Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікті Ресейден экстрадицияланды
Аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікті қазақстандық Ресейден экстрадицияланды, - деп хабарлайды Бас прокуратура.
Ведомствоның мәліметінше, күдікті 2019-2020 жылдар аралығында кәсіпкерді алдау және сенімін өз мүддесіне пайдалану жолымен жалпы құны 53 миллион теңгеге жуық арнайы құрал-жабдықты, сондай-ақ оның 35 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденген. Өзіне тиесілі емес автокөлікті сатумен айналысқан.
«Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қашып кеткен, сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланған болатын, ол ағымдағы жылдың шілде айында ҚР Бас прокуратурасының өтініші бойынша Санкт-Петербург қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті өз еліне экстрадицияланды, - делінген хабарламада.
Айыпталған қылмыс мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура Түркияда Қазақстан азаматының ұсталғанын хабарлаған болатын. Ол психотроптық заттарды сату мақсатында сақтады деген күдікке ілінді.