Арқаның жайсыз қысы, қызғыш құсы – Тамара Дүйсенова
Сәбет үкіметі кезінде қазақтарды қалаға келтірмеудің негізгі жолы тұрақты тіркеуді талап ету болатын.
Тіркеуге тұратын үй таппаған қазақтар амалсыз ауылына қайтатын. Астана билігі осы сәбеттік әдісті қолданып көруге бел байлаған секілді.
Қазақстан билігі «қалада су тапшы, инфрақұрылым жеткіліксіз» деген желеумен елордаға көшетін тұрғындарға тосқауыл қоймақ. Негізгі бұл сөздің айтылып жүргеніне біраз болды. Бұған дейін бірде ақынның (Несіпбек Айтұлы), бірде әкімнің (Алтай Көлгінов) аузынан шыққан осы әңгімені жүзеге асыруға шенділер шындап кіріскен сияқты.
Астананың қоғамдық кеңесі қаланың 2035 жылға дейінгі бас жоспар жобасын талқылау барысында мегаполисте халық көбейіп келе жатқанына назар аударды. Олар елдің түкпір-түкпірінен елордаға ағылған адамдар легін шектеуді ұсынып отыр.
Ресми дерекке сүйенсек, қазір Астанада 1 миллион 367 мың адам тұрады. 2030 жылға қарай астана халқы 2 миллионға, ал 2035 жылға қарай 2,3 млн адамға жетеді деген болжам бар. Шенділердің айтуынша, елордамыз мұнша халықты құшағына сыйдыра алмайды екен.
Кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Астанаға көшіп келетіндер санына шектеу қойылып, көші-қон ағыны бақылауға алынатынын мәлімдеді.
«Қазір Астанаға кімнің кіріп, кімнің кіре алмайтынын анықтау жөнінде миграция мәселесі талқыланып жатыр. Өзгеріс пен толықтыру енгіземіз. Жұмыс тобы барлық сұрақты назарға алады. Қыркүйекте алғашқы мәліметтерді жариялаймыз», – деді Ертаев.
Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бұл бастаманы қолдайтынын айтып, тиісті жоба әзірленіп жатқанын жеткізген.
«Қазір бұл мәселе дұрыс шығар деп есептеймін, себебі елордада мектеп, медицина, жалпы әлеуметтік инфрақұрылым дайын емес. Егер әлеуметтік инфрақұрылым дайын болса, қажетті мүмкіндіктер болса, әрине, халық санын көбейтуге болады. Сондықтан қазір Астана қаласындағы инфрақұрылымды есепке ала отырып, мұны дұрыс шешім деп есептеймін. Мысалы, бір үйде 5-6 отбасы тұрып жатыр, әлеуметтік жағдай нашар. Қала сонша азаматты мектепке қабылдай ала ма, емханаға қабылдай ала ма, сол жағын ойлау керек», – деді Дүйсенова 29 тамыз күні таңертең.
Бірақ мәселе қоғам талқысына түскен соң министр ханым бұл ойынан тез айныған сияқты. 29 тамыз түстен кейін екінші рет мәлімдеме жасап, елордаға халықтың көшіп келуіне ешқандай шектеу жоқ екенін айтты.
«Астанада тұруға, келіп-кетуге шектеу жоқ. Конституцияға сәйкес бүгінге дейін елордаға келу мен кетуге ешқандай шектеу болмаған. Мұндағы шектеу тек адам тұруға арналмаған ғимаратты жалға бергендерге қатысты болады. Мысалы, гаражды жалға беретін адамдарға шектеу болады. Оны жалға алып тұрғандар бар. Ондай жерде адамды тіркеуге болмайды», – деді Тамара Дүйсенова.
Министр «елорданың есігін жаппаймыз» дегенмен, көңілде күдік қалды. Қазақстан халқы енді өз елінің бас қаласына бара алмай, пұшайман болмақ па?! Әрине, астанаға қыдырып немесе емделуге барғандарды ешкім кеудесін итермейді. Мәселе сонда тұрақты тұрғысы келетіндерге қатысты болып отыр. Дүйсенованың айтуынша, оқуға барғандар мен жұмыс істейтіндерге (егер жұмыс беруші баспанамен қамтамасыз етсе) шектеу қойылмайды. Сонда облыстардағы күйкі тірліктен көңілі қалып, елордада еңсе тіктеуге бел буған қарапайым жұрт қайтпек? Ауылдағы «екі сиырын» сатып, ала сөмкесін арқалап барған ағайынды Астана қабылдамай ма?!
Біздің биліктің жұмыс істеу тәсілі қызық. Мәселенің мәніне үңіліп, шығар жол іздегеннің орнына «жауырды жаба тоқып», уақытша шешім шығаруға әуес. Астанада су мен жарық тапшы, инфрақұрылым дайын емес екенін екінің бірі біледі. Жаңбыр жауса, қаланы су басып, көшеге көлік, автобусқа халық сыймай жүргені де шын. Бірақ бұған халық емес, билік кінәлі емес пе?! Шенділер инфрақұрылымды жетілдіріп, жол салып, қаланы кеңейткеннің орнына көші-қонды шектейміз деп белсеніп отыр.
Елдің тәуелсіздік алғанына 32 жыл ғана болды, халық саны 19 миллионға енді жетті. Әлден бас қалаға барар жолды бөгеп жатсақ, 50 жыл, 100 жылдан кейін не істейміз. Мына түрімізбен «Мәңгілік ел боламыз» деген жоспарымыз жолда қалмай ма?
Астанаға халық не үшін көшеді? Әрине, жақсы жұмыс істеп, жайлы өмір сүру үшін. Ешкім Тамара Дүйсенова секілді ақ жағалылардың бетіне қарап отыру үшін бара жатқан жоқ. Ауылда, ауданда, тіпті облыс орталықтарында жұмыс жоқ, мектеп, медицина жетіспейді. Тұрмыс өресі тым төмен. Егер ауылда мал мыңғырып, егін жайқалып тұрса, облыста өндіріс өркендеп, зауыттар қаптап тұрса, халық Астанаға ағылып несі бар. 20 жыл жаңа астана саламыз деп облыстарды ұмыт қалдырғанымыз жасырын емес. Енді елдің маңдай терімен салынған қалаға сол жұрттың өзін кіргізбейміз деп отырмыз.
Жеріміз тар, халық саны шектен тыс көп болса билікті түсінер едік. Әлемде ішкі миграцияға шектеу қойып жатқан елдер бар. Олар – адам саны жүз миллионнан асып, миллиардқа жеткен ірі елдер. Қаланы одан әрі кеңейту мүмкін болмағандықтан, осындай қадамға барған. Ал бізде бәрі, керісінше, жер кең, халық аз.

Біз бұл мәселе жайлы демограф Аяулым Сағымбаеваның пікірін сұрадық. Маман шенділердің бұл бастамасы орынсыз екенін айтады.
– Премьер-министрдің орынбасары Т.Дүйсенованың елордаға көшіп келетін халыққа шектеу қою туралы мәлімдемесі қызу талқыланып жатыр. Олар мұның әлемдік тәжірибе екенін айтады, бірақ әлемдік тәжірибені енгізбес бұрын біз қандай елде тұрып жатқанымызды естен шығармау керек. Қала менеджменті жіберген қателіктердің салдарымен күреспей, нақты стратегия мен даму жоспарын жасап, оны жүзеге асыруымыз қажет. Айналдырған 20 млн адамды 2 млн 724,9 мың км жерге сыйдыра алмау деген нонсенс қой.
Аймақтарда экономикалық және әлеуметтік теңсіздік орнаған (жұмыс, демалыс орындары мен спорт алаңдары жоқ, табыс деңгейі төмен). Ауылдарда ауыз су сапасы нашар, кей жерде тіпті су жоқ. Адамдар арық немесе құдықтан су ішіп отыр. Тізе берсек, мұндай олқылықтар өте көп.
Астананың даму стратегияларына талдау жасағандар бар ма? Әлемдік тәжірибені енгізгіміз келеді, бірақ 2015 жылы Алматыда тіркеуге шектеу енгізген соң қандай жағдай болғанын естен шығармайық. «Алматыда тұрғылықты жері бойынша тіркеу үшін үйде бір адамға кемінде 15 шаршы метр орын болуы керек болды (бұл ата-ана, ата-әже, балалар сияқты жақын туыстарға қатысты емес). Қазақстанда басқа қалаларда мұндай шектеу жоқ. Заң бойынша егер тұрғын үйіңіздің ауданына сыйса, кез келген Қазақстан азаматын тіркей аласыз, егер аумақ жеткіліксіз болса, онда тек жақын туыстарды ғана тіркеуге болады. Мұның салдары қалай болды? Заңды тіркелмеген миграция артты, адамдар көшті тоқтатқан жоқ, бірақ келген жеріне тіркелмейтін болды. Шектеу енсе, Астанада да осындай болатын шығар.
Оның үстіне Ата заңда (21-бап) Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар, деп жазылғанын ұмытпауымыз қажет, – дейді демограф.
Мамандар ұзақ уақыт зерттеу жүргізіп, ірі қалада халық санын шектеу проблеманы шешпейтінін анықтады. Бұл қайта қала дамуына кері әсер етіп, қалыпты тыныс-тіршілікті бұзады екен. Көп адам қаладағы кептеліс, үй бағасының шарықтауы, су мен азық-түлік жетіспеуі сияқты мәселе адамның көптігінен туындайды деп санайды. Шын мәнінде мұның бәріне халық санының көптігі емес, жоспар мен басқаруды дұрыс ұйымдастыра алмаған билік кінәлі.
Дамыған елдерде қалада халық қанша тығыз орналасса, кептеліс, ауа ластануы сияқты мәселе сонша аз болады екен. Өйткені адамның тұрғын үйі мен жұмыс орны, мектебі жақын болады. Жолда ұзақ жүрмейді. Ал, керісінше, жұмыс орындары мен сауда орталықтары қала ортасында, тұрғын аудандар қала шетінде орналасқан қалада кептеліс те, басқа проблема да көп болады. Өйткені әркім машинамен баласын мектепке жеткізіп, өзі жұмысқа барады. Мысалы, Токио қаласы әлемдегі халық саны ең көп қала болғанымен, кептеліс анау айтқандай көп емес. Оған жапон астанасында метро сияқты қатынас құралдарының көптігі де оң әсер еткен.
Екіншіден, әлемде қалаға қанша адам сыятынын есептейтін нақты әдіс жоқ. Бәрі болжамға сүйенеді. Демек, «су мен энергия мынша адамға ғана жетеді» деп ешкім нақты айта алмайды. Оның үстіне өндіріс пен технологияның дамуына орай тұтыну мөлшері де өзгеріске ұшырайды. Сол үшін Астанада адам көбейсе су жетпей қалады деу ақылға қонымсыз. Жоспармен пайдаланса, суды да, жарықты да жеткізуге болады. Мысалы, Лос-Анджелес қаласы күнделікті қолданатын судың 80%-ын сырттан тасып әкеледі екен. Ал Бейжің қаласының қазіргі халық саны 2001 жылмен салыстырғанда екі есе өскен, бірақ тұтынатын су мөлшері, керісінше, азайып кетіпті.
Үшіншіден, Тамара Дүйсенова ханым айтқандай елордаға оқитын және жұмыс беруші үймен қамтамасыз еткен азаматтар ғана көшіп келе алады. Демек, шектеуге ұшырайтындар – тұрақты тұрғын жайы жоқ қарапайым адамдар. Бұл қаладағы еңбек күшінің тепе-теңдігін бұзады. Оқитындар мен кеңсе қызметкерлері қара жұмыс істемейді. Ал құрылыста, базарда еңбек ететін жұртты қалаға кіргізбесе, бұл қызметтерді кім атқарады? Үлкен қалада ой еңбегі мен қол еңбегі ұштасып тұруы керек. Мысалы, бір бизнесмен Астанаға көшіп барса, оның баласына қарайтын күтуші де сонда баруы керек. Егер қалаға бизнесменді кіргізіп, күтушіні кіргізбесек, кәсіпкер үйде баласын бағып отырса, бизнесті кім жүргізеді. Демек, қол еңбегімен айналысатындар болмаса, ой еңбегі тоқырауға ұшырайды.
Сондай-ақ әлемдік тәжірибеде кез келген елдің ең ірі қаласында тұратын халық саны шағын қалалармен салыстырғанда бірнеше есе көп болады. Біздің елде тұрғындар саны миллионнан асқан үш қала бар. Демек, Алматы, Астана және Шымкентте тұрғысы келетін азаматтардың көбейе беретіні анық. Бұдан қорқып, қала есігін бекітіп аламыз деу ақылға қонбайды. Бұл – «басын құмға жасырған түйеқұстың» тірлігі. Шенділер одан да ғылыми тұрғыда жоспар жасап, бас қаламыздың дұрыс бағытта дамуын қамтамасыз еткені жөн.
Егер бұл қолынан келмесе, ауыл-аймақтың, облыстардың жағдайын ойлау қажет. Өндіріс ашып, жұмыс орындарын құрса, мектеп пен емхана салып, жолдарды жөндесе, ешкім туған жерін тастап, Арқаға асықпайтыны анық. Мұның бірін істемей жатып, халықтың жүріп-тұруына нұсқау беруге қазақ билігінің моральдық құқығы жоқ. Дүйсенованың бұл мәлімдемесі жайдан-жай айтыла салмаған сияқты, Арқаның жайы жақсы болса, осынша сөзге қалатын мәлімдеме жасап несі бар?
Қуаныш Қаппас