Артықбаевқа тиесілі “Қазақмыс” мыс жобасын Владимир Кимге қайта берді
Миллионер Нұрлан Артықбаевқа тиесілі болып отырған мыс өндіруші «Қазақмыс» корпорациясы Aidarly Project атты тағы бір мыс компаниясындағы ірі акционер мәртебесінен айырылды.
Бұл туралы Aidarly Project компаниясының өзі хабарлады.
Aidarly Project акцияларының 10% және одан да көп үлесіне ие акционерлер қатарынан Нұрлан Артықбаевқа тиесілі «Қазақмыс корпорациясы» (Qazaq Acquisition Corp арқылы) шығып қалды.
Оның орнына акционерлер құрамына Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі Qaz Copper Group компаниясы кірді. Аталған кәсіпкерлер бұған дейін «Қазақмыстың» иелері болған.
Акционерлік құрамдағы өзгеріс 18 ақпанда тіркелген. Qaz Copper Group-тен бөлек, Aidarly Project-тің ірі акционері ретінде нидерландтық Aidarly B.V. компаниясы қала береді.
Qaz Copper Group — Kazakhmys Copper компаниясының еншілес ұйымы. Бұған дейін Ким мен Огай «Қазақмыс» корпорациясын дәл осы Kazakhmys Copper арқылы жанама түрде иеленген болатын.
2025 жылғы желтоқсанда Kazakhmys Copper меншік иесін ауыстырды: Нидерландыда тіркелген K.C.C. B.V. компаниясынан АХҚО-да тіркелген KCC Copper Limited компаниясына өтті. Ал KCC Copper Limited өз кезегінде Kazakhmys Holding Limited холдингіне тиесілі, оның иелері – Владимир Ким мен Эдуард Огай.
2025 жылдың қарашасында, Ким мен Огайдың Артықбаевпен мәмілесіне дейін, «Қазақмыс» BES.media басылымына бірқатар активтерін Qaz Copper Group атты жаңа заңды тұлғаға бөлгенін хабарлаған. Бұл компанияға негізгі табыс көзі саналмайтын, яғни тікелей өндіріске қатысы жоқ активтер берілген. Сонымен қатар компания Қарағанды облысындағы Соқырқой кен орнында мыс пен полиметалл өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын иеленген.
Aidarly Project-тің қаржылық жағдайы
2024 жылы Aidarly Project 5,4 млрд теңге шығынға батса, 2023 жылы 4,3 млрд теңге шығын көрсеткен. 2024 жылдың соңындағы жинақталған жабылмаған шығын 9 млрд теңгеге жеткен (2023 жылдың соңында – 3,6 млрд теңге).
Компанияның жарғылық капиталы 2,9 млрд теңге болғанын ескерсек, меншікті капиталы минус 6,1 млрд теңгені құраған.
Aidarly Project-тің шығындылығы оның негізгі қызметінің геологиялық барлау жұмыстары болуымен байланысты. Компания Абай облысындағы Айдарлы кен орнында барлау жұмыстарын жүргізіп, кейін мыс кенін өндіруді жоспарлаған.
Компанияның Айдарлы кен орнында барлау және өндіру келісімшарты бар.
Еске салсақ, 2025 жылдың соңында Владимир Ким мен Эдуард Огай «Қазақмысты» Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаевқа сатқан болатын. Мәміле құны жарияланбады.
Bloomberg дерегінше, кәсіпкерге $1,2 млрд көлеміндегі қаржыландыруды швейцариялық трейдер Mercuria Energy Group ұсынған.