Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 28 Маусым 2024

Әріптеспен әңгіме. Оқысын, қарасын, тыңдасын десек...

1
Фото: ашық дереккөз

Жыл сайын, 28 маусымда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, журналистер төл мерекемізді атап өтеміз.

 Әріптес қауымның «құшағы» құттықтаулар мен марапаттарға толады. БАҚ-тың бүгінгі жай-күйі мен дамуының көкейкесті мәселелері сөз болады. Қоғам өмірінің айнасы, яки халық пен биліктің арасындағы дәнекер ретінде журналистер қауымы өз басының да «сақинасына» шипа іздейді. Бірақ тап осы жолы, кәсіби мерекемізге орай бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігіндегі өткір әрі қордалы мәселелер туралы қалам тарта қою ойымда жоқ еді. Ой-пікірлерімді көпшіліктің назарына ұсынуыма әріптес азаматтың БАҚ саласындағы өткір проблемаларды қозғап, менің де пікіріме қызығушылық танытқаны себеп болды.

«Қолбала» емес, қолғабыс

Әріптесті мазалаған сауалдар мені де ойландырады. Баспасөз, телевизия мен радио және әлеуметтік желілер, әлбетте адам өмірінің жаршысы. Олар жетістікті де, кемістікті де көргіш әрі көрсете қойғыш. Алайда БАҚ – «қоғамның айнасы» деген бағаға лайық па? Биліктің де, халықтың да «айнаға» қарап «бой түзеуіне», оның ықпалы қаншалықты?

Мұндай сауал қоюдың себебін сәулелі замандас көріп те, біліп те отыр. Соған орай «айнаның» айқын көрсетпеуінің кінәсін газет-журнал мен радио-телевизияның «тәуелсіз» болмауынан іздейтіндер баршылық. Бірақ көпшілік оқырманның, көрермен мен тыңдаушының бізге «теріс» айналып, ғаламтор шарлап кетуінің себебі тек сол ғана ма?

Бұл арада, тіпті абсолютті еркіндік пен бостандық туралы сөз қозғау артық. Тамыры терең, қатпары қалың, қарама-қайшылықты «тәуелсіздік» мәселесін философтар мен саясаттанушылардың үлесіне қалдырайық. Әңгіме «қолда бар мүмкіндікті БАҚ-тың өзі дұрыс пайдалана алып отыр ма?» деген сауалға келіп саяды.

Олай болса, қайнаған бәсекелестік заманында қайткен күнде баспасөз бен электронды ақпарат құралдарының айы оңынан туады? «Тәуелділіктің» объективті, субъективті себептері көз алдымызға келеді. Бірақ онсыз да қоғам «айнасының» өмір шындығын ап-айқын, дәлме-дәл көрсете алмай отырғанын қадірлі әріптес қауым мойындаған абзал.

Рас, ғылыми-техникалық ғаламат серпіліс дүниеге әкелген әлеуметтік желілердің әлеуеті зор. Ғаламды жаппай торлап, байлап-матап тастады. Ол сондай-ақ дәстүрлі БАҚ-ты барған сайын ығыстырып бағуда. Алайда ғаламтордың пайдасымен қатар машақаты да жойқын екенінің күнделікті куәсіміз. Бұл туралы жазуда да, айтуда да кемшін жоқ.

Оның үстіне БАҚ-тың билік органдарына немесе белгілі бір топтарға тәуелділігі де өмір шындығы. Ал ол жердегілердің парыз бен парасаты төмен, ақылы «шикі» болса, жұмыстың берекесі қашады. Бұл да журналистердің «семсер» сөзбен жол сілтеуіне кедергі. Алайда ардақты әріптестер, әуелі біз өзіміз кәсібімізді қаншалықты адал атқарып жүрміз?

Сыртқы дүниенің, яки билік пен ғаламтордың әсер-күшін ұмыта тұруға ұйғаруымыз да содан. Біздің қабырғамызға бататыны – жазатын, көрсететін, тыңдататын қаламдастардың «отбасылық», субъективті проблемалары. Атап айтқанда, БАҚ-тың басшылары мен қосшыларының талғам мен талапшылдық, шығармашылық және шыншылдық ұстанымы. Осы айтқансыз, БАҚ-тың «айдарынан» жел есіп, абырой-беделінің асуы екіталай. Ал өзің «қисық-қыңыр» болсаң, «айнаға» өкпелеудің жөні қайсы?! Сіз бен біз қоғамның «айнасы» болуымыз үшін, ең алдымен өз қызметімізді сыншыл әрі шынайы таразылап алсақ керек. «Қисық айнада» бой мен ой түземек түгілі, оған ешкім де пысқырмайды.

Тәуелсіздіктің өтпелі кезеңіндегі «жұқпалы дерттерден» бұқаралық ақпарат құралдары да аман қалмады. Жалғандық пен жағымпаздық, өтірік пен өсек, тіпті «бармақ басты – көз қысты» секілді жымысқы әрекеттер белең алды. Бұлар, тіпті «нарық заңы» деген желеумен ақталып, қоғам денесін әбден меңдеп, өзіндік бір пандемия ошағына айналды.

Сөз орайында, біздіңше, зор адамгершіл, әрі утопиялық ұлы ғалым Ульяновтың (Ленин) белгілі бір қоғамда өмір сүре отырып одан тыс болу мүмкін емес деген тәмсіліне жығыламыз. Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары да, әсіресе «бұ дүниенің есігін енді ғана ашып», төрге таласқан әлеуметтік желілер де қоғамның «сырқаттарынан» сау емес.

Енді мынаны қараңыз, біз қоғамға ортақ, яки баршамызға тән кемшіліктерді көріп, біле тұра күнделікті тұрмыста күніміз түсетін байланыс, сауда, медицина және жол мен құрылыс салаларының кемшіліктеріне «шүйіліп» жатамыз. Басқаны былай қойғанда, өзіміз бауыр басқан БАҚ саласы төрт аяғын тең басып тұрғандай сыншыл да міншілміз.

Шындығында, жанға бататын жағымсыз жайлар қоғамның барлық саласында баршылық. Президенттің еститін мемлекет құру туралы тапсырма беруі де тегіннен-тегін емесі түсінікті. Алайда бірінші болып естіп көріп, атап көрсетуі тиіс бұқаралық ақпарат құралдарының өзі де «естімей немесе көрмей» қалып жатса, амал қайсы!?

Қоғамды жайлаған немкеттілік пен «солақайлықтың», ел мүддесінен бас пайдасын жоғары қоюдың «көлеңкесі» біздің, журналистердің де көзімізді байлап отырғанының куәсіміз. Бұған енді әріптес қауымның білім мен біліктілік дәрежесін қосыңыз. Сонда БАҚ-тың буыны бос – батымсыз, тіпті «бақайесеп» жағдайын түсінуге де болатындай.

Тегінде, толыспаған қоғамда тұрмыстың «дертесіне» жегілу табиғи нәрсе. Қазір жекелеген «қолбала» БАҚ-тардан басқамыздың алатын жалақымыз да жарытпайды. Билік пен қалталының «қолтығына кірген» кейбіреу болмаса, өзгеміздің «өгейлік» көріп отырғанымыз да шындық. Бұдан кейін әріптестің білімі мен біліктілігіне талап қою да қисынсыз.

Ал қай салада болмасын, онда жұмыс жасайтындардың материалдық-тұрмыстық жағдайы олардың көңіл күйі мен табыстылығына ықпал етеді. Осыны бұқаралық ақпарат саласына жауапты шенділер, әсіресе әкімдер ұғына алып отыр ма? Журналистердің жалақысын көтеріп, тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесі оларды мықтап ойлантуы тиіс.

Іскер басшылық пен қамқорлық бар жерде БАҚ-тың орталық және жергілікті биліктің қызметіне белсенді қолғабыс жасай алатыны даусыз. Оған қоғамның «тамыршысы» ретінде қамқорлық көрсетсе, халық пен биліктің байланысы жандана түседі. Ел-жұрттың мұқтажы мен тілегін жақсырақ естіп, білетін биліктің де беделі көтеріле берері кәміл.

Сананы «тергеген» сауалдар

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының беделін көтеру үшін баспасөз, телевизия мен радио ұжымдарының өздерінің жауапкершілігі мен іскерлігі, адалдық пен әділдігі, парыз бен парасаты жоғары болғаны абзал. Осыны айтқанда БАҚ-тың аттарын нақтылап, мысалдарды термелеуден аулақпын.

Мақсатым – әріптестеріме ортақ «әттегенайларды» әлеумет назарына ұсынып, өзара ой-пікір бөлісу болып табылады. Осы орайда кейбір БАҚ жетекшілерінің жеке бастың «өкпесін» түгендеу мақсатында жақсыны көрмей қалатын немесе «тырнақ астынан кір іздейтін» әрекетіне де сөз шығындау обал. Өкінішке қарай, ондайдың талайын көрдім.

Сондықтан әңгіме көпшілігіміз сезінген, яки жалпыға ортақ жайлар туралы. Олар: біріншіден, ұлттық мақтаныш пен намысқа, екіншіден, еңбек адамына қатысты; үшіншіден, халықтың жанын сыздатқан мәселелер және шыншыл сын жайында. Осы тақырыптарды БАҚ-тың қалай жазып, көрсетіп, естіртіп отырғанын таразыға тартып көрелік.

БАҚ-тағы ұлттық мақтаныш пен намыс.Әйгілі, Желтоқсан көтерілісінен кейін кеңестік насихат «ұлттық мақтаныш» деген ұғымды жалаулатты. Ал «ұлттық намыстың» рөлін, керісінше, төмендетуге күш салынды. Компартия үгітшілерін тыңдасақ, біз – қазақтар, алдымен ғылымдағы, спорттағы, өнердегі табыспен мақтануымыз керек көрінеді.

Бір қарағанда, қып-қызыл үгітшілермен келіспеу қиын. Бірақ жаңағыдай сайраған «дауылпаздар» Ата дәстүр мен Ана тілінің мүшкіл хәлі жайында жұмған ауыздарын ашпайтын. Осы тұста елжанды азаматтар ұлттық намысты ту етіп көтерді. «Мылтықсыз майданның» алғы шебінде бұқаралық ақпарат ұжымдары шықты.

Барша қаламгер қауым, әсіресе журналистер дәстүр мен тілге қатысты мәселелерді батыл көтерді. Оянған өлкеміздің қайта қалғып кетпеуі, жергілікті биліктің жоғарыдан әмір күтпей-ақ, қазақтың еңсесін тіктеп, абыройын асыруға білек түре кірісуі баса айтылды. БАҚ елдің жігерін жанып, қайратын қамшылауға елеулі еңбек сіңірді.

Ал қазір ше? Қалғудан сақтасын, бірақ журналистиканы немкеттілік жайлап алғандай. Басқасын былай қойғанда, қалалардағы орысша, ағылшынша жарнамалар мен маңдайшалардан көз сүрінеді. Мемлекеттің заңдарын белден басудың мұндай фактілеріне бұқаралық ақпарат ұжымдары көз жұмып қарай алмаса керек.

Біздегі «қостілділік» деген солқылдақ саясат «ет – мясо, май – масло» деп, (екі тілділік осы ма), үстел жағалаған күйі, от басы, ошақ қасынан шыға алмай жүр. Сол секілді аялдама атауларын аудармаса да жолаушылардың оп-оңай түсінетінін билік ескерер емес. «Аға» баласын ренжітуден сескенеді. Соның салдарынан «шүлдірлеу» тоқтам таппауда.

Жаңа ғасырдың басында осы сыңаржақ саясат өзгере бастағандай болатын. Мәселен, 2009-2011 жылдары Елордадағы қоғамдық көліктерде хабарлама тек қана қазақша жасалып, мемлекеттік мекемелердің, лауазым иелері кабинеттерінің маңдайшаларын қазақша ғана жазу үрдісі басталды. Кеудені кернеген мақтаныш сезімі ерекше еді.

Алайда өкінішке қарай, 2011-2012 жылдардың бірінде, нақты есімде жоқ (БАҚ-та бар), «Қазақстан халқының ассамблеясы» дегеннің сессиясында жақсы бастамаға жаңағы ұйымның төрағасы қатаң тыйым салды. Тіліміз байланып, оның есесіне ойын-сауық пен даңғаза-думан бел алды. Тегінде, дағдарыста дарақы дабыра дауылдатады екен.

Мұның да халықтың көзін байлаудың қитұрқы тәсілі екенімен келіспеу қиын. Рас, біз өнерпаз халықпыз. Әлемге қазақ деген ұлтты тез танытқан бір ғана Димаштың дарынына баға жетпейді. Бірақ мемлекеттің өркендеуі, ең алдымен шаруашылық пен өндіріске тәуелді. Сондықтан еңбек адамын дәріптеу БАҚ-тың мерейлі міндеті, абыройлы борышы.

Осы орайда, үкіметтің өндірісте белгілі бір шаруаның құлағын ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтарды бірінші кезекте марапаттап, құрметке бөлеу жағынан қарыздар екенін айту қажет. Кейбір әнші-күйшілер жоғары лауазым иелерінің той-томалағына атсалысып, «шашбауын» көтеріп, шен-шекпенге малынып, жезден алқа тағынып жүр.

Бүгінгі БАҚ үшін тағы бір көкейкесті мәселе – жас ұрпақ тәрбиесі. Ғаламторға шырмалған «үйкүшік» баладан не қайыр? Олар айтқан ақылды тыңдаған сыңай танытқаны болмаса, миы – мия, құлағы – мүкіс. Киелі орындарға апаратын жолды жалпағынан жайлап, мазар басында айғай-шуға басатындар алыстан келгендер емес, жергілікті қиянпұрыстар.

Осындай бейбастақ әрекеттер жандарына батқан жұртшылық «жанайқайының» әкімдерге жетіп, одан қорытынды жасалатынына сенгіміз-ақ келеді. Осы орайда Қожа Ахмет Ясауи, Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғаларымызды, хандар мен батырларымызды насихаттап, қасиетті орындардың киесіне елді иландыра білу БАҚ-тың да борышы.

Амал қайсы, жергілікті БАҚ құралдары болмаса, өздерін республикалық «айнаның» асыл бөлшегі санайтын әріптестердің кей-кейде ұлы дала данышпандарының асыл мұрасын насихаттаудан бұрын «айқай-шулы» оқиғаларға асығып тұратынын білеміз. Ал арзан рейтинг үшін сырқат міскіндердің масқара әрекетін жариялау, тіпті күнә емес пе!?

Әлбетте, «өртті» де жазу керек, апатты да айту керек. Алайда болары болған соң, оны хабарлау жеткіліксіз. Ең дұрысы, «өрттің» болу себебін, оның алдын алудың қандай шаралары жасалғанын талдап көрсету қажет. Жалпы, БАҚ қоғамдағы кемшіліктер мен кедергілерді аяусыз «соққыға жығуы» тиіс. Ол сынның, әрине, шын әрі әділ болуы шарт.

Сөзімізді түйіндей келе, бұқаралық ақпарат құралдарының ұлттық намыс пен ұрпақ тәрбиесін жіті назарда ұстауы қажет екенін тағы да атап көрсетеміз. Бұған қоса, қоғамның жан-жақты толысып, өсіп-өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі сын садағының нысанасына айналуы тиіс. Сонда ғана БАҚ-тың беделі артады. Әріптес қауымға тілеулес жүрек сөзі осы.

Болат Жүнісбеков

Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты, журналист

Тегтер: