Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:13, 10 Желтоқсан 2021

Арық сөйлеп, семіз шығайық

None
None

        Осыдан он күн бұрын, өткен айдың 27-жұлдызында Қазақстанда азаматтық белсенділерге қозғау салған, бірақ қалың көпшіліктің назарынан біршама тыс қалған екі құрылтай өтті.

Ұйымдастырушылар барлық күш-жігерлерін салса да, әлеуметтік желіге арқа сүйеген іс-әрекет, менің ойымша, әр тараптан жиналған азаматтардың пікірлесіп, қарар қабылдайтын жиналыстың деңгейінен аса алған жоқ. Ең қызығы, оның басты себебі  әлеуметтік желіде жатқан сияқты. Көпжылдық ұйымдастырушылық тәжірибесі бар азаматтардан тұратын Алматы құрылтайы (алғашқыда онлайн тәсілімен өтеді деген хабар болды) осыдан бұрынғы жиындардың ізімен өтсе, астаналық құрылтайдың ұйымдастыру кезеңінде пікір қайшылығы да, айтыс-тартыс та орын алды. Ақыр соңында өздеріне айтылған сын-пікірлерге шыдамаған ұйымдастырушы топтың екі басшысы өздері ашқан чаттан өздері шығып кетті. Құдайға шүкір, құрылтай кезінде ондай эмоцияға орын берілген жоқ. Сондықтан екі құрылтайды ұйымдастырушыларға рақметтен басқа айтарым жоқ дей келе, «Айтылмаса сөздің атасы өледі» демекші, қысқаша пікірімді білдіре отырып, көңіліме кірбің салған бір-екі мәселеге тоқталғанды жөн көрдім. Мүмкін, бұл пікірім келешекте «құрылтай ұйымдастырамыз» деген ниет білдірген азаматтарға ой салар деген үмітім де жоқ емес.

       Біріншіден, астана құрылтайын ұйымдастырушылардың «осыған дейінгі ұйымдар мен танымал саясаткерлерден шаршадық, олардың қолынан ештеңе келген жоқ, сондықтан құрылтайды оларсыз-ақ өткіземіз» деген тұжырымын өз басым толықтай қабылдаймын. Жаңа күш, жаңа құрылым керек. Өмір бір орнында тұрмайды, кез келген ұйым, құрылым өз деңгейінде жұмыстарын жасап, барлық күш-жігерлерін беріп болғаннан соң, өздерінің соңынан шыққан топқа жол бергені дұрыс. Әрине, бұл процесс бірін-бірі қараламай, төмендетпей, тәжірибені бөлісе отырып жүзеге асатын болса, нұр үстіне нұр болады. Сондықтан «бұрынғы көсемдер келіп, халықты соңынан ертіп алып кетпесін» деп алаңдамай, саяси-қоғамдық өмірде жүрген азаматтарды қонақ ретінде шақыру – саяси мәдениеттіліктің белгісі. Шақыруды мен де алдым. Өкінішке қарай, сол уақытта іссапарда болғандықтан, жиынға қатыса алмайтынымды айтып, құрылтайға жақсы нәтижеге жетуді тілеп, жылы лебізімді жолдадым.

        Екіншіден, құрылтайда қабылданған қарарда көрсетілген мәселелердің барлығына қосыламын, қабылдаймын. Бұлардың барлығы осы уақытқа дейін де айтылып, жазылып жүрген, халықтың жүрегіндегі, басындағы, қанындағы көкейкесті пікірлер. Бұл жерде осы мәселелер тек талап түрінде беріліп отыр. Әрине, кейбір мәселелерді қосу керек еді дейтіндер табылар, бірақ іріп-шіріп бара жатқан қоғамның барлық мәселесін түк қалдырмай тізіп беру – ешқандай нәтиже бермейтін жұмыс. Талаптардың саны азайған сайын, оның салмағы да басым болады. Өз басым бес талаппен шектелер едім.

       Үшіншіден, менің ойымша, құрылтайдың негізгі мақсаты – талаптар орындалмаған уақытта бейбіт шеруге шығу. Ұйымдастырушылардың ең басты жұмысы да осы болу керек. Өкінішке қарай, құрылтай үстінде осы бір ең маңызды мәселе – бейбіт шерудің ұйымдастырылуы, стратегиясы мен тактикасы талқыға түспей, жабулы қазан күйінде қалды. Өз басым билік құрылтайдың талаптарын белгіленген мерзімде орындайды деп ойламаймын, демек, халыққа жар салған жиынның жетекшілері сол шеруді жүзеге асыруға жауапты екендерін естерінен шығармаулары керек. Егер бұл жұмыстар әрбір аймақта, әрбір облыста жоспарға сай жүргізіліп жатса – үлкен респект, ал «біз шығатын күнді белгіледік, ендігісін халықтың өзі біледі» деген ұстаным  жауапсыздықтың белгісі болып табылады. Халықты көшеге шығару қиын жұмыс емес, оны басқару, керек кезінде тоқтата білу, белгіленген кезеңде қайта алып шығу – құрылтайдың, құрылтайға қатысқан азаматтардың ең басты міндеті.

         Енді жоғарыдағы көңіліме кірбің салатын мәселеге келейін. Құрметті азаматтар, біз осы «құрылтай» деген, қазақ үшін аса қасиетті сөзді соңғы уақытта арзандатып алған жоқпыз па? Соңғы үш жылда төрт құрылтай өткізіппіз. Мүмкін, осы атауды өзіміздің жиындарымызға ерекше бедел беру, жалпыхалықтық көрініс беру мақсатында пайдаланып жүрген шығармыз. «Сөз бәріне де шыдайды» деген қанатты тіркес бар, бірақ әрбір сөздің өзіндік ұғымы бар емес пе? («Асау ат» дейміз, «асау тышқан» деп өлсек те айтпаймыз ғой). «Құрылтай» сөзінің мәнін кетіріп, кез келген жерде қолдана берсек, ертең шын мәнінде ел басына күн туғанда шақырған құрылтайға ешкім келмей қала ма деп қорқамын. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді қазақ. Әрине, әрбір ұйымдастырушы топтың өз жиындарына қандай ат береміз десе де, өз еріктері. Бірақ конференция мен жиналыстың, семинар мен құрылтайдың сессия мен съездердің, форум мен конгрестің  өзіндік айырмашылықтары мен ерекшеліктері болады. Бір күнде (27 қараша, 2021 жыл) қазақ халқының атынан екі құрылтайдың өткізілуінің өзі бұл жиындардың «құрылтай» атауына сай келмейтінін көрсетеді. (Осы жерде есіме 1991 жылғы бір оқиға түседі. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының жиналысы 5 қазанға қойылғаны мұң екен, Олжас пен Мұхтар ағамыз бастаған «Халық Конгресі» партиясының құрылтайы да сол күнге қойылды. Аты танымал екі ақынның беделін көзді жұмып мойындайтын көптеген «азаттықтар» біздің жиынға келе отырып, «Халық Конгресіне» кетіп қалған. Оның ішінде «Азат» қозғалысының қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген Марат Шорманов ағамыз да бар). Сондықтан Алматыдағы жиынды «оппозициялық топтар мен азаматтардың жиналысы», ал астанадағы жиынды «Қазақстандағы азаматтық белсенділердің жиналысы» деп атаған дұрыс сияқты. Ондай атаудан жоғарыдағы басқосулардың атағы көмескіленіп, беделі төмендеп, нәтижесі жоғалып кетеді деп ойламаймын.    

        Құрылтай жасаушылардың (қазіргілер де, болашақтағы ұйымдастырушылар да) тағы бір естен шығармайтын мәселесі – өкілдікті анықтау. Егер қазақ халқының әрбір жүзінен немесе әрбір руынан өкілдер келсін десеңіз, сол рудың халық сыйлаған атқамінерлері жиналып, құрылтайға жіберетін жандарды сайлап, өкілдік берулері шарт. Ал республика көлемінде құрылтай өткізуге ниет еткен азаматтар ең болмаса әрбір облыстың өкілдігін алып келуі керек. (Осы жерде «Қазақ құрылтайы» чатындағы бір азаматтың «Билік базарда жүрген он шақты жұмыссызды алып, өздерінің адамдарын басшы қылып жіберсе, оларды да бір облыстың өкілдері деп қабылдаймыз ба?» деген сияқты ой айтқаны есімде).

        Кейбір оқырмандар «алдымен өзің құрылтай өткізіп көрсеңші» деуі мүмкін. «Біз де бала болғанбыз» демекші, Қазақ еліндегі алғашқы құрылтайды, тәуелсіздігімізді қайта алғаннан кейінгі 19 жылдан соң, 2010 жылы «Ұлт тағдырының» бастамасымен бірнеше ұйым бірігіп өткізген болатын. Алғашқыда сол уақыттағы барлық ұлттық бағыттағы ұйымдар мен азаматтарды жинап, мәслихат құрып, ұйымдастыру орталығын сайлап, алты айдан кейін ғана жиынның уақытын белгіледік. Басында біз де «Қазақ құрылтайы» деген айдар таққанмен, кейін барлық қазақтан өкілдік алып келетін мүмкіндік жоқ болғанын көріп, «Қазақ ұлтшылдарының құрылтайы» деген атпен өткізуге тура келді. Әр облыстағы ұлтшыл азаматтардың басын қосып, Алматыдағы құрылтайға баратын өкілдер сайланып, хаттамасы бізге жіберілді. Облыстардан 120-дан астам делегат келсе, Алматыдағы ұлтшыл азаматтар мен арнайы шақырылған қонақтарды қосқанда, құрылтайға 340 адам қатысты. Оларды қарсы алу, орналастыру, жол күресін төлеу, тамақтандыру, екі күнге созылған жиынды басқару, құжаттарын дайындау т.б. – бұлардың барлығы біздің басымыздан өткен жағдайлар. Алайда өз басым әлі күнге дейін өткізу тәртібі жағынан форумға келетін сол жиынға «құрылтай» деген атау сай болды ма деп ойланамын. Және жоғарыдағы екі жиынды дайындаған жандардың қандай еңбек жасағанын бір адамдай білемін.

Пы.Сы.  «...15 — 18 ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін Құрылтай шақырылған (қ. Қарақұмдағы халық құрылтайыОрдабасы құрылтайы). 1920 ж. Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді Орталық Азия елдерінде мемлекеті биліктің жоғары органы Құрылтай болды. Қазіргі Моңғолияның заң шығарушы органы — ұлы халық хуралы. Моңғол және түркі елдерінде бұл жиналыс, кеңес деген мағынаны білдіреді;

Құрылтай — партиялардың, қозғалыстардың, т.б. өзге де қоғамдық бірлестіктердің аса маңызды мәселелерге байланысты бастапқы басқосу жиылысы».[1]

Тегтер: