Asar Baspana қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды

Қаржы пирамидасын ұйымдастырған екі адам ұсталып, олар екі ай мерзімге қамауға алынды.
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен биылғы жылдың 8-10 ақпаны аралығында еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды операция жүргізді. Нәтижесінде, тұтыну кооперативінің атын жамылған Asar Baspana қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды.
ҚМА мәліметінше, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын, сондай-ақ тұрмыстық өнімдерді (биологиялық белсенді қоспалар, асүй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және басқа да тауарлар) сатып алу үшін қаражат салуды ұсынған, ал қарымына ай сайын салынған соманың 30 пайызына дейін пайда табуға уәде берген.
Компаниялардың кеңселерінде және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 млрд теңгеден астам сомада қолма-қол ақша және ішінде премиум класты көліктер бар 13 автомашина тәркіленді.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырған екі адам ұсталып, оларға қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара санкциялады.
– Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды, – деді ҚМА баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін "Baiqa, piramida!" Telegram боты іске қосулы.
Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз.