Арсен Томский Михаил Шайдоровтың әкесіне Audi Q8 автокөлігін табыстады
inDrive компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Арсен Томский Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Шайдоровқа автокөлік табыстады.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Томскийдің айтуынша, Михаилдың тарихи әрі әсерлі жеңісі – тек спортшының жеке жетістігі емес, сонымен бірге отбасының жылдар бойғы еңбегінің нәтижесі. «Михаил тарихи, керемет өнер көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алды. Қазақстанда ғана емес, шетелде де миллиондаған адамға шабыт сыйлады. Бірақ бұл жеңістің артында жылдар бойғы күнделікті еңбек, тәртіп пен жанқиярлық жатыр», – деп жазды кәсіпкер.
Оның сөзінше, бір кездері Станислав Александрович ұлының спорттағы жолын қолдау үшін өз автокөлігін сатып жіберген. Әке үшін бұл оңай шешім болмағанымен, баласының болашағына сенім бәрінен биік тұрған.
Арсен Томский бұл оқиғаның өзіне де жақын екенін атап өтті. Ол да сенген ісі үшін екі рет көлігін сатуға мәжбүр болғанын айтты. Бірінші жағдайда компаниясы қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанда, командасының жалақысын төлеу үшін осындай қадамға барған. Екінші рет қаржы жетіспегендіктен, Якутия құрамасын киберспорт чемпионатына жіберу мақсатында көлігін сатуға тура келген.
Кәсіпкердің пікірінше, үлкен жеңістер мен табыстардың артында көбіне көзге көрінбейтін құрбандықтар тұрады. Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы алтыны – тек спортшының ғана емес, отбасының табандылығы мен сенімінің жемісі.