Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:04, 20 Желтоқсан 2022

АШМ-ның ауылға жаны ашымас

None
None

Табалдырықтан аттағалы тұрған 2023 жылдың бірінші тоқсанында ауылдағы кәсіпкерлер мен ондағы бизнес ашуға ынталы топтарға шағын несие беріле бастайды.

Оларды қолдау мақсатында, республикалық бюджеттен 52, 4 млрд теңге бөлінбек. Былай қарағанда, бұл қомақты қаржы.  Алайда ауқымды қаражат берекенің көзін, еңбектің зейнетін білетін жанкешті жандарға жұғым болмайтын түрі бар. Жоғарыдағы қаржыны шаруагерлер қауымға там-тұмдап үлестіргеннің өзінде, құны көк тиынға айналмақ.  Жобасының астарына үңілген қарағандылық ауыл шаруашылық мамандары осылай деп, салы суға кетіп отыр. Олардың уәжіне құлақ салсақ, еліміздің  ауыл шаруашылығы министрлігі қайыры жоқ несие үлестірудің кезекті сериалын бастайды. 

– Министрліктің хабарлауынша, несиенің ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 млн теңге. Ал ірі кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК немесе 25,4 млн теңгеге жуық несие беріледі. Айта кетерлігі, қаражатты үлестіретін операторды жергілікті жерлердегі әкімдіктер мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы белгілейді. Тиімді шарттармен шағын несие алуға бағытталған. Бұл жоба мүлдем түсініксіз. Сонда 7,9 млн және 25,4 млн теңге несие кімдерге және қандай бизнес түріне беріледі? Ақша қандай несиелік ұйымы арқылы бөлінеді? Министрлік меңзеген ірі кооперация деген қандай ұйым? Ауылдағы ағайынның көбінде кепілдік мүлік жоқ. Ендеше, бұл несиеде кепілдік мәселесі қалай болады? Ең бастысы, үміткерлер жаңа несие жобасынан қандай нәтижелер күтуге болады? Осы жайттарды ауыл шаруашылық министрлігі ашып көрсетпеген. Бұған кім жауап беруі тиіс? Менің пайымдауымша, ведомство шағын несие ережелерін шұғыл жариялау керек – дейді ауыл шаруашылық саласының үздік қызметкері, қоғам белсендісі Ниқан Омарханов.

– Бұл орайда, қаржылық сауаттылық кемшін тартуда. Мәселен, құрамында он жұмыскері бар ірі кооперацияларға 25 млн теңге несие бөлінсе, онда Қытайдың бір тракторын місе тұтуына тура келеді. Бар ақша тек осымен-ақ таусылады. Сонда он адам әлгі трактордың бетіне қарап отырмақ па? Әлде үйіп-төгіп, тағы мал ала ма? Демек қора-қопсы, жем-шөп қамын мүлде ұмыту керек. Бәлкім, осының жөнін министрліктегілер білер, – деп қынжылысын білдірді Әбіл Тілеубеков.

Спикерлердің сөзін сараласақ, мал өсіріп, шаруашылық баптау ісінен мақұрым ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекет несиесіне есеп-қисап жүргізе алмауы, бір малдың терісінен бес тон тігіп беруді сұраған сараң байдың сиқын елестетеді.

– Жоғарыда айтқанымыздай, ірі кооперацияларға ұсынылған 25,4 млн теңге шағын шаруашылықтардың қай жыртығына жамау болады? Біле білсек, толыққанды кооператив құру үшін кемі 150-200 млн теңге қажет. Сүт өнімдерін жинап, өндіретін және ет шабатын, жүн нығыздайтын цех тұрғызуға, мал дәрігерлік лаборатория ашуға, 100 бас малға бордақылау алаңын құруға, мұздатқышы бар фургон және шөп шабатын, егін салатын 2-3 трактор сатып алуға, – дейді несие есебін жіліктеп шығарған Ниқан Омарханұлы.

Қазақтың дәстүрлі төл шаруашылығына жанашыр Сәкен Келдібаев: –Жаңа жобаның шикілігі көп. Жобаны жазғандар кәсіби саладан мақұрым екені аңғарылып тұр. Құжатты құрастырушылар тым құрығанда, ірі кооперацияның неше мүшесі, қанша малы мен жері болу керектігін ойлады ма екен? – деп күйінді.

Өңірде үкіметтің талай жеңілдігінен қағылып, зар еңіреп отырған шағын шаруалар қаншама? Сонда министрлік кімдердің жоғын жоқтап, кімнің олжасын бүтіндеп келеді? Алыс ауылдарда әлі несиеден дәмелілер көп. Жыл басында тағы жаңасы таратылады. Алайда, оның иелері қаржының қайырын көре ала ма? Егер жоғарыдағы мамандардың топшылағаны дөп келсе, қазына ақшасының желге ұшқаны.

Тегтер: