20:11, 30 Қараша 2018
«Асан» олжалы оралды

«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Асан» фильмі Ташкентте өткен Халықаралық PROlogue кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Аталмыш фильмді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Режиссері – Берік Жаханов. «Асан» фильмі фестивальдің қысқаметражды фильмдерге арналған конкурстық бағдарламасы шеңберінде көрсетілді. Кинотуынды әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды. «Мен өте қуаныштымын. Маған сеніп, қолдау білдіргендері үшін «Қазақфильм» киностудиясының басшылығына алғысымды айтамын. Бұл жүлде мен үшін үлкен мотивация», – дейді Б.Жаханов.Жалпы, фестивальге қатысуға 60 елден 280-нен астам өтініш түскен. Нәтижесінде конкурстық бағдарламаға 13 елден келген (АҚШ, Польша, Франция, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және т.б.) 31 кинотуынды іріктеліп алынған. Танымал өзбек режиссері Аюб Шахобиддинов басқарған халықаралық қысқаметражды фильмдер конкурсы қазылар алқасының құрамына продюсер Фабио Канепа (Италия), актер Филипп Рейнхардт (Швейцария), қоюшы оператор Макс Тцуи (Германия), киносыншы Гульбара Толомушова (Қырғызстан) кірді. Бір айта кетерлігі, халықаралық толықметражды фильмдер байкауында қазылар алқасының құрамында танымал режиссер Рүстем Әбдірашев те болды. IV Халықаралық PROlogue кинофестивалі Өзбекстанның жастар одағы және «Өзбеккино» ұлттық агенттігі, Ташкент қаласы әкімдігі, Кинематография даму орталығы, Өзбекстанның ұлттық кино комиссиясының ұйымдастыруымен өтті. Бұған дейін «Асан» фильмі ІХ Халықаралық Start film festival кинофестивалінде де қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болған.