Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 31 Мамыр 2022

Ашаршылықтың азабын тартқан «Шет» құрбандарының шері бітпей тұр

None
None

Сталиндік репрессияның кебін киген қаламгер Кәмел Жүністегі –  ашаршылықтың тарихының бүге-шүгесіне дейін қаныққан өңірдегі көзі тірі жалғыз жоқшы.

Диссидент жазушы 1962-жылы қазақ жастары арасында «Есеп» елін сүйген ерлер партиясын құрып, жасырын ұйымға жетекшілік еткен. Қызыл империя қаhарын шашқан кезеңде, ол осы ісі үшін саяси айып арқалап, Сібір лагерьіне тұтқынға айдалады. Зерделі жан түрмеден босап шыққан соң, зұлмат нәубеттің ащы шындығын зерттеуге бас қойған. Қарт қаламгер сойқан жүйенің лаңы жайлы кітаптар жазды,  зерттеулерін жария етті.  Шынның жүзін жария ететін фильм   түсірді. Туған ауылының сай-саласында, ой-шұңқырында көмілген нәубет құрбандарына қоршау жасатып, ескерткіш белгі орнатты. Қасіреті сол, көптің көзінен тасада жатқан құрбандардың мекені әлі аяқасты жатыр. Алайда, алып тұлғаның аманатына әкімқаралар құлақ аспай келеді.

Қынадай қырылғандарда қисап жоқ

 Шовинизмнің ашық көрінісін қазаққа аяусыз қастандық жасаған Голощекин ұлтымызды басты күнкөрісінен айырды. Жұрттың малын жаппай зорлықпен тартып алып, жанқиярлық езгіге салды. Бір ғана, Шет ауданы аумағында бас көтергендерді қынадай қырып тастаған.  1928-жылы әуелі дәулеттілердің малы кәмпескеге кеткен. Екі жылдан кейін, осындай кепті орташа шаруалар киді. Көп ұзамай, Шыңғыстау, Ақтоғай, Қарқаралы, Боқтыдағы халық наразылығы Шетке де жетті. Мұндағы бұқараның шағымы аудан орталығындағы көтеріліс алдында тоқтап қалған «Қызыл ескі» зауытын өртеуден басталған. Қарусыз майданға шыққан  бастамшылар зауытта ұмыт қалған 30 литр бензинді жағып жіберген. Белсенділер тобының басында Тәшібек деген азамат болған. Оның өкіметке кектенуінің жөні бар. Өкімет табынды малында қисап болмаған Тәшібектің қолына 50 шақты ұсақ түлігін ғана қалдырып, ірі қараларын сыпырып-сиырып алған. Ал оның қалған малына 3 еседен жоғары салық салған. Сонымен, жергілікті кәсіпорынның тас-талқанын шығарып, ашуға мінгеншаруалар «ал, ендеше!» деп, ауылдағы қараусыз қалған дүкенді шағып, ондағы жатқан-тұрған дүниелерді бөліп алған. Мұнымен тоқтамаған белсенділер жоғарының жандайшабы Бабажановты қолға түсіріп, киіз үйге қамап қойған. Алайда, аңқаулыққа ұрынған көтерілісшілер тұтқынның қол-аяғын байламай оңашалаған. Көп ұзамай қауіпті дұшпан қашып шығып, қапасқа тыққан ауылдастарынан кегін қайтарған.

Өз өлкесіндегі оқиғаны баяндаушы Кәмел Жүністегінің айтуынша, 30-жылдары Алаш көсемі Ақбайдың Жақыбы Ақтоғай, Қарақаралы, Жаңарқада белсенділерді жасырын жинап, үгіт-насихат жасаған.

–  Алаш көшбасшы халықты аман сақтап қалудың жолын айтқан. Оларға қолда бар малымен уақытша Қытайға өтіп, саяси төңкеріс аяқталғанша сонда тұрақтап, кейін елге ораламыз деген жол ұсынған. Бірақ Шеттің шаруалары оның бастамасын жансақ қабылдап: «Ақбайдың Жақыбы әскер құрып, жұртты азат етеді»  деген ақиқатқа жатпайтын әлдекімдердің жалған сөзіне сенген, – дейді жазушы.

Қандықол Шишов пен Рудниковтың ылаңы

Арқа өңіріндегі көтерілісті жаншу үшін КГБ небәрі үш кластық білімі бар Шишов дегенді Шет аймағына жібереді.  Оған: «Шет ауданының халқы жыраулардың, дін басылардың сөзіне қатты ереді. Бұларды аямай қыр!» деген нұсқау берген. Шеттен шыққан Шортанбай жырау заманында халықтың рухын жанып, намысын қайрайтын жырларымен орысқа қарсы күреске ашық шақырған. Абыздың ісі КГБ-ның құлағына жетсе керек. Әлгі Шишов одан әрі не бүлдірді дегенге келсек, ол Қарқаралы уезінен 50 адамнан тұратын қарулы отряд сұрайды. Әскер құрамы түрмеде отырған кілең бұзақылардан жасақталған. Олар ауылға кіргенде, алдарынан шыққан кез келген кісіні сұлатып, атып тастап жүре берген.

–  КГБ жалдаған Рудников Қарқаралыға айдауға әкетемін деп алдына салған 10 адамды «Бүркітті» тауының тұсына апарып, жайпап салған. Жазықсыз жандарды оққа ұшырғаны былай тұрсын, мәйіттерді шапқызып тастаған. Оны 94 жастағы Думан деген ақсақал өз аузымен айтып берді. Осындай қасіретті оқиға ертеңінде, «Күйген сайда» болған. Ол жерде  ауылдастарым топ-тобымен оққа ұшқан. Тіпті кейбір әулеттің үрім-бұтағына дейінқалдырмай атып тастаған. Тас жүрек қанішерлер Сақай есімді жерлесімнің 1 жастағы нәрестесін тайсалмастан өлтірген. Бұл жайтты  Зекен Бәкіров деген куәгер кейіпкерім егіліп баяндады. Зекен қария зұлмат кезеңде  комсомолды басқарған, жасы 18-де болған екен. Қорқынышты бейнеден жүрегі шайылған ол содан бері тамұқ маңды аттап баспапты. Тек, кино түсірерде қаралы мекенді көрсетуге бізбен еріп барды. Талай боздақтың наласын арқалаған азалы жерге былтыр Балтабай жолдасым екеуміз Шәкір ақсақалдың қаржылай демеушілігімен, Мәжит есімді жігітке қорымды қоршаттық. Жер жастанған құрбандардың басына көктас орнаттық.  Сол маңдағы жұртты жинап, ас бердік. Қазір бұл көпшіліктің тағзым ететін орнына айналды. Қаралы тізімді тағы толықтырар болсақ, ауылдағы «Күйген сай» аумағында 10 адам қаза тапты. Олардың мәйіті осы күнге дейін қоршаусыз жатыр. Ол аз ба, 1931-жылдың 5-сәуірінде және мамырдың 5-де бес-бес адамнан атылған. Ал шілде айында 32, желтоқсанда тағы 20 кісі құрбан болған. Оққа ұшқандардың тізімі менің қолымда бар. Бұл Шеттің басында орын алған шығын саны, –  дейді қуғын-сүргін құрбаны, қарымды қаламгер Кәмел Жүністегі.

           Тарихты бағаламайтын әкімдер жазушыны зар илетіп отыр

Диссидент жазушы өз өңіріндегі ашаршылық тауқыметінің әр деталін фактімен, кейіпкерлерінің таспаға түсірген дерегіне сүйеніп  сөйлетеді. Сойқан саясаттың құрбандары жайында ол 1985-1991 жылдар аралығында жергілікті телевидениенің журналистерімен арнайы фильм түсірген. Деректі фильм қазақ телевидениесінен 1995-жылы премьер-министрдің көмекшісі болған Қуаныш Сұлтановтың нұсқауымен көрсетілген. Содан бері, құнды туынды  ешқандай телеарнадан берілмеген. Қаламгер қаралы аштықтың құпиясын ашқан телеөнімді өткен жылдың қарша айында облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке тапсырған.  Алайда, зерттеуші өңір басшысы мен орынбасарлары қолдарына түскен фильмді таппай, біріне-бірі сілтеп, дағдарыпотырғанынадеп күйінді. Қаламгердің жанын жегідей жеп жүрген қасірет мұнымен шектелмейді. Аудан орталығы Ақсу-Аюлының басында 1931-1938 жылғы ашаршылық құрбандары көмілген жер кісі аяғының таптауында жатыр. Бұл аруаққа аза, тіріге кесапат іс. Кәмел Жүністегі нәубет құрбандары көмілген жерлерді құнттауға алуды атқарушы билік өкілдеріне  дамылсыз айтып қажыған. Түптеп келгенде, аманатқа қиянат жасап, тарихын таптауға салып отырған шенеуніктерге қарт диссиденттің өкпесі қара қазандай.

Кейіпкер айтқан дерек сөйлесін:

1926-жылғы санақта Шет ауданындағы санақта 48 мың 311 қазақ, 165 орыс  болған. 1933-жылы қайта санағанда, 5 мың 21 қазақ қалған. Зұлмат заманда бірде-бір орыс аштан өлмеген. Бұл мұрағаттан тапқан дерегім.

Тегтер: