Асхат ӨМІРБАЙ. Балкон

12.11.2018, 22:19

3

БАЛКОНәңгіме[caption id=«attachment_19387» align=«alignnone» width=«277»]Автор А.ӨМІРБАЙ[/caption]    Түнгі аспанда жарқыраған ай-жұлдызбен жарық жарыстырған қаланың шамдарына тамсана таңырқадым. Жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды дүниенің қызығына екі көзім бір тойсашы. Балконнан төменге қарадым. Құмырсқадай құжынаған адамдар қайда асығып барады екен? Жанарымды арбай түскен, ерсілі-қарсылы жүйіткіген көліктер уақытпен жарысып, көштен қалардай зулай түседі. Күндіз тиым салынған жерден өткенім үшін айыппұл төлегенім есіме түсіп, зығырданым қайнады. Болмашы білместік өміріме қауіп төндіргенін түсінгенде аңғалдығыма қарным ашып, тілімді тістедім. Ауылда жүріп еті өліп кеткен денем дір етіп, санамды суық ызғар қарып өтті. — Көмектесіңдер! – Кенет жүрегімді селт еткізген оқыс дауыстан есімді жиып алдым. Ащы дауыс аядай алаңқайды қоралай қоршаған көп қабатты үйлерді шарлап кетті. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарап, жалма-жан әлдекімді көмекке шақырған қыздың дауысына құлақ түрдім. Кенет сол жағымдағы балконның терезесі салдыр-гүлдір етіп сынды. — Жолама маған, кет жексұрын!       — Ой, майыспашы сен! Өзіңді періште санайсың ғой, мен білем, сен періште емессің! — Кет, әйтпесе полиция шақырам! — Қорқытасың, ә? Қорықпаймын мен… Келші, жаным сол! – Тілі күрмелген жігіттің дауысы ашуымды қоздырды. Қос жұдырығым түйіліп кетіпті. Жүрегім дүрсілдеп, құлағымның түбіне қыздың жалынышты үні жаңғырып тұрды. Күндіз көрген құқайды біреуге қайтармақ болып, әрі қызға шынымен көмектескім келіп, балконның есігін жаппастан сыртқа ұмтылдым. Дәлізді үш аттап, қарама-қарсы тұрған есікке жетіп келдім. — Есікті аш! – деп айғай салып, жұдырығыммен дүрсілдетіп соға бастадым. Ішінен қыздың шыңғырған дауысы естілді. «Көршілердің бәрі қаныпезер ме, неге біреуі көмектеспейді? Осы подьездегі отыз пәтердің бірінен тірі жан шықсайшы. Тым-тырыс. Біреуді өлтіріп жатса да, ештеңе естімегендей қаперсіз жата беретіні несі?».   Қыз қайта шыңғырды. «Зорлайын деп жатыр». Есікті бар күшіммен шірене теуіп,  айқара ашып жібердім. Ішке бар екпінімен жүгіре кіріп, дауыс шыққан бөлмеге жетіп бардым. Көзіме арақтың бос бөтелкесі түсті. Шалбарының ауы тізесіне түсіп кеткен еркексымақты құмырамен бастан салып кеп жібердім. Ол басы ораққа ілінген күнбағыстай қалбаң қағып, омақаса құлады. Етегі түріліп, қос тізесін құшақтап алған қыз мені көріп состиып, көзі бақырайып, аузын ашып қалды. — Ол… ол мені… – деді қыз тісі-тісіне тимей қалшылдап. – З-ззз-оррр... — Бәрі жақсы, қорықпа! – дедім жұбатып. Бірақ басы қанға боялып, сүлесоқ күйде жатқан еркекті көргенде абдырап, бір орнымда қалшиып қатып қалдым. Еденнің бетіне қан шашырап, көлкілдей бастады. — Жедел жәрдем шақырайық! – Ауызыма түскен жөні түзу сөз осы болды. Ол есін жиып алды да, жігіттің үстіне шашыраған қанды көріп, қайта шыңғырып жіберді. Қыздың ауызын алақаныммен жаба қойдым. — Үндеме! – Қолдары қалтырап, дірдек қаққан аруға қабағымды түйе қарадым. Бойжеткен мені түсіндім дегендей басын изеді. Еденде етпетінен жатқан жігітті аударып, шалқалай жатқыздым. Екі көзі жоғары қарап, ақшиып қалыпты. Жүрегім дүрсілдеп, құлағым шыңылдады. Ес-түсінен айырылған жігіттің жүрек тұсына құлағымды тостым. Жүрек қағысы сезілмеді. Қыз төсектен атып тұрды. — Макс… Макс, саған не болды? – Бойжеткен жейдесі қанға болған жігітті жұлқылап, өкси түсті. Сосын менің бетіме бажырая қарап: – Ол өліп қалды. Сіз оны өлтірдіңіз!   Санамның түкпірінде миллиондаған атомдар бытырап, ғаламат жарылыс болғандай есеңгіреп, не істерімді білмей, сасқалақтап қалдым. «Сіз оны өлтірдіңіз!». Сүйектен өтердей естілген суық сөз жүрегіме қанжардай қадалды. — Мен… Әдейі істеген жоқпын! Байқаусызда болды… Сізге көмектесемін деп... Жауап орнына қыз сыңсып жылай бастады. — Ол менің жүріп жүрген жігітім еді, танысқанымызға екі айдай болған. Бүгін ішіп келіп… Мені ойыншық қылғысы келді. – Қыз жалбырап кеткен шаштарын қос қолымен артқа қайырып тастады. Терең күрсіндім. Қалаға келген бірер күннің ішінде тосын жағдайды өткізген мен үшін осының бәрі түс секілді еді.  Қыз телефонға жармасты. — Алло, жедел жәрдем бе? Тез жетсеңіздер, бір адам жарақат алып қалды. Басынан қан кетіп жатыр. Мекен-жайым… Иә, иә, «Самал» мөлтек ауданында… Жақсы, күтем! – Қыз телефон тұтқасын қоя салды.  — Енді не істейміз? — дедім шарасыз күйде. — Жедел жәрдемді күтеміз. Басқа амал жоқ. — Ол шынымен өліп қалған болса ше? — Өліп қалса… қазір келетін кезекшіні көндіріп, жолда қайтыс болды деп анықтама жаздырып алу керек.    Қалалық қыздың жылдам шешім қабылдағанына таңырқап қалдым. Кенет дәлізден адамдардың аяқ дыбысы естілді. Бір орыс әйелі күңкілдеп, күшене сөйлеп келе жатты. — Баба Аня ғой, полиция шақырған шығар. Сенің кетуің керек. — Қалай кетем? — Балкон арқылы.   Аяқтардың тарсылы жақындап қалды. Есік ашық болса да, әлдекім есікті әдеппен тақылдатты. — Бұл –полиция! Аға сержант Көптілеуов. Үйде кім бар?  Мен зу етіп, балконға бардым да, өзім тұрып жатқан пәтерге сырғып өттім. Арасын жұқа фанер бөліп жатқан балконға топ ете түстім. Қабырғаға жасырынып, тың тыңдай қалдым. Полиция мен орыс кемпірдің дауысы жарқын-жарқын естілді. — О, Боже мой! – деді кемпір шошып кетіп, еденде қансырап жатқан еркекті көрді білем, дауыстап жіберді. – Какой кошмар!   Құқық қорғау саласының өкілі тіксініп, қызға бір, еденде үс-түссіз жатқан еркекке бір қарап: —  Бұл азаматқа не болған? – деді. — Ол… ол мені… зорламақ болды. Өзімді қорғаймын деп бөтелкемен… – Қыздың дауысынан дірдек қағып, тісі-тісіне тимей қалшылдағанын сездім. — Түсінікті.    Осы кезде көпқабатты үйдің алдына зымырап жеткен жедел жәрдем көлігін көрдім. Ақ желеңді кезекші дәрігер дәлізге кірген. — Бұл адам сізге кім болады? – деп сұрады полиция өкілі. — Танысым болатын. Бүгін ішіп келіп...   Аға сержант орыс кемпіріне қарап: — Көршілерден бір куәгер шақырыңыз. Қалған шаруаны өзіміз реттейміз.   Осы кезде үйге кезекші дәрігер кірді. Жерде қансырап жатқан адамды көріп, жүрек тұсына стетоскопты жақындатып: — Жүрегі әлі соғып тұр, дереу ауруханаға жеткізу керек, — деді дәрігер. Полиция өкілі қызға қарап: — Сіз киініңіз, бізбен бірге бөлімшеге барасыз.    Арада үш минуттай уақыт өткенде жедел жәрдем көлігі жігіттің денесін алып, жүріп кетті. Іле-шала полиция өкілі мен қыз сыртқа шыққан. Орыс кемпірі әлдене деп әлдекімді қарғап жатты. Мен өң-мен түстің арасында болған оқиғадан есімді жинай алмай, есеңгіреп тұр едім. Таң атқанша көз іле алсамшы.   Таңертең есікті біреу қақты. Жүрегім дүрсілдеп кетті. Полиция келген шығар деп ойладым. Есікті ашпасыма болмады. Қарсы алдымда көрші қыз тұрды.    — Кіруге бола ма? – деді сүлесоқ күйде. Басымды изедім.   Бойжеткен бір бөлмелі пәтерімде ыбырсып, шашылып жатқан киімге, жиналмаған төсекке қарамай: — Сізге алғыс айтайын деп келдім, — деді қыз үн қатып. — Сіз мені қиындықтан құтқардыңыз.   — Ештеңе етпейді. Алғыс айтудың қажеті жоқ, орнымда басқа біреу болса да сөйтер еді. — Полиция есікті кім бұзғанын сұрады, шамасы тағы біреу-міреу болды ма деп күдіктенген сияқты. — Сіз мен туралы айттыңыз ба? — Жоқ, есікті Макс сындырып кірді дедім. — Полиция сөзіңізге сенді ме? — Иә, Макс ішіп келген болатын. Мені таң атқанша бөлімшеде ұстап, түсініктеме жаздырып алды. — Рақметті сіз емес, мен айтуым керек екен. — Үміт, — деді бойжеткен жүзіме тік қарап. — Менің атым – Үміт. — Ақжан болам. – Ауылда қара жұмыс жасап, мүйізденіп кеткен алақаныммен қыздың сүйріктей саусақтарын қыса түстім.    — Сізге келген себебім: сіз бұл пәтерден тезірек басқа жаққа көшіп кетуіңіз керек. — Неге? – дедім таңырқап. — Сіз Максты білмейсіз. Егер ертең есін жиса, өзін соққан адамды іздейтін болады. — Мен бұл пәтерді бір айға жалға алдым, ақысын төлеп қойғанмын. Ешқайда да бармаймын. Бүгін қаланы аралап, жұмыс іздеймін. — Жақсы, өзіңіз біліңіз. Ескерткенім ғой, — деп қыз теріс бұрылып есіктен шығып жүре берді.* * *     Ауылдан келген маған қала алып айдаһардай көрінді. Өркениет өрістеген зәулім шаһардың қым-қуыт тіршілігі, шулы көшелері тансық болғаны сонша, өзімді жат адамдай сезіндім. Дәлізден шыға бере өңі қазаққа келіңкірейтін әйелге «Сәлеметсіз бе?» деп амандасып едім, бетіме бажырая қарады да, мені елемей жанымнан өте шықты. Ерсілі-қарсылы жүрген адамдардың бет-әлпетінен суық жүз, сұсты қабақ, немкетті ниетті аңғара түскендеймін. Бір-бірін танымайтын, мойын бұрып мән бермейтін қалалықтар санамды тұмшалап алды. Қай көшеге көз салсам да, әлдеқайда асығып бара жатқан адамдарды көремін. Бағытынан еш ауытқымайды-ау, шіркін! Тезірек жұмыс табуым керек деген ой басымды шырмап, мен де асыға түстім.   Адамдар бағдаршамның қызыл түсі жанғанда еріксіз кілт тоқтап, топтана тыпыршып, жасыл түске боялғанша сабырын сарқып бітті. Аялдамаға жеткенде бәріміз ауылда өрістен мал келердей бір бағытқа қарап қалдық. Біз күткен, кемерінен асып-төгілердей болған көлікке тармаса кіріп барамыз. Қоғамдық көліктің ішіне кіруге таласқан жұртта есеп жоқ. Сығылысқан халық отырмақ түгіл, тұрып тұрудың өзі қиямет болған көліктен қалмауға неге құмар? Біреудің қолтығының астынан басымды қылтита шығарып, терезеден қаланың ғажайып әлеміне еніп кеттім. Бірақ денең еркін тұрмаған соң қиялың да шолақ болады екен. Сауысқаннан сақ адамдар әлденеден секемденіп, әлдебір тосын жағдайға дайын тұрғандай көрінді. — Әй, сен жол ақысын неге төлемейсің?! – деген еркек дауысты кондуктор әйелдің айғайынан селк еттім. — Қазір, қазір, – деп төс қалтама қолымды сүңгітіп, жүз теңгелікті қолына ұстаттым. Толықша келген әйел қырт еткізіп билет жыртып берді де: — Так… жол ақысын дайындаймыз, келесі аялдама Абая-Сейфулина. Абая-Сейфулина бар ма? — Бар, — деп айғай салды біреу. Кондуктор бойжеткен қыздарға жақындай түсті. — Апай, мен студентпін.  — Проездной қайда?! – Кексе әйел жап-жас қызды жеп қоярдай жекігенін көргенде антарылып қалдым. Студент қыз смартфонынан жол жүру билетінің суретін көрсетіп еді, кондуктор бетін тыжырайтты. — Шекеңе жабыстырып алмадың ба? – деп мінезі шайпау әйел жақтырмаған кейіппен алға озды.  – Так, сіз жол ақысын берген жоқсыз. Қырықты алқымдаған жігіт қалтасын сипалап еді, өңі бұзылып кетті. — Портмонем, менің партмонем! -  әлгі жігіт бар ақшасынан айрылғанына сене алмай, қалтасын сипалап, жыламсырап қалғандай көрінді. Ұзындығы есік пен төрдей автобустың ішінде әлгі жігітті кім үптеп кетті екен деп ойладым. — Ештеңе білмеймін, жол ақысын төле, әйтпесе келесі аялдамадан түсіріп кетем. — Менің қала шетіне баруым керек еді, — деп міңгірлерді салы суға кеткен жігіт. Дауысы құмығып шықты.  – Телефоным да жоқ. — Алдамаға жақын қалдық, — деді қара бұлттай түнере түскен кондуктор. Қолына жол ақысын ұстаттым:   — Ол жігіт үшін мен бере салайын.    Кондуктор, сірә, менің жомарттығыма таң қалған болуы керек, басын шайқады. Автобустағы адамдардың бәрі маған тесіле қарап, ақымақ адамды көргендей таңырқады.      Ақшасын жоғалтқан жігіт алғыс айтқандай басын изеді де, бір нүктеге қараған күйі ойға батты. Су астынан дем жетпей атып шыққандай тар көліктен сытылып шығып, аялдамадан түстім. Бір бұрышта ішімдікке бөгіп, қала кеңістігінде бағыт-бағдарын жоғалтқан адамдар ұшырасты. Бір-біріне көз қиығымен қараған, асығыс-үсігіс аяқтарын басқан адамдардың көңілсіз реңі, кондукторлардың айғайы, көліктердің шуылы басымды мең-зең қылып жіберді. Қолын жайып қайыр тілеген міскіндер, шиедей боялған еріндеріне түтіні бұрқыраған темекі қыстырған арулар, көше бойындағы жайма базарда ұсақ-түйек сатқан саудагерлерден көз сүрінеді. Көшеде қаңғыған иттер, қу тамақ үшін аяғына оратыла кететін сиықсыз мысықтар мен қасына жақындаудан қорықпайтын кептерлер мекеніне тап болдым. Көпқабатты үйлерден жүздеген терезелерінен бастарын қылтитып, жердегі жаяу жүргіншілерге бақылап тұрған кісілердің болмысына үңілгім келді.    Кенет дүңк еткен ауыр дыбыс шықты да, қаланы шарлап кетті. Бағдаршам бұзылып, жол ережесін сақтамаған пақырдың ескілеу «Жигули» көлігі дөкей мінген «Джип»-тің тұмсығын бұзып үлгерген екен. Орта бойлы, көзіне қара көзілдірік, мойына алтын алқа таққан, былғарыдан қара күртеше киген мес қарын көлігінен атып шықты.-  Ох, әкең! – Мес қарын ауыр соққыдан есеңгіреп, рөлде отырып қалған әкесіндей кісіні көліктен жұлып алды. — Ей, шал! – деді зіркілдеп, жағасынан  ала түсті. – Сен не істегеніңді білесің бе?! — Бауырым, сабыр сақтайық. Бас аман болсын, темір ғой, жөнделер. — Темір дейсің бе?! Бұл темірдің қанша тұратынын білесің бе?! — Алдынғы бампері ғана майысыпты ғой. Зейнетақым жетіп қалар. — Ей, шал! Мен ештеңе білмеймін, мына көлік енді сенікі, маған жаңасын алып бересің! — Өрекпіген шойын қара көліктің үстіне кілтті лақтырып жіберді. — Сенің көлігіне мына ескі көлігімді қосып сатсам да, жаңасын алып бере алмаймын. МАИ қызметкерін шақырайық, көлігіңді көлік жөндейтін орынға кіргізейік. — Сен не деп тұрсың?! – деп әлгі жігіт өршелене түсті. — Не естісең сол.– Көлігімді ақылы тұраққа тығып қойсын дейсің бе?! Жаяу жүретін жағдай жоқ!    Қара дәу жерге шырт түкірді де, қолын бір сілтеді. Әкесіндей кісіні итеріп жіберіп, көлігіне мініп, ашуланып кетіп қалды. Дәлізде шылым шегіп тұрғандар мен шөлмек сораптап отырғандар бұл көрініске таңырқаған да жоқ. Жастар құлаққап киіп, ән тыңдап, енді бірі ұялы телефонмен сөйлесіп әлек. Бейқам ғана анекдот айтып бара жатқан адамдардың күлкісі жынымды қоздырды.    Қалалық құрылыс бөлімі мекемесіне кірдім. Былғары креслода конжиып отырған еңгезердей, маңдайы кең, жасы елуді еңсерген басшы отыр дегендей орындықты нұсқады. Жұмыс іздеп жүргенімді, мектеп бітірген соң аудан орталығында техникалық колледжді бітіргенімді айттым. — Бала, бұл дипломмен әкімдікке орналасу қиын. Кемі университет бітіруің керек. Бакалавр деген дәрежең де жоқ екен, – деді дипломымды өзіме қайтарып. — Аға, мен құрылысшы болып та жұмыс жасай берем. Қалада зәулім үйлер салынып жатыр екен. Сіз осы саланы жақсы білесіз ғой. Құрылысқа жұмысшы қажет жерге жөн сілтеп жібере ме деп келіп едім.  Басшы телефон тұтқасын көтеріп, нөмірді тере бастады. — Алло, Мәке, ассалаумағалейкум! Маған бір жігіт келіп отыр еді, мамандығы – құрылысшы. Жұмысшы қажет болса, жіберейін. Жақсы, жақсы. Сау бол! - Жолың болды, — деді басшы ақсары тістерін ақсита күліп. – Дәл қазір мына мекенжайға бар. Кейін ағаңды ұмытпай, рақметіңді айтып кетерсің. — Жақсы, аға, сізге көп рақмет! – деп риза болып, сыртқа шықтым.       Қазан айының бел ортасы болып қалған. Қаладағы сары, қызыл жапырақтарды асфальт бетінен сыпырып жүрген қоғамдық жұмысшыларды көзім шалды. Жапырақ екеш жапырақ та қара жерге құлағысы келетін шығар.   «Әлемнұр» құрылыс фирмасына келіп, бастықпен амандастым. — А, Сәкең айтқан жігіт сен болдың ғой. Ауылдан келдің бе? — Иә.                                                                                                                                                                                                              - Қолыңнан не келеді? — Үй қалаймын, сылақ жұмыстарын жасаймын, бәрін істей берем. — Жақсы, онда. Ертең таңертең іске кіріс, құжатыңды іс жүргізушіге тапсыр. – Бастық тетікті басып, хатшы қызды шақырды. – Мына жігітті бригадирге жібер, жұмыс киімін, қажетті заттарын берсін.   Құрылысқа құлшына кірісіп кеттім. Жүздері күнге тотығып, еті сүйегіне ілінген отыз шақты құрылысшы жүр екен. Жұмысқа да бейімделіп, кірпіштерді оқтай түзу қалауды үйрендім. Сылағым да сызғышпен сызғандай түзу түсті. Бір аптадан соң етім үйрене бастады. Таңертең жалдамалы пәтерімнен шығып, кеш қайтамын. Қаладағы көшелердің самаладай жарқыраған оттары бала кезімнен бері көргендей үйреншікті болып қалды. Алғашқыда дүкендер мен сән үйлерін шатастырып, адасып кетердей болғанмын, қазір етім үйреніп қалды. Қожайын менің жұмысыма көңілі толатынын айтып, мақтауымды асырып қояды.    Бір күні екі мөшек цемент қолды болды. Бригадир Тоқан деген құрылысшыдан күдіктеніп: — Қане, цементті сатып жібергеніңді мойында! – деп тап берді. — Мен ешнәрсе алғаным жоқ, — деді Тоқан ақталып. — Бір түстенуге кеткенде сен осында қалғансың, демек сен алдың! — Тоқанның алуы мүмкін емес, екеуіміз түсте көрші кемпірдің шарбағын жөндеп беруге кеткенбіз, — дедім. Бригадир үндемей, қолын бір сілтеп кетіп қалды. — Рақмет саған, — деді Тоқан. – Ана күзетшінің өзі қымқырып жүрген. Бар бәлені маған жаппақшы. — Жарайды, бәрі жақсы. Жұмысымызды істейік, — дедім.     Арада бір апта өткен. Жұмысымды аяқтап, таза киімдерімді киіп, үйге қайтқалы тұрғам. Бір кезде құрылыс алаңына бетіне опа жаққан, шашы сарыға боялған бастықтың қызы келді. Баттиған қара бояу көзіне көлеңке көмкергендей әсер қалдырады екен. Бұрын да құрылыс алаңына келгенін көргенмін. — Привет, папа! – деді қыз. — Зибара, сен мұнда не істеп жүрсің? — Пап, маған ақша керек. — Қанша? — Бес жүз доллар.   Бастық портмонесін ашып, көк қағаздарды қызының қолына ұстата салды. Телефоны шырылдап, ішке кіріп кетті. Бұл кезде мен көше бойындағы аялдамаға жетіп қалғам. «Тойота» көлігімен жаныма тоқтап, терезесін ашқан бастықтың қызы: — Сен осында істейсің бе? – деп сұрады. — Иә, — дедім сағатыма қарап. Соңғы автобустын келетін уақыты болып қалған. — Отыр, үйіңе апарып тастайын, — деп қыз сиқырлы жымиып, көзін қысты. — Рақмет, қазір автобус келеді. — Айтпақшы, әкем маған пәтер сыйлаған. Соның шамдары жанбай тұр еді, жөндеп бересің бе? Әлде әкеме айтып сені сұрап алайын ба? — Мен электрик емеспін, бірақ байқап көруге болады.   — Кеттік онда, — деп бойжеткен басын изеді. Көлікке еріксіз отырдым. — Ауылдан келдің бе? – деді қыз рөлді еркін бұрып, жылдамдықты арттыра түсті. — Иә, ауылдан келдім. — Қалай, қала ұнады ма? — Әлі үйрене алмай жүрмін. — Уот так! — деді қыз сұқ саусағын шошайтып.  – Қызықтың бәрі қалада ғой. Бұл қалаға бір үйреніп алсаң, ешқайда кеткің келмейді.  — Өмір бойы қалада тұрғандар ауылға баруға қорқатын шығар? — Қорыққанда қандай! – деп қыз дарақылана күліп жіберді. – Ауылға бармақ түгіл, басқа қалаға көшуге қорқады. — Қызық екен. — Несі қызық? — Қалада тұратындардың өмірі қалаға тиесілі болды ғой. Тәуелді болып қаламыз деп ойламай ма екен? — Қалада бір үлкен мәселе бар екенін байқадым. — Қандай? — Адам көп болған соң көп қоқыс шығады екен. — Ой, өзің қызық жігіт екенсің! – деп күле түсті қыз. — Қалада армандаған оңай, өйткені арманның бәрі орындалады. Біз үшін ең қымбат уақыт. Біліп қой, уақыт деген ақша. Жерде шашылып жатқан қоқыс түк емес, бұл қалада өзің қоқыс болып қалмауың керек. — Елдің бәрі сол үшін асыға ма? — Иә, асықпаса қоқысқа айналады. — Сонда да түсіну қиын екен. — Түсінбейтін несі бар? Олар уақытында жұмысқа бармаса, күйзеліске ұшырайды. Тіпті қоғамдық көлікке міне алмай, жұмыстан қалса, жеп отырған нанынан айрылады. Пәтер ақысын төлей алмайды. Сосын көбі ішіп кетеді. Бар дүниесінен айырылған адамдар көп ұзамай бір талдың түбінде қоқыс секілді шашылып жатады.  Үндемедім. Қыздың сөзінің жаны бар екеніне сенгім-ақ келді. — Сен өзің бұл қалада не істеп жүрсің? — Ауылдағы әке-шешеме көмектесейін деп жұмыс істеуге келдім. — Көрдің бе, сен де қаланың бір бөлшегіне айналдың, сен енді қалаға тәуелді болып қаласың.   Қыздың жауабына ойланып қалдым. Өзінің айтуынша, университетте магистратурада оқиды екен. Шет тілін меңгеріп жүргенге ұқсайды.       Қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйдің біріне келдік. Алтыншы қабатқа лифтімен көтерілдік, қыз қоңырқай түске боялған темір есікті ашты. — Қысылмай, кіре бер, үйде ешкім жоқ, жалғыз өзім тұрамын, — деді өзеурей. Темір есік сарт етіп жабылып, шам жарқ етті. Туфлиімді шешіп, залдағы креслоға жайғастым. Зибара теледидарды қосып берді де, қолыма пультті ұстатты. — Қазір шәй қойып жіберейін, — деп ас бөлмеге кіріп кетті. Теледидардан бір шашы жалбырап кеткен қыздың жұлқына ән салып, орындыққа жіппен таңылған жігіттің мойнына оралғанын көрдім. Тіксініп қалдым. Келген шаруам есім түсіп: — Мен асығыс едім, жанбай тұрған шамыңызды көрсетсеңіз, жөндей берейін, — дедім. — Асықпай-ақ қой, өзім апарып тастаймын, жүр шәй ішіп алайық, — деді қыз қылымсып. Ас үйге кірдік. «Түу, үй қандай ыстық еді» деп қыз үстіндегі кофтасын шешіп тастады. Жұп-жұқа кеудешесінің алды ашылып, нәпсімді қоздырып барады.    Даланы қою қараңғылық басты. Жанбай қалған шамды жөндеп, пәтеріме тезірек жетіп алсам ба деген ой маза бермей, бір кесе шәйді асығыс іштім. — Мүмкім, көңілді болуы үшін, аздап вино ішерміз, — деді қыз құпия жымиып. — Жоқ, мен мүлде ішпеймін. — Ұялшақ екенсің. – Бойжеткен менен бұрын өзі винодан сілтеп алған ба, тілі күрмеле сөйлей бастады. — Менің қолымды қайтармайтын шығарсың, — деп екі рюмкіге шүлпілдетіп вино құйды. — Рақмет! – деп орнымнан тұрдым. – Жанбай тұрған шамды көрсетсеңіз.Менің тартыншақтап тұрғанымды байқап: — Жүр, — деп қыз мені жатын бөлмеге ертіп әкелді. Қабырға тетігін басып қалып едім, төбеден жарық шамы жарқ етті. — Жарық жанып тұр ғой, — дедім аң-таң болып. — Ой, таңертең жанбай тұрған, — деді қыз ақталып, қулана күлді. — Жақсы, мен жүре берейін, — деп едім, арқасын есікке сүйеп, қолымнан шап беріп ұстап алды да, өзіне қарай тартты. — Сіз… не істеп жатырсыз? — Сен красавчик жігітсің! Сені бір көргеннен ұнаттым. – Мені күйеуіндей қапсырай құшақтап алды. Мұндайды күтпеп ем, абыржып қалдым. — Мені басқа біреумен шатастырып алған шығарсыз… Мен ондай жігіт емеспін! — Егер бас тартсаң мені зорлады деп әкеме айтам.   Бұл бәлеге қалай тап болдым, енді қалай құтылам деп тұрғанда басыма бір ой сап ете қалды. — Сен шешініп жата бер, мен жуынып келейін, — дедім сенге көшіп. Қыз менің оңай келісе салғанына қуанғандай сайқалдана жымиып, төсекке құлай кетті. Мен тезірек қашпақшы болдым. Бірақ есік ішкі жағынан да кілтпен ашылады екен, еріксіз тығырыққа тірелдім. Ваннаға кірдім де, судың дауысы естілетіндей шорылдатып ағызып қойдым. Есіме ас үйдегі балкон түсті. Ас үй есігін ішінен орындықпен тіреп, балконнан төменге қарадым. Қолыммен кір жаятын білік темірдің бұрышынан мықтап ұстап, аяғымды салбыратып бесінші қабатқа түстім. Төртінші… үшінші… екінші қабат… Ең соңғы балконнан салбырап, асфальтқа топ ете түстім. Аяғымды ауыртып алып, ақсаңдап қаша жөнелдім. Бұл кезде қашып кеткенімді сезіп қойған қыз мені көріп айғай салды. — Қорқақ! Мен саған әлі көрсетемін!* * *      Су жаңа шетел көлігі жол жиегіне келіп тоқтады. Көлік ішінен ұзын бойлы, төртпақ денелі, басы тақырланып, көзіне қара көзілдірік киген бір жігіт түсті. Зибара жігіттің түріне қарап, шошып кетті. — Привет, жаным! Ой, саған не болған? — Маңызды емес. Қалай, көңіл көтереміз бе? — Көтерейік! — деп қыз жасанды жымиды.     Қыз қылымсып көлікке отырды. Жігіт рөлді кең жолға бұрып, жүріп кетті. Екіндінің күні шағылысып, жігіт көлік маңдайшасындағы қалқалағышты түсіріп қойды. Кенет бір сурет құлап кетті. — Жаным, фото түсіп қалды, — деді Зибара қызығушылықпен. Мүмкін басқа бір қыздың суреті шығар деген оймен қарап еді, өңі бұзылып кетті. — Мен бұл жігітті білемін, — деді кенет. – Әкемнің фирмасында жұмыс істейді. Бұл сенде қайдан жүр? — А, фото ма? Жай… Маңызды емес, — деп Макс суретті кәстүмінің қалтасына сүңгіте салды. Ол ауруханада жатқанда қаладағы атышулы баскесер досына хабарласып, өзін өлімші күйге түсірген адамды тауып беруін өтінген. — Қам жеме, іздейміз, бір хабар болса айтамын, уайымдама, тез сауығып кет! – деген досы. Қылмыс әлемінде беделді Байкер қарамағындағы жігіттерді барлауға жіберіп, қыз тұратын подьездегі адамдар туралы мәлімет жинады. — Байкер, біз оны таптық, мынау фотолары, — деді барлаушы бұзақылар. – Бұйрық берсеңіз, қазір-ақ тапаншаны басына тақаймыз. — Әзіргі керегі жоқ, тірі жүре берсін. Есеп айырысатын адам біз емес. — Жақсы, Байкер.* * *    Макс жанына екі жігітті ертіп, менің жұмыстан шығуымды күтіпті. Аялдамаға келгенде элетрошокпен талдырып, көлікке бір-ақ тықты. Үстіме біреу мұздай су құйып жібергенде есімді жинадым. Есік-терезесі жоқ қаңыраған ғимарат. Орындықта отыр екенмін, қол-аяғым байлаулы. — Сен, — деді Макс қызыл шүберек көрген бұқаның көздеріндей ақшиып. – Мені таныдың ба? — Танымадым.  Ауызымды жиып үлгергенше құлақ-шекеден гүрзі жұдырық келіп тиді. Тісім уатылып кетердей зар қақсап, ернімнен жылымшы қан ақты. — Қалай білмейсің? — Білмеймін. Екінші жұдырық жағымды осып өтті. — Білмеймін дейсің бе?! Осыдан бір ай бұрын мені басымнан бөтелкемен соққан кім? Сен тұратын үй… Қарама-қарсы пәтердегі оқиға есіңде ме?   Өтірік мүләйімсігеннен пайда таппасымды сезіп, қанышерге неде болса басымды имей өлейін деп шештім.   — Үмітке тиіскен сен боқмұрын екенсің ғой. — Ә, есіңе енді түсті ме? Қазір мен саған боқмұрынды көрсетемін, колхозник! – Маңдайымен шірене тепкенде орындықпен қоса артқа қарай ұшып түстім. Басым дың ете қалды. Макстың жанындағы жігіттер мені тепкілей бастады. Өне бойым солқылдай ауырып, есім ауып бара жатты. — Жетер! – деді Макс. – Үстіне суық су құйыңдар, таң атқанша өзі-ақ үсіп өледі. Қиналып өлсін, күшік!   Денеме бір шелек мұздай су шашылды. Ауыр соққыдан ыңырсып, қозғала алмай жатырмын. Күрк-күрк жөтеліп, қан құстым. Күздің қара суығы дірдектетіп барады. Бұл кезде қаныпезерлер кетіп қалған. Бір кезде ту сыртымнан біреу келіп, арқанды шеше бастады. — Тоқан, бұл сенбісің? – дауысым қарлығып, әрең шықты. — Иә, мен ғой. Көрер жарығың бар екен. — Мені қайдан таптың? — Сен жұмыстан шыққанда соңыңнан келе жатқанмын. Белгісіз біреулер сені талықсытып, көлікке салып жатқанын көзім шалды. Жүрегім бір сұмдықтың боларын сезді. Көлігіммен соңдарынан жүріп отырдым. Олар сені бұзылған үйлердің арасына алып келді. Сақтық қылып, аса жақындамай, тек сырттай бақылап тұрдым. Жігіттер қайтып кеткен кезде сені іздеп тауып алдым. — Рақмет, Тоқан! — Сені ауруханаға апарайын. Көп қан жоғалтың, тездетейік, — деп Тоқан мені арқалай жөнелді.* * *    Қара есік қатты қағылды. Бірақ ішінен ешкім шыққан жоқ. Сәлден соң қарама-қарсы пәтердің есігінен Үміт басын шығарып: — Ақжан әлі келген жоқ, сіз кім боласыз? — Қарындасымын. Ауылдан келдім. — Қызық, жұмыстан бағана келу керек болатын. Күн суытып кетті ғой. Жүр, ағаң келгенше үйде отыра тұр, — деді Үміт.   Қыз басын изеді. Үміт қонаққа шәй беріп, ауыл жайлы сұрады. Әңгіменің қызығымен ұзақ отырып қалыпты. Сағат түнгі он бірлер шамасы болып қалған. — Ақжанға бүгін келетінімді айтқан едім, неге кешігіп жатыр екен? Телефонын да алмайды, — деді Айшолпан.   — Кезекшілікке қалған шығар. — Білмеймін, тым болмаса хабарласар еді, бір жағдай болып қалған шығар? — Осында қона сал. Түпкі бөлмеге төсек салып беремін. Қайта маған серік боласың. Ақжан таңертең келіп қалар, — деді Үміт. — Жақсы,  — деді Айшолпан.  – Сіз болмасаңыз не істер едім?    Түн ортасында есік тарсылдады. Үміт орнынан тұрып есікке беттеді. Түймедей шыныдан сыртқа үңіліп еді, елес көргендей шошып кетті. Түнделетіп келген Макс екен. Құйқа-басы шымырлап қоя берді. Қол-аяғы дірілдеп, қан қысымы көтеріліп кетті.    — Үміт, есікті аш! Мен білем, сен үйдесің! — Кет, әйтпесе полиция шақырам! — Аш есікті! Саған айтар жаңалығым бар! — Кет! Сені көргім келмейді! — Көргің келмей ме? Ал, мен сені көруге құмартып тұрмын!   Ашуға булыққан еркек есікті шірене бір тепті. Өткен жолы сынған ағаш есік ауыр соққыға шыдас бермей, сынып кетті. Қабағы түксиіп, түнеріп кеткен еркек доңайбат көрсетіп, ақырып үйді басына көтерді. — Мен саған көрсетемін, қаншық! — Жоғал! Көрінбе көзіме! – Қатты шошынып, қорыққаннан қалшылдап кеткен Үміт қолына түскен заттың бәрін лақтыра берді. Айғай-шудан Айшолпан оянып кетті. Ас үйге кіргенде қарулы қолдары Үміттің алқымынан сығымдай түскен еркекті көріп, зәресі үшты. — Кім сені құтқарды айтшы? Супермен Ақжан көршің енді жоқ, мен бүгін оны өз қолыммен өлтірдім! — Жоқ, — деп айғай салды Айшолпан. – Менің ағам өлген жоқ!   Еркек ту сыртында тұрған бейтаныс қызға жалт қарады. — Оппа! Менің басымнан бөтелкемен ұрған суперменнің қарындасы да осында екен ғой. Жолымның болғанын қарашы! Қазір сені де… – қылқынып, дем жетпей жатқан Үмітті итеріп жіберіп, ауылдан келген қызға тап берді. Екі-үш аттап, қыздың білегінен шып беріп ұстап, кеудешесін дар еткізіп жыртып жіберді. Жерге алып ұрып, ышқырын шеше бастады.  — Көмектесіңдер!  — Қыз абыройын төкпек болған бейтаныс еркекпен әлі құрығанша қарсыласа берді. Үміт есін жинап алды да, қолына түскен ожаумен жігіттің басынан бар күшімен салып кеп жіберді. Отадан кейін толық жазылмаған бас қайта қансырап кетті. Жігіт теңселіп, кері бұрылып, ақырып Үмітке тұра ұмтылды. Бірақ көз алды қарауытып, теңселіп, тәлтіректей берді. Үміт қашпақ болып балконның есігін ашты. Бетінен суық жел желпіп өтті. Өршелене қуған еркек қасына жетіп келді. Үміт арқасын балконның жақтауына тіреп, тұрып қалды. Қаныпезер қызды шап беріп ұстап алмақ болып еді, құлақ-шекеден сарт етіп қайта ожау тиді. Макстың басынан қан саулап, еденді қызыл қанға бояды. Жігіт тепе-теңдікті сақтай алмай, балконнан ауып кетіп, төменге құлдилап бара жатты.

29.10.2018 ж.  

Фото: ukraina.ru
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 18:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 21:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 21:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 21:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    13:34