Асайын Байханов. «СОПАҚ»
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов – әңгімеге жүйрік, әзілге жорға кісі. Кейде тіпті байсалды сұраққа жауап беріп тұрып та, сөзіне күлкінің «дәмін қыстырып» жібереді.
Мәселен, бірде тілші сауалына орай, «Қазақта сөз бар ғой, «Отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ...» деп жымиған. Мұнысы жөн. Өйткені қазір жұрттың дені әкімдерді отырса – опақ, тұрса – сопақ қылуға құштар. Бірақ, бірден ескертейік, өзіне-өзі ат тауып беретін шенеунікті «отырғызып-тұрғызатын» ойымыз жоқ. Есесіне, «жұрт айтып, әкім қайталаған опақ-сопақтың қайсысы дұрыс?» деген сауал туғанда, «сопақ» сөзі сопаң етіп, алдыға шыға келгені, рас енді.
Әрі «патша», әрі «жұлдыз»
Бұрын Павлодардың жұрты кейіпкерімізді «Instagram-ның жұлдызы» дейтін. Енді қазір «Threads-тің патшасы» дейтіндер пайда бопты. Расымен де, Байхановқа қандай баға берсеңіз де, жарасқалы тұр. Өйткені бұл кісі – заманауи әкім. Әлеуметтік желіні өте әдемі пайдаланады. Бір Instagram-дағы 69 мың жазылушысы «Байханов бүгін не айтар екен?» деп екі құлағын үнемі түріп отырады. Жоғарыдағы «опақ» пен «сопақтың» әңгімесі де дәл осы жерден шыққан ғой, негізі.
Орталық коммуникациялар қызметіне барған сәтінде әріптестеріміздің бірі «бәле іздеп», Threads-ке неге тіркелгенін сұраған. Кейіпкеріміз былай деді: «Менің отбасылық чатым бар. Ол жерде балаларым әртүрлі хабарлама, сілтемелер жіберіп отырады. «Мынадай идеялар бар екен» деп көрсетеді. Мен қарай бастаймын. Қазақта сөз бар ғой, «отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ» дейді. Желіде отырсаң бір сынайды, отырмасаң тағы сынайды...».
Былай қарасаңыз, желіде отырмай опақ болғанша, отырып сопақ болғанның несі жаман енді? Демек әкімнің жауабында мін жоқ. Мысалы, баласы сілтеме жіберсе, оны ашып қарамайтын әке бола ма? Болмайды. Оның үстіне, Threads дегеніңіз теңіз сияқты «алып» қой, бір кірсеңіз, шығар «жерін» таппай қаласыз. Үнемі ырду-дырду болып, «барахолка» секілді қайнап жатады. Енді соның ішінен маңыздылау тұсын «теріп» алайық. Темірлан деген бір «жүгірмек» былай деп сұрақ қояды, оған елден бұрын Асайын жауап береді.
– Дәл қазір Павлодардың қай жерінен дәмді тамақ ішуге болады?
– Үйден.
– Сіздің үйден бе?
– Менің үйімде де дәмді, бірақ тәбеті ашылғандардың бәрі сиятындай үстелім жоқ. Ондай үстел әлемде болмаған.
Көрдіңіз бе, Асекең қалай «асатып» жібереді. Бір қарасаңыз – әзіл сөз, енді бір қарасаңыз – әділ сөз. Сондықтан өңір басшысы Threads-те де жұртты тәрбиелеп жатыр деуге келетіндей. Енді мынаған қараңыз:
– Қар қайда?
– Аяз болады, боран болады, өткен күндер ұмыт болады.
Кейіпкеріміздің мына сөзі тіпті керемет! Құдды Асайын емес, Ақтамберді айтып жатқандай естіледі. Осындай айтқыштығынан кейін шығар, Threads-тегі жұрт дүркін-дүркін ішек-сілесі қатып, мәз болып жатады. «Әзіл-күлкі – витамин» деген – осы. Көпті күлдірген әкімнің өзі де бір көтеріліп қалатын болса керек. Дегенмен көтерілудің де түр-түрі болады ғой, мәселен, Павлодарда жел соғып, боран ұйытқып, үйлердің шатыры көтерілгенде, кейіпкеріміздің күлуге шамасы келмей қалғаны бар...
Дауылдан кірпіш ұшқан жыл
Бұл жайсыз оқиға 2025 жылдың 19 маусымында болды. Әкімдік таратқан ақпаратқа қарағанда, желдің екпіні секундына 43 метрге дейін жеткен. Кешқұрым басталған алай-дүлей жұртты аласапыранға салды. 47 ғимараттың шатырын жел ұшырып әкетті, оның 6-уы – әлеуметтік нысан. Ағаштар мен электр бағандары құлады. Тіпті 16 адам зардап шегіп, 1 адам қайтыс болды. Әкімдік алай-дүлей басылғанша, жұртты көшеге шықпауға шақырды.
Дауыл тыншып, жел басылғанда, әкімдік апаттың салдарын жоюға күшейтілген режимде кірісті. Бірақ қандай режим қолданса да, «күшейтуге» көнбейтін бір жағдай болған еді. Павлодар іргесіндегі Ақсу қаласының екі қабатты үйі жүнін жұлған тауықтай, «біртүрлі» күйге еніпті. Ішіне кірсең, аспан көрінеді. Яғни, шатырымен бірге төбедегі жабынды атаулы да ұйытқыған желмен бірге «қалқып» ала жөнелген ғой. Оны аз десеңіз, қабырғадағы жарқыраған қызыл кірпіші де бұқа сүзген ескі тамның сылағындай сыпырылып түскен. Талай дауылды көрген Ақсудың тұрғындары мына сұмдыққа аузын ашып қарады. О заман да, бұ заман, дауылдан қабырғадағы кірпіш сөгілгенін кім көрген? Сөгіледі екен, сөгілгенде бірінші қабаттың кірпіші сау да, екінші қабаттың шатырға жақын 2-3 метр жерінің кірпіші саудырап түсіп, іргетастың түбіне үйіліп қалған. Қызыл кірпіш түскен жердің ар жағынан сплитерлік блок менмұндалап тұр.
Апатты үйдің ар жағына бір өтіп, бер жағына бір өтіп, күлетін ештеңе таппады ма, әйтеуір, Асайын Байханов баспанасыз қалған 16 отбасының тағдырына қатысты үш нұсқаны атаған. Бірінші нұсқа – күлкілі. Өйткені қаламаса, тұрғындар бұл үйді өткізіп береді де, баспана кезегіне қайта тұрады. Екінші нұсқа бойынша, далада қалған тұрғындар екі айға шыдайды. Осы аралықта, шатыр қайта жабылып, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ оның ертең қайта ұшып кетпесіне кепілдік жоқ. Бұған күлу-күлмеу өзіңіздің еркіңізде. Үшінші нұсқа тәуірлеу, екінші қабат толығымен сүріліп тасталады да, қайта жасалады. Шатыры мығым болу үшін екінші қабаттың да төбесіне бетон жабынды төселеді. Бірақ ол үшін 16 отбасы кемінде 8-9 ай далада «жүре тұруы» керек.
Бұл мәселенің қалай шешілгені туралы ақпар таба алмадық. Алайда «кезекке қайта тұрады» дегеніне қарағанда, бұл үй мемлекеттік бағдарламамен салынған. Жарқыраған әдемі кірпішіне қарап, Байхановтың кезінде бой көтерген-ау деп болжаймыз. Ендеше, неге жалғыз өзі келмей, жұртпен кездесуге мердігер компания басшысын да құлағынан сүйреп, ерте келмеді. Сынған кірпішпен басынан ұрмаса да, кірпіштің неге сөгілгенін жұрт көзінше сұрауы керек еді ғой? Міне, осыны ескергендер «Байханов кейде өзінің «масасына» да шамасы жетпей қалады» деген әңгіме шығарды. Мұның мәнісін алдағы бөлімде айтайық.
Маса мен мастың оқиғасы
Кейіпкеріміз әңгімені дәмді айтатын болған соң ба, сұхбаттарын іздеп жүріп тыңдай бергің келеді. Мысалы, бұл кісі «Jibek Joly» деген арнаға берген сұхбатында жүргізуші екеуінің арасында мынадай диалог болған:
– Облыс әкімі деген кім, оның қандай жауапкершілігі болуы керек?
– Жеке ойым, мысалы мен өз өңірімізді айтайын, біздің өңірде бәріне де мен жауаптымын. Бәріне де.
– Білім сапасы болсын, денсаулық сапасы болсын?
– Айырмашылығы жоқ. Қала мен аудан әкімдеріне мен метафорамен айтқанда, былай айтам да: «Сіздің ауылыңызға маса кірді ме, ауылыңыздан шыққанша ол – сіздің маса» деп...
Дұрыс қой, өз өңіріндегі кез келген мәселеге жауап бере алмаса, оның несі әкім? Алайда Павлодар аумағында жон арқаңды маса шаққандай шым еткізетін оқиғалар жиі болып тұрады. Айталық, 2024 жылы Павлодар қаласында 7 сыныпта оқитын қыздың мұрны қоңқайып шыға келді. Бұл маса шаққанның да, ара шаққанның да әсері емес. Май ауданы әкімінің ұлы мектепте қағынып, қыз баланың мұрнын ұрып сындырған. Қып-қызыл масқара ғой, құрсын... Тіпті ел-жұрттан ұят... Қол астыңдағы әкім өзінің ұлына дұрыс тәрбие бере алмаса, одан ненің масасын сұрайсың, мысалы. Бүкіл Қазақстан шулап, астаналық журналистер Оқу-ағарту министрлігінің «есігін тепкілеп» жатқанда, Асайын Байханов үндемей қойған.
Ең құрыса, шұғыл жиын өткізіп, аудан әкімінің жер-жебіріне жетіп, аузы-басын маса шаққандай қызартып, оны әлеуметтік желіге салып қойса, ашуланған жұрттың да, ойбайлаған қыз анасының да жаны тыныш табар еді. Мұндай жағдай болмаған соң, жұрт «өзі де, масасы да бар болсын» деп қоя салған.
Жұрт қойғанмен, жәбірленген қызға жаны күйгендер қоймады. Біреу масаны айтып, енді біреу мұрны сынған қызды айтып, шаршай бастағанда, «Павлодарда мас әйел ұсталды» деген ақпар тарады ғой. Құдай ұрғанда, көлік иесі Айгүл Қуандыққызы – Асайын Байхановтың туған әпкесі болып шықты. Hyundai Tucson-ның тізгініндегі кісі басында «рөлде болмадым» деп бұлтармақ болған ба, бірдеңесі бар. Бірақ сот оны айыпты деп тауып, 15 тәулікке қамады да, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырды.
Ұққан адамға «маса шаққанның» көкесі осы ғой, негізі. «Қап әттеген-ай» деп еркектер басын қасып, әйелдер бетін шымшып жатқанда, кейіпкеріміз Threads-те былай деді: «Біздің мемлекетіміз заң мен тәртіптің үстемдігін негізгі принциптердің бірі етіп таңдағанын айта аламын. Барлық азаматтар заң алдында тең, менің әпкем де, отбасымыздың басқа мүшелері де солардың қатарында».
Сұмдық сөз ғой! Ал айтыңызшы, дәл осындай жағдай қай әкімнің басынан өтті? Өтсе де, осындай сөзді айта алатын әкім бар ма? Мысалы, Таразда Ербол Қарашөкеевтің бауырын полиция қамауы мүмкін бе? Қызылордада Нұрлыбек Нәлібаевтың қарындасы изоляторға түссе, не болар еді? Міне, осыны ескерсеңіз, Асайын Байхановтың шынымен де бөлекше адам екенін ұғу оңай. Құдды, Қазақстанның емес, Еуропаның шенеунігі сияқты. Әрине, бұл – жақсы. Бірақ өзгеше әкім Еуропаға өзі ғана «кетіп қалмай», Павлодарды да сол деңгейге жеткізуі керек емес пе? Көрдіңіз бе, мәселе қайда! Сып-сымбатты әкімнің жұрт көзіне кейде соп-сопақ болып көрінетіні осыдан ба екен деп те ойлаймыз.
Триллион теңге және қымбат шапан
Оқырман білуі тиіс, біз «Шенеуніктің шинелі» айдарында шенділердің шапанын «қағып-сілкіп» қана қоймаймыз. Бітірген шаруасы мен тындырған ісі болса, оны да айтамыз. Ал Байхановқа келгенде, бұл мәселе тіпті оңай. Өйткені не бітіргенін бұл кісі әлеуметтік желіде ұдайы айтып отырады. Бізге қалатыны – соны қайталай салу. Мысалы, Жаңа жылдың алдында кейіпкеріміз ресми парақшасында былай деді: «182 іссапар барысында 272.915 шақырым жол жүріп, облыстың 300-ден астам кәсіпорнын, мектеп, аурухана, фермерлік шаруашылық пен өзге де ұйымдарды араладым. Себебі есептерден гөрі жағдайға жеке өзімнің үңілуім, халықтың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, құлақпен есту маңызды. Өткен жылы 28 ашық кездесу өткізіп, 289 азаматтың қатысуымен 42 жеке қабылдау жасадым. Әкімдіктер 52.968 өтініш қарастырды, ал әлеуметтік желідегі парақшаларым арқылы 30 мыңнан астам хабарлама алдым. Әрбіріне барынша тиімді жауап беруге тырыстым және өңір әкімдіктері «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын алдағы уақытта да жүзеге асыра беретін болады».
Иә, әкім дұрыс айтады. Бұдан да дұрыс жерін әлеуметтік желідегі тағы бір жазбасынан таптық. Ондағы сөзіне сенсек, Павлодар облысы сенімді қадамдармен алға басып барады екен. Алға басудың алғышарты сол, инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асыпты. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ соны халықтың дұрыс түсіне бермейтіні бар. Мәселен, өткен жылы бұл кісі «итшілеп» инвестиция тартып жүргенде, жұрт «1 триллион инвестиция тартқан әкім 1 миллион теңгеге шапан алып апты» деген әңгіме шығарды.
Осындай да сөз бола ма енді? Әлеуметтік желінің бір зиян жері сол ғой, даулы әңгіме дауыл көтерген шатырдай «қалықтап» шыға келді. Байхановтың қымбат күртесімен түскен суреті желіден желіге көшіп, бүкіл жұртқа тарады. «Enrico Mandelli күртешесі – 1 479 000 теңге, Moorer пальтосы – 2 115 еуро, яғни, 1 273 000 теңге тұрады», – деп жазды қымбат күртенің «астарына» дейін үңілгендер.
Ал Байханов не деді? Былай деді: «Қазіргі қоғамда адамды оның істеген істері мен әрекеттеріне қарап бағалайды деп ойлайтынмын. Бірақ менің не киіп жүргенім талқыланып жатса, онда бұл туралы да сөйлесейік...». Осылай деген әкім адамды киіміне қарап «бағалайтын» жұртқа айтып-айтып тастады. Дегенмен дәл осы жерде біз кейіпкеріміздің айтқанын қайталағымыз келіп тұрған жоқ. Есесіне, өзіміз айтып берсек, халыққа сол қызықтау болатын секілді.
«Нұралидің досы ма?»
Шапанның әңгімесіне қатысты жауабын Байханов «шапалақпен ұрғандай» қылып жеткізген. Тоқетерін айтсақ, «Мемлекеттік қызметке мен қалыптасқан әрі жағдайы бар адам ретінде келдім» деді. Мұнысы рас. Өйткені Байханов – білімі толық кісі. Павлодар университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тамамдаса, артынан неміс халықаралық банк холдингінің Корпоративтік квалификация арттыру орталығында білімін жетілдірген. Сосын Мәскеуден «Стратегиялық менеджмент және кәсіпкерлік» бойынша МВА дәрежесін алған.
Еңбек жолын банктен бастады. 2000 жылдан 2007 жылға дейін Қазақстандағы және шетелдегі банк саласында жұмыс істеп, қатардағы маманнан иықты басшыға дейін көтерілді. «2007 жылы «Нұрбанк» АҚ басқарма басшысының орынбасары қызметіне оралды» деген дерек бар. Міне, осы мәлімет көпшілікке қызық көрінеді. Өйткені «Нұрбанктің»екі менеджері – Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов 2007 жылдың қаңтар айында із-түзсіз кеткен болатын. Ол кезде банктың қожасы Рахат Әлиев еді. Дәл осы жылы опай-топай басталды. Дариға мен Рахат ажырасты, соңғысының үстінен қылмыстық іс көтерілді. Ар жағы жұрттың бәріне мәлім.
Бір ескеретін мәселе, экс-президенттің жиен немересі Нұрали Әлиев «Нұрбанк» АҚ директорлар кеңесіне 2006 жылы мүше боп кіріп, 2007 жылдың ақпан айында директорлар кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болған. Яғни, Нұралидің бастық болғаны мен Асайынның банкке келуі бір уақытқа сәйкеседі. Содан кейін де шығар, «Осы біздің Асекең Нұралидің досы емес пе?» деген сұрақ әркімді де мазалаған сияқты. Сәті келгенде, бір әріптесіміз осы сұрақты әкімнің алдына көлденең тартқан. Кейіпкеріміз сасқан жоқ, «Мен оны танымаймын, көргем де жоқ, кездескен де емеспін» деді.
Кездеспесе, кездеспеген шығар, танымаса, қалай дос болады енді?! Әкімнің бұл жауабынан астар іздеп, арам тер болудың қажеті жоқ. Мәселе – шапанда ғой, кейіпкеріміз бизнесін тастап, білгенін халықтың қажетіне жарату үшін 2015 жылы «Қазагроға» келген. Содан бері есептесеңіз, 10 жылдан асып барады. Бизнесмен кезіндегі шапанын әлі сүйретіп жүр десеңіз, кім сенеді? Сонда әкім қымбат шапанын қандай ақшаға алған? 2023 жылы жалақысы 1 млн 700 мың еді. Қазір 2 млн теңгеден асқан шығар. Алайда кейіпкеріміз, 2 млн жалақысының 1 млн теңгесіне күрте, 1 млн теңгесіне пальто алып, үйіне құры қол бармайды ғой...
Осындай сұрақ туғанда, Дмитрий Шишкиннің 2022 жарияланған зерттеуіне бір қарап қойған жөн. Журналистің дерегіне сенсек, әкімнің әйелі Асима Байханованың «БаянауылАгро» деген шаруа қожалығы бар көрінеді. Бұл күйеуі «Қазагрода» жүргенде ашылған ба, әлде одан бұрын пайда болған ба, бұл туралы қолымызда нақты дерек жоқ. Ал Асиманың «b2b kazcooltrans» серіктестігі 2012-2022 жылдар аралығында 122 млн теңге табыс тапқан. Бұл компанияның кейін қожасы өзгерген сияқты. Әлде жақын адамының басқаруына берілген бе, әйтеуір қазір жетекшісі ретінде Евгений Кравчук деген адамның аты аталады.
Алайда осы мәліметтер Асекеңнің ешқашан киімнен тарықпайтынын көрсетсе керек. Кеше дүрілдеп тұрған бизнесмен әйелі бүгін қол қусырып отырушы ма еді? Демек кейіпкеріміз «Әкім боп айлығым жетпей жатыр, кәсіпкер кезімде саған да беруші ем ғой, әкел бәйбіше, бір шапан алайын» десе, жары сараңдық танытады деп ойлайсыз ба?! Ойламасаңыз, шапанға қатысты әңгімені осы жерден доғарайық... бәрібір оны айта бергеннен Сіздің иығыңызға ешкім шекпен ілмейді!
Түйін
Павлодар облысында жылу-энергетикасы, металлургия және мұнай-химия кәсіпорындары шоғырланған. Сондықтан экологиясы үнемі «еңіреп» тұрады. Дегенмен кейіпкеріміз осы проблеманың да түйінін тарқатуға шындап кіріскен сыңайлы. Өйткені жуырда ғана «Екібастұзда қарқынды жұмыс күнін өткіздім» деп жазды. Түсінгеніміз, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы ең биік нысан осы аймақтан бой көтермек екен. Ол – биіктігі 270 метрге жететін түтін мұржасы. Бұйырса, өндірістің бықсыған түтінін Асекеңдер «аспанға лақтырып» тастап отырады.
Енді бұған қалай қуанбайсыз? Қуанамыз және сәттілік тілейміз! Тек жаңағы үйдің шатыры тұрмақ, кірпішіне дейін «ұшырып» кететін дауыл мәселесі ескерілген шығар дейміз де. Бетін ары қылсын, Қазақстандағы ең биік нысанды «жел шайқап» жатса, мұржа түгілі әкімнің өзін орнынан таппай қалуымыз мүмкін ғой...
Сансызбай Нұрбаба