Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:06, 14 Маусым 2023

Арзыгүл Алмасова: Кәсіп бастағысы келген адамдарға айтарым – тек еңбек қана жеңбек

None
None

Елімізде тепсе темір үзетін, қол аяғы балғадай кейбір ер-азаматтар жұмыстың жоқтығын сылтауратып, екі қолға бір күрек таппай жүргенде қолтығындағы екі балдағына сүйеніп әзер жүргеніне қарамастан, бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырған мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Істеп жүрген тірліктеріне қарап мүмкіндігі шектеулі деп айтуға тіпті тілің де бармайды. Сондай ерекше жанның бірі –Арзыгүл Алмасова. Үлкен үш қабатты сауда үйі, сұлулық салоны, мейрамхана тіпті қонақжай ашып алған Арзыгүл Алмасованыңқайсарлығына еріксіз таңғаласың.

Онымен сұхбаттасып шыққанда ерекше қанаттанып, өмір сүруге құштарлығым артып, ерекше мотивация алып шықтым. Қолтығыңдағы сүйенген қос балдағына қарамастан, шекара асып тауар тасып, бірнеше кәсіп ашып, аяғы көліктің тежегішіне жетпесе де темір тұлпарды өзіне ыңғайлы етіп жасатып алған, тізгіндеген көлігін ер адамдардан кем айдамайтын, сөзі нық, мақсаты айқын Арзыгүл ханымның әрекетіне, іскерлігіне еріксіз сүйсінесің. Мүмкіндігі шектеулі деп қарамақ тұрмақ, жүріп өткен жолы, кәсіп ашудағы құпияларымен танысқың келеді. Сонша кәсіпті дөңгелетіп отырғанына қарамастан, өте қарапайым. Сөзіміз де жарасып жүре берді.

Бүгінде талай адамды жұмыспен қамтып отырған, Арзу ханым «1978 жылы Семей облысы Мақаншы ауданында дүниеге келдім. 10 айлығымда оқыстан құлатып алған соң аяғым сынып кеткен. Біреулер дәрігердің қателігі дейді, енді біреулер полигонның зардабы дейді. Әйтеуір осындай күйге түстім. Жеті жасыма дейін тұрмай, тек төсекте жаттым. Мүлдем аяғымды басып, балдаққа да тұрмайтынмын. Орта білімді де үйде жатып алдым. Кеңес Одағы кезінде үйде жатып білім алған мен екінші оқушымын. Үйде білім алу үшін әке-шешем бір жарым жыл құжат жинап жүгірді. Содан 1999 жылы мен 21 жасқа толғанда үлкен ағам, артынша әкем қайтыс болды. Бір үйлі жан зейнетақыға қарап қалдық. Содан бір күні жарнамалық газетті қарап отырып, маникюр жасауды үйрететіндердің курсына көзім түсті. Анамнан сұранып, әлгі курсқа қатысуға тілек білдірдім. Бір ай оқып бітірген соң жұмысқа тұрдым, екі қоғамдық көлікке ауысып, жұмысқа қатынау қиынға соқты. Содан әр жерге жарнама іліп, жұртқа үйден маникюр жасай бастадым. Бір күні үйдің қасындағы поштаға барғанда бос тұрған бөлмесіне көзім түсіп, әлгі бөлмені жалға алуға рұқсат сұрадым. Өйткені ол кезде Ақжар ауылында шаштараз мүлдем жоқ еді. «Шаң басып тұрған бөлме ғой, ала бер» деп 11 мың теңгеге жалға берді. 

Содан әлгі орынды жуып, тазалап, денсаулығы жоқ бір құрбымды қасыма алып, іске кірісіп кеттім. Үйден орындық әкеліп қойдық, үйде тұрған айнаны да жұлып апарып, әлгі бөлмеге орнаттым. Құрбым 200 теңгеге шаш қияды, мен өзімізге халықты тарту үшін тегін маникюр жасап беремін. Бір-екі айдың ішінде қызметімізге кезекке тұратын адамдар қарасы көбейген соң, құстың ұясындай тар жерден бөлініп шығуды дұрыс көрдім. Халықтан да «анау жақтан ат арылтып келеміз, біздің ауыл жақтан да ашыңызшы» деген өтініштер түсе бастаған соң, әр жерде шаштараздар санын көбейттім. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлей бастадым. Күнде кешкісін автобуспен жүріп шаштараздардан түскен табысты жинап шығамын. Кәсібім ұлғая бастаған соң көлік сатып алдым. Анам сол уақытқа дейін менің кәсібіме кішкентай қыздың ермегі ретінде қарап келген екен. 

Көлікке отырып, кәсібімді үлкейте бастағанымды көріп, денсаулығымды уайымдап қарсы шыға бастады. Тыңдамадым. Көлікке алғаш отырғанымда жүргізушілік куәлігім де жоқ еді. Тежегішке аяғым жетпейтін болған соң тежегішке темір қостырып ұзартып, көліктің орындығының үстіне үстел қойып, көлікті де игеріп кеттім. Бір күні жол-көлік оқиғасына ұшырадым. Жол-көлік оқиғасына мен кінәлі болмасам да, жүргізушілік куәлігім болмаған соң, ол жерде ақтала алмадым. Содан «қой, қайтсем де жүргізуші куәлігін алуым керек» деп шештім. Бірақ маған заң бойынша жүргізуші куәлігі берілмеуі керек. Содан Жол полициясының бастығына кірдім, ол менің қайсарлығымды көріп: «Жарайды, анықтама алып келсең рұқсат берейін», – деді. Сонымен, оның да ізінде жүгіріп жүріп, ақыры анықтамаға қол жеткіздім. Осылайша астымдағы көлігім мен кәсібімді дөңгелету қиын болмай қалды. Үш қабатты дүкенімді салдық. Шыны керек, осы жылдар ішінде көрмеген қиындығым жоқ. Бірақ мойыған емеспін. Айта кетер жайт, талай рет бастаған ісім дөңгеленіп, табысым көбейе бастаса, нысанды жалға беруші жалға беру құнын қымбаттатып немесе кәсібіме қызығып, өзі алып қояды. Көлік жуу орны, шаштараз, сән салондарының талайын аштым. Бірақ әлгіндей себептермен еріксіз көшуге мәжбүр болатынмын. Кейін нысанды өзім салып алдым. Алдағы уақытта халыққа қызмет көрсету саласында өзіндік қолтаңбаммен қалғым келеді. Салада жинаған тәжірибем қазір кәсібімді өркендетуге жарап тұр. Кәсіп бастағысы келген адамдарға айтарым, еңбек тек қана еңбек» дейді.

         Расында да бүгінде халыққа қызмет көрсету саласының түр-түрін ашып тастаған Арзыгүл ханымның орталықтары халық арасында үлкен сұранысқа ие. Ешкімге алақан жаймай, мүмкіндігі шектеулі екенін ешкімнің алдында дәлелдемей, жеке кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіп иесі көпке үлгі екені анық!

Тегтер: