Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 23 Ақпан 2024

Асфендияров ашқан жол

Санжар Асфендияров

Алғашқы болу қашан да қиын. Жауапкершілігі мың батпан. Петербургке барып, Қыздар медицина университетін 8 жыл оқып, елге тұңғыш кәсіби дәрігер боп оралу – бәрін басынан бастау деген сөз. Бұл Үммі Гүлсім еді.

Ал қазақ топырағында болмаған жоғары оқу орнын ашып, оны басқару да – бүкіл ұлттың тағдырын арқалау. Бұдан кейін тағы бір оқу орны, медицина институтын ашып, оны басқару – өткен жолмен қайта жүру. Санжар Асфендияров осы жолмен қайта жүрді. Тыныш, бейбіт заман болсайшы. Аласапыран кезең, ашаршылық, қаптаған жұқпалы ауру... Осы кезеңдерді әпкелі-інілі Үммі Гүлсім мен Санжар Асфендияровтар бірге өткерді. 

Атадан жалғасқан жол

Асфендияровтардың талантының төркіні әріден басталады. Яғни атасы Асфендиярға қатысты құнды дерек сақталған. Орынбор шекара комиссиясының айрықша тапсырмалар жөніндегі шенеунігі В.Лазаревскийдің 1858 жылы жазған мынадай анықтамасы бар екен: «Асфендияр Сүйәклин – болыс, сұлтан. 55 жаста. Татарша сауатты, яки түрікше жазбаша сауаты бар. Орыс тілін жақсы меңгерген. Қазақтардың арасында сөзге шешен әрі жомарт адам ретінде белгілі. Тез шешім қабылдайды, өткір мінезді, алғыр да зерек. Айшуақ әулетінің үлкені ретінде Айшуақ тұқымынан шыққан барлық сұлтандарға ықпалы жоғары».

Асфендияр ­– кіші жүздің ханы Әбілхайырдың тікелей ұрпағы. Әбілхайырдан Айшуақ хан, одан Сүйәкілі сұлтан туады. Сүйәкілінің ішінде білімге ден қойғаны – осы Асфендияр. Асфендияр да ұлдарын оқытуға береді. Олардың ішінде айрықша танымалдыққа жетіп, үлкен қызмет атқарғаны – Сейітжафар.

Санжартанушы Алмас Жүнісбаевтың дерегінше, Сейітжафар Түркістан губернаторы жанында жарты ғасырға жуық әскери аудармашы қызметін атқарып, ХІХ ғасырдың 90-жылдары Ташкентке іссапармен алыс-жақын елдерден келген елшіліктерін қабылдау, орналастыру сынды дипломатиялық істермен айналысқан. Өзінің ұзақ жылға созылған қызмет жолын қатардағы поручиктен бастаған Сейітжафар туа біткен дарыны мен еңбекқорлығының арқасында Түркістан өлкесінің түркі-мұсылман халықтары үшін жоғары әскери атақ болып саналған – полковник шеніне қол жеткізіп (1906 жылы), жергілікті халықтың арқасында кең танымал болған.

Сейітжафар мен Гүландам сегіз перзент өсіріпті. Ұлдарын ғана емес, қыздарын да оқытуды қолға алған. Қыздары Оразша, Бибі Айша, Үммі Гүлсім мен Мәриямды Ташкенттегі жетіжылдық қыздар гимназиясында оқытты. Ал ұлдары Сейіт Әбілхайыр, Мансұр, Нұреддин және Санжар Ташкенттегі реалды училищеде білім алады.

Кейін Мұстафа Шоқайдың «Санжар Асфендияров» деген жазбасында мынадай жолдар бар: «Полковник Сейітжафар Аспандиярдың есімі күллі Түркістанға мәшһүр еді. Сейітжафардың төрт бірдей ұлынан тірі қалғаны осы Санжар ғана болатын. Санжардың үш туысы да қасіретті өлімге душар болды. Олардың бірі – Париждің өнеркәсіп академиясының студенті – 1916 жылғы көтеріліс кезінде өлтірілді. Көтерілісшілер оны орыс үкіметінің шенеунігі деп көзін жойған». Алайда бұның Санжардан өзге қай ұлы екені әлі анықталмай келеді. Соған қарағанда, Сейітжафарұлдары мектептен соң да іргелі оқу орындарында білім алғаны анық. Ол заманда франция топырағын басу қазақ баласының екінің біріне де бұйыра бермейтіні түсінікті. Ал бізге біршама белгілісі – Үммі Гүлсім мен Санжар Асфендияровтар.

Үммі Гүлсім
Үммі Гүлсім

Алғашқы дәрігер

Үммі Гүлсім Ташкенттегі мектепті бітірген соң Санкт-Петербургтағы Қыздар медициналық институтына оқуға түседі. Осылайша, оның маңдайына қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш дәрігер аты жазылды. Оны 1908 жылы бітірді. Оқуды аяқтаған соң елге оралады.

Темірлан дәрігерлік учаскесінде 1908 жылдың 27 шілдесінен бастап жұмыс істейді. Мұндағы 4 жыл қызметтен соң Ферғана облысы, Наманган уезінің Пап ауылының дәрігерлік учаскесіне дәрігер боп ауысады. Кейінірек Хиуа қаласындағы 100 орындық аурухананың құрылысы басталып, Үммі Гүлсімді сонда шақырады.

Үммі Гүлсімнің 1912 жылы әкесіне жазған мынадай хаты сақталыпты:

«Қымбатты әке! Сіз маған құрметті уәзір Акбар Ислам Қожаның хатын жібердіңіз және онда Хиуада жаңадан ашылған ауруханада қандай қызмет атқара алатыным туралы хабарлауды сұрапты. Бұл сұрақ мені тығырыққа тіреді: аурухана психологиялық ауытқуды емдейтін госпиталь сияқты мекемелерде шенділер штаты, оларда қызмет істейтіндер, алдын ала дайындалған және көпшілікке жарияланған қызметкерлер бар. Егер мен қойған талап белгіленген шарттармен сәйкес келмесе, өте ыңғайсыз жағдайда қаламын. Сол себепті мен сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бұл сұрақтың жауабы менің ойымда Хазірет ханның мейірімді рақымының қарауымен шешілуі тиіс. Маған Хиуадағы бұрын-соңды болмаған әйелдер ауруханасындағы жұмыс істеу туралы ұсыныс үлкен сенімнің белгісі болды. Егер мен Хазірет ханның рақымымен Хиуаға дәрігер болып барсам, туған мұсылман халқымның пайдасына адал жұмыс істеуге және Хазірет ханның, оның көңілі ақ тұрғындарының сенімін ақтауға тырысамын» деген.

1913 жылы ол Хиуаға ауысады. Сол жылы жергілікті дәрігер екеуі жүкті әйелдің жатырына ота жасап, ананы да, іштегі 8 айлық баланы да аман қалып қалады. Бұл сол кездегі үлкен оқиға болатын. Бірақ Гүлсім Хиуада көп тұрақтай алмай, Ташкентке ауысады. Бұнда келісімен жаңадан ашылып жатқан перзентханаға бас дәрігер қызметіне тағайындалады. Осы кезеңде қалада акушерлік курстарын ашқаны жөнінде де деректер бар. Онда қыздарды қабылдап, оқытады. Нәтижесінде, Ташкентте медициналық жүйе ілгерілеп, ана мен бала өлімі азайған.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Асфендияровтар әулеті саяси істерге бел шеше кіріскен. Әкесі Сейітжафар да, інісі Санжар да онымен бірге болды. Гүлсім Түркістан атқару комитетіне мүше болып, әйелдер мәселесін, әсіресе әйелдер денсаулығына қатысты мәселелерді жиі көтерген. Солайша тұтас өмірін медицина саласына арнап, 1937 жылы 57 жасында өмірден өтеді.

Ташкенттегі акушерлік курста Гүлсім бірнеше шәкірт тәрбиеледі. Олардың ішіндегі ең беделдісі – Аққағаз Досжанова.

Санжар Асфендияров  Рабиға Лапина
Санжар Асфендияров пен әйелі Рабиға Лапина

Қамқор ректор

Санжар Асфендияровтың қоғамдық-саяси істеріне көз жүгіртсеңіз, шым-шытырыққа тап боласыз. Аз уақыттың ішінде соншама жұмысты атқару, бір қарағанда, мүмкін де емес сияқты. Алайда оның бәрі Санжардың әзиз басынан өтіп, істері қағазға қатталыпты. Бұлтарудың жөні жоқ. Ташкенттегі мектепті бітіргеннен кейінгі өмірінде тыным жоқ. Мектептен соң Санкт-Петербург мемлекеттік университетіне түсуді көздейді. Таңдағаны – заң бөлімі. Алайда іріктеуден өтпей қалады. Себебі оны мектепте «Закон Божий» мен латын тілі пәндерін оқытпаған.

Алайда әпкесі Гүлсім оны ауылға қайта жібергісі жоқ. Келген екенсің, оқуың керек деп, Императорлық әскери-медициналық академияға құжат тапсыртады. Арадағы дайындықпен келесі жылы осында оқуға түсіп кетеді. Зиялы ортада тәрбиеленіп өскен ол Петерборда да білім қуған жастардың ортасында болады.

1912 жылы әскери-медициналық академияны бітірді. Одан кейін мемлекеттік қызметті өтеу үшін Ауғанстан мен Бұқара әмірлігінің шекарасындағы Термез бекінісінде қызметі басталады. Одан кейін 10-Түркістан атқыштар полкіне келеді. Келесі жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталады да, 5-Түркістан полкінде аға дәрігер болады.

Санжардың шым-шытырық қызметі осылай басталып кетеді. Соғыс кезінде тұтқынға түседі де, патша билігінің опасыздығына көзі жетеді. Содан бастап саяси көзқарасы өзгереді. Алда Түркістандағы Денсаулық сақтау мен жер-су шаруашылығының наркомы, аштықпен күрес комиссиясы, жаңа түрік әліпбиін құрастыру, Н.Нариманов атындағы Мәскеу шығыстану институтының және КСРО Шығыс халықтарының этностық және ұлттық мәдениеттерін зерттеу институтының директоры, Қазақ мемлекеттік университетін құру және оны басқару, Қазақ медициналық институтының алғашқы директоры, Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халкомы, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төрағасының бірінші орынбасары секілді қызметтер тұрды.

Санжардың осындай қат-қабат қызметке толық өмірін қарап отырып, оның жаны сүйген саласы қайсы болды дегің келеді. Әу баста заңгерлікті оқығысы кеп, кейін әскери медицинаны оқып, түрлі жұқпалы ауруларды зерттеп, оларды емдеп, кейін саяси істерге араласып кеткенде де оның ойында бір-ақ нәрсе тұрғаны аңғарылады. Ол – ғылым. Себебі жастайынан әкесі әкеп берген сан түрлі кітапты оқығаны бар. Оның үстіне Қазақ мемлекеттік университеті құрылғанда оның ректоры боп қана жүре бермей, өзі бас болып тарих факультетін ашуы және оның сабақтарын өзі жүргізуі осыған дәлел. Қолда бір оқулық жоқ. «Адам баласы қандай мамандыққа ие болмасын, ол әрқашанда өз туған халқының тарихын білуге ұмтылады. Егер тарихты білу танымның шеңберін кеңейтсе, тарихи сана адамның да, ол өмір сүріп отырған қоғамның да мәдени деңгейін сипаттап, бейнелей алады» депті Санжар Сейітжафарұлы. Осындай ойға бекіген ол бірнеше кітап жазды. «Ең көне замандардан бергі Қазақстан тарихы», «Қазақстанның бастан кешкендері: деректер мен материалдарда» кітаптары осылай өмірге келді. Басқа мақалаларын, қолжазбаларын есептемегенде, «Шатер мира» атты повесі – қазақ әдебиеті үшін елеулі еңбек. Бәлкім, орыс тілінде жазылғаны себеп болды ма, қазақ әдебиетінің тарихында бұл шығарма қаға берісте қалып келеді.

Санжар Асфендияровтың артында қалған мұрасы да осылар. Сонымен бірге ол қазақ тарихшыларын, тарих ғылымын қалыптастырды.

«Санжар Сейітжафарұлы ғылымның көп саласынан мол хабардар, дайындығы дархан, терең білімді, дүние танымы кең ғалым еді. Ол көптеген тілді білетін. Ағылшын, неміс, араб, парсы және бірнеше түркі тілдерінде басылған түпнұсқаларды пайдаланып, білімін ылғи да тереңдете түсіп жүретін. Тарихты жетік білу үшін көп тілді білу керек екенін біздерге де айтып отыратын», – деп естелік қалдырады шәкірті, тарихшы Дәмен Дінәсілов.

Ұстаздың көзін көргеннен кейін арада 40 жыл өткен соң Мұхаметжан Қаратаев күні кешегідей еске алғаны бар:

«Үш-төрт кісінің алдында ұзын бойлы, сұңғақ, сидалау келген қара торы кісі сызыла басып аудиторияға кірді. Үстіне кигені – ақ жібек көйлек, оның етегін жұқа галифе шалбардың сыртынан салып, белін жібектен ызған жіңішке белбеумен шалған, аяғында хром етік. Бізге тура қарап, салмақпен сөз бастағанда мөлдір қара көзі, сәл ғана езу тартып жымиған жүзі жылышырай білдіреді. Жазық маңдайдың дәл ортасынан қақ жарып қайырған толқынды жұмсақ қара шаш, түзу түскен мінсіз мұрын, бір шоқ қана тығыз қара мұрт профессордың сопақша келген кескінін сұлу да сүйкімді көрсетіп тұр. Ұзын кірпігінен ой ұшқынын шашыратып тұрып, орысша таза, әдемі сөйлеп кетті...»

Биолог боп кеткелі тұрған Қажым Жұмалиевті әдебиет факультетіне ауыстырған да – Санжар Асфендияров. Елдегі жалғыз университеттің ректоры бола тұрып, бір факультеттегі бір студентті байқап, оны кабинетіне шақырып алып тілдесуі – ағартушылыққа шындап кіріскенінің көрінісі. Қажым Жұмалиев ректормен алғаш кездескенде қазақшаға шорқақ екенін байқапты. Есесіне, орысшаға ағып тұр. Қажым Жұмалиев ҚазПИ-дегі студенттік күндерін былай еске алады:

«...Бізге ол кісінің әрбір қимылы, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы – бәрі қызық, ғажап тәрізденді. Санжар ағайды екінші курстың бірнеше студенті күтіп тұр екен. Ана кісі шығысымен-ақ әлгі «қулар» жақындаса кетті. Профессор оларды қолтықтан алып, әлдене әңгімелер айтып, ұзын коридордың арғы басына барып, сол қолтықтасқан бойы бері қарай жүрді. Шынын айтқанда, ол кезде, Санжар ағайдың бұл әдеті бізге ұнаған жоқ. Профессор, ректор, соншама даңқты адамның студенттермен қолтықтасып жүруі біздің ақылымызға сыймады. Әлде, өзіміздің қолымыз жетпегесін, күндедік пе екен? Кейін білдік, үлкен үзіліс кезінде студенттермен дәл солай жүріп әңгімелесу – ол кісінің машығы екен. Жарты жыл өткеннен кейін, кейде өзіміздің де Санжар ағайдың қолтығына ілініп қалған кездеріміз болды.

Біздер ол кісіден «Қазақ тарихының» курсын түгел тыңдадық. Оның әр сабағын дәл осы тәрізді фактілерінің байлығы, құрылысының қызықтылығымен таңғалдыратын. Жоғары курс студенттерінің арасындағы оның беделінің тамыры қайда жатқанын біз енді ғана түсіндік. Енді біздер ол кісінің лекциясын ғана емес, сабағымызға қатысы жоқ, баяндамаларын да жібере қойдық па екен», – дейді Қажым Жұмалиев.

Мұхамеджан Қаратаевтың да әңгімесі осы мәнде:

«Мұнан былай Санжар Сейітжафарұлы Асфендияров студенттердің сүйікті ағасы болып кетті. Қамқор ректор, кейін тек профессор – әділ де адал, сезімтал да кішіпейіл, «қыз мінезді» адам болғандықтан ғана емес, терең білімді, нәзік мәдениетті, тілге жүйрік майталман ұстаз болғандықтан да профессор Асфендияровтың қазақ тарихы жөніндегі лекциясын тыңдауға әлденеше курс жиналатын едік. КазПИ-дің 11-аудиториясы лық толған. Туған халқыңның тарихынан бұрын шежіреден басқа ештеңе естімеген өзіміз Санжар ағаның майда-қоңыр әуенмен жорғалатып айтқан мазмұнды лекциясын естігінде, шынын айтсақ, «аузымызды ашып», ұйып қалатынбыз».

Амал не, 37-жылғы зұлмат Асфендияровты «ұмыт қалдырған» жоқ. Атылғаннан кейін араға 20 жыл салып барып ақталды.

Міне, Асфендияровтар өзінен кейінгі ұрпаққа осылай жол ашты. Қазір қазақ даласы дәрігерге, тарихшыға, мұғалімге кенде емес. Соның бәрі Асфендияровтардың жүріп өткен жолына бір қарап қояр ма екен дейсің...

Асылан ТІЛЕГЕН