Арыстағы жарылыстан бір адам қаза тапқаны хабарланды

25.06.2019, 03:00

51

Арыс қаласындағы жарылыстан бір адам қаза тапты. Бұл туралы Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Ақжол ауылы, Жамбыл мектебінде өткен брифингіде Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Әкімнің сөзінше, тұрғынның көлігіне снаряд түскен.

Түркістан облыстық әкімдігінің есебінше, жарылыстан кейін кем дегенде 31 адам ауруханаға жеткізілген.

Брифингіде қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жарылыс әлі жалғасып жатқанын, қауіп сейілмегенін хабарлады. Министрдің сөзінше, әскери қоймадағы жарылыс бірнеше күнге созылуы мүмкін.

«Радиациялық снарядтар болмады. Радиация қаупі жоқ» деді Ермекбаев.

Брифингіде төтенше жағдай комитетінің өкілдері тұрғындардан үйлеріне бармауды сұрады. Комитеттің хабарлауынша, қойма маңы әлі өртеніп жатыр.

Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, «1616 адам билік ұсынған көліктермен эвакуацияланған. Ал ондаған мың тұрғын өздері әртүрлі жолмен қаланы тастап кеткен».

Reuters және AP халықаралық ақпарат агенттіктері Арыс қаласынан ондаған мың адам қаладан кеткенін хабарлады.

24 маусым таңертең Арыстағы әскери қоймада жарылыс болды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Арыстағы Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Қазақстан үкіметі алғашында «жарылыстан зардап шеккендер жоқ» деп хабарлаған.

Кейін Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылыстанзардап шеккен ондаған адам Шымкенттегі №1 қалалық ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Аурухана бас дәрігері Абылай Донбай халі ауыр үш адам жан сақтау бөліміне жатқызылғанын айтты. Бұдан бөлек, Отырар ауданындағы орталық ауруханасында Арыстағы жарылыстан жапа шеккен 34 адамға медициналық көмек көрсетілген.

Жарылыс болған Арыс тұрғындарын Шымкентке жеткізді Фотогалерея

Жарылыс болған Арыс тұрғындарын Шымкентке жеткізді

Маусымның 24-і күні таңертең Арыс қаласындағы әскери қоймада шыққан өрт жарылыстарға ұласып, ондаған адам зардап шекті. Түркістан облысы әкімі төтенше жағдай жариялады. Арыс тұрғындарын қаладан көшіру туралы шешім қабылданды.

Қазақстан билігі 800 сарбаз мен облыстық полиция департаментінен жүздеген полицей Арыс қаласына жіберілгенін мәлімдеді. Әскерилер мен полицейлер Арыс тұрғындарының үйін күзетіп, қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. ​

ІІМ Арыстағы жарылысқа байланысты Қылмыстық кодекстің "Қару және қауіпті заттарды сақтау ережесін бұзу" бабы (462-бап, 1-тармақ) бойынша іс қозғады.

Арыста бұған дейін де бірнеше рет жарылыс болған. Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы мен жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

2014 жылы Арыс қаласындағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, екі адам қаза тапқан.

2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

43 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласы Шымкенттен 97 шақырым жерде жатыр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Мұғалімдер vs Кітапханашылар: Аймағамбетов кім жағына шығады?
    10:11
  • «Утемисов», «Датулы», «Клышев» көшелерінде тұрамыз
    30.11.2020, 14:35
  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    30.11.2020, 13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    30.11.2020, 13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26