Армиясы Ауғанстандыкінен де нашар
Ресей Қазақстанды ақырындап «екінші Украина» етіп жүрмесін
Ресейдің кешкі ток-шоулары құрсын. Тұрмысы күн санап төмендеп, кедейленіп жатқан халықтың миын ашыту үшін әдейі істей ме, әйтеуір аузына келгенді оттағыштар экраннан түспейді.
Евстафьев деген бір білгіштері кеше бүй деп желпінді: «Ертең тәліптер кіре бастаған кезде бұ қазақтар әлі-ақ төрт аяқтап Ресейдің алдына сүмірейіп келеді. Өйткені Қазақстанның қазіргі армиясы Ауғанстандыкінен де нашар», деп көлгірсіген екен.
– Қызық сонда, бұл Кремльдің пропагандистері осындай ақымақ сөздерменен орыс пен қазақтың достығын нығайтамыз деп ойлай ма? Ал тәліптерге қарсы тұру үшін түркі халықтары Түркиямен де бірігіп ала алады. Ресей қанша жерден ышқынса да, қазір Қазақстан үшін Ресейдің құшағынан гөрі Түркиямен одақтас болғаны абзал екені анық байқала бастады. Бүгінгі Ресей деген өйткені әлі империяшыл пиғылынан арылмаған, өзін өтірік мадақтау мен көршілес елдерді өзінен төмен етіп көрсетіп, жан-жағына тіл тигізуден аса алмайтын мемлекетке айналды. Ресейдің телеарналары, басылымдары мен әлеуметттік желілерінің бәрінде «ойбай, Қазақстанда орыстарды қысып жатыр» деген байбалам салынуда. Әй, айналайындар, олар біздің телеарнаға неге қарамайды? Бізде Қазақстан Президентінің өзі халыққа Жолдауын екі тілде жеткізеді! Ал Ресейде орыстан басқа қаншама ұлт бола тұра Путиннің жолдаулары тек қана орыс тілінде жасалады ғой. Егер Кремль өз елінде орыстар қатты азайып бара жатқандықтан біздегі орыстарды Ресейге қайтарғысы келсе, онда Қазақстандағы қазақ-орысты қырқыстыратын арандатулардың көмегімен емес, ондай пиғылын ашық айтса да болады ғой? Айтпақшы, біліп қойыңыз, биылғы жарты жылдың ішінде Ресей халқының саны 512,5 мың адамға азайған. Ресейден жылына миллионнан астам адам қашып жатыр деген сөз бұл, деп күйінеді бұл жағдайға байланысты орыстілді журналист Ибраш Нүсіпбаев.
Жан-жағынан орыс халқының «жауын» тауып алып, сонымен соғысу арқылы рейтингін көтеріп алатын қулығы бар Кремльдің. Украинаны екінші рет қайталаудан тайынбауы да мүмкін. Соңғы кездері тілге байланысты туындап жатқан жанжалдар да тегін емес шығар. Шындығы сол – Ресейде Путиннің рейтингі құлап, халық наразылығы өршіп барады. Сауалнамалар көрсеткендей, коронавирустың соңғы толқыны Владимир Путиннің Ресей халқының алдындағы сүйкімін одан сайын қашырды. Оның үстіне бір Путин президент болса да, болмаса да елді 1999 жылдан бері басқарып келеді. Соңғы 22 жылда ол жоғары рейтингін сақтай отырып, президент те, премьер-министр де болды. Бірақ сауалнамалар коронавирустың соңғы өршуі оның рейтингіне теріс әсер еткенін көрсетеді, деп жазады Daily Express деген басылым. Бұл басылымның дерегінше, дәл қазір Путиннің «жағымдылығының» рейтингі 61% болды, бұл 2020 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ол соңғы рет дәл осындай төмендеу 2020 жылдың шілдесінде, Ресей алғашқы карантинді ұзартқан кезде тіркелген. Ол кезде ресейліктердің 59 пайызы ғана президентті құптаған, ал 33 пайызы сыни көзқараста болған. Рейтингі ұзақ уақыт бойы 60%-дан жоғары деңгейде сақталғанымен, Путин биыл маусым айынан бастап тұрақты түрде өзінің позициясын жоғалта бастады. Мамыр айында коронавирусқа қарсы шектеу шаралары жұмсартылған кезде Ресейде инфляция өсе бастады. Соңғы айда тұтыну заттарының бағасының өсуі 6%-ды құрады, азық-түлік бағасы да өсті. Шілдеде Путиннің рейтингі 64%-ға дейін төмендеген кезде, Ресейде коронавирустың жаңа толқыны болды. Росстат мәліметінше, бір айдың ішінде 38 992 адам коронавирустан қайтыс болды, вирус жұқтыру күніне 55 000 адамға дейін жеткен. Қазір коронавирус жұқтырудың соңғы жеті күндегі орташа көрсеткіші 18 707-ге дейін төмендеді, бірақ ресейліктердің Путинге деген көңілі қайта жақсармады. Statista деген агенттік тіпті Путинді құптамау рейтингі рекордтық 37%-ға жетті, деп хабарлады. Бұл Путин билігі үшін тарихтағы ең нашар көрсеткіш, бұған дейін оның рейтингінің бұлай құлдырауы 2013 жылдың қарашасында бір рет болған.
Путин-құдайының рейтингі осылай төмендеп жатқанда Кремльдің қарап отырмасы анық...