Ашаршылық кезінде ашылған балалар үйі неге жермен-жексен?

Құнды дүниесін қадірлеп, дер кезінде қаттап, мыңдаған жыл мұрағатта үкілеп сақтайтын көне Қытайдан үйренеріміз көп.
Жаһан жұрты жоғалғанын Қытай мұрағаттарынан тауып, тарихын түгендеді. Мәселен, аспанасты елі бірінші болып компасты тапты, жұлдыздардың картасын жасады, инемен емдеуді алғаш тәжірибеге енгізді деген мысалдар жетіп-артылады. Біле білсек, ұлы қорған мемлекеті төл дүниесін көзінің қарашығындай құнттап, сақтаудың арқасында өз тарихының тамырын тереңге салып отыр. Бұл туралы Қазақстан мектептерінің оқушылары оқитын «Дүниежүзі тарихынан» толымды дерек келтіруге болады. Отандық оқулықпен сусындаған ұрпақтың санасында көштің алдын ораған ұлы Қытайға жетер ел жоқ екен деген пікір қалыптасатыны анық. Қалай болғанда да, баянды келешекті әріден ойлаған мемлекет екені шүбәсіз. Әлемге аян бізде не бар? Суырылып айтар сөз таппай, қобалжитынымыз кәдік. Себебі қазақтың тарихы әлі де бірізділікке түскен жоқ. Өткенге салауат айтайық, ал бүгін ше? Тәуелсіздік әкелген төл тарихтың құпия беттері жарияға бет бұрғанмен, баяғы әдетпен бейқамдыққа бой алдырып отырмыз.
Ақтоғай өңірінде ашаршылық құрбандарының ұрпағына арналған балалар үйі болғанынан көбіміз бейхабар болып келдік. Бұл жайында еш жерде дерек жоқ. Бірегей мекеменің ерекшелігі жайлы түлектердің ұрпақтарының аузынан естіп, ақтаңдақтардан қалған көне жазбалардан көріп қанық болдық.
Қилы заманда қалқан болған...
Өткен ғасырдың 20-жылдары Голощекиннің Қазақ еліне жасаған қасірет таңбасы өшпек емес. Қазақстандағы коллективтендіру жылдарындағы қателіктерге тікелей жауапты сол еді. Голощекин 1925-33 жылдар аралығында біздің елде аймақтық коммунистік партияның бірінші хатшысы болып, қазақтың алтын астығын жергілікті ұлттың аузынан жырып, сыртқа жөнелтті. Кеңес Одағын индустрияландыру жөніндегі саясатты ұстанған өкімет ақыры 1927 жылдың соңына қарай Қазақстанды астық дағдарысына ұшыратты. Мұның соңы ашаршылыққа ұласты. Нәубет уақытында қандастарымыздың 49 пайызы қырылды. Жоғары билік кейін келешек жастарды аман сақтаудың қамын жасауға кірісті. Зобалаң уақытта Ақтоғай ауданының Шарша тауының етегінде балалар үйі салынды. Кәмелеттік жасқа дейінгі жеткіншектер тәрбиеленіп, білім алатын мекеменің алғашқы басшысы Қарқаралы уезі, Боқты ауылының (қазіргі Қазыбек би ауылы) тумасы, ағартушы Нұрбек Бөкеев болған. Көзіқарақты азамат еңбек жолының әр сәтін күнделігіне түсіріп отырған. Балалар үйі басшысының баянды еңбегі ұлы Аманжол Нұрбековтің қолында қаз-қалпында сақтаулы.
Ашаршылық құрбандарының ұрпақтары тәрбиеленген ордада кәмелеттік жасқа дейінгі жасөспірімдер тұрған. 1931 жылғы қыркүйек айында аудандық атқару комитетінің бұйрығымен ашылған балалар үйінде Ақтоғай өңірімен шектесетін Семей облысының Шұбартау ауылынан әкелінген балалар да мекендеген. Қысқа мерзім ішінде тұрғызылған жатаған ғимаратта бастапқыда 200 өрен паналаған. Кейін саны үздіксіз өсіп отырған. Куәгерлердің айтуынша, жұтқа ұрынған жұрт балаларын өз қолдарымен осында әкеп тапсырған. Панасыздар баспанасына түскендерді аштыққа ұрындырмау үшін мемлекет барлық жағдайды жасаған.
«Адалдықтың ала жібін аттама!»
«Ақ үйдегі балалар үйінде 20 адам болып жұмысты бастадық. Су диірменге бидай тартып, ұн алдық. Біздің мекемеге азық-түлік қоры жан-жақтан келді. Май мен ет жеткілікті берілді. Балқаштан балық жеткізіліп тұрды. Оның сыртында, «детдомның» меншігінде 40-қа жуық сауын сиыр болды. Бірде мені начальник Махначин шақырып алып: «Бөкеев, сені халықтың панасыз қалған балаларына қарасын деп, «детприемға» бастық етіп қойдық. Енді адал ниетіңмен қызмет ет! Егер жетімдерге бөлінген ақшаны, киім-кешектерін, тамақтарын бейсауат шашып талан-таражға салсаң, сені соттаймыз. Осы мекеме үнемі біздің бақылауымызда болады. Он күн сайын шетінеген балалар жайлы есеп беріп тұрасың», – деді. Бұл балалар үйінің басшысы Нұрбек Бөкеевтің естелік дәптерінен келтірілген үзінді. Қолдан жасалған қырғын жылдардың жылнамасы іспетті осынау жеке жазбадан жантүршігерлік мәліметтер кездестіруге болады.
Адамға тән адалдықтан айнымаған Бөкей ысырапшылдыққа жол бермеген. Ол жайында бір жазбасында былай баяндаған: «Өкіметтің жетім жеткіншектерге берген нан-пұлы кем емес. Кейде баладан тамақ үнемдемейміз деп, ұн жетпей қалған кездер болды. Ондайда бидайды үгітіп, ауқат қылдық. Елде шай, қант жетіспеді. Ауыл тұрғындары арасында бізден азық-түлік сұраушылар да көп болды. Бірақ бастықпын деп, жақындарыма да, басқаларға да шашпадым. Арып-ашып келген балалардың тазалығын қадағалауды да өз міндетіме алдым. Қилы қиындыққа тап болған балғындар бізге ауыр жағдайда келіп түсіп жатты. Олардың біразы көз алдымызда шетінеп кетті. Қашанда балаларды күтуге жан-тәнімді салдым».
Ашаршылық заманының айқын белгісіндей болған жетімдер үйінің бүгін жұрнағы да жоқ. Тып-типыл, ен далаға айналған. Ақтоғай ауданының әкімдігі де кезінде құнтсыздық танытып, ғибратты ғимаратқа көңіл бөлмеген. Жәдігерді балалар үйінің бірінші басшысы Нұрбек Бөкеевтің ұлы Аманжол Нұрбеков іздеп тапқан. Ол ғимараттың аумағын темір қоршаумен көмкеріп, мәрмәр тастан жасалған ескерткіш тақта орнатқан. Ақтоғай ауданының әкімдігі өз өлкесіндегі мәңгілік мұра туралы осы күнге дейін бұқараға тіс жармай келді. Елдік мұратымызды еселетуді жекенің мүддесіне ысыратынымыз қалай? Бұл әдеттен арылмасақ, қазақтың төл туындысын тарих көмбесіне тастап, өскелең ұрпақты өзгенің жетістігіне қанықтырарымыз анық.