Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:34, 05 Сәуір 2023

Ашпыз ба, әлде ашкөзбіз бе?

None
None

Елімізде бір айда тараған екі бейне жазба ұялтып, әрі түңілтті. Бірі – Наурыз мерекесінде халыққа таратылған тегін палауға таласып, бір-бірінің үстіне шығып кеткен халықтың видеосы болса, екіншісі – тегін ауызашар дастарқанына аш адамша ұмтылған халықтың көрінісі.

Халық шынымен аш па, әлде ашкөз бе?

Аш дейін десең жегенінен гөрі, қалтасына тыққыштағандардың қарасы көп. Жалпы соңғы жылдары қоғамымызда ашкөздік өршіп барады. Шенеуніктердің жоғары жалақымен де пара алып, жемқорлыққа батып жатқанын көрген халық та өз қолының жеткен жеріне дейін жеп қалуға тырысып жатқандай. Қысқасы, әркім әлінің жеткенінше жеп жатыр. Аяғы ауыр әйелдер жалған жеке кәсіпкерлік ашып, өз қалтасынан ай сайын ақша аударып, мемлекетті алдап, миллионмен декретке шығуға тырысып жатса, балабақша иелері өтірік бала тіркеп, бала басына қаржы алып, жалған құжатпен мемлекеттен қаржы алып қалып жатыр. Енді біреулер бар көлігіне салық төлемеу үшін тылда еңбек еткен атасының атына аударып, тағы біреулер жалған құжатпен жағдайын нашар етіп көрсетіп, мемлекеттің жәрдемақысына ілініп қалудан дәмелі. Тізе берсек, ашкөздіктің шеті мен шегі жоқтай. Әрине, шенеуніктердің шотындағы миллиардтарды, шетелдегі үйін естіп көріп, біліп отырған халық өз әлінің жеткен жеріне дейін қарпып қалуға тырысуда.

Жақында шенеуніктер мен олардың жұбайларының шетелдік банктерде шамамен 530 млрд теңге қаржысы бар деген ақпарат тарады. Халық дастарқандағы қолына ілінгенін қалтасына тықса, шенеуніктер шетел асырып тығады. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сенсек, 354 қазақстандық 59 елдің шетелдік банктерінде 529 млрд теңге сақтайды екен. 54 мемлекеттік қызметкер ақшасын 59 елде сақтаған. 17 шенеунік 15 елдегі түрлі компаниялардың иесі не ортақ иесі екен. Ең көп сома БАӘ, Сингапур, Швейцарияға тиесілі. Сондай ақ 377 жеке тұлға Қазақстаннан тыс жерде 466 жылжымайтын мүлік нысанын декларациялаған. Нысандар 25 мемлекетте тіркелген. 124 қазақстандық 24 елде тіркелген бағалы қағаздар туралы мәлімет берген. Бұл активтердің ең көп саны – АҚШ, Ресей, Ұлыбританияға тиесілі екен. Енді осынша байлықты, тыққан-пыққан ақшаны естіп отырған халық қалай ашкөз болмайды?!

Қаржыгер Айдар ӘЛІБАЕВ: «530 миллиард теңге – мемлекеттік қызметкерлердің көрсеткісі келген ақшасы ғана, шын мәнінде олардың жиған-тергені, тыққаны бұдан да көп», – дейді.

Сондай-ақ экономист Nege.kz порталына берген сұхбатында: «Бұл ақшаның таза еңбекпен, адал жолмен табылмағанына көз жеткізу үшін зор ақыл иесі болудың қажеті шамалы. Бұған пара, откат, ұрлық, бюджетке қол салу, жымқыру арқылы қол жеткізуі мүмкін. Қалай десек те сыбайлас жемқорлықтың табы бар. Мен неге олай деп есептеймін? Біріншісі, қаражаттың көлемі күдікті. Мемлекеттік қызметкер адал еңбегімен мұндай ақша жинауы әсте мүмкін емес. Екіншіден, егер маңдай терімен тапқан адал ақшасы болса, оны оффшорға немесе шетелдік шотқа салып не қылсын? Оның керегі қанша? Осы жерде ұстаушы еді. Бір бөлігін жергілікті банктерге, бір бөлігін үйінде сақтар еді. Өйткені бұл адам ұялатындай, қорқып үрейленетіндей ештеңе бүлдірген жоқ қой. Ал ақшасы арам жолмен, жемқорлықпен келсе, онда қаражатын оффшорға жасырады. 530 миллиард теңге – 1 миллиард АҚШ долларынан сәл ғана асатын ақша. Меніңше, шетелде жатқан ақша бұдан жүздеген есе көп. Бұл – мемлекеттік қызметкерлердің көрсеткісі келген ақшасы ғана» деді. Қараптан қарап, ішің күйеді. Санаулы ортаға ғана қызмет еткен Қазақстанның ен байлығын анық сезінесің.

Қолыңа ұстамақ тұрмақ, ойлағанның өзінде миыңды шыр айналдырар  мұндай қаражат кез келгеннің ойын сан-саққа жүгіртеді. Еріксіз «мен өзім не бітіріп жүрмін, ананың есепшотында неге миллиардтар жатыр, ал мен неге банктерге миллиондаған теңге қарызбын, пәтерде не істеп жүрмін, неге жаяумын, ет неге тісімізге емес, түсімізге кіреді» деген ойлар сансыратады. Еріксіз қай жерден қарпып қалуға, ұрлап, жырлап ақша жасауға болады деп ойлана бастайсың.

Қаңтар оқиғасы кезінде де талай адамды алаңға алып шыққан, шымбайына батқан қымбатшылық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі еді. Айналып келгенде, бәріне кінәлі билік, жемқор жүйе. Сондықтан халықтың аш болмаса да, ашкөздіктен қалтасына тығуының сырын түсінетіндеймін...

Тегтер: