Аружан Мерекебек: АҚШ – біздің медиада айтылатындай мінсіз ел емес

Былтырғы есептерге сүйенсек, АҚШ-та 17 мың қазақстандық тұрып жатыр. Бұл ресми мәліметтер, ал бейресми статистика бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Отандастарымыз жұмыс істеуге де, білім алуға да, тәжірибе жинауға да, тіпті өмір сүруге де АҚШ-қа баратын болған.
Әсіресе жас буынның басым бөлігі дәл осы елге баруды армандайды. Оның себептері көп. Шетелге баратындардың мақсаты әртүрлі. Соның бірі – жұмыс істеп, тәжірибе жинап, ақша табу үшін мұхит асқысы келетіндер. Алайда мұның жолы да жеңіл емес. Әсіресе Америка билігіне Дональд Трамп президент болып келгелі АҚШ-та заңсыз жүретіндерге заң қатайды. Жұмысшыларды да тексеру күшейді. Біз бүгін осы және өзге де өзекті мәселелер туралы АҚШ-қа арнайы бағдарламамен барып, жұмыс істеп келген Аружан Мерекебекпен сөйлестік.
АҚШ-тың экономикасы ғана емес, маркетингі де мықты
Тек қазақстандықтар ғана емес, өзге де көптеген елдің азаматтары, әсіресе жастары Америкаға баруды армандайды. Ең біріншіден, экономикасы мен өмір сапасы жақсы болғандықтан, табыс деңгейінің жоғарылығынан бұл ел өзіне «тартады». Әрі маркетингі де мықты. Бұл енді сөздің тура мағынасында емес, әрине. Мәселен, біз көретін фильмдер мен сериалдар, мультфильмдер мен басқа да мультимедиялық контенттер АҚШ-та өндіріледі. Немесе АҚШ азаматтарының жұмысы. Демек, ондағы өмір салты мен идеялардың, қала мен табиғатының танымалдылығы жоғары.
Сондай-ақ тілдің де маңызы зор. Ағылшын тілі бәрімізге керек. Оны үшінші тіл ретінде мектеп кезінен бастап меңгертеді. Осы аспектінің үлкен перспективалар ашатынына көзі жеткендер ағылшынды үйренуге барын салады. Бұл орайда да әдетте АҚШ-тағы өмір мен басқа дүниетаным сіңіріле береді. Бізде үш ғана мегаполис болса, онда барлық қалалар әдемі, адамдары еркін деген ой қалыптасады. Өзің байқамай осының бәрін сіңіре бересің. Содан келіп тұрып көрсем, барып келсем, көшсем деген ойлар пайда болады. Әрі АҚШ-қа барған, тұрып жатқан, оқитын отандастарымыздың контенті де әсер етеді. Олардың «арманын» орындағанын көріп, сен де ұмтыла бастайсың.
Мен де тура осындай қарапайым себептермен Америка көруді армандадым. Ол ой орта мектепте оқып жүргенде-ақ ішіме бекініп алған. Онда біржола немесе уақытша көшу ең алдымен қаржылық жағдайдың жақсы болуын талап етеді. Сондықтан не оқуға, не туристік мақсатта бару жағын ойландым. Әлемдік көшті бастап тұрған университеттерге түсу оңай емес. Тіл мен тестілеулерде талап жоғары. Сондықтан алғашқыға Work and Travel бағдарламасын қарастырдым. Бұл үшін дайындыққа көп уақыт жұмсамайсың. Тілді базалық деңгейде меңгерсең, тиісті соманы жинасаң болғаны. Шамамен үш ай жұмыс істеп, басқа елдің тұрмысы мен мәдениетін көріп, аралап та үлгересің.
Қауіпсіздікті басты назарда ұстау керек
Мен аталған бағдарлама жайлы жоғары оқу орнына түскен соң білдім. Сол уақытта жазғы мезгілде таныстарым мен қатарластарым Нью-Йорктан фотолар жүктеп, АҚШ-тағы қызықтарымен бөлісетін. Бала арманым есіме түсті. Өзім секілді адамдардың қолынан келді ғой, мен де жасаймын деген мақсат туды. Бұрыннан ағылшын тілін қызығушылықпен оқығанмын. Ол жағынан қиындық болмады. Бірақ шығын аз емес. Бару-келу қымбат, виза алу қиын. Тәуекел етіп, бағдарлама бойынша агенттіктер іздестірдім. Бұл жағынан қызмет ұсынушылар аз емес. Әсіресе Астана, Алматы сынды ірі қалаларда таңдау көп.
Мен таңдаған бағдарламаның негізгі мақсаты – мәдениет алмасу. Оның аясында студенттер жазғы демалыс кезінде АҚШ-та жұмыс істеп, табыс табады, ел аралайды. Қатысушылар қонақүйлерде, мейрамханаларда, дүкендерде, аттракциондарда және басқа да маусымдық жұмыс орындарына орналасып жатады. Мысалы, үш ай біздің мегаполистерде жұмыс істеу аса тиімді емес. Табысы аз. Тек қауіпсіздік, құжат жағын, агенттіктердің қызмет сапасын қарау қажет. Осыларды дұрыс таңдаса, қиналмай еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік жасалған. Сөйтіп, он айдай дайындалып, өткен жылдың жазында барып қайттым.
Неліктен виза алу қиын?
АҚШ-қа виза алу неге қиын деген сұраққа келсек, талаптардың күрделі болуы – АҚШ үкіметінің елге кім кіріп, кім кірмейтінін қатаң бақылауда ұстағысы келуімен тікелей байланысты. Бірінші мақсат қауіпсіздік болса, екіншіден, көші-қон ережелерін бұзу қаупі де жоғары. Көптеген елдерден, соның ішінде Қазақстаннан да кейбір азаматтар АҚШ-қа уақытша визамен кіріп, сол елде заңсыз қалып қойып жатады. Сондықтан елшілік кез келген виза сұраған адамға ең алдымен «қайтып келе ме, әлде қалып қоюы мүмкін бе» деген призмамен қарайды. Әңгімелесу кезінде де осы сауалға басымдық беріледі. Негізінен, виза алуға барғандардың жартысына жуығы «отказ» алып қайтады. Бұл төмен көрсеткіш емес... Жалпы алғанда, былтыр АҚШ визасының бас тарту деңгейі әлем бойынша 6 пайыздан сәл асты. Ең қызығы, аталған көрсеткіш – соңғы 18 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.
Маған консул екі сұрақ қойды. Шама-шарқымша жауап бердім. Құжатты қолыма алғанда қатты қуанғаным рас.
Романтизация ТМД елдерінде кең тараған құбылыс
Өткен мамырдың соңында армандаған Америкаға жеттім. Канадамен шекаралас Мэн деген штатқа бардым. Сондағы Сако атты кішкентай қалада жұмысқа орналастым. Әрине, алдын ала бұл елді мекен жайлы іздендім. Ол 1631 жылы Биддефорд қаласымен бірге плантация ретінде бой көтеріп, арада ғасырдан астам уақыт өткенде Pepperellboro Township болып қайта құрылған. Кейіннен 1867 жылы қала мәртебесін алыпты. Атауы сондағы өзенге байланысты болса керек. Халқының саны 20 мыңдай ғана. Соған қарамастан, дамыған, өте қолайлы жер, тыныш.
Адам өзі көрмеген нәрсеге қатысты көбінесе оң көзқараста болады. Ал көрген соң соның біразы дерлік өзгереді. Менің де бұл елге қатысты біраз ойым ақталды, қалған бөлігі басқаша болып шықты. Ол заңдылық та шығар. Мәселен, АҚШ-та біз көріп қалған әдеттегі бейнелер жоқ. Әртүрлі ұлттың өкілдері, әртүрлі елдің азаматтары жүреді. Бірге жұмыс істейді. Американдықтар көмек қолын созуға дайын, үнемі күліп жүреді. Атмосфера мүлде басқаша. Өмір салттары расында бөлек. Бірақ дәл медиада немесе біздің елімізде романтизациялайтындай мінсіз емес.
Америкаға деген романтизация әсіресе ТМД елдерінде кең таралған құбылыс секілді. Оның себебі ретінде тарихи, мәдени және әлеуметтік факторлар келтіріліп жүр. Кеңес заманында батыс әлемі еркіндіктің, дамудың, мүмкіндіктердің символы ретінде қабылданған деседі. Жоғарыда айтқанымыздай, Голливуд фильмдері, музыка, әлеуметтік желілер мен жаңалықтар арқылы АҚШ-тың өзіндік «образы» қалыптасты. Әсіресе әдемі өмір, мансап, жайлы үйлер мен кең аула, сапалы білім мен медицина ассоциациясы кең тарады. Кейіннен бұл феноменге «американская мечта» деген айдар тағылған.
Көп адам өз еліндегі экономикалық тұрақсыздық, жемқорлық, әділетсіздік секілді мәселелерден шаршап, бәрі әділ, дамыған және қауіпсіз болып елестейтін АҚШ-қа асығады. Немесе іштей тартылыс пайда болады. «Американская мечта» осы мәселелерді шешіп, адам өз күш-жігерімен, еңбегімен, табандылығымен және қабілетімен табысқа жете алады деген идеядан тұратын феномен. Бұл көзқарас мүлде негізсіз деуге келмес. Алайда шын мәнінде АҚШ-та өмір сүру біз ойлайтындай оңай емес. Мәселен, «өмір сүру» қымбат, денсаулық сақтау мен білім алуға көп шығын кетеді. Ал иммигранттар тіл, мәдениет жағынан қиналып, заң тұрғысынан көп кедергіге ұшырайды.
Орынсыз пікірдің де орны бар
Бірақ бейімделген, үйренген, тырысқан адамға бұл расымен де үлкен мүмкіндіктер елі. Ол туралы пайымдарым әлі қалыптаса қоймады. Десек те, осы үш айым маған көп нәрсені үйретті. Бізде «өзіңді дәлелдеу» деген планка бар. «Ұят болады» деген барьер де көп шектеу қояды. Әрі асығу белең алған. Өмір сүруге, үлгеруге, алуға, беруге, тағы басқасына. Ал америкалық өмір салты мен онда қалыптастырған, сіңірген дағдыларым өзімді бос, еркін ұстауға үйретті. Әсіресе елге оралған соң өзімдегі өзгерісті анық аңғара бастадым.
Орынсыз пікір айтсам да, ол пікірдің қоғамда орны бар екенін, болатынын түсіндім. Дұрыс немесе бұрыс деген категорияның жоқ екенін ұқтым. Өзіңді жеке адам, тіршілік иесі, жай ғана қоғамның бір бөлшегі ретінде жақсы көруді, құрметтеуді меңгердім. Әңгіме ретінде айтып отырғанда, осының бәрі көзге көрінбейтін, елеусіз ғана нәрселер. Бірақ оның әрқайсысы сенің мінезің мен өз-өзіңді ұстауыңа, қоғаммен қарым-қатынасыңа жаңа серпін береді, өзгеше сипат сыйлайды екен.
Әрі өз құқықтарыңды қорғау мен өзгенің құқығын сыйлауға деген ерекше ұмтылысты байқадым. Бәріміз білетіндей, Америка адам құқықтары мен оны қорғау жағынан көшбасшы позицияда. Ол ой, сөз бостандығы, діни еркіндік, нәсілдік теңдік, гендерлік құқықтарды қорғау сынды аспектілерден байқалады. Нақты қадамдар мен саясатты айтпағанда, адамдар бұл нәрселерге өте толерантты қарайды. Әрине, салыстырмалы түрде... Әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау жағы да жақсы дамыған.
Жаңа «америкалық арман»
Енді ЖОО дипломын қолыма алған соң АҚШ-қа барып білім алуды жалғастырғым келеді. Онда бір бағдарлама аясында барып жұмыс істеу бөлек. Ал стипендия алып, әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерде білімгер атану мүлде басқа.
Бұл «арман» да тек маған немесе қазақстандық жастарға ғана емес, бүкіл әлем елдеріндегі азаматтарға ортақ. Өйткені ондағы білім беру жүйесінің сапасы мен беделі жоғары. Әлемдік білім беру рейтингтерінде алдыңғы орындарды иеленетін Гарвард, MIT, Стэнфорд, Йель секілді үздік университеттері бар. Дипломдары жаһандық деңгейде мойындалатын тағы да басқа оқу орындары жетерлік. Дипломның өзінен бұрын, білім алу мен өзіңнің сол дипломға лайық екеніңді дәлелдеп шығудың өзі үлкен ізденіс пен еңбекті, табандылықты қажет етеді.
Оған қоса, америкалық білім жүйесі өте икемді. Көп елдер әлі де ескі бағдарламалармен оқытады. Жастарға көнерген түсініктерді сіңіруге тырысып, осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын актуалды болған нәрселерді үйретеді. Ал АҚШ трендтен қалмайды. Тіпті білім мен ғылым саласындағы трендтерді жасайды десек те артық болмайтын шығар. Білім беру бағдарламасы да, технологиясы да, оның сапасын бақылау да бүгінгі заман дидарына сай, инновациялық тұрғыда дамыған. Бұл – менің интерпретациям. Әркім әр жағын көреді, қабылдайды, тырысады. Бірақ менімше, білімді, амбициясы зор жастардың көпшілігі АҚШ пен ондағы жоғары білім туралы осындай ойда.
Мысалы, бәрімізді таңғалдырған Гарвард университетінің кейсін алып қарайықшы. Жаңалықтардан бастап барлық әлеуметтік желілерде осы тақырып талданып жатыр. БАҚ саяси-әлеуметтік негізде көрсетуге тырысып, пікірталас күшейді. Ал Америкада оқығысы келетін студент үшін бұл тағы да мотивация. Ондағы шекаралар біздегі секілді емес екен деген ой дәлелін кезекті рет тапты. ЖОО-ның өз академиялық еркіндігі үшін күресі мен мызғымайтын позициясы бар. Олар кімге де болсын осы нәрсені ашып айтады, көрсетеді.
Жазып алған
Б.МЕЙІРБЕК