Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:10, 03 Мамыр 2022

Асап қалуға асыққан «Алтай полиметалл» халықты ұлардай шулатуда

None
None

Қырық жыл атом сынағының құқайын тартқан Қарқаралы өңірінің халқы жер астынан алынған байлықтың қызығын емес, шыжығын көруде.

2016 жылы осындағы Теректі ауылында өндірістік тәсілмен мыс концентраты шығарыла бастады. Бағалы кенді бүгінде «Алтай полиметалл» ЖШС-ы игеріп отыр. Бірақ «асатпай жатып құлдық...»  деген астыртын қулыққа көшкен кәсіпорынның пейіліне халықтың өкпесі қара қазандай. Жергілікті тұрғындар ішқұса болған проблемаларын Қарқаралы ауданының бұрынғы әкімі Ерік Дүйсетаевқа бұрын да ескерткен көрінеді. «Шамадан тыс кен тиеген КамАз-дарға қашан тыйым салынады?» деген көпшіліктің өтінішін ескі әкім «шешеміз!» деген уәдемен тойдырып кеткен. Айтуларынша, өңірге сапармен келген облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке де құлаққағыс еткен. Осылайша, не кіші, не үлкен әкім мәселені түбегейлі шешпеді. Амалы таусылған бұқара ақыры, өздерінше, қарманудың амалына көшті. Алпауыттың айылын тартқызуды көксеген бұқара жақында, өнеркәсіптің заң бұзушылық фактісін видеоға түсіріп алды.

–  Металл тиеп, Талды стансасына қарай бара жатқан «КамАз»-ды түн ортасында Егіндібұлақтың жолында ұстадық. Көлік жүргізушісі мұндай «тосын сыйды» күтпеді. Біз МАИ қызметкерлерін шақыртып, жолды жауып тастадық. Жол инспекторлары оған ірі көлемде айыппұл салды. Тонналап жүк тиеген машиналардың доңғалағы шыдатсын ба? Теректіден тоқтаусыз ағылатын осындай ауыр көліктер Егіндібұлақ пен Қарқаралы тас жолының талқанын шығарды. Онсыз да тозығы жеткен жолдың беті терең шұңқырлардан көрінбейді. Қарағандыдан келетін рейстік автобустың жүргізушілері «бұдан былай, мұндай жолмен жүруге шыдай алмаймыз», деп зар илейді. Такси жүргізушілер де «қызмет ақысын қымбаттатамыз», деп қыңқылдап жүр. Кәсіпорын аулымыздың табиғатын ластап жатыр. Өңір тұрғындарына экологиялық төлемақы өтеу мүлдем айтылмайды. Әсіресе малмен күн көріп отырған елге кесірін көп тигізуде. Екі жыл болды, Егіндібұлақ пен Теректінің ортасына қар тоқтататын бөгетін орнатамыз,  деп  малдың жолын жағалай қазып тастады. Беті ашық жатқан апандай шұңқырға боранды күндері ық іздеген мал түсіп кетеді, ал көктем мен күзде шұңқырдың іші суға толып қалады. Осы мәселені әкімдерге айтып-ақ келеміз. Бірақ олар қозғалар емес, – дейді Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Дулат Дүйсенұлы.

Жұрт жабылып тоқтатқан жүк көлігі 46 тонна өнім артып шығыпты. Жол инспекторлары кінәлі тұлғаға 200 мың теңге айыппұл салды. Ведомство өкілдері облыстағы карьерлер мен өндірістерден күн сайын тонналап өнім таситын ауыр көліктерге тоқтау салуға қауқарсыз. Инспекторлар құзыретін жүргізуге заңның осалдығы мен материалдық техникалық базаның жеткіліксіздігі қолбайбалау екенін айтып, зар қағып отыр.

– Бізді күйіндіретіні сол, шектен тыс жүк тиеген көліктерге маңайлай алмаймыз. Тек, жүріп келе жатқан автомашина жүргізушілеріне айыппұл төлеттіруге құқымыз бар. Заңда солай көрсетілген. Оның үстіне, аймақтық жол инспекторлары мешелдің күйін кешуде. Жер аумағы ұлан-ғайыр өңірге қызмет көрсететін мекемеде небәрі 3-ақ көлік бар. Әрбірден соң, жұмысты өндіріп, әрі жедел істеу үшін тікұшақтар қажет, – дейді  «Жол активтері сапасы Ұлттық орталығы» РМК-ны Қарағанды облыстық филиалының инспекторы Ахат Шахаев.

Жаңа әкім жұртқа уәде берді

         Астамшылыққа бой алдырған «Алтай полиметалдың» бұл әрекеті әшкере болған күні, аудан әкімі лауазымына жаңа тағайындалған Ерлан Құсайынов оқиға орнына жеделдетіп жеткен. Ауыл тұрғындары жиналған басқосуға «Алтай полиметалл» ЖШС-ның басшылары мен жүк тасымалдаушы компанияның өкілдері шақырылды. Талқыланған мәселелер бойынша аудан басшылығы кәсіпорын құрылтайшыларының алдына бірқатар міндеттер қойып, меморандумға отырды. Соның ең маңыздысы, мынадай: кәсіпорын бұдан былай жүк көліктеріне тиелетін өнімді шектеулі мөлшерден  асырмайды, екі айдың ішінде жұмыстан шығарылған адамдардың кету себебін анықтайды, аудан әкімдігіне ақпарат жіберіп тұрады, жұмыскерлердің төлемақысы жөнінде түсініктеме береді, сондай-ақ серіктестік басшылары аптасына екі рет аудан әкіміне есеп береді және Егіндібұлақ тұрғындарымен айына бір рет кездесу өткізді. Серіктестік серкелері «бұдан былай, ағаттыққа жол бермейміз», деп ақталды.

Жұмыстан кеткендер ашуға мінді

Халықтың наразылығы бір тұтанса, оны өшіру қиын. Өткен аптаның ортасында, Теректі тау-кен байыту кешенінің алдында 150 адам қатысқан наразылық акциясы болды. Жұмыстан шығарылған еңбеккерлер асап қалуға асыққан «Алтай полиметалл» ЖШС-ның оспадар әрекетіне шағым айтты. Олардың мәлімдеуінше, қарапайым еңбеккерлер жұмыстан бопсалап шығарылады, кәсіпорын басшылары өтемақы төлуден жалтарып, қысымға алынғандарды өз өтініштерімен жұмыстан кетуге итермелейді, өндірістегілердің құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымы жоқ. Осындай әділетсіздіктен қажыған жұмыссыздар жүйкелерін тоздырған проблемаларын жайып салды. Наразылық айтылған жиынға келген аудан әкімі Құсайынов әр адамның жұмыстан шығарылуы туралы айғақты облыстық еңбек инспекторы өкілдерімен бірге тиянақты тексеріп, әділетті шешім шығарылатынын мәлімдеді.

Мұнымен толғақты мәселеге нүкте қойылды деп айту ерте. Себебі, сөз бен істің арасын саралайтын кез әлі алда.

Тегтер: