Арзан атақ қуған «Қымбат жандар»

Соңғы уақытта бас арна – Qazaqstan жұрттың пікірімен санасу былай тұрсын, қайта ерегісіп, жұрттың талабына кереғар әрекет ете бастағандай.
Халық «Мұхамеджан Тазабектің «Тalim Тренд» бағдарламасы жабылсын» деп әлі күнге шулап жүр, ал Qazaqstan «мә, ендеше!» дегендей, енді «Қымбат жандар» деген бағдарламасын эфирге шығарды. Қымбат Досжан жүргізетін бұл бағдарламаның мәні – баяғы «Хабардағы» «Бармысың, бауырымның» жалғасы деуге болады. «Хабардың» ескі өнімін қайта алып шығуды ар көрді ме екен, аты белгілі жүргізушінің есімімен байланыстырып, креативті (!) түрде жаңа атау ойлап тауыпты. Оған да қанағаттанбады ма екен, тым «шынайы» болуға ойы кеткенге ұқсайды.
2 қараша күні алғашқы бағдарламасында Зульфия атты қатысушы сегіз жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен ағасын іздеп келді. Бұдан ары оқиға ширыға бастайды. Әрине, телеарна ұжымы бұл мәселені алдын ала зерттеп, Зульфияның ағасы Асылбектің қайтыс болып кеткенін біліп алған. Бірақ Айды аспанға бір-ақ шығарғысы келді ме екен, әлде тым шынайы болғысы келді ме, қаралы хабарды тікелей эфирде айтуды құп көріпті. Бұл бағдарламаның мәні – қатысушыларды эфирге жайдан-жай шығармайды, туысы табылғандарын немесе қандай да бір ізі көрінгендерін елеп-екшеп шақырады. Шақырудың келуі бағдарламаға өтініш бергендер үшін «бауырың табылды» деген сүйіншілі хабардай әсер ететіні түсінікті, үмітпен келеді, алып-ұшып келеді.
Сондай үмітпен отырған қыз дегбірсізденіп, ағасының эфирге шыға келер сәтін күтіп отыр. Қарақалпақстаннан көшіп келген отбасы жайлы асықпай тергеген жүргізуші шамасы келгенше «интрига» жасап-ақ бақты. Ақырында… Қазақстандық БАҚ арасында мемлекеттің ең орасан бюджетін иемденіп отырған телеарна журналистік этиканы белден басып, көрермен тарту үшін қарындасына ағасының өлімі жайлы сюжет түсіріпті.
Иә, өлімді баяғылар күймен естірткен, ал дамыған заманда сюжет жасайды!
Жүргізушінің бүкіл елдің алдында еңіреп қоя берген қызға «жыла, жылап ал, ағаны жоқтайтын қарындастың барына шүкір» деп жұбатқаны – «арнамыздың рейтингін көтеру үшін осындай қасіреттердің болып тұрғанына тәубе» дегендей естіледі.
Ұлттық арна «бастан қан шықты, ақырына дейін барайық» деді ме екен, бұдан әрі қыздың қолына ағасының өлгені жайлы құжаттарды табыс етіп, жағдайдың қалай болғанын тәптіштеп айтып берген полиция қызметкерлеріне арна атынан алғыс хат табыс етіп, қаралы эфирдің соңын «салтанатты» отырысқа айналдырып жіберді. Кім біледі, аязда үсіп өлгені жайлы ақпаратты жеткізушіге берген сүйіншісі шығар...
Айтпақшы, жұрттың наразылығынан кейін бағдарлама жүргізушісі Қымбат Досжан әлеуметтік желі арқылы ақталып, сөзінің соңында жұртқа «жақының жоғалып кетсе, қарап жата бермей іздеуге шық» дегендей ақыл айтады және сөзінің лебінде «біздің игілігімізді қателік деп түсінсеңдер өздерің біл» дегендей бір міндетсу бар. Қайғыдан контент жасау – саржағал арналардың өзіне кешірілмес мәселе, ал оны бүкіл бір елдің идеологиясын насихаттап отырған арнасы игілік деп есептесе...
Иә, игіліктің ерте-кеші жоқ деуші едік, оның да қуаныштысы және… қайғылысы болады екен. Соны ұғындырған ұлттық арнаға рақмет!