Арыста экстремистік материалдарды таратқан азамат ұсталды
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысыныңПолиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері деструктивті-діни ағымның идеологиясын насихаттайтын экстремистік сипаттағы бейнероликтер мен басқа да материалдарды орналастыру деректерін анықтады.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында экстремистік материалдарды таратқан Арыс қаласының тұрғыны жас жігітті анықтап, ұстады.
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, тінту барысында ұсталған адамнан діни сипаттағы аудио жазбалары бар ұялы телефондар, тыйым салынған діни әдебиеттер және өзі жазған парақтар алынған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) бойынша тіркеді. Ұсталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Полиция Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми интернет-ресурстарындағы әдебиеттер мен материалдарды басшылыққа алып, жеке басының қауіпсіздігі мақсатында әлеуметтік желілердегі күмәнді сайттар мен топтарға кірмеу керектігін ескертуде.