Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 31 Тамыз 2021

«Арсыз болмай, атақ жоқ...»

None
None

Блогер әрі журналист Дәулет Төлеутайұлы үздік оқушыларға берілетін «Алтын белгінің» құнсызданып кеткенін ашынып айтыпты.

«Онды-солды таратылып, ығай мен сығайлар алып жатыр. Яғни әр жыл сайын осы атаққа құмартушылар саны көбеюде», – дейді ол. Ащы болса да шындық. Алайда біздің елде құнсызданған тек «Алтын белгі» ғана ма? Ар-ождан мен ұятты «қалтаға салып қойып», жалған атаққа құмартқан аға буын медальдарды да, небір наградаларды да, тіпті академиялық атақтың өзін шімірікпестен аузынан суы құрып сатып та, таныс арқылы да алып жүргенде, оңы мен солын танып үлгермеген оқушыларға не бетімізбен ақыл айта аламыз?      

         «Арсыз болмай, атақ жоқ» демекші, Қазақстанда түрлі атақтың да, марапаттардың да сатылатыны бесенеден белгілі. Көпшілік мұны ашықтан-ашық айтып жүр. Ең сорақысы, бүгін бұл қалыпты нәрсеге айналып кеткен. Мәселен, жақында ғана ютуб каналына сұхбат берген танымал продюсер Баян Мақсатқызы «Қазақсан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағының құны қазір 10 мың доллардан 5 мың долларға түсіп кеткенін жайып салды. «Маған жыл сайын «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағын сатып алуға ұсыныс тастайды. Оның алғашқы құны 10 мың доллар болды, қазір 5 мың долларға дейін түсіп кетті. Менде ондай ақша жоқ емес, бар. Бірақ қандай жағдай болсын мен ешқашан атақты сатып алмаймын. Сондықтан егер менде атақ жоқ болса, демек, мен оған әлі лайықты емеспін деп қана топшылаймын. Мәселе мынада ‒ Бәке, Сәкенің арқасында атаққа қол жеткізгендердің әрқайсысы да оның қалай келгенін және өздерінің сол атаққа лайықты емес екендерін іштей жақсы біледі. Өйткені олар атақты сатып алды, өйтіп-бүйтіп келісіп алды, сол үшін өз абыройын түсіріп қорланды, біреудің алдында тізерлеп тұрды, жалбарынышты болды, өтінді. Ал мен өйтпеймін. Сол үшін де еш қымсынбаймын, басымды тік көтеріп жүре аламын. Себебі марапатты адал алғым келеді», – деп ойын бір-ақ кесті.

         Алайда бұған елең етіп, жауап қатқан немесе одан қорытынды шығарамыз деп жатқан бірде-бір құзырлы орган жоқ. Мәдениет министрлігінің баспасөз хатшысы да бұл ақпаратты жоққа шығара алмады.

         Ал 2020 жылдың 26 қарашасы мен биылғы 25 қаңтар аралығында ресейлік интернет-аукционында 910 реттік нөмірімен «Құрмет» ордені сатылған. Сатушы оның құнын 205 мың рубльге бағалаған, теңгеге шаққанда 1,18 млн теңге шамасында. Бұған қатысты да мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия наградталушы туралы жауап бере алмады. Ал заң тұрғысында мемлекеттік наградаларды сатуға тыйым салынған.

         Мұндай жалған атақ әділеттілік, ар-ождан, адалдық деген ұғымдарға балта шауып қойып қана жатқан жоқ, сонымен қоса, мемлекеттің қаражатын далаға шашып, шығын келтіріп отыр. Мысалы, былтыр ғана президенттің іс басқармасы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне қарайтын Қазақстандық теңге сарайында (Казахстанский монетный двор) екі рет – бірінші рет наурыз айында 83,5 млн теңгеге және екінші рет маусымда 253,6 млн теңгеге тапсырыс орналастырған. Өйткені елімізде мемлекеттік наградалар – ордендер мен медальдарды дайындайтын Қазақстандық теңге сарайы. Ал наградаларды дайындауға тапсырыс беруші – «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы» мемлекеттік мекемесі. Тапсырыс әрқашанда бір көзден – «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан сатып алу әдісімен жүргізіледі. Оған себеп – кішігірім кәсіпкер орындай алмайтын ордендер мен медальдарды дайындаудың қатаң стандарттары.

        Былтыр 7643 награда жасауға тапсырыс беріліпті. Оның ішінде төрт «Қазақстан Еңбек Ері» алтын жұлдызына, I дәрежелі 10 дана «Барыс» орденіне, 100 дана II дәрежелі «Айбын» орденіне және 5000 дана көпбалалы аналарға арналған «Күміс алқа» бар. Маусым айында «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 25 жыл» 10 мың мерекелік медальға және 5000 төсбелгіге қосымша тапсырыс жасалған. Ең қымбат қазақстандық орден – «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені. Оны 2016 жылы Қазақстандық теңге сарайында жасау құны 3,88 млн теңгеден асқан (11 198 доллар). «Қазақстан Еңбек Ері» алтын жұлдызы 1 млн теңгеден қымбаттау тұрады. Әдетте маңызды мерекелерге орай, жылына бұл марапаттың бірнеше данасы беріледі. Бұл награда 213,6 мың теңге тұратын «Отан» орденімен қатар тапсырылады. Бұл ордендердің  көпшілігінде қымбат металдар мен зергерлік тастардың едәуір мөлшері бар. Осынау ордендер мен медальдармен билік қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын Қазақстанда Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік қайраткерлерді, шенеуніктерді, кәсіпкерлер мен еңбек адамдарын марапаттайды. Былтыр Қазақстан халқы ассамблеясы да «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл», одан бөлек, «Бірлік» медальдарын оңды-солды таратқанын көпшілік  біледі. Тіпті ондай марапаттан бас тартқаны туралы журналист әріптесіміз әлеуметтік желіде жарияға жар салғанын да ұмытқан жоқпыз.

         Сонда жалған атақты көксегендердің құрметке қаншалықты лайықты екенін, мемлекеттік наградалардың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетуіне жол бермеуін қадағаламағанда Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия қайда қарап отыр, аспандағы жұлдыздарды санап отыр ма?

   

            

        

        

Тегтер: