15:00, 31 Желтоқсан 2018
Аселина КУЧУКОВА: Голливудта «көке-жәке» жоқ

Аселинамен ойда-жоқта, бір досымыздың үйіндегі дастархан басында таныстым. «Лос-Анджелесте тұрады, Голливуд актрисасы, сол жақта фильмдерге түскен» деген әңгімеден кейін журналистік қызығушылықпен Аселинаны әңгімеге тартып, өзі де ашық мінезді қыз екен, ә дегеннен шүйіркелесіп кеттік.
Шынында, қазақтың қаршадай қызы Голливудта қайдан жүр? Жолы қалай түсті? Қандай жетістіктерге жетті? Біздің әңгімеміз осы сұрақтардан басталды.– Аселина, өзіңіз актриса болуды жастайыңыздан армандадыңыз ба? Жалпы, балалық арманыңызда болашағыңызды қалай елестетуші едіңіз?– Рас, кішкентай кезімде түрлі байқауларға қатысып, көпшіліктің алдында өнер көрсету қатты ұнайтын. Балабақша, мектепте өте белсенді болдым. Түрлі конкурстарға, жаңажылдық кештерге, КВН-дерге қатысып, ән салдым, би биледім. Бірақ, шынымды айтсам, актриса болуды ешқашан армандаған емеспін. Рас, өнерді өте қатты жақсы көрдім. Тәп-тәуір сурет салатынмын. Музыкалық мектепте фортепиано сыныбын бітірдім. Алайда жақындарым менің қаржыгер, банкир, экономист болуымды қалады. Содан болар, актер немесе музыка мамандығына дайындайтын оқу орындарына түсу туралы арманым болған жоқ. Анама «мейлі, сіздің жолыңызды қуып, экономист, қаржыгер мамандығын алайын» деп айтқанмын.– Армандардың барлығы мектеп қабырғасынан басталады деуші еді. Сіз армандамасаңыз да, осы салаға бет бұруға мәжбүр еткен бір себептер болған шығар? – 1-4 сыныптарды осы Астанада оқыдым. Ол кезде бұл Целиноград қаласы болатын. Сосын 5-7 сыныпты Қарағанды қаласында, 8-9 сыныпты Алматыда оқып, 1998 жылы қайтадан Астанаға көшіп келдік. Анам осы жаққа жұмыс бабымен ауысты. Сол жылы бұл қала еліміздің астанасы атанған болатын. Осы елордадағы №5 мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде қыздар арасында кастинг жарияланып, тұңғыш рет Астанада лауазымды тұлғаларды қошеметпен күтіп алуды ұйымдастыратын агенттік ашылды. Талай лауазымды тұлғаларды, шетелдік өнер жұлдыздарын, танымал әншілерді гүл шоғымен күтіп алып, қошемет көрсету үшін елімізге белгілі ұстаздардан тәлім алдық. Осы саланың арнайы шеберлері бізді үш ай бойы оқытты. Сол жылы Астана күні үлкен салтанатпен аталып өтіп, бәрімізге арнайы киімдер тігіп берді. Кастингтен өткен 14 қызды жеті жұпқа бөлген болатын. Сонымен, елімізге сапарлап келген қонақтардың алдынан шығып, ықыласпен қарсы алуға кірісіп кеттік. Әлі есімде, бірде мынандай жағдай болды… 1999 жылдың қараша айында маған еліміздің президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұшақтан күтіп алу тапсырылды. Негізі, президенттің алдынан гүл алып екі қыз шығуымыз керек еді, қасымдағы қыз сол күні ауырып қалды. Қараша айы болатын. Күн өте суық еді. Үстімде арнайы тігілген жұп-жұқа ұлттық киім. Басшыларымыз қысқы маусымға сай қалың киімді «әне, тігіп береміз, міне, тігіп береміз» деп, уәде беруден шаршамай жүрген кездері… Аэропортта басшылар «президент ұшақтың ішінде отырған кезде сіздің гүл ұстап, күтіп тұрғаныңызды көруі керек» деп, ұшақ қона бастағаннан жалғыз өзімді далаға шығарып жіберді. Өздері іште қалып қойды. Ал, бірақ, президент ондай бұйрық бермеген екен. Негізі, ұшақтан түсетін президентті күтіп алу – 2-3 минутқа ғана созылатын шара. Ұшақ қонып, трап қойылғаннан кейін шықсақ та үлгеретін едік. Мен ертерек шығып кеткендіктен, ұшу алаңында тұрып, тоңып, қатып қалдым. Осыны байқаған президент траптан түсе салып, қолымды ұстап, «Тоңған жоқсың ба?» деп бәйек боп жатыр. Протоколдың тәртібі бойынша менің президентке сөйлеуге құқым жоқ. Сасқанымнан ағылшынша «нөу» деппін. Президент соңымыздан келген басшыларға қарап: «Сендер үстеріңе не киіп тұрсыңдар? Тон киіп тұрсыңдар. Мен үстіме не киіп тұрмын? Мен де қалың пальто киіп тұрмын. Басымда құлақшын. Ал мына қаршадай қызды жұп-жұқа көйлекпен осындай суықта далаға тұрғызып қойғандарың қай сасқандарың? Сендердің де осындай қыздарың бар емес пе?» деп дүрсе қоя берді. Бәрі жерге қарады. Қысқасы, президент ұрысқаннан кейін басшыларымыз көптен бері уәде етіп жүрген ұлттық қалың киімдер ертеңінде дайын болды. – Ол кезде де киноға түсу туралы ой әлі жоқ па еді?– Иә, ондай ой мүлдем болмады. Жоғары оқу орнында оқып жүріп, көп уақытқа дейін модельер бизнесімен айналыстым. 2000-2010 жылдар аралығында талай шетелдік, отандық сән байқауларына қатыстым. 2003 жылы атақты Мишель Адамның өзі мені байқап, Парижге Қазақстанның атынан сән көрсетуге шақырды. Сол жолы мен әлем сұлуларының бестігіне еніп, оны әлем телеарналары көрсетіп жатты. «Астана аруы» конкурсына қатыстым. «Мисс вдохновения» жеңімпазы атандым. Сабағымды өте жақсы оқып, бакалаврлық диплом алдым. Магистратура бітірдім. 2008 жылы «Мисс Персона Пантин» деп аталатын конкурс өтіп, 500 үміткердің ішінен 25-ін таңдап алды. Бұл реалити-шоу жобасы бойынша жүріп, әр апта сайын бір үміткер қатардан шығып отырды. Бірде осы конкурстың шартында «Шөп үстіндегі ит» пьесасынан бір көрініс қою керек болды. Мен Маргарита Терехованың рөлін ойнадым. Алдымен актерлік шеберлік бойынша жақсы мамандардан сабақ алдым. Осы жолы театрдың, сахна өнерінің маған өте қатты ұнайтынын сездім. Тіпті жаңа тынысым ашылғандай болды. Содан киноға түсуді армандадым. Бірақ қалай? Екі дипломым да экономист мамандығы бойынша… Актриса мамандығынан ешқандай дипломым жоқ. 2010 жылы «Мисс Вселенная» конкурсына қатысқан кезде Лос-Анджелес қаласында актерлік шеберлікке оқытатын бір жылдық курсқа сертификат берген болатын. Бұл мен үшін ең қымбат жүлде болды. Сөйтіп, 2014 жылы Америкаға барып, Нью-Йорк кино өнері академиясына оқуға түстім. Содан бір жыл бұрын, яғни 2013 жылы арманым орындалып, «Мисс мульти вселенной» атандым. Гран-при жеңіп алдым. Бұған дейін бірде-бір қазақстандық бұл гран-приді жеңіп алған емес.– Алдымен шағын эпизодтарға түскен шығарсың?– Иә, алдымен Қазақстанда «Проктер энд Гэмбл» компаниясының әйгілі шампуньдарының, Антонио Бандераспен бірге «Каспий банктің» жарнамаларына, музыкалық клиптерге түстім. Одан кейін Лос-Анджелесте бір жыл оқыдым, екінші жылы іс-тәжірибеден өттім. Үшінші жылы студенттер түсірген қысқаметражды және бюджеті аздау фильмдерге түсе бастадым. 2017 жылы алғаш рет толықметражды фильмге түстім. Бұл фильм «Хамелеон» деп аталады, криминалдық драма, құдай қаласа, 2018 жылы Америкада көрсете бастайды. Бұл фильмде мен олигархтың әйелінің образын сомдадым. Оны белгілі бір топтар ұрлап алып кетіп, қомақты ақша талап етеді. Мен өз күшіммен бұзақылардан қашып шығып, полицияға барамын. Ақырында әділдік салтанат құрады.– Әрине, бүгінде Голливудты бүкіл әлем мойындайды. Дегенмен Голливуд сені қандай ерекшелігімен баурады? Алғашқы қадамың қалай басталды?– Ең алғаш барғанымда мені «Голливуд үшін неге Калифорния штатын таңдаған?» деген сұрақ көп мазалайтын. Бұл сұрақтың жауабын көп ұзамай таптым. Калифорния – жылдың төрт мезгілінде де ауа райы бірқалыпты болып тұратын қала. Сондықтан бұл қалада кино түсіру жұмыстары жыл бойы тоқтамайды. Әйгілі кинокомпаниялардың барлығының бұл қалада арнайы кеңселері, кино түсіру алаңдары бар. Голливуд басқалардан өзінің нағыз кәсіпқой актерларымен ерекшеленеді деп айтар едім. Бұл жерде актерларды таңдауда «көке-жәке», тамыр-таныстық, жершілдік, ақша жүрмейді. Бәсекелестік деген өте жоғары. Таланттарды бірден таниды. Бұл жерде жұмыстың бәрі тек тәртіппен шешіледі. Барлығы өз жұмыстарын біледі. Барлығы өз уақытында келеді. Келісімшартта сенің жұмыс кестеңнің бәрі анық жазулы тұрады. Грим жасайтын, киім кигізетін, тамақтанатын шаруалардың да өз уақыты бар. Біреуін де бұзуға болмайды. Ұсақ-түйекке дейін бәрі ескеріледі. Егер кино түсіру алаңында көйлегіңді былғап алсаң, тез арада екінші көйлекті әкеп береді. Өйткені олар о баста мұндай көйлектің бірнешеуін сатып алып қойған. Егер саған уақтылы тамақ бермей қалса, онда өтемақы төлейді. Такси пұлың, егер көлігің бар болса бензин… бәрі-бәріне ақша төлейді. Яғни актерларды тұлға ретінде өте қатты құрметтейді. Осы құрметтің бәрі актердің рольге тез бейімделуіне жағдай жасайды.– Дегенмен киноға түсу үшін кастингтен өту қиын шығар...– Өте қиын. Өйткені киноға түсуге Голливудқа адамдар дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келеді. Бәрі осы қалаға өз бақытын іздеп келеді. Әрине, қазақтар өте аз. Саусақпен санауға болады. Оның өзінде де аты танылған ешқайсысы жоқ. Режиссерлардың ішінен әйгілі деп Тимур Бекмамбетовті айтуға болады. Музыкалық клип түсірушілер бар. Голливудтан тәжірибе жинақтап, Қазақстанға келіп кино түсіріп жатқандар да жетерлік. Голливудта 5 миллионнан астам актер тұрады. Соның көбі киноға түсуден бөлек, екі-үш жұмысты қатар істейді. Өйткені роль күн сайын беріле бермейді ғой. Ол жақта өмір сүру үшін тұрақты табысың болуы қажет. Сондықтан біреулері ресторанда жұмыс істейді, енді біреулері бала бағады, аударма жұмысы, бапкерлік, би үйрету сияқты шаруалармен айналысады. Мен зергерлік компанияның өкілі болып жұмыс істеймін.– Киноға түсуге Қазақстанға шақырса келетін бе едің? Біздің киноларды көріп тұрасың ба? – Қазақ киноларын көріп тұрамын. Бұл салада ептеп даму бар екенін байқаймын. Кинолар көптеп түсіріле бастапты. Бұл, әрине, қатты қуантады. Егер шақырса, киноға түсу үшін кастингтен өтуге қуана-қуана келісер едім. Мен – қазақпын, осы Қазақстанда туып-өстім. Сондықтан өз Отанымда киноға түсу, басқа да жобаларға қатысу – мен үшін де үлкен арман. Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашев сынды режиссерлардың киноларына түскім келеді. Негізі, қазақ киноиндустриясы ақырын-ақырын дамып келе жатқанын мойындау керек. Соңғы жылдары түсірілген «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол» фильмдері қатты ұнады.– Елге қайту ойыңызда жоқ па?– Әзірге ондай ойым жоқ. Мен бұл жақта жұмыссыз отырған жоқпын. Аптасына бес күн жұмыс істеймін. Бұл жақта мені бәрі құрметтейді. Бағалайды. «Голливуд актрисасы» деген сертификатталған карта алғанмын. Мұндай карта алған қазақстандық актерлар өте аз. Бұл жақта ешкім мені кемсітпейді. Былайша айтқанда, бәрі жақсы. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.– Алдағы жоспарларыңыз қандай?– Атақты режиссерлар қолға алған үлкен жобаларға қатысқым келеді. Әлем біздің ел, біздің ұлт туралы тереңірек білсе деп ойлаймын. Мысалы, қазақстандық Геннадий Головкин шетелді мойындатты ғой. Қазақтың туын көтеріп, шапанын киіп жүрген Геннадийді көрудің өзі – бір бақыт. Ол еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Мен де өз елімнің жақсы атын шығарып, әлем тануы үшін бар күш-жігерімді жұмсағым келеді. Шетелдің кино түсіру тәжірибесін Қазақстанға да алып келгім келеді.– Әңгімеңізге көп рақмет.
Сұхбаттасқан Оралхан ДӘУІТ
Фото: brod.kz