Аршын НҰРБАҚЫТ. Қоңырдың Сұрға айналуы

15.10.2018, 14:54

35

Қоңырдың Сұрға айналуыәңгіме[caption id=«attachment_19256» align=«alignnone» width=«300»]Автор А.НҰРБАҚЫТ[/caption]Айналасына паңдана қарап, маңғаздана басатын жігерлі кескіні осы бір апайтөс сұр иттің бойындағы кем-кетігін – артқы оң аяғын сылти басатын ақсақтығын, сол көзінің шегірлігін, тағы да басқа күйсіздігін көлденең көзге байқата қоймайтын.Күнделікті әдетімен айналасындағы биік дуалмен қоршалып, түрлі жақұтты әшекейлермен безендірілген зәулім сарайларға түсініксіз қарап, кербез кеудесін таудан ескен самалға өптіріп, бүлкектей желіп келе жатты.Қылшығы айға шағылысып, танауын көкке көтеріп, әлде бір аңсарлы жұпарды аулап, жолы мәрмәрдай жарқырап жатқан осы көшені түн баласында да жортатын әдет тапты. Таудың баурайындағы сән-салтанаты жарасқан элиталы ауданға келгелі бері мұндағы жұрттың ұйқысы бұзылып, мазасы кете бастады.                                                         ***Нұрлан ауылдағы үй-жай, мал-мүлікті сатып, қаланың шетінен жер алып, әупірімдеп жүріп екі бөлмелі үй салды. Әкесінің: «Жеті атамыздан бері есіктің құтына айналған қара көктің тұқымын, қоңырдың күшігін жат жұртта тентіретпе. Бағасын біліп, бабын тап!» деген өсиеті бойынша жайлаудағы жамағайында қалған бапсыз жүйріктің, мінсіз күліктің жалғасы – қаракөк тай мен қоңыр күшікті қолына алдырған. — Жиен, қалағыныңды айт та, осы қаракөгіңді маған бер, — деп атбегінағашысы қиыла сұрады. — Нағашы, бір-екі рет бағын сынайын. Олжа салмаса, мамағашыңызғабайлайын, — деді алақанын ысқылай, жақында болатын бәйгіні ойлап.Аядай ғана тар ауланың бұрышына ескі ағаштардан домбайлап қора салды. Қоңырды бос жіберді. Бұлар Нұрланның қос ұлы Есен-Аманның көз қуанышына айналды. Нұрлан басқа жұмыстарын қайырып қойып, қаракөктің бабына шындап кірісті. Бапкер жалдады. Бағы жанған тұлпар иесінің атағын аспандатып, қалтасын қалыңдататынын бұл жақсы білетін.Есен бірінші сыныптың, Аман екінші сыныптың оқушылары. Қазірше қаракөкті алыстан қызықтағандары болмаса, маңайлаудан қорқақтайды. Ал қоңыр болса, момақан, маңғаз. Бұлар үйірсектеп жанынан шықпайтын болды. Құлдыраңдап кезек-кезек үйден нан, кәмпит әкеліп береді. Тегінен етке үйренген қоңыр талғап жейді. Күн сайын төрттағандап, домаланып өсіп келе жатқан қоңырды соңдарынан ертіп, жетектеп жүріп көрші балаларға мақтанады. Кілең қара сирақ, ши борбайлар қызықтап, қызғана қарайды. Олардың байлауда тұрған овчарка, лайкалары қоңыр келгенде тап бір ата жауын көргендей шәбелене шәуілдейді. Қоңыр қыңбайды. Кейде балпаңдай басып жандарына баратыны бар. Ондай да олар айқұлақтанған айбарынан айырылып, қыңсылаған күйі ұяларына безіп бара жатқаны.Қоңырға басқа балалардың иттері сияқты тәтті-тәрмек қақшытуды үйрете алмады. Бұлар кәмпит лақтырса, аса бір салмақты пішінде қарайда да қояды. Төбесіне тиіп, тоқылдап шашылып жатады. Нұрлан жеке құрылыс фирмада жүргізуші болып жұмыс істейтін. Жұмыстан тыс уақтында қаракөктің жәй-күйіне аса ыждағаттылықпен қарауды жалғастырды.  Қаракөк бір аптаның алдында Ақ сағада өткен тай жарыста топ жарған. Бас жүлдеге берілген атты сатып, әжептәуір қажетіне жаратты. Содан бері тіпті де сылап-сипап айналсоқтап шықпайтын болды.Қоңыр мұнда келгеннен бері жерсіне алмай-ақ жүр. Қасапшы көршіден әкелген өкпе-бауырды сүле-сапа жейді де, алыс тауларға сүзіле қарап шоқиып отырғаны. Ал қаракөктің жәйі бөлек. Бастапқыда үйір аңсап жер тарпып, пысқырынып кісінегенімен көп ұзамай ол әдетінен арылды. Бапкер әр күні қаланың сыртындағы жазыққа апарып, мұның ащы терін алады. Сол кезде тақым жазып, бой сергітетіні бар.                                                      ***Нұрланның арғы атасы сіңірі шыққан кедей екен. Байдың жалшысы есебінде күнелітіпті. Бір күні қайдан келгені белгісіз, бейуақта жұпыны лашығының іргесіне қайдан келгені белгісіз қабырғасы арсиған қоңыр күшік пайда болыпты.  Содан былай ауызынан жырып, жылы-жұмсағын беріп асырайды. Кезі келгенде адамды ат үстінен алып жер тайыншадай көкжал төбетке айналады. Қоңырдың арқасында байдың малы түгел, ұйқысы тыныш күн кешіпті. Жалшының да мерейі биіктепті. Бір жылы қыс қатты болып, жұт жайлайды. Байдың мыңғырған малы шетінен қырыла бастапты. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен дегендей жұтпен қоса ұры-қары құтырынып, қасқыр шауып, байдан ес кетеді. Сол аласапыран күннің бірінде байдың жалғыз ұлы жүз қысырақты ұрлап қашқан барымташылардың артынан самдағай жігіттерін ертіп, өкшелей қуады. Бет қаратпас долы аяз, қарлы боран. Кісінеген жылқы. ұлыған қасқыр. Адамның айқайы. Әйтеуір, ажыратып болмас, азан-қазан, ию-қию дүние. Әлдебір шатқалдан өте бергенде сатырлай шапқан қылқұйрықтардың дүбірінен дүние төңкеріліп, көшкін жүреді. Тегіс қардың астында қалады. Дәл осындай сын сағатта қоңыр төбет пайда бола кетіп, байдың жалғызын қар астынан аршып алыпты. Есі кіресілі-шығасылы байдың ұлы көзі қарауытып, мұны қасқырмен шатыстырып, аңдамай атып тастайды. Сөйтіп, қоңырдың ерлігімен байдың мырзасы ажалдан аман қалыпты. Қоңырдың жанқярлық әрекеті және оның аянышты өлімі дүйім жұртқа тарайды. Бай да ер екен! Осы оқиғадан кейін, басыбайлы малшысын жалшылықтан босатып, енші бөліп, бөлек өріс, бөлек отау тігіп беріпті. Содан былай Нұрланның аталарынан мыңғырған мал үзілмей, төрт қыбыласы түгел әулетке айналыпты. Ал, мына қоңыр күшік сол қоңыр төбеттің тұқымы.                                                     ***Нұрланның тасы өрге домалай бастады. Көксекі мен Сары адырдағы бәйгіде қаракөк алдына қара салмай жалғыз келді. Жүлдесі екі көлік. Іркес-тіркес екі айдың айналасында бұл үлкен олжа. Жануар жүзіктің көзінен өтердей жұтынып-ақ тұр. Нұрлан көліктердің ақшасына іргелес жатқан жерді сатып алды да, қаракөкке еңселі, тынысы кең қора салдырды. Содан былай ілуде бір болмаса, аламаннан құр қайтпады. Қоңыр жоны жұмырланып, кеудесі биіктеп, тайыншадай төбетке айналды. Қаракөктің саққұлақ күзетшісі осы. Көлденең көк аттыға ине-сабақ жіп алдырмайды. Әйтпесе, жаңадан шимай-шатпақ құрылыс түсіп, етек-жеңін енді жинап келе жатқан бұл өңірде сайтанның сапалағы, баукеспе ұрылар жетіп артылады. «Ананың терезесін шағып, мынаның есігін сындырыпты. Ішіндегі ілікке жарар дүниенің түгін қалдырмапты» деген сияқты әңгімелер үйреншікті жәйт. Нұрланның шашасына шаң жұқпайтын қаракөгі бұл күнде ұрылардың көз құртына айналғаны айтпаса да түсінікті кеп.Бірақ, иесі дерлік қаракөктің бабын күйттеді де, қоңырдың жағдайына жүрдім-бардым, атүсті қарады. Аш жататын күндері көп. Сонда да қыңқ деместен көз ұшындағы алыс тауларға қарап, томаға-тұйық жатады да қояды. Қабағы бір ашылмайтын болды. Нәумез. Ит болып арсалаңдап, еркелегенін көрмейсің. Қаракөкке көз тіккен қара ниеттілер у қосылған ет, ине шаншылған тағам тастап шырғалап көргенімен, оларынан түк шықпады.Иә, осылай ақырындап күндер сырғи берді. Қаракөк жілік майы толысқан сүліктей ат болды. Ауызымен құс тістеген тұлпардың арқасында Нұрлан кәдімгіндей қоңданды. Екі қабат үй салды. Іргесі кеңіп, ырысы артты. Жора-жолдастары көбейіп, сый-құрметке бөленді. Бірде мұны атбегі танысы қонаққа шақырды. Ептеп шараптан ұрттап масая бастағанда көсілді дерсің. — Біле-білсек, ата-бабамыз жеті қазынаның қатарына жүйрік ат, қыран-бүркіт, құмай тазыны жатқызып айырықша қадір тұтқан. Сондықтан бұларды қастерлеп, бағалау керек. Құдай тағаланың өзі адамдардан көңілі қалып, жер-дүниенің апшысын қуырып, қуаңшылық жайлатып, ғаламды бір тарының қауызына сиғызып, бір үзім нанға зар еткенде, ит: «Уа, тәңірім! Ешқандай күпіршілікке бармадым. Жамандық жасамадым. Мұныңыз әдетсіздік қой. Менің не жазығым бар еді? біз сияқты бейуаз құлыңызға  аяушылық жасаңыз!» деп жалбарынғанда, Жаратқанның көңілі жібіп: «Мынау сенің несібең!» деп көктен бір сабақ бидайды лақтырған екен. Міне, біз сол иттің несібесінен көгеріп-көктеп отырмыз...Нұрлан қызып алғанда өзеуреп осы тақылеттес ақты-бозды сөйлейтіні бар. Ал, қоңыр ше?! Қоңыр балалардың үзіп-жұлып бергенімен қоректеніп, түлкі құрсақ күндерін жалғастыра берді.Ай толғанда, құс келіп, қайтқанда ай бойы көкке қарап, ішін тартып ұлитын. Жай ұлымайды. Беймаза күй кешіп, жінігіп, тар ауланың ішін шаңдатып аласұра жүгіреді. Осыдан кейін мойнына шынжыр түсті. Ат қораның алдына мызғымастай байланды. Шіліңгір ыстық, ақ қар, көк мұздың үстінде қара көкті күзету маңдайына жазылмастай жарлық болып жазылды. Жеті түнде барлыққан дауысымен гүр ете түскенде, бөтен дабыстар, шәбеленген иттердің шаңқылы сап тиылатын.Жеті атасына мойнына бұғау түспеген қоңырға келе-келе жеңді білектей шынжыр шыдас бермеді. Бырт-бырт үзетінді шығарды. Қаншама рет байланса, соның бәрін үзді. Қақаған аязда аш-жалаңаш жату оңай деймісің?! Бұл өлкенің қысы қандай қаһарлы! Бірнеше мәрте ін қазып, өзіне ыңғайлап ұя жасап көріп еді. Ол қызығы ұзаққа бармады. Нұрлан ауламды бүлдіріп, сиқын қашырдың деді ме? Қазылған інді керзі етігімен тепкілеп, басып-жаншып көміп тастады.Осындай келеңсіздіктен кейін, қоңырдың өміріне күрт өзгеріс енді. Тіршілік етудің басқаша жолдарын қарастыра бастады. Көшеде жүрген бейсауат балалардың нанын жұлып жеді. Айналадағы қарыны тоқ иттердің тамағын тартып ішіп, талап тастайтын долы мінез шығарды. Көршілердің арыз-шағымы көбейді. Сұғанақтығы көбейген қоңырдан мезі болған Нұрлан көзін құртуды, орнына басқа салпаң құлақ, көмпіс ит сатып алуды ойлағанымен, қаракөкке бұдан артық сақшы таппасын біліп, тісін қайрап, іштей тынғаннан арыға бармады.Ғажабы, қоңыр қаншалық далабезер болғанымен, кешкісін қора күзететін дағдысынан жазбады. Бұл аралықта қаракөк төрт төңіректің бәйгісін тегіс қанжғаға байлады. Нұрланның атағын шығарып, абыройын асырды. Үрлеп ішіп, шәйқап төкті. Қаланың үш-төрт нүктесінен жер алып, дүкен ашты.Төңіректегі елдің «Қаңғыбас иттің» үстінен жаудырған шағымы толастамаған соң, Нұрлан қоршауын атты адамның бойындай қылып биіктетіп көрді. Бірақ онысынан да түк шықпады. Ай сайын жаңалап, бүтіндеген қорғанын қоңыр амалын тауып, бұзып шығатын. Көрші-қолаңдар мұның салған әлегінен қорқып, қошауы мен қақпасын жапа-тармағай биіктетуге көшті.                                                                                                                     ***Қоңыр бұл төңіректің бәрін түгендеп болып, қаланың ортасындағы қан базарды бетке алды. Алғашында құмырысқадай қаптаған халықты, тобымен ұйлығып жүретін иттерді түсініксіз халде сыртынан бақылап қана қайтатын. Бастапқы әлетте бұл бейтаныс ортаға қосылу оңай болмады. Олар шибөріше жабылып, қарсы шабуылдағанымен, қоңыр тәбиғи, бұла күшімен дес бермей, ақырындап олардың алдыңғы сабына өтті. Соның бодауына бір көзді ағызып, бір құлақты жұлдырды. Мұнда сегіз қиырдан иттердің түр-түрі жиналыпты. Бәрін түстеп танып-білу мүмкін емес. Сабалақ жүнді салпаң құлақтысы, тықыр жүнді тік бақайы, сығыр көзді сидамы, арбиған алабайы тағы басқасы түгел өріп жүр. Қоңыр өзі тәріздес тұрықты төбеттерді сирек те болса көзі шалады. Бұдан өзгешелігі құлағы мен құйрығы ұзындау. Жақын тартып, бауырға басып көрмекші болды да, олардың адам қолындағы жуындыға бола, құйрығын бұлаңдататын, болар-болмасқа қыңсылайтын әркетінен жиіркеніп, алыс жүрді.Мұндағы иттер көбінесе қасапхананың айналасымен асханаларды торуылдап күн кешеді. Бір қызығы әр иттің меншікті мекені бар. Көбінесе бес-алтыдан жүріп талшық айырады. Кейде, сондағы екі аяқтылар бұлардың үстілеріне жуынды, нәжіс шашып, қан жоса етіп, таластырып тамашалайды. Жиі-жиі қанжілік боп әзер тапқан қорегін осында қаптап жүрген қайыршылардың тартып жейтінін қайтерсіз?Қоңыр көбінде қасапхана жақты шиырлап, асхана жаққа аз барады. Бірде көз алдында болған көрініске таң-тамаша қалды. Әмісе көзге түспей оңаша жүретін, жаратылысы тұйықтау, тізесінен төмен тықыр, бет-ауызын түк басқан шомбал қара итке көзі түсті. Байқаса ол асханадағы даяшы бала әр үш сағат салып кешке дейін бес рет төгетін тамақтың қалдығын аңдып тұрып, қарынын тойдырып, күн ұзақ күншуақтап жатады екен. Ал, ана бір канден ит, даяшы балаға аз да болса қолғабыс етіп, қоқсық салынған жеңіл дорбаларын тістеп төгіп, зыр жүгіріп жүргені. Алайда, тиесілі несібесі қара иттің құлқынына кетіп, бұл аш жүруге мәжбүр.Қоңыр бұл жолсыздыққа шыдамады. Жетіп барды да, желкеден алып жәукемдеп тастады. Оның бауырлары көп болып шықты. Таныс шаңқылды естіп, лезде жетіп келді. Жабыла бас салған. Қоңырдың қанжардай қылпып тұрған тістерінің дәмін татқан соң, ақырындап шегінуге мәжбүр болды.Осы оқиғадан кейін базар маңынан алыс жүруді шешті. Оның үстіне соңғы кезде бұл жердің тымырсық ауасы мен тамағы жақпай жүргені бар.  Қаракөк күйлі, тоқ, жарау. Қоңыр әр түні бұған сақшы болу міндетінен бір сәтте айныған емес. Кейде бұл «жортуылдан» кешеуілдеп келгенде, Қаракөк оқыранып, тықыршып жан таппайды. Сонда да Нұрлан Қоңырға жылы қабақ танытпады. Базардан кеткен соң, бір мезет қаңғелестеуді қойып, тыныш жүрді де, құс қайтқанда әуелгі әдетіне тағы басты. Ұзақ-ұзақ ұлыды. Тар ауланың қорыс-қопасын шығарды. Жаңа қоршауды қиратты. Жүбіне жекенше, әбден бүлдірді.Құланның қасынуына, мылтықтың басылуы сай келді деген осы шығар.  Нұрлан картадан ұтылып, қызу оралды. Ауланың кейіп-кеспірін көрді де, қоңырға тас лақтырған. Дарымады. Келесі де лақтырған үш қырлы дәу темір артқы тірсекті қиып түсті.  Бұған қарап ышқына ыр етті де, қисайған қоршаудың кетігінен үш аяқтап қарғып түсіп, шойнаңдай басып түнге сіңіп жоқ болды...                                                          ***Қоңыр баяғыдан қаланың тынысы тар, ауасы лас осы шеткі аймағын аса ұната қоймаған. Енді міне, өзіне құт болмаған қонысынан жаралы тәнін сүйреп кетіп барады. Анда-санда шоқиып демалып, бір қалыпты ілбіп отырды. Әне, анау бес қабатты жасыл бина Есен-Аманның мектебі. Талай рет оларға ере барып, ана бір қалқада сарылып күтіп тұрып, үйге үшеуі бірге қайтатын. Мына көше өзіне аз кем күн мекен болған қан базарға апаратын жол. Оны кесіп өтті.Орталық даңғылмен тауға қарай тура тартты. Таңсық, аңсарлы сезім еркінен тыс сол жаққа қарай жетелеп барады. Таң қылаң бере межелі жеріне жақындады. Тірсектің сыздағанына қарамастан, жансарайы ашылып, таудың салқын ауасын құшырлана жұтты. Аңқасы кеуіп-ақ қалған екен! Баяғыдан танауын жыбырлатып, жүрегін елжіреткен осы иіс, осы жер! Тапты-ау ақыры.Таудың баурайы, қаланың бас жағына кілең сәулетті сарайлар, алтынмен апталып, күміспен күптелген мұнаралы биналар орналсқан. Қаз-қатар бой түзеген, көздің жауын алар әсем ғимараттар мен коттедждер жан біткеннің ындынын құртады.Қоңыр айнадай жарқыраған асфальттан өзінің алба-жұлба кескініне көзі түсті де, селік ете түсті. Өзіне төбеден аяушылықпен қараған көздерді көргендей болды. Аспанға қарағанда қарақошқыл бұлттан өзге ештеңе байқалмады.        Өрлей жүріп, шыршаның түбінен өзіне ыңғайлы етіп ін қазды да, жаралы тірсегін жалап, әл жинап, тырп етпестен екі күн жатты. Үшінші түн болғанда  ақсаңдай басып, азық іздеуге шықты. Бойын аздаған қорқыныш билеп, айналаны, қарағайдың арасын аралап көрді де, жақын маңайдан тіске басып өзек жалғар ештеңе іліктірмеген соң, қалың жыныстан сыртқа шығып, етектегі қала оттарына көз тікті. Жақыннан үркіп қашқан қояндарға самарқау ғана назар салғаны болмаса, қумады. Жаралы тірсегін сүйретіп жете алмасын сезіп тұр. Аулақтан ауық-ауық қасқырлар ұлиды. Бұрын естімеген бөтен дауыс, бөгде үн.Ақырын аяңдап, сәл төмендегі кеше өзі кесіп өткен, адамдар «Жақұтты баурай» атап кеткен қызыл-жасыл әшекейлі үйлерге қарай беттеді. Күресін төгетін маңайдан аужал болар бірдеңелер тауып жеген болды. Соның өзі тәп-тәуір қайрат бітірді бойына. Үйлердің ашық тұрған терезесінен алуан түрлі саз ойнап, тағамдардың қош иісі келеді. Бір қызығы, бұл жерден иттердің дауысын ести алмады. Бірақ жақыннан келген таныс иістен, олардың осында жүргенін аңғарды. Әйтсе де бір де бірінің көзге шалынбағаны жұмбақ.Мұнан кейін «Жақұтты баурайды» бақылауға көшті. Мұның сыртында бұрынғыдан да беймәлім өткір иіс осы жаққа келуге мәжбүрлейтін. Жусандай бұрқырап жан таптырмайды. Танауын көтеріп әр түні тынымсыз кезгенімен, әзірге оны таппады.Бұл жерде бұрын кезіктірмеген ит атаулыдан: австралиялық жібек терьер, ағылшын бульдогы, бичон фризасы, тибет күшігі, түрлі-түсті лапдок, пекин күшігі, тағы басқа да түр-түрі бар екеніне көп өтпей көз жеткізді. Өздері шеттерінен сәнді, сұлу, күйлі. Иелері әр күні тәңертең және кешкісін қоңыраулы күміс қарғыбауымен жетелеп шығады. Жылы-жұмсағын ауызына тосып, баладай мәпелеп, жасыл желектің ішінде сейілдетеді.Қоңыр бұл күндері үстіндегі жабағы жүні түсіп, оның үстіне талай қырғында иттер қапқан жерлері ақжемденіп сұрға айналған. Айналасына сұлық, сұрлана қарайды. Бастапқыда мұндағы иттерді сырттай барлап жүргенімен, сейілге шыққан иттерді талап тастайтын әдет тапты. Ағаштың қалқасында жер бауырлап аңдып жатып, орайын тауып бас салады. Сосын қалыңға кіреді де, зып беріп жоғалады. Бұл, күн аралатып істейтін үйреншікті дағдысына айналды. Осындағы дерлік иттерді шетінен қанжоса қылды. Иелерінің өзі қоңыр сайтандай сап ете түскенде, иттеріне ара түспек тұрмақ, тырағайлап қашып бара жатқаны. Біртіндеп сейілге шығуды доғарды.Енді сақтанбаса болмайды. Мұндағы жұрт қарсы әрекетке көшкен. Ит атқыштар да мұның ізіне түскелі біраз болғанымен, ылғи да жер сипатып кетіп отырды. Сұр ит «Жақұтты баурайдың» қауыпты жауына айналғаннан бері,  адамдардан маза қашты. Енді бұл бір айға жуық мұнда аттап баспады. Секем алған жұрт сабасына түссін. Сосын келеді. Амал қанша, мұнда жоламайын-ақ деп ойлағанымен, кеңсірікті удай ашытқан аңсарлы иіс магниттей тартады.  Бір түні қалың жыныстың ішінде қоян қуып жүріп, жақыннан шыққан бөгде иісті сезіп, кілт тоқтай қалды. Самырсынның қалқасында тұрып, айналасына сақтана қарады. Тұрқы өзіне ұқсас болғанымен, құйрығы ұзын, құлағы тік үйірлі «иттердің» келе жатқанын көріп, демін ішіне тартып, жатты да қойды. Мұның тұсына келгенде, ішіндегі абаданы желе-жортып алдыға шықты да, алдыңғы аяғын көтеріп, саптастарына тоқтаңдар дегендей ишарат жасады. Танауын көтеріп, маңайға айбарлана қарап, аз бөгелді де, әуелгі сорабына түсіп, үйірін бастап алға жылжыды. Осы кезде артында кетіп бара жатқан көкшулан арықтау біреуі мұны байқап қалғандай болды да, бұл жатқан тұсқа қадала қарап, тұнық ауаны жара ұлыды. Басқалары да түгел ошарылды. Сәл болмаса, бұл қашайын деп ойлаған. Жоқ, жаңағы көкшулан күдіктенетіндей ештеңе жоқ дегендей белгі берді де, барлығы жөндеріне кетті. Бұл көкшулан, қасқырдың құртқасы еді.Артынан мұның жанына имене басып, құртқа келді. Сақсына жақындады. Бір-бірін искелесіп, қаупін басты. Тегі бір мақұлықтар бір-бірін шырамытты. Таныды. Сүйір тұмсықтарын түйістіре, көкке қарап  ұлыды… Екеуі аз күн бірге жортып, сейілдеді. Мауқын басты. Құртқа мұны өз үйіріне қосуға қаншалық ділгір болғанымен, жіпсіз байланған «Жақұтты баурайға» ынтықты да тұрды. Үйірге кейін қосылам дегенді меңзеді де, етекке түсті.Соңына шам алып түсушілердің көптігінен «Жақұтты баурайға» түнде ғана келетін болды. Ит ататын екі аяқтылар мұның ізіне аңдыса, бұл жұмбақ иістің құпиясын ашуға мықтап кірісті. Осындағы зәулім сарайлардың, нән ғимараттардың іргесі мен қорғанын үңги бастады. Ойдым-ойдым қазылған шұңқырларды көрген жұрттың үрейі тіпті де күшейе түсті. Түн баласында жағы бір сембейтін ит атаулының үндері де өшкіндей бастады.Алдындағылардан түк шықпаған соң, мұндағылар қомақты қаржыға арнайы, іріктелген сайыпқыран көк киімді ит атқыштарды жалдады. Бұлар сауысқандай сақ қимылдап, түні бойы қанжілік болып, «Сұрапыл сұрды» іздеумен алашапқын болды. Жын-пері ме, немене, өзі? Қазірше із шалдырып, көзге түсе қоймады. Із кесушілер титықтап, әбден ашынды.«Екі қарап, бір шоқып.» аспан түстес үйдің іргесін қаза бастағанына жетінші күн болғанда, сұрдың әлеуетті қанжардай тырнақтарына сықырлаған адам сүйектері ілінді. Танауындағы таңсық иіс сәлде болса, тарағандай болды. Бірақ, сонда да көңілі көншімеді. Шашылған сүйектерді әбігерленіп, қайтадан көміп жүрген сол екі аралықта, мергендер атқан оқ жамбасын жанап өтті. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түнді қармап, әзер дегенде қашып құтылды.Таудағы ұясында құртқаның күтімімен жарасының толық жазылуын бір ай күтті. Құртқа аң-құстың етін беріп асырап, сырқатынан құлантаза айықтырды.Ай толғанда «Жақұтты баурайға» тағы оралды. Бұл жолы әшекейлі қызыл қақпалы үйдің тұсын үңгуге кірісті. Жарты ай шамасында қазғанда, астынан саудыраған малдың сүйектері шықты. Ішінен қаракөктің иісіне жуық ашқылтым иістерді сезді. Қайтадан машақаттанып көмуге тура келді. Осыдан кейін сұр сәлде болса жеңілдегендей күй кешті. Бірақ әлі де болса, аңсары толық тарқамады. Әлі де болса, көңіл күпті, ой олқы.Бәрінен де осы сарпалдаң барысында, қақаған қыс көзінде саршұнақ аязбен жағаласып жүріп, жолбарыс мүсін бейнеленген сарайдың іргесін сетінету оңай болмады. Жер тоң, күзет күшті. Айырықша өткір иіс осы тұстан шыққалы бері сұрдан дегбір қашты. Қарауылдаған тұсты қалай да қазу керек!Ит атқыш топтың қалжырап барып, мызғыған кезін пайдаланып, сүйемдеп қазып ақыры дегеніне жетті. Сондағы тапқаны, ақ сөңке болған иттің сүйегі. Жетті-ау түбінде! Жанын қоярда қоймай желіктірген, сонау күшік кезінен беймаза күйге душар етіп, ынтызар қылып ұмсындырып, ындынын құртқан осы иіс! Иә, бұл жәй ғана қаңғыған қаймана иттің сүйегі емес, өзінің арғы бабасының сүйегі екенін жан-жүрегімен сезінді.Булығып, буырқанып, бауырына сүйектерді аялай басып, жер тырналай өксікке ұқсас азалы үнмен ұзақ ұлыды...Түнді жарған шаңқ еткен дыбыс шықты да, сұр өзі қазған шұңқырға омақаса құлады. Ит атқыштар осы бір аңдаусыз, ұрымтал тұсты пайдаланып атқан болатын.Таң қаларлығы мұны атқан басқа емес, өзінің иесі Нұрлан...Ертесі адамдар көптен бері өздерінің ата жауына айналған, әлі жаны шығып үлгірмеген шұңқырдағы көзі ашық итті тамашалады.… Босағасынан қоңыр кеткен соң, қаракөкті ұры әкетіп, картаға салынып, басынан бақ тайған Нұрлан өзге ит атқыштармен қосылып, шұңқырды толтырғанда сұрға айналған қоңырды толық танымаса да шырамытты ма екен? Соңғы рет тағдырына сүйеніп, қасарысып жатқан ит топырақтарды сауылдата лақтырып жатқан адамдар арасынан өзінің иесін сөз жоқ таныды.Сол түні Нұрланның қос ұлы иттің ұясын сызып, жылап отырды. Қасқырлар  «Жақұтты баурайды» торуылдап ұлып шықты. Құртқаның танауында СҰРДЫҢ иісі қалған еді...   
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 12:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 15:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 15:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    11:36
  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57