Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 29 Қыркүйек 2021

Ашық хат

None
None

Депутаттан да, аудан әкімінен де жауап жоқ, Амандық мырза!

Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовқа! Облыстық денешынықтыру мен спорт басқармасы басшысы Нұрбақыт Теңізбаев пен облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Гүлсара Исағұлованың назарына!

  Аса құрметті Амандық Ғаббасұлы!

Экономикасы мен адами ресурсы дамыған елді танытатын саланың бірі спорт екені баршаға белгілі. Тәуелсіз ел атанып, 1996 жылдан Атланта жазғы олимпиада ойындарына ресми түрде қатысып келе жатқалы бері біздің ел спортшыларымыз одан бері алты жазғы олимпиадалардан бірде-біреуінен алтын медальсіз қайтпаған едік. Әлемді шарпыған мына індетке байланысты бір жылға кейінге шегерілген Токио-2020 олимпиадасына аттанған ел спортшыларынан да үмітіміз зор еді. Алайда жалпы медаль қорытындысы бойынша алтынсыз нәтижеміз төмен болды. Тіпті кеңестен бөлініп шыққан қатарлас елдерден де артта қалдық.

Бұған, менің ойымша, негізгі себеп – еліміздегі бұқаралық спорттың өз деңгейінде дамымай отыруы. Оған дәлел – еліміздегі көптеген ауыл мектептерінде спорт залдарының жоқтығынан қарапайым дене тәрбиесі сабағының өзі жүрдім-бардым өтуі мен спорт мектептерінің өзінің жұпыны жағдайы. Ақылы спорт алаңдары мен ірі спорт кешендерін салып қойғанымызбен, оған бар бала бара алмайтыны шындық. Сондай-ақ ақылы спорт секциялары жұмыс істегенімен, жасөспірімдердің өз деңгейінде тәрбиеленіп шығуына мүмкіндіктері жоқ. Ал көпбалалы отбасылардың балаларына спортқа беруіне ақшасы жетпейтін жағдай жасап қойдық. Кәдімгі орташа отбасының өзіне тегін спорт мектебінің үйірмесіне жазылу үшін әрқайсысынан 21 мың теңгелік төлқұжатын жасауын талап етіп отырмыз, осылайша спортпен айналысамын деген баланың бетінен қағудамыз.

Мен қарапайым балалар футбол жаттықтырушы ретінде байқағаным, ауданнан дарынды деген баланы қанша даярлап, оны облысқа апарғаныңмен, облыстағы федерацияда отырған шенеуніктер «кәсіпқой» командасына шетелдік легионер ойыншыны шақырып алатын жемқорларды жоюымыз керек. Жалпы, осындай спорт жүйесінде орын алып отырған сыбайлас жемқорлықтан арылатын кез жетті.

Жас ұрпақтың қазіргі заман талабына сай, сапалы білім алуымен қатар, мектеп оқушыларының салауатты өмір салтын қалыптастыруына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қадағалануы тиіс.

Бүгінгі қоғамда бұқаралық спортты дамыту төтенше маңызға ие көкейкесті мәселе болып тұр. Оған түбегейлі бетбұрыс – реформалар жасамасақ, ұлттық болмысты рухты спортшыларымыздан айырыламыз.

Құрметті Амандық Ғаббасұлы!

Осы ретте өзіңізге айтар көптен бері шешімін таппай отырған екі мәселем бар. Өзім жұмыс істеп отырған Жаркент қаласы Жамбыл атындағы орта мектебінің бір ерекшелігі – қазіргі дерек бойынша облыста тіркелген 700-дей мектептің арасында бірден-бір мектеп балансында тұрған 1,5 гектар аумақты алып  жатқан кең ауқымды спорт алаңы бар. Оның нақ дәлелі ретінде жалпы архитектуралық орналасу сызбасын беріп отырмын. Осы жерге заманауи талапқа сай үлкен футбол алаңына қоса, айналдыра 400 метрлік жүгіру жолдарымен трибуналы мектеп стадионын салуға 2010 жылдан бері осымен екі рет мемлекеттік тапсырыспен ЖСҚ-сын дайындап, қаржысы да бөлінгенімен, тендерде отырған жергілікті әкімшіліктегі  шенеуніктер бұл мектеп стадионын салу тапсырысымызды өткізбей отыр. Осыған байланысты Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит  департаментіне жазылған шағым бойынша 01.06.2020 ж. тексеру қорытынды  хаттамасын тіркеп отырмын. Осындай аудан мектеп оқушылары спартакиадасына енетін барлық спорт түрлерінен жарыс өткізсек деген арман-мақсатымыздың орындалуына өз тарапыңыздан ықпал етуіңізді сұраймыз!

Ал енді дәл осы Жамбыл а.о.м. турасындағы екінші мәселем – 2013 жылы мектеп жанында орналасқан Жаркент крахмал-сірне зауыты қоршаған ортаға зиянды қалдықтар бөлетін болғандықтан, мектеп түбінен амалсыз көшірілген.  Бұл ескі мектеп 1972 жылы 600 оқушыға арнап салынған, ал бүгінгі таңда бұл мектептің оқушы саны 1900 оқушыдан асып отырғандықтан,  үкіметтің үш ауысымдық мектептерді жою бағдарламасына еніп, сол себепті осы көшкен кәсіпорын орнына жапсарлай жаңа мектеп салу мәселесі туындап отыр. Өйткені басқа жерден мектеп салуға қаланың осы оңтүстік-батыс аумағында оңтайлы деген жердің бәрінде тұрғын үйлер салынып, бос тұрған жер жоқ.

Ал мектеп көшіп кеткен, қаңтарылып бос жатқан кәсіпорынмен бірге тұр. Мектеп жанынан көшіп кеткен кәсіпорын меншік иесі Закир Кузиев мырза болса  бүгіндері бұрынғы банкрот болған жүгері зауытының 70 гектар жерін 49 жылға жалға алып, заңды түрде орналасып, өзі Алматыда жатып-ақ жүгері өндірісін дөңгелетіп отыр. Бұл жерде туындап отырған мәселе – мектеп түбінен көшіп кеткен кәсіпорын меншік иесінен жер мемлекетке қайтарылса деген сауалымызға аудан әкімі араласып, құзырлы орындарға жеткізсе шешілетін-ақ шаруа. Бірақ одан бері ауысқан үш аудан әкімі де ауызша да, жазбаша да берген сауалымызды осы көшіп кеткен кәсіпорын меншік иесіне сөзімізді өткізбей-ақ отыр. Ал ресми жауапты аудандық жер қатынастары бөлімінде отырған шенеуніктер «мектеп жанындағы жердің заңды меншік иесі бар» деуден бір танбай келеді. Тіпті бұл мәселе жайлы  парламент мәжілісіне Алматы облысы бойынша сайланған су жаңа депутат Данияр Әлімбаевқа да хат жолдағанымызбен, сауалымыз әлі жауапсыз қалуда.

Құрметті Амандық Ғаббасұлы!

Өзіңіздің Жетісу жерінде жиырма жылдан бері қаншама жаңа құрылыс ғимараттары салынды. Талдықорған қаласындағы қолданыста тұрған жерді жекеменшік иелерінен мемлекеттік сатып алу арқылы алып, ел игілігі үшін олимпиада деңгейіндегі жас спортшыларды даярлайтын жабық спорттық жүзу бассейні қолданысқа берілді.

Сіз өз сөзіңізде «Мен қанша жерден әкім болсам да, бірінші кезекте құрылысшымын. Облыс, ел жұртшылығы алдында әрдайым жүзім ашық» деуіңізбен осы жоғарыда көтеріліп, өз шешімін таппай отырған осы екі мәселені өмірде жиған мол тәжірибеңізді пайдаланып, осы аталып отырған Жамбыл а.о.м. үш ауысымдық оқуды жою үшін жапсарлай жаңа мектеп салу мәселесін түпкілікті шешіп, мектеп стадионын салуға қаражатын бөліп, жол ашып берсеңіз,  бүгінгі өскелең жас ұрпаққа жасалған ертеңгі біздің  мәңгілік байлығымыз емес пе?!

                                                   Құрметпен Сұлтанғазы Қоқаби,

 Қазақстан журналистер одағының мүшесі,

Жамбыл атындағы орта мектебінің футбол жаттықтырушысы, қоғам белсендісі,

спорт жанашыры, ардагер мүгедек спортшы

                                                       Жаркент қаласы

                                                        Алматы облысы

 

Тегтер: