Ашынған фермерлер Париж орталығына тиымға қарамастан тракторларымен кіріп кеткен
Францияда ашынған фермерлер биліктің тыйымына қарамастан тракторлармен Париждің қақ ортасына өтіп, ауқымды наразылық акциясын өткізді.
Euronews мәліметінше, шамамен 20-ға жуық трактор бейсенбі күні Триумфаль аркасы, Эйфель мұнарасы маңы және Ұлттық ассамблея төңірегіне дейін жеткен.
Францияның Ішкі істер министрлігі бірнеше колоннадағы ауыл шаруашылығы техникасы қойылған бөгеттерді айналып өтіп, кей жерлерде күштеп бұзып өткенін растады. Ведомство мұндай әрекеттер «еш негізсіз тәуекелге барумен» тең екенін атап өтті. Дегенмен, полиция тракторлардың басым бөлігін Париждің орталығына апаратын негізгі жолдарда тоқтатуға үлгерген. Таңғы уақыттағы мәлімет бойынша, Париж бен оның маңында шамамен жүзге жуық трактор мен өзге де ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген.
Наразылық акциясына Францияның түрлі өңірлерінен келген фермерлер Coordination rurale кәсіподағының шақыруымен жиналды. Олар Еуроодақтың Оңтүстік Американың бес елімен — Бразилия, Аргентина, Боливия, Парагвай және Уругваймен еркін сауда туралы келісімге қол қою жоспарына үзілді-кесілді қарсы.
Фермерлер бұл келісім өздерінің күнкөрісіне, ауыл шаруашылығы өнімдерінің еуропалық сапа стандарттарына және жергілікті өндірістің болашағына тікелей қауіп төндіреді деп есептейді. Триумфаль аркасы маңында жиналған наразылар «Mercosur – фермерлер үшін өлім» деген жазуы бар транспаранттар көтерді.
Сонымен қатар A13 автомагистралі таңғы сағат 5-тен бастап Париж бағытына жабылды.
Coordination rurale кәсіподағы таңғы сағат 10:00-де Ұлттық ассамблея ғимаратының алдында митинг өткізуді жоспарлаған. Франция парламентінің төменгі палатасының төрайымы Яэль Брон-Пиве фермерлермен сөйлесуге әрекеттенгенімен, наразылар оны ысқырып қарсы алып, «Отставка!» деп айқайлаған. Нәтижесінде ол Бурбон сарайына кері қайтуға мәжбүр болған.
Наразылық тек Парижбен шектелмеді. Елдің басқа өңірлерінде де фермерлер акция ұйымдастырды. Жиронда префектурасының хабарлауынша, Бордо маңындағы Бассенс елді мекенінде ауыл шаруашылығы техникасы мұнай базасына кіреберісті жауып тастаған. Кешкі сағат 10-нан бері шамамен 40 трактор мен жүк көлігі нысанға кіріп-шығуға кедергі келтіріп тұр.
Ло және Гаронна өңірі ауылдық қауымдастығының президенті Хосе Перестің айтуынша, фермерлер Парижге «билікке барынша жақын жерде өз талаптарын жеткізу үшін» келген.
Оның сөзінше, МЕРКОСУР келісімінен бөлек, фермерлер үкіметтің түйінді дерматит эпизоотиясына (ірі қараға жұғатын аса қауіпті ауру) қарсы саясатына да наразылық білдіруде. Қазіргі талап бойынша, ауру анықталған жағдайда бүкіл мал басын жою міндеттелген.
Айта кетейік, Еуроодақ осы аптада МЕРКОСУР елдерімен еркін сауда келісімі бойынша ішкі келіссөздерді қайта бастады. Кей деректерге қарағанда, құжатқа 12 қаңтар күні Парагвайда қол қойылуы мүмкін.
Келісімді қолдайтын Германия бастаған елдер Франция мен Польшаның қарсылығын еңсеруі ықтимал. Алайда Франция ауыл шаруашылығы министрі Анни Женевар Париждің бұл келісімге үзілді-кесілді қарсы екенін тағы да растады. Оның айтуынша, келісім сиыр еті, құс еті, қант, этанол, бал және өзге де салаларға кері әсер етуі мүмкін.