Асанбаев — ерекше тұлға

Ресейлік қыз Рыбакинаның теннистен, кениялық қыз Джерутоның жүгіруден елімізге ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер әкеліп жатқанын көрген халық «спорттағы осы жақсы тәжірибені биліктегі шенеуніктерге де қолдансақ қалай болады, өзі?
Мысалы, премьерлерді Сингапур мен Дубайдан, президентті Жапониядан алдырсақ, Қазақстанның экономикасы гүлденіп, технологиясы да дамып кетермееді» деп жатыр. Ашынғаннан айтады да, әйтпесе 17 миллион халықтың ішінде ел қамын жер шенеунік жоқ дегенге кім сенеді?! Отыз жылдан бері «2030, 2050» деп емексіп, «алтын сандық үстінде жалаңбұт» отырудан жалыққан халықтың назы деп түсіндік өзіміз...
1986 жылы «қазақты қазақ басқарсын» деп наразылық білдіріп алаңға шыққан қазақтың бүгінгі күні «сенген қойым сен болсаң, күйсеген азуыңды ұрайын» деп өз қазағынан көңілі қалуы, енді «кім басқарса да елімізді көркейтіп, халыққа жағдай жасайтын адам келсе екен» деген емеуріні көп нәрсені аңғартады. Осы орайда ел тарихында іскерлігімен көзге түсіп, біліктілігін халыққа мойындатса да өз еліне қызмет ету бақытына ие бола алмаған, халыққа адал қызмет етуге тырысқан ниеті үшін елден аластатылған шенеуніктеріміз де болғанын мойындауымыз керек. Яғни осы уақытқа дейін биліктегілердің бәрі жемқор, халыққа дөрекі сөйлеуді ғана білетін, елдің жағдайынан бұрын қалтасының қамын ойлап тұратындардан ғана тұрған жоқ. Сондықтан еліміздегі бұрынғы және бүгінгі шенеуніктерді сүзгіден өткізіп, саяси портретін жасап отыруды жөн көрдік. Ең алдымен еліміздің тарихында тұңғыш және соңғы вице-президент ретінде қалған Ерік Мағзұмұлы Асанбаевқа тоқталып өтсек...
Ол қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат, экономика ғылымының докторы, профессор болды. Еңбек жолын сонау 60-шы жылдары Қазақ КСР қаржы министрлігінде қарапайым қызметтен бастаған ол өзінің білімі мен еңбекқорлығының арқасында үлкен, жауапты қызметтерге дейін қол жеткізіп, еліміздің Тәуелсіздігіне алғаш қол жеткізген жылдарда мемлекеттің құрушысы да болды.
Кеңестік кезеңнен бастап Қазақ КСР қаржы министрінің орынбасары, Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясының Орталық комитет хатшысы және ОК-де бірқатар бөлімдерінде қаржы, сауда, ғылым және білім мекемелері, экономика бөлімі меңгерушісі қызметтерін атқарған ұзақ жылдардағы тәжірбиесі еліміз егемендік алғанда ел қажетіне жарай білді. Алайда жас мемлекеттің хас саясаткерінің сол білімі мен білігін қаншалықты пайдалана алдық?
Бәрін басынан бастап айтсақ, 1991 жылы жалпы халықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып, ал Ерік Мағзұмұлы Асанбаев тұңғыш және соңғы вице-президент болып сайланды. Ол бұл қызметті 1996 жылға дейін атқарып, енді аяғынан тұрған еліміздің дамуына аянбай қызмет етті. Еліміздің саясаттанушылары оны 1990-шы жылдардардың басындағы кадрлық тапшылық кезеңдегі бірден-бір мықты кадр болғанын, кейін де мықты кадрлар жүйесін қалыптастыруға ықпал еткен тұлға ретінде сипаттайды. Ерік Асанбаев туралы сөз болғанда белгілі мемлекет қайраткері, дипломат, интеллектуал Төлеген Тілекұлы Жүкеевтің «Асанбаев — ерекше тұлға. Егер ол Америкада өмір сүргенде Колумбия немесе Чикаго университеттерінің профессоры болар еді. Тіпті Нобель сыйлығының иегері болатын еді» деп бағалауы Асанбаевтың мүмкіндігінің қаншалықты болғанын аңғартады.
Бірақ Назарбаевтың көп ұзамай Асанбаевты елшілікке жіберіп, кейін мемлекеттік қызметтен шеттетуі, тіпті одан соң Тұңғыштың вице-президент лауазымына ешкімді тағайындамауы оған ақылды «орнын басардың» қажет болмағанын аңғартады. Негізі елімізде елшілік қызметке жіберу – өзімен бәсекелесуі мүмкін саяси тұлғаны республика аумағынан жырақта ұстаудың бір амалы ретінде көрініс тапқаны жасырын емес. Асанбаев та осы тәсілдің құрбаны болды. 2000 жылдары Германиядағы елшілік қызметтен қайта оралғанда, Қазақстанның саяси жүйесі жөніндегі сыни көзқарастарын біршама ашық айта бастауынан да, оның елшілікке жіберілуіне де сол көзқарастары түрткі болғанын аңғару қиын емес.
Жалпы Назарбаевтың кезінде талай шендіні шеттетіп, соттатып, Қазақстанның «алтын басты» талай ардақтыларын билік басынан аластатуы мен еліміздің отыз жыл ішінде көркеюдің орнына кері кетіп, осынша ен байлықтың үстінде отырса да халықтың әлеуметтік жағдайының кері кетуі арасында өзара байланыс бар секілді.
Өзінен асып кетеріне қорыққан Назарбаевтың жеке бас қорқынышы, әлдекімді өзіне бәсекелес санауы тұтас елдің тағдырына кері әсер еткенін байқаймыз. Бәлкім Тұңғыштың сол бір өзімшілдігі болмағанда, бүгінгі Қазақстанның бет бейнесі мүлдем басқаша болар ма еді?!
Кейін Серікболсын Әбділдиннің бір әңгімесінде «Ерік Асанбаев Назарбаевқа өз билігін нығайтып алғанша ғана қажет болғанын, кейін оның вице-президент ретінде өзі жоқта билік жүргізгенін қаламағанын» айтады. «Назарбаевқа қолынан іс келетін адамдар керегі жоқ. Ал вице-президент Асанбаев «олай болмасын, былай болсын» деп өз пікірін айтуы ықтимал еді. Ал құлағына маза бермейтін ондай адамды Назарбаев жақтырмайды. Өз бетімен жұмыс берсе ол да қауіп, сол себепті шетелге жіберді» деуі де жоғарыдағы ойымызды нақтылай түседі.
1992 жылы «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму стратегиясын» жасаған Ерік Асанбаев біртіндеп биліктен кетіскенімен, оппозицияға да қосылмай Қазақстанның саяси жүйесін сырттай бақылаушыға айналып, қажет кезінде сынын да айтып, 2004 жылы 68 жасында өмірден өтті. Саясаттанушылар оны «қолы да, жүрегі де таза» адам ретінде көп сипаттайды. Нақ қазір қоғамымызға Асанбаевтың біліктілігі мен «қолы да, жүрегі де таза» қасиеті жетіспей тұрғанын анық сезініп отырмыз. Сезінген соң шетелден шенеунік әкелсек пе екен деп екіұдай сезімдеміз. Назарбаевтың «алтын басты» ардақтыларымызды қуғындаған әрекетінің зардабын әлі қанша тартар екенбіз...