Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:40

Асад пен оның отбасы қазір Мәскеуде қалай өмір сүріп жатыр?

Башар Асад
Башар Асад. Фото: РИА Новости

Биліктен кеткен Сирия президенті Башар Асад отбасымен бірге Мәскеуге қашқаннан кейін бастапқы мамандығы бойынша білім алуға қайта кіріскен. The Guardian басылымының жазуынша, Сирияның бұрынғы басшысы офтальмология бойынша сабақтарға қайта қатысып, орыс тілін үйреніп жүр.

Башар Асад – медицина маманы. Ол Дамаск университетінің медицина факультетін тәмамдап, кейін Лондонда офтальмология бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі дайындықтан өткен. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Ресейде Асад кәсіби білімін «жетілдірумен» айналысып, жабық әрі тыныш өмір салтын ұстанып отыр.

The Guardian-пен сөйлескен дереккөздер Асадтар отбасының оқшау өмір сүріп жатқанын және қаржылық қиындық көрмейтінін айтады. Бейресми мәліметтерге қарағанда, олар Мәскеу маңындағы Рублёвка ауданында тұрады.

2011 жылы Батыс елдері енгізген санкциялар Асадтар отбасын жаһандық қаржы жүйесінің басым бөлігінен шеттеткен еді. Сол кезеңде олардың ауқымды қаржысы Ресейге аударылып, инвестицияланған. Бұл активтерге батыстық реттеуші органдардың қолы жетпеген.

Сонымен бірге отбасы бұрынғы саяси және элиталық ортасынан іс жүзінде оқшауланған. Дереккөздердің мәліметінше, Башар Асад сыртқы әлеммен өте сирек байланысқа шығады және тек бірнеше бұрынғы серіктесімен ғана қарым-қатынасын сақтаған. Олардың қатарында президент сарайы істері жөніндегі экс-министр Мансур Аззам мен бұрынғы экономикалық кеңесші Яссар Ибрагим бар.

Асад ұлдарымен бірге 2024 жылдың 8 желтоқсанында, сириялық көтерілісшілер астанаға солтүстік пен оңтүстіктен жақындаған сәтте, Дамасктен кеткен. The Guardian дерегінше, эвакуацияны Ресейдің әскери эскорты қамтамасыз еткен: алдымен олар Хмеймим авиабазасына жеткізіліп, кейін елден шығарылған.

Басылым Сирияның бұрынғы бірінші ханымы Асма Асадтың денсаулығына да тоқталады. Жағдаймен таныс дереккөздің айтуынша, лейкемиямен ауырған Асма Асад эксперименттік терапиядан кейін ремиссияға жеткен.

Ал Асадтың балалары бұрынғы мәртебесінен айырылуды ауыр қабылдап, «қарапайым  өмірге бейімделіп жатыр». Режим құлағаннан кейін отбасы мүшелерінің жалғыз жария түрде көрінуі 30 маусымда болған. Бұл күні Асадтың қызы Зейн әл-Асад Мәскеудегі МГИМО университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша диплом алған.

Тегтер: