Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:31, 15 Ақпан 2023

Ас атасы арманға айналып барады

None
None

Жыл сайын елімізде өндірілетін астық көлемі ұлғая түсуде. Яғни астығы мол аграрлы елдердің қатарындамыз.

Әйтсе де нан бағасын ауыздықтай алмай отырмыз. Үкімет қит етсе күшпен ұстап отырған әлеуметтік нанның бағасын айтып шыға келеді. Ал дүкен сөрелерінде кешке дейін жетпей таусылып қалатын нанды қолы жеткен алатынын ескере бермейді. Үлгерсең алдың, үлгере алмасаң 220 теңгеге батон нан,  450 теңгеге ашытқысыз нан, 275 теңгеге дәстүрлі пита нанын алуға дайын болуың керек. Бұл «Ақсай нан» зауытындағы бағалар. Ал жекелеген наубайханалары бар «Тоймарт», «Смолл» дүкендерінің бағасы тіпті қымбат. Нанды түрлендіріп, ышқынтып баға қойған дүкендерге «мұның не» дейтін құзырлы орын болмай отыр. Әлеуметтік нан таусылып қалса амал жоқ, қалғанын қанағат тұтып, удай бағасына басқа нан түрлерін алуға тура келеді. Яғни қара халық үшін нан да қолжетпес дүниеге айналатын түрі бар.

Осы орайда айта кетсек, еліміз бойынша 2021 жылы астықтың өнімділік көлемі гектарына 10 центнерден келсе, былтыр 13,3 центнерге көтерілген. Яғни алдыңғы жылы қамбаға 15622,0 мың тонна астық жиналса, былтыр 21230,3 мың тонна астық қойманы толтырып отыр. Ауыз толтырып айтарлықтай көлем. Әйтсе де осынша астықпен нан бағасын тұрақтандыра алмаған соң, оның барынан не қайыр?! Ресми статистика да елімізде бір жылда нан бағасы 19%-ке қымбаттағанын растап отыр. Тіпті өңірлерде бағаның өсуі 48,3%-ке жеткен. Бағаның ең үлкен өсімі 48,3%-ке өсіп Ұлытау облысында және 27,6% көрсеткішпен Ақмола облысында, 25,8% өсіммен Алматы қаласында тіркелген. Жоғары сұрыпты ұннан дайындалған бидай нанын қазақстандықтар бір келісін 341 теңгеден алса, бірінші сұрыпты ұн өнімін 195 теңгеден сатып алып жатқан көрінеді.

Алматы қаласындағы ең ірі нан зауыты «Ақсай нан» былтыр 12 қарашадан бастап нан өнімдерінің қымбаттайтынын хабарлаған. Оның ішінде  «Бородинский А» наны 150 теңгеден 155 теңгеге, кесілген батон нан 175 теңгеден 180 теңгеге, қойытылған сүті бар круассан 535 теңгеден 555 теңгеге, кішкентай тоқаштар 780 теңгеден 820 теңгеге, «Солтүстік» прянигі  880 теңгеден 925 теңгеге қымбаттағанын хабарлаған. Бұл «Ақсай нан» дүкендеріндегі баға. Ал жекеменшік азық-түлік дүкендеріне жеткізілгенде бұл нан өнімдеріне тасымал құны қосылып, бағасы тағы көтеріле түседі. Яғни әлеуметтік нанның өзіне айтарлықтай баға қосып отырған дүкендер жетерлік.

Мәселен, «Ақсай нан» зауытындағы әлеуметтік нан зауыттың өзінде 90 теңге болса, үйдің іргесіндегі дүкенде 140 теңгеден сатылып жатыр екен. Ал көшенің басындағы тағы бір дүкенде 150 теңге. Яғни әлеуметтік нанның өзі Үкімет айтқан бағада емес, тасу құнымен еселеніп сатылуда. Нанның жеткізілу құнының өз құнына жете қабыл болып отырғанын қадағалап отырған ешкім жоқ. Үкімет әлеуметтік нанның бағасын 85 теңге деп ауыз толтырып айтқанымен оның сол құнының сақталуына ықпал ете алмай отыр. Нәтижесінде халық қолы жеткен нанды сатып алуда. Яғни сол 140-160 теңгеге нан алсаңыз қуанасыз. Өйткені жекеменшік дүкендердегі нандардың бағасы тіпті шарықтап тұр. Әлеуметтік нанға қолың жетпей қалса амалсыз бағасы 600 теңгеге дейін баратын нанды алуға тура келеді. Кәдімгі нан бағасын ауыздықтай алмай отырып, еліміздегі қымбатшылық бақылауда деп айта аламыз ба?!

Дүкендегі сөрелердің үнемі жаңарып отыратынын ескерсек, талай халықтың сол қымбат нанды қанағат тұтып жүргенін байқауға болады. Бұл бетімен кете берсе нан да арманға айналатын түрі бар...

Тегтер: