«Аш қалмаймыз ба?»
![None](/static/img/image.jpg)
Халықты неге үрей билеп тұр?
Өткен жұма күні премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қымбаттауына байланысты кеңес өткізді.
Үкіметтің алға тартқан деректеріне жүгінсек, жыл басынан бері 4 мамырға дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдер 4,8 пайызға қымбаттаған. Атырау облысында - 6,8, Нұр-Сұлтанда — 6,3, Шымкентте 5,6 пайыз өсім байқалады. Бағаның төмендеуі Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында байқалады, бірақ бұл өңірлерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер кемінде 4 пайызға қымбаттаған. Күнбағыс майы, қант, тауық жұмыртқасы мен көкөністер де қымбаттаған.Смайылов картоп бағасының өсуіне назар аударды.«Жалпы, ауыл шаруашылығы министрлігіне жекелеген азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін салалық шаралар қабылдау қажеттігі байқалады», - деді Смайылов.
Смайыловтың есебімен келісеміз бе?
Сөйтіп, премьер-министр орынбасарының есебінше, жыл басынан бері инфляцияның көлемі 4,8 пайызды құраған. Бірақ сала мамандары мұнымен келісе қоймайды.
Бұл ретте қаржыгер Ілияс Исаев:
— Қазір инфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп тұр. Мен де бұл арада «инфляция 4-6 пайыз» дегенмен келіспеймін. Бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі қалыптаспаған. Айталық, тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша - осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы экономиканың ЖІӨ деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған шағып, жалпылама есептей салады. Мысалы, қазір азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кетті. Бірақ жалпылама есептеулердің нәтижесінде инфляцияны төмендетіп көрсетіп, көп шындықты бүркемелеп отыр. Сондықтан бізге нақты секторлардағы инфляцияны есептеудің тетігін қалыптастыру керек, - дейді.
Кімге сенеміз, халықты неге үрей билеп тұр?
Жалпы, әлемдік пандемия қос өкпеден қысқалы бері халық арасында күмән мен үрей дендеп тұр. Тіпті «болашақта экономикада қатты тоқырау басталады, жұмыссыздық орын алып, нан таппай қалу қаупі басым болады» деген болжамдар да айтыла бастады. «Жұмыс жоқ болса, қымбатшылық дендеп тұрса, қыл аяғы нан таппай қалмаймыз ба, қайтеміз» деген қарапайым халық қазір осындай пікірлерге сеніп қалып жатыр. Өйткені осы уақытқа дейін үкіметтің «барлығы жақсы» дегенінен құлағы сарсыған ел өз бетінше қарекет етуге әбден төселіп алды. Тіпті былтыр мына індеттен өзін-өзі емдеп, қиындықта өз жарасын өзі таңып, қажетті дәрі-дәрмекпен, тыныс алу аппараттарына дейін бірлесіп ақша жиып, өзі сатып алған елдің атқарушы билікке ендігі айтары «сенгенім сен болсаң...» дегенге саяды.
Былтыр төтенше жағдайға енген тұста «ашықтық» деп алақан жайғандардың қарасы көп болды. «Жас Алаш» бұған қатысты бірнеше зерттеу мақалалар да жазды. Қазірдің өзінде де қоғамда күн сайын жағдайын айтып жабыққан жандардың қатары көп. «Бірді-бірге жеткізе алмай отырмыз, жағдайымыз өте төмен, ашығып қалдық» дегендердің басым бөлігі бүгінде «енді бізге көмектесетіндер болмаса, азық-түлік тапшылығына ұрынып ашығып қалмаймыз ба» деген сауал төңірегінде бас қатыра бастады. Ал сала мамандары «сауатты шаралар қабылдай алсақ, бұл қиындықты да еңсерер едік» дейді.
Халық ет пен нанды үнемдей бастады
Біз қаузап отырған мәселеге қатысты деректерге жүгінсек, «Аналитик» әлеуметтік-экономикалық консальтингтік-зерттеу орталығы республика халқының бір жылда қанша азық-түлік тұтынғанын санамалап көріпті. Орталықтың экономист-сарапшысы Олег Лурьевтің айтуынша, Қазақстан халқы қазір жыл сайын жан басына шаққанда 40-45 келі ет, 80 келі нан, ай сайын жан басына шаққанда 20 литрдей сүт тұтынады екен. Осыған орай, сарапшы Олег Лурьев былай дейді:
– Қазір әлем жұртшылығы азық-түлік дағдарысына ұшыраудың алдында тұрғанда, үкіметтің күнде бас ауыртып ойланатын өзекті жайттарының бірі осы болуы қажет. Бір айда халыққа қанша ет, сүт, нан қажет? Халық ай сайын қанша мөлшерде азық-түлік тұтынады? Отандық өнімнің үлесі қанша? Осы жағы есепке алынуы тиіс. Мысалы, Қазақстан халқы қазір етті барынша үнемдеп жейтін болған. Себебі соңғы екі жылда еттің келісі тым аспандап кетті. Біз нанды пайдалануда да жоғары көрсеткішке жетпеппіз. 1960 жылы 140 келі нан жесек, қазір адам басына шаққанда жыл сайын 80 келі нан жейді екенбіз. Бұл көрсеткіш өте төмен дәреже. Сондықтан нақ қазір біз үшін азық-түлік қауіпсіздігін қайта қарау қажет.
Елді ашықтырмаудың жолы не?
Мамандардың пайымдауынша, біз үшін азық-түлік қауіпсіздігін сақтау шараларын сауатты меңгеру өте маңызды. Бұл ретте мамандар «қазіргідей қиын сәтте халықтың ас-ауқатын осы бастан жүйелеген абзал» деп отыр.Олардың айтуынша, біз елімізде азық-түлік өнімін өндірушілердің саусақпен санарлық екенін ескеруіміз керек. Олардың өзі ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отыр. Біз шұжық, сүт-айран, сүзбе, сары майды шетелден әкелеміз. Жетіспейтін өнім түрлерін шетелдік тауарлар толтырады. Әлемдік стандарт бойынша әр ел азық-түліктің 94 пайызын өзінде шығаруы тиіс. Өйтпеген күнде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз болады да, ондай ел азық-түлік тапшылығына жиі ұшырайтын көрінеді.
Тақырыпқа тұздық
Материалдық базамызды нығайту керек
Тақырыпқа орай, пікір білдірген экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева:
- Біз экспортқа астық шығарудан озықпыз. Бірақ басқа саладан құралақанбыз. Бізде өсімдік өсіру саласы мен мал шаруашылығы да тұралаған. Жеміс-жидектерді өзбек пен қытайлардан тасып, инфляцияның еселенуіне өзіміз жағдай туғызып отырмыз. Ауылдағы ағайын өндірген сүт-айранын, етін сатуға шығара алмай әлек. Осы күнге дейін өнімді шаруаның қолынан тікелей базарға шығаратын сату жүйесі орнаған жоқ. Арадағы делдалдар бағаны өсіріп, табысқа белшесінен батып отыр. Ауылға қаржы бөлуде де делдалдықтан арыла алмай отырмыз. Осы кемшіліктерді жойып алмай, азық-түлік өндіруде бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан алдымен осы жайттарға мән берілуі тиіс. Міне, осы жайттар сауатты шешімін тапқанда халық «болашақта азық-түлік таппай қалмаймыз ба, нан таппай қаламыз ба» деген сауалдарға бас қатырмайтын болады, — деп ой түйіндеді.