«Артты қысқан бай болады»
Мұсабаевтардың мінезін халық көтере алмайды
Қазақстандағы әкімдер түгіл, депутаттардың өздерін халық тікелей сайламаған. Кілең партия арқылы өтіп кеткендер. Халық оларды депутат еткен жоқ. Пәленше депутат болды, түгенше сенатқа барды дегенде тыржың етеміз де қоямыз.
Ары кетсе жағымпаз біреу, бері келсе билікті мадақтаудан басқа түк бітірмегендердің бірі депутат болады бізде. Арасындағы оппозицияшыл, сыншыл дегендері, шындығында, өтірік сондай болып жүрген әртістер. Бар жетістігі – байыған адамдар, жағынған бейбақтар депутат. Рас, бұрынғы спортшылар, өнер саласында болғандарды депутат етіп қояды, олардың да атағын пайдаланып қалу үшін.
Күні кеше депутат Талғат Мұсабаев дауға қалды. Ғарышқа ұшып келген соң, өркөкірегі өшпесін, Қазақстанда қоңыз теріп қаңғып кетпесін деді ме, оны да депутат қылдық. Бірақ Нұр-Сұлтандағы паркте кетіп бара жатқан немересіндей баламен жағаласқаны қалай? «Былтыр дәл осы кісі алдынан шыға келген кішкентай итімнен қорқып, маған дүрсе қоя беріп еді», – деп, тағы бір мүгедек бала шықты сосын. «Сәл былай қарап тұрыңызшы» деп өтінген баласындай журналисті итеріп жібергені де бар. Ол өзі қазақтың жалғыз ғарышкері болса бір жөн. Тоқтар Әубәкіровтей шын тұлғаның атына кір келтіріп жатқан жоқ па, бұл ғарышкер-депутат?
Депутат неге халықпен шекісіп жатыр? Мінез деген бәрінде бар. Депутаттар сүретін өмірді түсінде көретін, солар алатын айлықты армандай да алмайтын миллиондаған қазақтың қаһарынан қорықпайтыны қалай? Депутаттарға парламентінде дауыс беріп, заңдарды шығару құқығы берілгенімен, көшедегі қара халыққа әкіреңдеу құқығын бермеп едік қой? Депутат болғанына қалың қазақтың көнгеніне немесе әзірге көне тұрғанына рақмет айтатын жөндері бар ғой.
Қысқасы, депутаттарға тыныш жүру керек. «Аш пәледен қаш пәле». Өзіңді сайламаған, дауысын әділ сайлауда бермеген, түріңді танымайтын, атағыңды пысқырмайтын тұрғындармен төбелеспей-ақ қой. Абырой таппайсың, өйткені сендердің әлемің бөлек, халықтың өз жөні бөлек. Бір Қазақстанның ішінде басқа Қазақстаны бар екі бөлек әлем орнап тұрғанын ұмытпау керек, оларға да, халыққа да. «Артты қысқан бай болады» деген мақалымыз бар екен, ендеше бүгінгі ашықтық пен кезінде өтірік күрделенген дүниенің ақ-қарасы оңай ажыратыла бастаған, табиғи эволюция заңымен шындық қарапайымдала бастаған заманда «артты қысу» кезегі ендігі халыққа емес, әділ сайланбайтын билік пен ешкім сенбейтін өтірік партиялардың тізімімен депутат атанған «қуыс көкіректерге» келіп тұр. «Сен тимесең, мен тимен» деген стратегиямен тағы біраз жыл уақытша депутат бола тұрғысы келсе, оларға көшедегі халықты жұдырықпен жөнге салатын әдетін қоюлары керек-ау, шамасы.