Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:08, 24 Маусым 2022

Арылу амалы: Үкімет артық рубльді шетел асырмақ

None
None

Үкімет банктерде жинақталған Ресей рублін әкетуге рұқсат бермек ниетте. Ашық НҚА порталында осыған қатысты «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» туралы үкімет қаулысының жобасы жарияланды.

Санкция құрсауында тұрған валютаның елде жатқаны биліктегілерді де алаңдатқан тәрізді. Ендігі сауал: бұл қадамның Қазақстан үшін экономикалық жағынан зияны болуы мүмкін бе? Әлде осы арқылы елдегі банк қоры реттеле ме?

                 

«Негатив факторға соқтырмайды»            

Аталған жоба мәтінінде: «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне 2022 жылғы 15 шілдеден бастап, 2022 жылғы 31 тамызға дейінгі кезеңде екінші деңгейдегі банктердің кассаларында 2022 жылғы 15 маусымдағы сағат 23:59-ға жинақталған көлемі шегінде қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат етілсін», – делінген. Қоғамдық талқылау 29 маусымға дейін жүргізілмек. Енді біз бұл мәселені екіге бөліп қарастырсақ болады.

Біріншіден, биыл наурыздың ортасында қаржылық тұрақтылыққа төнетін қатер мен алыпсатарлыққа қатысты сұраныстың қысымын төмендету үшін президенттің Жарлығымен шетелге 10 мың АҚШ долларынан артық қаржыны әкетуге тыйым салынды. Оның ішіне, қолма-қол шетел валютасы да енеді. Әзірге, жарлық күшінде. Ал рубльді әкетуге рұқсат берсек, оның соммасы миллиондармен өлшенетіні анық. Сонда жарлық қайда қалды? Осы сауалымызға үкіметтен жауап алдық.

Айтуларынша, президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 жарлығының 1-тармағы, 4-бөліміне сәйкес, 2022 жылғы 13 маусымнан бастап, екінші деңгейдегі банктердің төлемге қабілетсіз және айналымға жарамсыз қолма-қол шетел валютасын әкетуіне тыйым салу алып тасталған. Бұл рұқсат төлемге жарамсыз және айналымға жарамсыз кез келген қолма-қол шетел валютасына қатысты болмақ.

«Егер жоба құпталса, 15 шілдеден бастап, 31 тамызға дейін айналымға жарамды ресей рублін әкетуге рұқсат беріледі», деген жауапта.

Екінші мәселе, рубльді әкетуге рұқсат берілді делік. Ал оның ел экономикасына әсері қандай болмақ? Міне, осы сауал жол тосады. Дегенмен экономист Бауыржан Ысқақов бұл тұста еш проблема болмайтынына сенімді. Өйткені онсыз да санкция шырмауында жүрген валютаның аса бір пайдасы жоқ көрінеді.

– Қоғамдық талқылаудан өтетін болса 15 шілдеден 31 тамызға дейін екінші деңгейлі банктерде жиналып қалған рубльді әкетуге мүмкіндік туады. Мұндағы басты проблема – елде жиналған рубльдің мөлшері нарықтың сұранысынан да артып кетті. Оның үстіне, еліміздегі екінші деңгейлі банктер рубльді қабылдауға және депозитте сақтауға 20 пайызға дейін комиссия бекітіп жатыр. Келеңсіз факторлардың алдын алу үшін нарықтан тысқары, артылып қалған валютаны шығарған жөн. Мемлекет бұдан экономикалық зиян шегеді деп айта алмаймын. Көрші мемлекеттің өзі де, валютасы да санкцияға түскеннен соң, керісінше, оның елден шығарылғаны абзал болуы мүмкін. Сондықтан негатив факторға соқтырмайды, – дейді маман.

               

Санкциядағы валютаның сергелдеңі

Негізі, наурыздан бастап-ақ солтүстіктегі көршінің қаржы секторындағы жағдай мәз болған жоқ. Тіпті сол кезде Ресейде доллардың бағамы деноминациядан бері алғаш рет 120,81 рубльден асты. Жаңа тарихи максимум. Ресейдің валюта нарығында қалған доллар мен еуроны қолы жеткен жұрт түк қоймай, талап алып кетті. Ресейдің Орталық банкіне бір күнде 2 миллиард долларға интервенция жасауға тура келгенін білеміз. Ресей рублінің әрі қарай тұңғиыққа құлауына Батыс елдерінің жаңа санкция енгізіп, көршінің мұнайы мен газына эмбарго белгілеуі, оны сатып алудан бас тарта бастауы түрткі болды. Осылай Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеу биржасы тек валюта сатумен ғана айналысты. Ресей билігі азаматтарға доллар мен еуро сатып алуға тыйым салды. Оған сәйкес, банктер 2022 жылы 9 қыркүйекке дейін халыққа қолма-қол валюта сатпайтын болған. Сондай-ақ шетелге ақша күйінде тек 5 мың долларды ғана шығаруға рұқсат. Бұрын сыртқа 10 мың долларды тегін шығаруға, одан асқанын декларациялауға міндеттейтін.

Валютаны банктің қосымшалары арқылы онлайн сатып алуға мүмкіндік бар. Бірақ оның бағамы тым жоғары болды. Бұл ретте, валюталық депозиттерден тек 10 мың долларды ғана шешіп алуға рұқсат етіледі. Қалғаны – күн сайын құнсызданып жатқан рубльмен ғана берілді. Дегенмен осы кезге дейін рубль ақырындап күш жинап үлгерді. Қазір 1 долларға шаққандағы орташа бағамы 54,50 шамасында тұр. Алайда бұның өзі түрлі қысым арқылы келген нәтиже екені анық. Біз бұның бәрін неге тізбектедік? Рубльдің құнсыздануына қатысты проблема басталғаннан-ақ көрші елдің азаматтары Қазақстанға келіп доллар сатып алуды бастады. Бұл үрдіс қазір де жалғасып жатқанға ұқсайды. Көктемде көптеген сарапшылар доллар іздеген ресейліктер елімізге ағылуы мүмкін екенін айтып алаңдады. Сол кезде мәселені көтерген қоғам белсендісі, кәсіпкер Фарида Сембаева биліктегі қаржылық реттеушілерге ұсыныс жолдаған болатын-ды.

«Біз қаржылық секторымызды, тұтастай экономикалық кеңістігімізді ресейліктердің «шапқыншылығынан» қорғап қалудың қамын жасауға тиіспіз. Әйтпесе, 92-ші жылы Ресейде жаңа рубль енгізілгенде, олар жарамсыз болып қалған кеңес рублін бізге әкеліп төгіп, сол қу қағазына ресурстарымызды сатып алып кеткен. Қазір де Ресей ауыр санкциялар астында қалып, рублі қайтадан макулатураға айналуда. Салдарынан, ресейліктер сол макулатурасын біздің нарыққа лақтыра бастады. Жалған тұлғалар арқылы олар біздің қалаларымызда жаппай доллар мен еуроны сатып алады. Соның кесірінен, рубль соңынан теңге құнсызданады», – деген еді Сембаева.

Оның болжамынша, осыдан кейін ресейліктер Қазақстандағы барлық импорттық тұрмыстық техниканы, машиналарды, запастық бөлшектерді, жанар-жағармайды, азық-түлікті және басқасын жаппай сатып әкете бастауы мүмкін болған. Шыны керек, бұл болжамның кей нышанын аңғарып та қалдық. Мәселен, сәуір мен мамырда еліміздің батысы мен солтүстіктегі облыстарында ресейліктер қаптады. Кейбірі көшіп келсе, басым бөлігі өзіне керек затын тасымалдап әкетті. Абырой болғанда, қазір тоқтаған сыңайлы. Әйтпесе, бізде де сөрелер бос қалып, заттың бағасы шарықтар еді. Әрісі, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнсе, таңғалмайсыз. Онсыз да соңғы айлары елде азық-түлік пен басқа да тауарлар қымбаттап, инфляция 13,5 пайызға дейін өскенін ұмытпаған абзал.

Түйін: Шынында, қаржылық саладағы жағдай әлі де күрделі. Ішкі және сыртқы фактордың әсерін сезіп отырмыз. Біріншісі, ішкі өндірісті дамытпай, импортқа тәуелділіктің зиянын шектік. Екіншіден, солтүстіктегі көршімізбен экономикадағы тығыз байланысымыз көп жерде сан соқтырды.

Сондықтан рубльді әкетуге рұқсат беру жағынан бөлек, салаға жауаптылар көп дүниеге зер салса дейміз.

                                                                 

Тегтер: