Аруақтар тыным тауып, тыныш жатуы керек – Маралтай Райымбек

Атам қазақ адам баласының екінші өмірі, мәңгілік тыным табатын орны зират деп білген. Кесене, мола, қорым деп жатамыз, бұл қасиетті, тылсым орын. Бұрын адамдар аруақ сыйлайтын, зираттан қорқатын. Айдалада жол жүріп келе жатқанда, жалғыз-жарым зират көрсе, соны ес тұтып, сонда түнейтін еді. Аруақтар басына түнеп, Баба түкті Шашты Әзіз сынды әулиелерден, Алладан тілеу тілейтінді.
Кезінде Александр Македонский Түркі даласына жорық жасапты деген аңыз бар. Бетпе-бет келіп соғысайын десе, біздің бабаларымыз ой-шұңқырын жақсы білетін тау-тасқа арқа сүйеп, жеңіске жете беріпті. «Бұларды бетпе-бет соғысқа қалай шығарамыз» деп бас қатырыпты, сонда бір білгір «бұл халық аруағын қатты сыйлайды, моласын қиратсақ, өздері-ақ соғысқа шығады» депті. Айтқандай-ақ, жау молаларды қирата бастағанда бабаларымыз бес қаруын асынып, соғысқа кіріскен екен. Осының өзінде біздің аруаққа деген, ата-бабаға деген құрмет жатыр. Аруақ шақырылғанда атқа қонбайтын қазақ жоқ. Бұл аруақтың қасиеті мен киесі.
Мұндай көргенсіздік Кеңсайда бұрын да болған. Мұны вандализм дейді. Баукеңнің моласын тонап, зират сыртындағы мысты сату үшін ұрлап кетіпті. Бұған тиісті органдар жауап беруі қажет. Ол да бір тыныш жатқан «ауыл» ғой. Тыныш жатқан аруақтарды мазалауға болмайды, киесі атады. Сол үшін онда бейнебақылау камераларын қою керек. Қаланың түкпір-түкпірінде камера самсып тұр, бұл адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сол сияқты аруақтардың рухын қамтамасыз ететін камера керек. Кеңсайға барғандардың бәрі қақпадан кіреді, басқа жақтан кірмейді. Қақпада имамдар ғана отыр, қарауыл жоқ. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмаған соң адам ойына келгенін істейді. Сол үшін камера орнатып, күзет қою қажет. Ұрылар сонда ғана аяғын тартады. Есі дұрыс, естияр адам мұндай әрекетке бармайды. Мұны істеп жүрген алқаш, нашақорлар болуы мүмкін.
Аруақтар тыным тауып, тыныш жатуы керек. Тірілерден қорлық емес, қамқорлық көруі қажет. Кез келген есі дұрыс ел аруақтарын қорлатпайды, рухы тыныш жатқанын қалайды. Сол үшін бұл мәселені аяқсыз қалдырмай, қолға алғанымыз жөн. Қала әкімшілігі ме, полиция ма, жауапты болып, қауіпсіздікті қамтамасыз етсін.
Маралтай Райымбек, ақын