Арзу Алмасова, кәсіпкер, мотиватор: Заңдарды шикі күйінде тықпалай бермей, пісіріп жетілдіріп барып қабылдау керек
Әдетте сырт көзге оңай көрінгенімен шағын кәсіпті жүргізудің де өз мехнаты бар. Бұл салада ұзақ жылдан бері қордаланған мәселелер де шаш етектен. Әсіресе қолданысқа енген Салық кодексіне қатысты айтылып жатқан сын да аз емес.
Ал мүмкіндігі шектеулі жанның кәсіппен айналысуының қаншалықты қиын екені айтпасақ та түсінікті жайт. Біз бүгін белгілі кәсіпкер Арзу Алмасовамен осы және өзге де маңызды мәселелер туралы әңгімелестік.
– Арзу, сізбен сұхбаттасу үшін хабарласқанымда «жиі айтылып, көп талқыланған нәрселерді қозғамайықшы» дедіңіз. Сізді мезі еткен, таптаурын болған қандай тақырып?
– Қазір менің тағдырымды сөз етіп, төсектен қалай тұрғанымнан бастап, балдаққа сүйеніп жүріп қаншама іс тындырғанымды айтатындар, жазатындар өте көп. Өзіңіз секілді БАҚ өкілдері осы тақырыптың айналасынан шықпай қалды. Бала кезімдегі «Балдырған» журналынан бастап, қаншама газет-журналдар, телеканалдар, барлығы осы тақырыпты қаузап келеді. Менің балдаққа сүйеніп аяққа тұрғаныма 26 жыл болыпты. Міне, содан бері бүкіл телеарналарға өмірбаянымды айтып келемін. Бұл негізінде менің – тағдырым. Әркімнің өз тағдыры бар. Өз басым, біреудің тағдыры біреуге қызық емес деп ойлаймын. Соңғы кезде әбден таптаурын болған дүние деп осыны айтып жүрмін. Меніңше, қоғамда қазір менің өмірбаянымнан басқа да қаузайтын мәселелер жетіп артылады. Сондықтан бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз басқа арнаға ауысса деймін.
– Сізді кәсіпкер ретінде білеміз, соңғы кезде мотиватор деп жүргендер де бар. Сіздіңше, бүгінгі қазақ әйеліне қандай мотивация керек?
– Қазір ең басты мәселе – жауапкершілік жетіспейді. Отбасын құрасың ба, оның артында үлкен жауапкершілік бар. Өмірге бала әкелесің бе, ол да жауапкершілік. Мотивациядан гөрі қоғамға жауапкершілік қажет. Ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жоқтығынан бала-шағасын тастап кетіп жатқан ер азаматтар да аз емес. Күйзеліске түсіп, өмірдің қиындығына шыдамай, өз баласын өзі терезеден лақтырып, артынан өзі қоса секіріп кеткен әйелдер де бар. Мұнда қанша жерден психологиялық бұзылыс бар десек те, әу баста тәрбиенің ақсағаны, жауапкершіліктің төмендігі анық байқалады. Мен мұндай ақпараттарды естігенде сондай сұмдыққа жол берген әйелдердің жай-күйіне түсуге тырысамын. Ақтап алғым келеді. Дегенмен қанша жерден ақтап алайын десең де сол бір мезеттік күйзелістің жетегінде кеткеніне ішім ашиды. Ол әйел мейлі күйеуімен ажырассын, ішімдікке құмар күйеуі ұрып соқсын, екеуара қарым-қатынас дұрыс болмасын, бірақ баланың жазығы жоқ қой. Осы арада жауапкершілік болғанда әлгіндей оқиғалар туындамас еді. Білесіз, қазір ата-ананың баласымен ашылып сөйлесуге уақыты жоқ. Тіршіліктің қамымен таңертең кетіп, кешке келеді. Баланың да, ата-ананың да қолында бір-бір смартфон. Адамдар арасында коммуникация болмағаннан кейін де қоғам азады.
Сондай-ақ қазір қоғамда дамуы бұзылған балалар көп. Аутизм, психикалық бұзылыс, шизофрения артып барады. Соның барлығы адам мен адамның ашылып сөйлеспеуінен, бір-біріміздің жанымызды түсінбегеннен болып жатыр. Мен ешқандайда психолог емеспін. Өзімді мотиватор деп те санамаймын. Осы тұрған тұрқымды, жүріп өткен жолымды көріп-ақ саналы адамдар өздері мотивация алады. Жалпы, мотивация деген – біреу саған айтып миыңа құйып беретін сөз емес. Мотивация – кино да, ән де, әлеуметтік желідегі тұнып тұрған психологтардың әдемі сөздері де емес. Мотивация ол сенің ішіңде. Мотивация – бүгін жылап отырып, ертең күлімдеп тұра алатын өзіңнің күшің. Сондықтан қазір бізге сол іштегі күшті, рухты ояту қажет. Іштегі рух мықты болған кезде жылап, езіліп жүрген адамның еңсесі көтерілетін болады.
– Сізді білетіндер «рухы мықты, қиындыққа мойымайтын адам» дейді.
–Рас, масылдықты суқаным сүймейді. Әрбір күнім тәуекелге толы, балдақпен жүріп аяғым тайып кетсе болды бір жерім сынып қала беретін менің өзім тырбаңдап, кәсібімді жүргізіп, тіршілігімді жасап жүрмін. Ал қол-аяғы балғадай, денсаулығы мықты азаматтар жұмыстың жоқтығын айтып шалқасынан түсіп үйінде жатады. Ешқандай жауапкершілікті сезінбей, бала-шағасының жәрдемақысына күнелтіп отырған отбасылар бар. Тіпті мемлекеттен әр балаға берілетін жәрдемақы артуы үшін жыл сайын бала табатын әйелдер де бар. Балаға төленетін жәрдемақыны баласының қажеттілігіне жұмсаудың орнына соған отбасы болып телміру – масқара. Мысалы, менің дәмханам бар ғой, сонда келіп әбден тапсырыс беріп, ішіп-жеп алған соң «жәрдемақы түскенде төлеймін» деп қарызға туған күнін атап өтетіндерді де көрдім. Менің бұл пікірімді естіп, үкіметтегілер «көпбалалы аналарға және балаларға керемет той тойлайтындай жағдай жасап жатырмыз» деп ойлап қалмасын. Ондайды айтудан аулақпын. Менің айтпағым, үкіметтің төлеп отырған төлеміне телміргенше, азаматтар жұмыс істеуі керек. Іздеген адамға екі қолға бір күрек табылады.
– Әрине, ер азаматтарды ақтап алғым келмейді. Ондай мысалдардың бары да рас. Алайда бүтіндей бір отбасының жәрдемақыға телміріп отыруының өзі әлеуметтік саясаттың іске асуының дұрыс еместігін көрсетіп тұр емес пе? Егер елде өндіріс орындары ашылып жатса, жұмыссыздықпен күрес сауатты жүргізіліп отырса, мұндай жағдайлар болмайтын да еді ғой.
– Дұрыс айтасыз, бұл ойыңызбен келісемін. Өндіріс орындары тапшы делік, жұмыссыздықпен күрестің де есебі қалай болып жатқанынан бейхабармыз. Белгілісі – бізде қағаз жүзінде барлығы тамаша. Үкімет отырыстарында тек жақсы дүниелер айтылады. Толып жатқан жоспарлар құрылады. Сол үкіметтің жоспары бойынша елде ана мен баланы қолдайтын талай-талай орталықтар ашылды. Оларға мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша қыруар қаражат бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдайтын, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесетін қаншама қорлар құрылды. Бұлардың барлығына млрд-таған қаражат бөлінді. Мысалы, көпбалалы аналарға мотивация беру үшін неше түрлі ретриттерге, жылына бір-екі мәрте шипажайларға апаратын қорларды білемін. Әкімдіктер ұйымдастыратын осындай шаралар өтеді. Бұл қорлар әкімдіктің тендеріне қатысу арқылы қыруар қаражат алады. Қайсыбірі жергілікті әкімдіктермен келісе отырып қаражатты бөліп те алады екен. Мен былтыр осындай бір қордың заңсыз жұмысын әшкереледім. Сондай қорлардың біреуі менің әпкемді өздерінің жоспарлы демалыстарына шақырған. Әпкем «демалатын орынға ақшасын өзім төлеймін ғой» деп барған. Алайда ол ақша төлейтін кезде «жоқ, сіз төлем жасамай-ақ қойсаңыз да болады, сіздің үйіңізде мүмкіндігі шектеулі жан бар ғой, сол кісі келді деп тіркей саламыз» деп, менің мүгедектік құжатымды сұраған. Міне, олар үкіметтен осылай ақша «сындырып» отыр. Мұндай шараларға шын мұқтаж адамдар өздері бармайды. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар осындай орталықтардың барын да білмейді. Бұл жерде менің ғана құжатымды сұрамаған, 12 адам солай басқа құжатпен тіркелген. Осы мәселені көтеріп, былтыр мен біраз жерге бардым. Әкімдікке арыздандым. Бақылауға алатын комиссияларға да, бас прокуратураға да хат жаздым. Алайда ешқайсысы қозғалмады. Қателік жібергендерге тек сөгіс бере салды, болды. Іс бітті, қу кетті. Ақыры мен құр бақырған «айғайшы» болдым. Жалғыз бұл салада ғана емес, қазір барлық саланы заңсыздық дендеп тұр. Бюджеттен бөлінетін қаражат осылай талан-таражға түсіп жатқанда бізде қайдан еңбек өнімділігі артады? Мұндай шашармандықпен жұмыссыздықпен күресті де, басқа бағдарламалар мен жобаларды да жетістіре алмайтынымыз анық. Ашкөздік пен жемқорлық қатты дендеп тұр. Сондықтан бізге қазіргі бар жұмыс орындарын тақырға отырғызып алмай, қолда бар шағын және орта кәсіпті әрі қарай жетілдіріп, соны ұқсатып алсақ та жарар еді.
– Қазір сіз сияқты кәсіпкерлер үкіметтің орынды-орынсыз реформаларынан үркіп отыр. Қолданысқа енген Салық кодексін сынайтындар да көп. Бұлай бизнесті «қысу» ақыр соңында банкротқа әкеледі дейтіндер де бар...
– Толық келісемін.Салық өз алдына, бізді орынсыз тексерулер де тұқыртып барады. Күні кеше ғана мені тексеріп, өртсөндірушінің кейпіне еніп алған бір адам келді. «Акт жазамын, маған 36 мың теңге айыппұл төлей қойыңыз» дейді. Мен ол айыппұлды бюджетке төлесем, қанеки. Сөйлеген сөзінен-ақ оның өтірік өртсөндіруші екенін біліп, бетпердесін ашып, полицияға апарып өткіздім. Осыған бола бір күн уақытым кетті, қаншама жүйкем тозды. Ал кешкісін білсем, «ешқандай қылмыстық құрам жоқ» деп полиция әлгіні босатып жіберіпті. Қазір біреуді балағаттасаң, 15 тәулікке қамайтын заң бар. Алайда өтірік кейіпке еніп алдап, саған қоқан-лоқы көрсетіп, ақша бопсалап тұрған адамға ешқандай заң жоқ, босатып жібереді. Мен осы Мәжілісте отырып алып заң шығаратындарды түсінбеймін. Олар заңды неге сүйеніп, қалай шығаратынына таңмын. Мысалы, қазір біздің кез келген аударымдарымызды тексеріске алып жатыр. «Аударымдар үш айда 1 млн теңге болмауы керек» дейді. Ал енді қазір жұрттың барлығы саусылдатып қолма-қол ақша ұстамайды. Мұндайда қалай аударымдарды шектеуге болады. Ең қызығы, мұндай шектеулер отандық кәсіпкерлерге ғана болып жатыр. Елімізге Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қытайдан келіп кәсіп ашып жатқандарға аударымдарға қатысты мұндай шектеулер жоқ.
– Демек, әділ тепе-теңдік жоқ дейсіз ғой...
– Иә, тура солай. Әділдік балансы сақталмаған. Қазір «мен-мен» деп ірі тұрған кәсіпорындарға барыңызшы, оларға сіз төлем жасайтын кезде шетелдік азаматтардың есімі шығады. Төлем жасау үшін телефонын тересіз, ол жерден Саид, Ли немесе тағы басқа шетелдік азаматтардың аты-жөні шыға келеді. Міне, олардан комиссия алынбайды. Шетелдіктерді тексермейді. Мұны білетін кәсіпорындар қазір өздеріне бір-бір шетел азаматын әкеп тіркеп қойған, соның атынан аударым жасап отыра береді. Ал оны көріп отырған біздің ішіміз ашиды. Бұл арада негізінде, керісінше, болуы керек қой. Отандық бизнеске барынша қолдау көрсетіп, шетелдіктерді тексерген дұрыс емес пе? Енді бұған қоса салықты да өсіріп тастады. Біз жалға алу ақысын төлейміз. Жұмысшыларға беретін жалақымыз бар. Бизнеске қажетті заттарымызды сатып алуымыз керек. Кішкентай қағаздан бастап барлығы ақша. Оның үстіне жаңағыдай өтірік бетперде киіп алып тексеретіндер тағы бар. Емін-еркін, адымдап жұмыс істеу мүмкін емес. Сондай жағдайдың ортасынан суырылып шығып, бірдеңе істеп, жол тауып отырмыз. Бірақ соны түсінетін шенеуніктер жоқ. Бізде «бизнеспен айналысты, бітті, бай екен» деп ойлайды.
– Рас, ондай түсініктің барын жоққа шығара алмаймыз...
– Иә, бизнеспен айналысты бітті «бұған ақша жауып жатыр» деп ойлайды. Мен өзі мойныма жауапкершілікті алып, бизнесті жүргізіп отырмын. Менің мүмкіндігім шектеулі болғандықтан, «алатын жеңілдіктері өте көп» деп ойлайтындар да бар. Сенсеңіз, ешқандай жеңілдік алмаймын. Салықты толық төлеймін. Мен тек тұрып жатқан үйімнің жер салығынан, әлеуметтік табыс салығынан босатылғанмын. Қалған салықтың барлығын төлеймін. Сосын айта кетейін, осыған қатысты тағы бір қызық заң бар. Бізде І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға өзінің тұратын үйінің электр жарығының 50 пайызын ғана төлеуге жеңілдік бар. Бірақ ол жеңілдікке қол жеткізу үшін ол үйде І топтағы мүгедек адам жалғыз өзі тіркеуде тұруы керек. Яғни, мүгедек адам бір өзі ғана үйде тұруы керек деген сөз. Бұл – ақылға сыймайтын дүние ғой. І топтағы мүгедек адам қалай үйде өзі жалғыз тұра алады?! Ол төсек тартып жатып қалған адам болуы да мүмкін, І топтағы мүмкіндігі шектеулі адам өзіне-өзі қызмет көрсете алмайды. Оның қасында үнемі қолғабыс жасайтын адам болуы керек. Міне, мен осы мүмкіндікті де пайдалана алмадым. Себебі менің үйімде тіркеуде маған көмектесетін басқа да адамдар бар. Осындай ақылға сыймайтын заңдар мен реформалар бизнесті ғана емес, жалпы қоғамды тығырыққа тірейді. Сондықтан Мәжілісте отырып заң шығаратын депутаттардың құлағына алтын сырға. Заңдарды шикі күйінде тықпалай бермей, әбден пісіріп жетілдіріп барып қабылдау керек қой.
– Енді осы мәселелерді сіз арнайы ұсыныс ретінде айттыңыз ба, тиісті ведомстволарға жаздыңыз ба?
– Әрине, айттым, жаздым. Арнайы телеканалдың бағдарламаларына барып депутаттардың көзіне де тіке айттым. Өкінішке қарай, белгілі бір арналардың саясатына қайшы келгендіктен айтылған сөздерім қиылып кетті. Ал сіз осы сөздерімді «Жас Алашқа» шығара алсаңыз, біраз адамның жанайқайын жұртшылыққа жеткізер едіңіз. Мен ешқандай да алып-қосып отырған жоқпын. Өзім бетпе-бет келген мәселелерді әбден зерттеп, көзім жеткеннен кейін барып айтып отырмын. Жоғарыда айтқанымдай, өтірік өртсөндіруші болып, газ тексеруші болып, кәсіпкерлерден ақша жинап алып жүрген алаяқтармен мен екі жыл алыстым. Осындай ұйымдардың оншақтысын әшкерелеп, сотқа дейін бардым. Бас прокурор Асыловқа, Алматының сол кездегі әкімі Досаевқа дейін жаздым. Біз сияқты заң білетіндер алаяқтарға алданбайды, ал бизнесті жаңа бастап жатқан қарапайым азаматтар осындайлардың оңай олжасына айналады. Мен екі күннің ішінде 745 мың теңге жинап алған екі «өртсөндірушіні» таптым. Алданған кәсіпкерлерден 305 өтініш жинадым. Осының барлығын дәлелдеп, екі жыл соттастық. Ақырында екі қарапайым техник сотталды. Ал қалғандарына дым да болған жоқ. «Енді болды, тәртіпке келеді ғой» деп жүрсем, кеше тағы біреуі келіп тұр.
– Бұл арада, кәсіпкерлердің де кіріп келген алаяққа ақша ұстатып жіберуден гөрі, заңды тұрғыда сауатты болуы маңызды ғой...
– Әрине, ол да маңызды. Бірақ біз үкіметтен қорқып қалғанбыз ғой. Кәсіпкерлерге бір ғана санитарлық талаптардан өту квесттен өткенмен тең. Мысалы, менде азық-түлік дүкені болды. СЭС-тің талабы бойынша сенің әрбір азық-түлік кесетін пышағың жеке-жеке болуы керек. Сатушының киімін жуатын бөлек кір жуғыш затың болуы қажет. Ол кір жуғыш затты сататын ұйыммен келісімшартыңды көрсетуің қажет. Әрбір сүт өнімдерінің лицензиясы болуы керек. 10 түрлі сүт сатсаң, 10 түрлі лицензия көрсетуің шарт. Ол дүкенге сүтті және сүт өнімдерін қатардағы менеджерлер әкеледі. Солардың әрқайсысынан лицензия талап етіп тұрмайсың ғой. Ал СЭС әрбір сатып тұрған өнімнің лицензиясын талап етеді. Оның барлығын жинау мүмкін емес. Егер сен осынша көп тауардың сертификатын, лицензиясын жинаумен жүрсең, дүкеннің жұмысын кім жүргізеді? Мен құжат жинап жүремін бе, әлде сауда жасаймын ба? Жаңағы өртсөндіру мен газ жабдықтаудан рұқсат алу үшін де квесттен өткендей боласың. Осының барлығы заң жүзінде дұрыс бекітілгенде «бармақ басты көз қысты» әрекеттерге жол берілмейтін еді. Сондықтан бірінші заңды түзеу керек дер едім.
– Енді 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Конституция өзгереді. Біраз заңдар да өзгертілді. Сіз, жүгенсіз әрекеттердің тыйылатынынан үміттісіз бе?
– Біздің қоғам 30 жылдан астам уақыттан бері заңсыздыққа дағдыланып кетті. Негізінде, мен өз құқымды қорғауды білемін. Мәселемен бетпе-бет келген кезде қай заңның қай бабы бойынша жұмыс істеу керектігін түсінемін. Меніңше, осылай әрбір адам құқықтық сауатты болса қоғам дұрысталар еді. Қоғам сауатты болмай, заң жұмыс істемейді. Заң жұмыс істемесе, заман түзелмейді. Қанша жерден заңды өзгертіп жатсақ та халық заңды оқымаса, өз құқын өзі қорғамаса одан пайда болмайды. Мысалы, қазір қарапайым халық бір нәрсеге қол қоярда ойланбай қоя салатын болып кетті. Сол ойланбай қол қоя салып несиеге белшеден батқандар қаншама? Несие аларда келісімшартты толық оқымастан, заңды білмегендіктен, банктерге жем болып отырмыз. Қазір жұмыс істейтін халықтың банктердің алдындағы борышы 23 трлн теңгеге жетті. Ол несиені нақты қажеттілікке жұмсап жатса бір жөн. Несие алып той жасайтындар бар. Бесік той, тұсаукесер, тілашар, 40-50 жас деген тойлар қаптап кетті. Той тойлап жүріп зайырлы ел болғымыз келеді. Әлем ғылым-білімді, инновацияны, робототехника, жасанды интеллектіні дамытумен жарысып жатыр. Біз 1 млн теңгенің айфонын несиеге алып, кредитке батып той жасап жарысып жүрміз. Айырмашылық – жер мен көктей. Мен шетелге де жиі шығамын. Былтыр турист болып Африка елдеріне бардым. Сол кезде ол жақтағы аш-жалаңаш жүрген адамдардың жағдайын көріп шүкір еттім. Біздің қоқысқа тастағалы жатқан сасып кеткен жұмыртқамызды балалары таласып жеп жатты. Әрине, ол елдерге қарағанда біздің жағдайымыз көш ілгері. Бірақ біз Катар, БАӘ, Сауд Арабиясы тәрізді дамыған елдермен жарысуымыз қажет. Оған жеріміздің асты, үстіндегі байлық жетеді. Ол үшін ең бастысы – әр адамның заңдық тұрғыда сауатты болуы маңызды. Еліміздің әрбір азаматы білімді, заңдық тұрғыда сауатты болғанда ғана ел дамиды. Қарапайым халық осыны ұғынғанда жүгенсіздікке жол берілмейді деп ойлаймын...
Сұхбаттасқан Қарлығаш Зарыққанқызы