Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:45

Артық ақшамен қазақша күрес

ақша
Фото: из открытых источников

Қазақстан үкіметі инфляцияны баяулатамыз деп әртүрлі жоспар ұсынады. Және ондағы көрсеткіштері де керемет. Мәселен, биыл инфляция көрсеткіші 11–12,5 пайыздың айналасында болып отыр. Келер жылы бұл көрсеткіш 9,5–11,5 пайыз болса, 2027 жылы инфляция көлемі барынша түсіп, 5,5–7 пайыз болмақ.

Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны шідерлеп, экономиканы «қызып кетуден» сақтау үшін ең алдымен нарықтағы ақша массасын қысу керектігін айтады. Соңғы үш жылда Ұлттық банктің ақша-несие саясатын реттеуде ұстанып отырған бағыты – осы. 2025 жылдың қаңтарында Ұлттық банк айналымдағы ақша базасын шамамен 4,1 пайызға азайтыпты, яғни нарықтағы 594,3 млрд теңгені айналымға шығармай ұстап отырған. Сол кезде нарықтағы ақша массасы 44,68 трлн теңге болып, бір айда шамамен 2,1 пайызғаазайған.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені де 16,5 пайыз деңгейінде қалдырды. Бұл – ақша-несие саясатын қатаңдату белгілерінің бірі. Алайда бас банк ақша массасын қысқанмен, инфляцияның баяулап жатқаны сезілмейді. Инфляцияның түсімі әлі баяу, толық тұрақтылыққа жеткен жоқ. 2025 жылдың маусымында инфляция 11,8 пайыз болса, әлі де сол деңгей сақталып отыр.

Өткенде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов экономикада 8 трлн артық ақша бар екенін айтты. Енді сол артық ақшаның 3,5 трлн теңгесі, яғни 40 пайыздан астамы, ең төменгі резервтік талаптарды (ЕТР) қатаңдату тетігі арқылы нарықтан алынады. ЕТР – деген бұл екінші деңгейлі банктер өздерінің тұтынушыларынан қабылдаған депозиттерінің белгілі бір пайызын бас банкте сақтауға міндетті болатын норма. Қатаңдату дегеніміз – норманың жоғарылауы. Яғни банктер өз депозиттерінің үлкен бір бөлігін резерв ретінде ұстап отыруға мәжбүр болады, ол қаражатты несиеге де беруге болмайды. Сол кезде несие беру үшін қолжетімді қаражат азаяды.

Жалпы, резервтік талап төменболса, банктердің қолында көбірек қаражат қалады, олар несиелерді де көбірек бере алады. Бұл экономикада ақша массасының өсуіне ықпал етеді. Ал енді резервтік талап қатаңдаса, банктердің несие беру мүмкіндігі шектеледі. Соның нәтижесінде айналымдағы ақша көлемі қысқарады, ақша массасының өсуі баяулайды. Міне, енді Ұлттық банк осы тетікті ұстануды жөн санап отыр. Жыл басынан бері ақша массасын қысу базалық мөлшерлемені арттыру арқылы ғана жүрсе, енді екінші деңгейлі банктер депозиттердегі қаражатының басым бөлігін айналымға шығара алмайды, несиені оңды-солды тарата бермейді. Ұлттық банк осы тәсіл арқылы нарықтағы ақша көлемін азайтуды жоспарлап отырса, үкімет те негізсіз әлеуметтік төлемдерге шектеу қоюды, бюджеттің шығыстарын барынша үнемдеуді, Ұлттық қордан қаражат ала бермеуді жоспарлап отыр. 2026 жылы қолданысқа енетін жаңа Салық кодексінен де күтер үміттері көп. Салықты арттыру арқылы атқарушы билік бюджетке жыл сайын 3 трлн теңге түседі деп топшылайды.

Милтон теориясы және КСРО сабағы

Негізінде, ақша массасын қысу, бюджеттік шығыстарды азайту, әлеуметтік төлемдердің заңсыз төленуіне тосқауыл қою шаралары бұған дейін де атқарылды.Несиелік мөлшерлемелерді де арттырып келдік, міндетті резерв нормаларын да ұлғайттық. Коммерциялық банктерге көбірек ақша сақтауды бұған дейін де міндеттедік. Ұлттық банк бағалы қағаздарды да сатты. Сол арқылы артық ақша айналымнан шығарылды. Бұдан инфляция төмендейді, ұлттық валюта тұрақтанады, экономикадағы көпіршіктер (жылжымайтын мүлік, қаржы нарығы) реттеледі деген позитивті әсер күтілген. Бірақ кез келген сценарийдің жағымсыз әсері болатынын ешкім жоққа шығармайды. Ақша массасын қыса бергеннен экономикалық өсім баяулайды, жұмыссыздық өседі, бизнес үшін несиелер қымбаттап, инвестициялық белсенділік төмендейді деген теріс ықпалдар да айтылады. Қазір біз ұстанып отырған бағыт көне дәуірден келе жатқан тәсіл. Мәселен, ақша массасын қысу теориясын монетаризм мектебінің өкілі Милтон Фридмен өткен ғасырда дәлелдеп ұсынған. Оның көзқарасы бойынша ақша бар жерде инфляция да өсе береді, осыған сәйкес ақша ұсынысын қысқарту инфляцияның өсімін баяулатады. Кезінде Милтонның бұл теориясына 1979–1980 жылдары АҚШ, 1980 жылы Ұлыбритания, 1970–1980 жылдары Чили және Германия жүгінген. 1990 жылдан бастап Жаңа Зеландия, Қазақстан, Өзбекстан ұстана бастады.

Бұл ретте КСРО кезіндегі ақша массасын қысу тәсілі еске түседі. Деректерге жүгінсек, Кеңес Одағында ақша айналымы орталықтандырылған жоспарлы жүйемен қатаң бақыланған. Батыс елдеріндегідей, базалық мөлшерлеме немесе «ашық нарық операциялары» қолданылмаған, бірақ ақша массасын қысу үшін бірқатар ерекше әдістер пайдаланылған. Оның біріншісі,тауар тапшылығы арқылы «жасырын қысу». Мәселен, қазір КСРО кезеңінде өсіп жетілгендер өз заманында тауардың қат болғанын, ұзын сонар кезекте тұрып, кейбірін талонмен алғанын айтып жатады. Міне, осылай «жасырын қысу» әдісін ұстану арқылы КСРО экономикасында тауар өндірісі сұранысты толық қанағаттандырмайтын. Халықтың қолында ақшасы болғанымен, тауар жетіспегендіктен, ол айналымға түспей, «артық ақша массасы» тауарсыз қалды. Бұл құбылысты «ақша-тауар теңгерімсіздігі» деп атауға да болады. Екінші, КСРО кезеңінде де бағаны мемлекеттік реттеу болған. Баға қатаң белгіленіп, нарық механизмі жұмыс істемеді. Инфляция жасырын түрде жинақталды, бірақ ресми статистикада көрсетілмеді. Осы арқылы ақша массасының тауарлармен салыстырғандағы «қысымы» тежелді. Үшінші, міндетті жинақ жүйесі жұмыс істеді. Жалақының бір бөлігін халық жинақ кассаларына салуға мәжбүр болды. Салымдар аз пайызбен (көбіне 2–3 пайыз) сақталды. Бұл халықтың қолындағы артық ақшаны «қысудың» басты тетігі болды. Төртінші, міндетті облигациялар, пайлар сатып алу жұмыс істеді. Мемлекеттік қарыз облигацияларын жұмысшылар мен қызметкерлерге мәжбүрлеп сатып алу тәжірибесі болды. Ақша қолма-қол айналымнан шығып, мемлекетке түсті. Бесінші, ақша реформалары жасалып, КСРО тарихында бірнеше рет халық қолындағы ақша массасы тікелей қысқартылды. Мысалы, 1947 жылғы реформа барысында соғыстан кейінгі инфляцияны тоқтату үшін ескі ақшаны жаңаға айырбастау жүргізілді. 1961 жылғы реформа – ақшаны «жаңарту» және бағаларды қайта есептеуді ұстанды, 1991 жылғы реформадан кейін (Павлов реформасы) – халық қолындағы 50 және 100 рубльдік купюралар айналымнан шығарылды. Инфляцияны бұлайша тежеу әрекеті сәтсіз болды. Нәтижесінде, КСРО кезінде ақша массасын қысу нарықтық құралдар арқылы емес, көбіне әкімшілік әдістермен жүргізілгенін байқаймыз. Бұл шаралар қысқа мерзімде ақша айналымын азайтқанымен, ұзақ мерзімде жасырын инфляция және экономикалық тиімсіздікке әкелді. Ақырында КСРО ыдырап тынды.

Милтонның «ақшаны қысып ұстау» қағидасын ұстанатын елдің бірі – іргеміздегі Өзбекстан. Қазір өзбектердің сомын «сабан» ақшаға теңейтіндер көп. Мұнда да ақша массасы көбейген. 2025 жылдың наурызында Өзбекстанның Орталық банкі базалық ставкасын 13,5 пайыздан 14 пайызға дейін арттырды. Тарифтік реформалар, экспорттық және баға реттеу шаралары, сондай-ақ фискалдық саясат, яғни салықтар, мемлекеттік шығындар, тағы басқа жайттарды қайта қарады. Мақсат – орта мерзімде инфляцияны 5 пайыз деңгейіне жеткізу, бағаның өсу темпін бәсеңдету, халықты әрі бизнес секторын баға тұрақтылығы бойынша күшейтілген болжамдармен қамтамасыз ету. Өзбекстанда қазір инфляция деңгейі 8,8 пайыз болып отыр. Ал бізде қалай? Біздің экономикада да артық ақша бар. Және оны қалай пайдалану керегін білмей отырмыз. Бұл туралы экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков айтады:

«Үкімет пен Ұлттық банктің ақылдасып жұмыс істейтініне күмәнім бар. Ұлттық банк ақша массасын қысу үшін барлық тетіктерді пайдаланып жатыр. Жуырда Ұлттық банк басшысы экономикада артық 8 трлн теңге барын айтты. Енді бас банк осы қаражатты айналымға шығармай ұстап отырмақшы. Сөйтіп нарықтағы ақша көлемін азайтпақшы. Негізінде, нарықта 8 трлн артық ақшаның болуы – бұл үкіметтің дұрыс жоспар мен мақсат қоя алмай отырғанын, экономиканы дамытуға нақты қанша қаражат керек екенін есептей алмай отырғанын көрсетеді. Егер экономика нақты өсіп жатса, өндіріс қуаты артып, жұмыс орындары ашылып жатса әлгіндей артық қаражат болмаушы еді. Ол қаражаттар айналымда жұмыс істеп тұрар еді».

Маманның ойынша, мақсатсыз экономика болғаннан кейін де нарықта артық қаражат жүреді. Ал әрбір тиын нақты есептеліп, нақты жоспар мен мақсат қойылған болса нарықта мұндай артық қаражат жүрмейді. Сондай-ақ экономист халықтың қолындағы ақшаны қысу деген тәсілді қазір алып тастау керектігін, мынадай ғылым мен технология жетілген заманда бұл тәсілдің экономикаға позитивті ықпал етпейтінін айтады.

«Ең төменгі жалақыны өсірмей қою, күнкөріс себетін арттырмау, жәрдемақы мен зейнетақыны дұрыс индекстемеу белгілі бір уақытқа дейін ақша массасын азайтады. Бірақ бұл экономиканы құтқаратын дүние емес. КСРО кезінде осындай әкімшілік әдістерді ұстанудан тоқырау болды. Сол тоқырау кезінде халықтың жиғаны бір-ақ күнде көк тиын болып қалды. Негізінде үкіметте сұраныс пен ұсынысты ғана білетін мамандар отырмауы керек. Өндірісті дамытудың жолын білетін мамандар отыру қажет. Әлемде әр мемлекет өз табиғатына, тарихына қарай отырып экономикасын дамытады. Біз аграрлы елміз. Қазіргі үкімет шешуге тиіс ең басты мәселе – агросекторды дамыту. Оған соншалықты бас қатырып жатқан жоқпыз. Ауылдағы жұмыссыздық, ауылға агробанктердің бармауы, ауыл өндірісінің дамымауы бізді кенжелетті. Кезінде Қазақстанның агросекторы КСРО-ны асырады. Ал қазір жыл сайын қызылша, картоп, сәбіз, қияр, қызанақтың өзін көрші елге «арзанға бер» деп министрлер форвардтық келісім жасап жүр. Бұдан экономика дамымайды. Ақша массасын қысу арқылы ғана инфляция шектелмейді. Керісінше, халықтың қолындағы қаржыны қыспай, өндірістік қабілетімізді арттыру қажет. Сол кезде экономикалық өсімге шын мәнінде қол жеткіземіз», – дейді экономист.

Маршал жоспары және Жапония сабағы

Инфляцияны жоюдың екі-ақ жолы бар. Біріншісі, өндіріс арқылы экономика дамиды, халықтың жағдайы жақсарады, инфляция шектеледі. Бұл жолды жоспарлы, мақсатты жол дейміз. Ал екінші жол – халыққа жалақы бермей, зейнетақыдан тарықтырса да инфляция түседі. Бірақ халық аш қалады. Ең сорақысы, мұндайда үкімет халықтың кедейленіп жатқанын мойындағысы келмейді.

Аналитик талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Марал Төртенованың ойынша, үкімет пен Ұлттық банк қазір осы екінші жолды көбірек ұстанып кетті. Маманның пайымдауынша, мысалы, Жапония – инфляциясы жоқ елдердің бірі. Бұл ел мәдениетін, экономикасын, әлеуметтік жағдайын ауыл шаруа­­­шылығымен байланыстыру арқылы өсіп, өнген. Жапония ауыл шаруа­­­шылығын дамытпай, өндірісті дамыту мүмкін еместігін мықтап ұғынған.

«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1945–1950 жылдары Жапонияның өнеркәсіптік өндірісі толық күйреді, инфляция шектен шықты. Осы кезде АҚШ-тың «Маршал жоспарына» ұқсас қаржылай көмек пен технологиялық қолдау арқылы бұл ел алдымен ауыл шаруашылығын қалпына келтірді. Жапон үкіметі қатаң инфляцияға қарсы саясатжүргізіп, ауылдағы өнеркәсіпке басымдық берді. 1950–1970 жылдары бұл елде «экономикалық ғажайып» орнап, Жапония жылына орта есеппен 10–12 пайызэкономикалық өсім көрсетті. Мемлекеттік индустриялық саясат – ауыл шаруашылығы өнеркәсібі, болат, кеме жасау, автокөлік және электроникаға басымдық беру болды. 1973 және 1979 жылғы мұнай дағдарысынан кейін Жапония энергия үнемдейтін технологияларға көшті. Экономикада автомобиль, электроника, робототехникасалалары алға шықты. 1990–2000 жылдары Жапония ұзаққа созылған дефляция және экономикалық өсімнің қатты төмендеуімен бетпе-бет келді. Сол кезде Жапония ақша массасын қысқан жоқ, керісінше, мемлекет пайыздық мөлшерлемелерді нөлге дейін түсіріп, үлкен бюджеттік шығындар жасады, осы арқылы өндірісін арттырды, пайыздық мөлшерлеме нөлге түскеннен кейін несие алып бизнесін жандандырушылар көбейді, осылай экономиканы жандандыру жүрді. Қазір Жапония ақша-несие саясатын жұмсарту (инфляцияны көтеру) үшін бюджеттік ынталандыру, құрылымдық реформаларға қатты мән береді. Бүгінгі күні Жапония АҚШ пен Қытайдан кейін әлемдегі экономикасы дамыған үшінші ірі ел», – дейді сарапшы.

Ал бизнес стратегиялық жобаларды талдау саласының маманы, сарапшы Алмас Сәлменов болса, үкіметтің қит етсе «ТМД-ды елдерінен озықпыз» деп мысал келтіретін көрсеткіштерінің тозығы жеткенін айтады. Қытайда, Оңтүстік Кореяда білім алған ол үкімет Қытай және Оңтүстік Кореядан үлгі алу керек дейді.

«Мысалы, 2024 жылы Қытайдың ЖІӨ-сі 18 трлн АҚШ доллары болды. Оңтүстік Кореяда 2 трлн АҚШ доллары. Бұл елдердің негізгі даму салалары агроөндіріс, электроника, робототехника, ІТ, экспорт, құрылыс, кеме жасау, автокөлік.Мұндай ресурстар бізде де бар ғой. Біз осындай елдерден үлгі алуымыз керек. Ақша массасын қысамыз деп тек теорияға ғана жүгініп отыра беру дұрыс емес. Үкімет номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден (долларға шаққанда 344 млрд доллар), 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге (429,7 млрд доллар) дейін өсетінін айтады. Енді қараңызшы, қазірдің өзінде мұнайды көп өндіруден түсетін ақша мен біраз салаларды қолдауға бюджеттен бөлінген қаражаттар айналымдағы ақша массасын көбейтіп жіберді деп отырмыз. Бұл бізде экономикада шағын бизнестің, яғни экономикаға жеке капитал құятын саланың өспегенін көрсетеді. Бұл салаларды мемлекеттік гранттар бөліп, жеңілдіктер беріп, мемлекет өзі қолдан жасанды түрде өсіріп жатыр. Осының салдарынан бізде қатаң ақша-несие саясаты мен жоғары базалық мөлшерлемеде тұрғанына қарамастан, инфляция тұрақты түрде жоғары деңгейде қалып отыр. Себебі Ұлттық қордан бір қаражат алынады, зейнетақы қорынан тағы экономикаға қаражат алынады. Одан кейін «Бәйтерек» холдингі экономикаға 8 трлн теңге құюды жоспарлауда. Бірақ мұндай ауқымды қаражат бөлінгенімен өндіріс өсіп жатқан жоқ. Үкімет 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні 450 млрд долларға өсіреміз деп түрлі жобаларды жоспарлап жатыр. Бірақ ол жобалардың 4 жылдың ішінде жемісін бере қоюы екіталай. Осы уақытқа дейін қыруар қаражаттар бөлінген қаншама реформалар жемісін бермеді. Енді осы жағдай қайталанса, мұның соңы экономиканың «қызып» кетуіне әкеледі», – дейді сарапшы Алмас Сәлменов.

Алайда келешекке жоспар құрып отырған үкімет экономиканың «қызып» кету қаупін айтпайды, тек осы салаға жауапты ведомстволардың дені қара үзіп озып кетеміз дегенді мысал етеді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Тегтер: