид деп жариялады. Марқұм сарбаздың туыстары бұл уәжге сенбейді. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

23 қыркүйек. Араға алты күн салып Жетісу облысындағы «Алажиде» әскери полигонында тағы бір жауынгер мерт болды. Бұл жолы жауапты орган мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің қару қолдану кезінде жарақат алып, қайтыс болғанын, оған қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болғанын хабарлады. Бұл іске қатысты да тергеу жүріп жатыр. Бұл іске қатысты да туыстарының күмәні көп.

24 қыркүйек. Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімінде сарбаздардың өзіне-өзі қол жұмсау дерегі тіркелді. БАҚ-та 7 сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені хабарланған. Ал Қорғаныс министрлігі 3 сарбаз емханада жатқанын мәлімдеді. Солардың бірі – Алматыдан әскерге шақырылған 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров. Оның анасы Лаура Шынтемірова ұлын психикалық науқас деп тануды негізсіз шешім деп санайды. Оның айтуынша, ұлының мұндай қадамға баруына әскердегі әлімжеттік себеп болған. Әлдекімдер Сұлтанды ұрып-соғып, тіпті қара жұмысқа жеккен.

30 қыркүйек. Дәл осы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз Нұргелді Байыш психиатриялық клиникаға түсті. Ол әскерге сау күйінде барған, алайда бес айдан кейін психикасы бұзылды деген диагнозбен үйіне қайтарған.

4 қазан. Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық Ұланның Алматыдағы №5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан секіріп кеткен. Ол емханада жатыр. Ұлттық Ұлан өкілдері сарбазға қастандық жасалмағанын, оның психикалық жағдайына қатысты диагноз қойылғанын хабарлады.

5 қазан. Алматы облысында ҰҚК-ге қарасты Шекара қызметінің сарбазы Нұрасыл Әнуар қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, өлім себебі – менингококцемия. Алайда туыстары бұл диагнозға күмән келтіріп, істің бұрмаланғанын айтып жүр. Бұл іске қатысты Алматы қаласы Наурызбай ауданының полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр.

6 қазан. Маңғыстау облысы бойынша Шекара қызметі департаментінде мерзімді әскери қызметші қаза тапты. ҰҚК шекара қызметі өлімге техникалық жұмыс кезінде қауіпсіздік талабын сақтамау себеп болғанын хабарлады. БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, кешкі сағат 21:10 шамасында бөлімше бастығы, капитан Асу К. сарбаз Еркебұлан Сағындықты дизель генераторын жуу үшін бензин әкелуге жұмсаған. Сарбаз жанармай сақтайтын орында жанармай иісіне уланып, қайтыс болған.

Қосанов не дейді?

Ең өкініштісі, бір айға толмайтын уақытта армияда осынша былық болып жатса да, жауапты шенділер әлі үнсіз отыр. Тек ҰҚК Шекара қызметі ресми сайтында қос сарбаздың қаза тапқанын хабарлап, туыстарына көңіл айтты. Ал қорғаныс министрі Дәурен Қосанов мүлде тым-тырыс жатыр. Баспасөз қызметіне хабарлассақ, тек Е-Өтініш арқылы жауап береміз деп маңына жолатпайды.

Айтпақшы, Қосановтың атына бұған дейінгі жағдайларға байланысты Е-Өтініш платформасы арқылы да сауал жолдағанбыз. Онда да алған жауабымыз мардымды емес. «Жас Алаш» газетінің №74 санында «Тағы бір сарбаз, тағы бір «қара қағаз» деген мақала жариялап, 17 қыркүйекте қайтыс болған Дінмұхамед Шынарбек жайлы ақпарат алуға тырыстық. Қорғаныс министрінің орынбасары Серік Борамбаев қол қойған хат көңілден шыққан жоқ. Біз алдымен Дінмұхамедтің әскердегі жай-күйін сұрадық.

Вице-министр марқұм сарбазға былай деп мінездеме береді: «Д.Шынарбектің психологиялық жағдайын әскерге шақырылған кезде 01098 әскери бөлімінің психологы толық тексерген, әңгіме барысында ешқандай ауытқу анықталмады. Әскери қызметшінің мінез-құлқы сабырлы, эмоциясы қалыпты болды, агрессия байқалмады. Өз ортасымен жақсы қарым-қатынас орнатып, отбасы мүшелерімен үнемі байланыста болды». Осы жерде сұрақ туындайды. Сабырлы, салмақты, сау денелі сарбаз не үшін суицид жасайды?

Қорғаныс министрлігі тергеу басталмай жатып сарбаз суицид жасады деп ақпарат таратты. Біз мекемеден мұндай тұжырымға не үшін келгенін, тергеу аяқталмай жатып, неге мұндай ақпарат таратқанын сұрадық. Дәл осы тұста Қосановтың атынан жауап беріп отырған Борамбаев мырза түлкі бұлаңға салған. Нақты сұрақтан орағытып, сарбаз өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын айтады. «Өзіне-өзі қол жұмсалды ма, әлде қол жұмсауға жеткізу фактісі болды ма, оны тергеу нәтижесі анықтайды. Оқиғаның мән-жайын зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат бере алмаймыз» деп қысқа қайырған.

Біз армияда мұндай қайғылы оқиға азаймай тұрғанын еске салып, министрлік сарбаз өлімін тоқтату үшін қандай шара қабылдап жатқанын сұрадық. Серік Борамбаев осы тұста көсіле сілтеген екен. Әрине, құр сөз сапырып, бос уәде беруден біздің билік қашан тосылып еді!

«Психикалық денсаулықты сақтау және суицидтің алдын алу мақсатында нормативтік-құқықтық база жетілдіріп, ұйымдастырушылық-әдістемелік құжаттар әзірленді. Әскери психологтар арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Қазір «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитеті қоғамда үлкен сенімге ие. Олар әскери қызметшілердің отбасындағы әр жанмен тығыз жұмыс істейді», – деп жазады Борамбаев.

Бұдан кейінгі ұзын сонар түсініксіз мәтінді оқырман назарына ұсынудың қажеті шамалы. Ащы ішекше шұбатылған сөйлемдерді қайта-қайта оқып отырып түсінгеніміз, министрлік сарбаздардың психикалық ахуалын жақсартуға күш салып жатыр екен. Шамасы, Қосанов пен Борамбаев сарбаз өлімі дегенді суицид деп түсінетін сияқты. Әскерде әлімжеттік бар екені бұған дейін дәлелденген, тіпті мұндай қылмыс жасағаны үшін сотталған офицерлер де бар. Сөйте тұра Қорғаныс министрлігінің шенділері әскердегі былықты мойындағысы келмейді. Бұған дейінгі министр Руслан Жақсылықов та, қазіргі Қосанов та шындықтың бетіне тура қарай алмай отыр.

«Адам келетін жер емес екен…»

5 қазан күні Алматы облысындағы Қарасай ауданының шекара қызметінде 18 жастағы Нұрасыл Әнуар көз жұмды. Жас жауынгердің армияға қабылданғанына бір апта ғана болыпты. Ресми органдар оның өліміне менингококцемия себеп болды деп отыр. Менингокок бактериясы денеге тарап, сепсис тудырған.

Бірақ марқұмның туыстары бұған сенбейді. Олар қайғылы оқиға жайлы 5 қазан күні таңертең білген. 20 жастағы Нұрасыл биыл 27 қыркүйекте әскер қатарына шақырылыпты. Ал әскерге шақырылмас бұрын денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. «Егер денсаулығында ақау болса, медициналық комиссия анықтар еді. Мұндай қауіпті инфекция кемі бір тәулік ішінде белгісін беретін еді ғой. 4 қазан күні кешке ағасымен телефон арқылы тілдескенде денсаулығына шағым айтқан жоқ. Тек «мына жер адам төзер жер емес екен» деп бірнеше рет қайталаған», – дейді сарбаздың әпкесі Динара БАҚ-қа берген сұхбатында.

Туыстарының айтуынша, Нұрасыл әскерге өзі сұранып кеткен. Отан алдындағы борышымды өтеймін деген құлшынысы болыпты. Қайтыс боларынан бірер күн бұрын туған ағасына хабарласып, денсаулығы жақсы екенін, бірақ әскери бөлім нашар екенін айтқан. Марқұмның Еркін есімді туысы «әскерилер баланы өлтіріп алды» деген күдігін айтты. Ал нағашысы Динара кем дегенде балаға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеді деп санайды.

Марқұмның туыстары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, істің әділ тергелуін талап етті. «Президенттен осы істі өз бақылауына алуын сұраймыз. Біз мемлекетке сеніп, баламыздың қауіпсіздігіне кепілдік береді деп үміттендік. Бейбіт заманда жастар неге осылай қаза болуы тиіс? Бұл бір ғана отбасының трагедиясы емес. Мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін барлық шара қабылдансын!» – деді олар.

Жақында әлеуметтік желіде видео тарады. Онда әскерде қайтыс болған Дінмұхамед Шынарбектің анасы офицерлерге кезек жүгіріп, «менің балам қане, айтшы, қане менің балам, әкеліп беріңдерші менің баламды. Мен сендерге қалай жібердім, солай әкеліп беріңдерші...» деп жалынып жүр. Көріп отырып, жүрек ауырып, жан жүдейді. «Балам-ау» деп боздап қалған аналар азаяр емес. Армияға барып, жұмбақ жағдайда сал болып қалған Ербаян Мұхтардың анасы «Жас Алашқа» берген сұхбатында «баламды үкіметке сеніп тапсыра алмаймын» деген еді. Ал Дінмұхамедтің анасы «аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер!» деп үндеу тастағаны кеше ғана. Жастар армияға барғысы келмейтін болған, әскери комиссариат өкілдерін көрген жерден қашып, жасырынып жүр.

Мұндайда жұрт Дәурен Қосанов сияқты жауапты шенділерді іздейді. Солар кеуде керіп шығып, жауапкершілікті мойнына алса, әскердегі тәртіпсіздікті тоқтатып, сарбаз өлімінің алдын алса дейді. Бірақ Қосанов басын құмға жасырған түйеқұстай үнсіз жатыр. Министрлік тізгінін ұстағалы 4 айдан асты. Әлі әскердегі әлімжеттік пен сарбаз өлімі жайлы жақ ашқан жоқ. Биыл тамызда Астанадағы бір әскери бөлімге барып, әскерде бәрі жақсы деп марқайып қайтқанын білеміз. Ал одан кейін жауынгерлер жайлы министрді алаңдатқан емес.

Сіз осы армияңызда не болып жатқанын білесіз бе, Қосанов мырза?

Қуаныш Қаппас

Тегтер: