Асарға тұсау: Үкімет садақаны санай ала ма?
Қазақстанда жеке азаматтар мен аккредитациясы жоқ қорларға қайырымдылыққа қаржы жинауға тыйым салынуы мүмкін.
Демек, ауыр дерт пен төтенше жағдайдан зардап шеккен, тағы да басқа мәселелермен қиналып жатқан отандастарымызға бүгінгідей жан-жақтан «сбор» ашып, ақша жинап беру қиындайды. Ол заңбұзушылық ретінде қаралуы да ықтимал. Бұл іске тек арнайы рұқсаты бар қорлар жұмылдырылса, көмек алатындарға да критерийлер бекітіліп, қайырымдылықты «іріктеу» басталады дейді азаматтық қоғам өкілдері.
Қайырымдылық туралы заңға өзгеріс енгізу туралы алғаш рет мамырда айтылды. Respublica партиясының депутаттары мәдениет және ақпарат министрлігіне қайырымдылық қорлары мен еріктілер ұйымдарының жұмысын қарастыру туралы ұсыныс жасады.
«Қаржылық мониторинг агенттігінің деректеріне сүйенсек, бір ғана наурыз айында 138 банк карточкасы арқылы күмәнді «сборлар» жүрген. Онда 660 мыңнан астам қазақстандық ақша аударған. Сомасы 6 миллиард теңгеден асатын қаржының 2 миллиардында алаяқтық белгілері байқалыпты. Әрі бұл тек ресми есептер екенін ұмыт қалдырмауымыз қажет. Анықталмаған жағдайларды қосқанда алаяқтық деректері әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оған қоса, әртүрлі платформалар мен әлеуметтік желілерде көмек сұрайтындардың қатары артты. Осыған қатысты халықтың жанашырлығын теріс мақсаттарда, өз пайдасы үшін қолданатындар да бірге өсіп жатыр. Тағы қайырымдылық жәшіктерін бақылау жағы да қиын. Мұның бәрі қайырымдылыққа бағытталған ресурстың мақсатсыз жұмсалуына әкеп соқтырады. Яғни халықтың қайырымдылық жасауға ынтасы артып отырған кезеңде реттеуші орган мен ашықтықтың, есептіліктің жоқтығы мәселе тудырып отыр. Заңнамалық реттілік те мәз емес», – деді мәжіліс депутаты Динара Наумова.
Депутат қайырымдылық жасауды құқықтық тұрғыда реттеуді, тиісті заңнамаларды өзгертуді, қайырымдылық ұйымдарының жұмысын реттейтін орган құруды, ортақ онлайн платформа жасақтауды ұсынады.
Табиғи механизм бұзылады
Негізі, аталған ұсыныстардың өзі белгілі бір шектеу мен мемлекеттік бақылауды талап етеді. Алайда Наумованың сөзінен соң бұл тақырып талқыланып, қоғамды қызықтырды деп айта алмаймыз. Бірақ қоғам белсендісі, бір деректерде қайырымдылық туралы заңға түзету енгізу бойынша жұмыс тобының мүшесі деп көрсетілген Светлана Ушакова мәлімдеме жасаған соң пікірталас басталып кетті. Оның сөзінше, азаматтар мен аккредитациясы жоқ қорларға қайырымдылыққа ақша жинауға тыйым салынбақ. Ондай жағдайда адамдар бір-біріне жедел көмек қолын созу мүмкіндігінен айырылып, мұқтаж жандар да біршама қиындыққа тап болады.
«Мұндай өзгерістің ең бірінші қаупі – адамдар адамға көмектесу тетігінен қол үзеді. Осылайша, қиын жағдайда қалғандарға келетін көмек те азаяды. Әрі қайырымдылық жасағысы келгендер де таңдау құқығынан қағылады. Толығырақ айтар болсақ, жеке тұлғалар баланың еміне, зорлық-зомбылық құрбанына немесе табиғи апаттан, төтенше жағдайдан жапа шеккендерге қор аша алмайды. Қазіргідей өз бетінше қайырымдылық жасау жолдары шектеледі. Осы аталған жағдайларда жедел жұмыс істеп, жеке шоттарға ақша жинау арқылы қаншама іс бітті? Ал жаңа өзгерістер тек қайырымдылыққа аккредитация алған ұйымдар деп отыр. Демек, қорлар мен ұйымдар мемлекеттен, одан бөлек, жергілікті биліктен құжат жүзінде рұқсат алуға мәжбүр. Бұл процесті ұзақ әрі күрделі етіп жіберетіні сөзсіз. Бюрократия. Осыдан соң оперативті көмек туралы қалай сөз қозғаймыз?
Мұндай бақылау мен шектеу, фильтрация қайырымдылық жасауға деген инициативаны азайтып, соның әсерінен қайырымдылыққа жұмсалып жатқан ағын да біршама азаюы ғажап емес. Зардабын бүкіл қоғам көреді. Өзара түсіністік пен көмек системасы бұзылып, табиғи механизм тоқтайды», – дейді Ушакова.
Осыдан кейін «сбор» ашқандарға айыппұл салады екен деген сөздер де шықты. Көлемі 80 АЕК, яғни 295 360 теңге. Халық мұны таңдана қабылдап жатыр. «Асарды құрту ғой», «Қайырымдылықты шектеу – алаяқтық мәселесін шешпейді. Адамдар өз ақшасын қайда, қалай сеніп жұмсаса да өз еркінде. Сондықтан ақпараттандыруды, құқықтық білімді арттыру керек», «Көмек беру үшін де мемлекеттің рұқсатын алу – абсурд», «Алаяқтар барлық салада бар. Бірақ ол құқық қорғау қызметкерлерінің мәселесі. Мәселе қайырымдылық жасағысы келетіндерде емес», «Қайырымдылық жасау ресмилендірілген күннің өзінде, приоритеттер қандай болады? Жеке адам жеке жағдайды таңдай алады. Ал ұйымдар мен қорлар кімді, қалай таңдайды? Ол да мемлекеттік квота мен әлеуметтік көмек секілді критерийлер қоя ма? Онда қайырымдылықта не мән қалады?» дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Тақырып қызу талқылана бастаған соң, БАҚ өкілдері сұрақты да көбейткен. Жақында ғана мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ондай заңнамалық өзгерістер қарастырылып жатқан жоқ депті. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкіметте ортақ мемлекеттік платформа әзірлеу туралы талқыланып жатқанын хабарлаған. Демек, бұл жақын арада парламентте қаралуы мүмкін мәселе деген сөз.
Эффективтілігі жоқ заңдар онсыз да көп
Әлем елдері ортақ мемлекеттік платформа жасап, ірі шаралармен айналысатын ұйымдарды, қорларды тіркелуге міндеттейді. Ондай тәжірибе бар. Мақсаты – ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету. Дегенмен жеке инициативаларға толық шектеу қою жағы кең тараған деп айта алмаймыз. Әдетте алаяқтықтан қорғану мен азаматтық бастамаларды қолдау арасында баланс бар. Заң да, жасалған жағдай да, қалыптасқан ситуация да бір-біріне үйлесімді. Ал еліміздегі «Қайырымдылық туралы» заң осыған дейінгі жалпы жағдайларды реттеп келгенімен, жаңа заман динамикасы мен өзгерістеріне қатысты толықтыруларды керек ететін сынды. Өйткені қылмыстық істер көбейген. Мәселен, наурызда қаржылық мониторинг агенттігі ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге жұмсаған «жалған мұқтаждарды» анықтаған. Астаналық отбасы баланың еміне деп ақша жинап, соңында пәтер мен көлік сатып алған. Щучинск қаласының 22 жастағы тұрғыны баламның халі мүшкіл деп блогерлерге хат жолдаған. Ал жинақ аяқталған соң, оның балалары жоқ екені анықталып, қылмыстық іс қозғалған. Қызылордада әлдекімнің видеоролигін пайдалану арқылы ақша жинамақ болғандар да естеріңізде шығар.
Бірақ бұл толық шектеулер қажет дегенді білдіре ме? Осы жайында саясаттанушы Қанат Ғаниұлының пікірін сұрадық.
«Дәл осы тақырыптың талқыға шыққанының өзі мәселенің піскенін көрсетеді. Алайда туындап отырған сұраққа конструктивті түрде жауап беруіміз керек. Шешуге бағытталған нұсқаларды іздестіруге тиіспіз. Ал қазір ұсынылып отырған жолдар қалыптасқан шиеленісті тарқатады деуге келмейді. Қайырымдылыққа жаппай шектеу қою – алаяқтықтың ауыздықталуына қатыссыз нәрсе. Құжат жүзінде шешілгендей көрінсе де, іс жүзінде мүлде эффективтілігі жоқ заңдарымыз көп. Бұл соның бірі ғана болатын шығар. Шектеу перспективасынан гөрі, бар заңдардың орындалуын қадағалау мен ашықтықты қамтамасыз ететін жобалар ақталар еді.
Әрі аккредитацияны енгізу арқылы қазіргі қорлар мен ұйымдардың санын қысқартып алмаймыз ба деген сауал бар. Өйткені ондағы критерийлер мен талаптар әзірге белгісіз. Десек те, іріктеудің болары анық. Осыдан кейін жеке тұлғаларды қоспағанда, ұйымдар мен қорлардың да саны қысқарып қалса не болмақ? Бір адам жасаған жинақтың өзі қанша өмірді құтқарып, қанша адамға пана болып отыр. Оны қолдан тоқтату моральдық принциптерге қайшы. Сондықтан мәселені шешудің альтернативті жолдары да қарастырылуы қажет. Платформаға тіркеуді немесе тіркелуді міндеттеу, есептілік, қайырымдылыққа арналған шоттарды бөлек ашу арқылы ақша айналымының ашықтығын қамтамасыз ету жағы да жақсы жол. Ойлана берсек, мұндай нұсқаның бірнешеуін жасап, ішінен ең орындысын таңдап алуға болады. Ал қазіргі заңнаманы ұсынғандар көп ойланбаған секілді. Ең бірінші ойға келетін нұсқаны алға тартып отыр. Күрделі, көпқырлы мәселені өте примитивті де жалпақ жолмен шешуге тырысу – үлкен қателік».
Баян Мұратбекқызы