АРЫСТАНБЕК VS АНТИКОР. Мұхамедиұлының мұнысы несі?
Қазақта «Айғырмен ойнаған ат арқасын алдырады» деген жақсы мақал бар. Антикормен «ойнаған» Мұхамедиұлы қайтер екен?
Арыстан ағай да жүрек жұтқан біреу сияқты, антикормен алысып несі бар? Әлде экс-министр тергеуде жатса да, «хайп» қуып жатқан жоқ па? Хайп қуған жақсы-ақ, бірақ майып болған жүдә жаман.
Әңгімені басынан бастайық. Мұхамедиұлының басы даудан, балағы шаңнан арылмайтын болды. Бостандықта жүрген кезінде артынан қаңқу еріп, атағы жер жарып жүруші еді. Бұл жолы тергеуде отырса да, тебінгісі құрғаған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Арыстанбек ағайдың «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен тартып алғанын айтып, мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеге дейін экс-министр туралы сот залынан түсірілген видео тараған болатын. Онда А.Мұхамедиұлы «жемқорлықпен күрес қызметкерлерінің қонақүйді үшінші тұлғалардың атына қайта жазуға және 111 млн теңге өтемақы төлеуге мәжбүрлегенін» айтқан-ды. Алайда антикор айыпталушының сөзін жоққа шығарып: «Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлерін «Дипломат» қонақүйін үшінші тұлғаларға қайта жазуға және 111 млн теңге сомасында залалды өтеуге мәжбүрлеу туралы бұрынғы мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына қатысты сот процесінен ақпарат пен бейнеролик таратылады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаймыз», – деген жазба таратты.
Жемқорлыққа қарсы қызмет «Мұхамедиұлы жалған ақпаратты өзі таратып, жауапкершіліктен жалтаруды ойлап, жұртшылықты адастырып отыр» дейді. Нақтырақ айтқанда антикор «Мұхамедиұлы жала жауып отыр» десе, Арыстанбек ағай «қонақүйді үшінші тұлғаларға сатуға, шығынды өтеуге мәжбүрлеуде» дегеннен танбауда.
Антикор Мұхамедиұлына қатысты «жала жабу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастау туралы мәселе қарастырылып жатқанын хабарлап та үлгерді. Егер экс-министрдің антикорға жала жапқаны дәлелденсе, қонақүйді үшінші тұлғаларға сатуға, шығынды өтеу үшін 111 миллион теңге төлеуге мәжбүрлегені дәлелденбесе, онда Арыстанбек ағайдың жағдайы қиындайды-ау!
Естеріңізге сала кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр 28 мамырда ұсталған болатын. Оған дейін ол Ұлттық музейдің басшысы қызметін атқарып келді. Сол қызметте отырған кезінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін ұйымдастырды. Көрмені өткізу кезінде бюджет қаржысынан 146 миллион теңге жымқырды деген айып тағылады. Тергеу бір жылға дейін созылса да, іс аяқталар емес. Тіпті іс Мұхамедиұлының антикорға жала жабуына ұласып отырған көрінеді.