Әсет Матаев түрмеде карантинде отыр
Алматыда ҚазТАГ ХАА бас директоры Әсет Матаев карантинге орналастырылды. Бұл туралы оның адвокаты Рена Керімова мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, мереке күндерінен кейін ол тергеу изоляторында Матаевпен кездескен. Оның денсаулық жағдайы ауыр екені айтылды.
«Оған қараудың өзі ауыр: маңдайында үлкен тігіс, көзі ісіп кеткен, бетінің жартысы көгеріп, ісінген. Осындай жағдайда ол жаңадан келген тұтқындармен бірге карантинде отыр. Карантин 15 күнге созылады», – деп жазды Керімова әлеуметтік желіде.
Желі қолданушылары журналистке қатысты бұлтартпау шарасының ауырлығын сынға алып, оның жағдайына сай келмейтінін айтуда.
Ал адвокат Сауле Кобжанова мұндай ұстау жағдайын адамгершілікке жат деп бағалады. Оның пікірінше, Матаевқа медициналық көмек қажет болғанына қарамастан, оны қарапайым камерада ұстау азаптауға ұқсайды.
Еске салайық, Айта кетейік, осы аптада Әсет Матаевтың Алматыда болған төбелес кезінде жарақат алғаны туралы ақпарат тараған еді. Полиция мәліметінше, аталған оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалып, жанжалға қатысушылардың барлығы, соның ішінде Матаев та ұсталған. Кейін оның екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.
Ал ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновтің үйқамағы 25 сәуірге дейін ұзартылды. Жалпы Қасенов пен Матаевқа қатысты қылмыстық іс Freedom Finance ісі бойынша жәбірленушілердің мәлімдемелерінен кейін қозғалған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, отандық және халықаралық ұйымдардың назарын аударды.
Бұған дейін Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), «Әділ сөз» халықаралық қоры, сондай-ақ бірқатар депутаттар мен құқық қорғаушылар ҚазТАГ басшылығына қатысты қудалауға алаңдаушылық білдірген еді.